jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сиыр көп те, сүт аз

29 мамыр, 13:50
452

Сиыр көп те, сүт аз

Қазір табиғи сүт ішудің өзі мұң болып тұр. Облыста мал басы баршылық. Тек мал өнімдерін іске жаратуда оралымсыздық орын алуда. Ауыл шаруашылығы өндірістің негізгі драйвері болуға тиіс. Жері кең-байтақ, сулы, нулы өлкеде өз-өзін мал өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отырған соң не айтарсыз?

Көкшетаудың сауда сөрелерінде көршілес облыстардың, іргедегі Ресейдің сүт өнімдері сыңсып тұр. Басым бөлігі құрғақ сүттен жасалған. Облыстағы малсақ қауымның бағымындағы 420 мың бас қара малдың 16 пайызға жуығы ғана асыл тұқымды. Бәлкім, мәселенің мәнісі осы арада жатыр ма екен. Талдап көрелікші. Өткен жылы облыста 383 мың тонна сүт өндіріліпті. Сүт өнімдерін өңдеумен небәрі 15 кәсіпорын айналысады. Осы кәсіпорындар жыл ішінде 146 мың тонна сүт өнімдерін дайындауға қауқарлы. Тұтынушылардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары да бар. Ірі шаруашылықтардың көпшілігі Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасына қатысады. Мәселен, тәулігіне 40 тонна сүт өнімдерін дайындайтын Целиноград ауданындағы «Родина» шаруашылығы барлық өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының сауда сөрелеріне жеткізеді.

Бағымдағы 420 бас қара малдың 138 мыңы – сиыр. Бірақ, бір ескере кететін жай, қолда бар қара малдың небары 16 пайызы ғана асыл тұқымды. Қазір облыста тауарлы сүт өндірісімен айналысып отырған ірі 45 шаруашылық бар. Мәселен, «Родина», «Есіл-агро», «Камышенко», «Белағаш» серіктестіктері. Жеке шаруашылықтар үшін тым ауыр соғатын бұл іске белсене кірісетіндер саны аз. Сондықтан табыс көзінің бір саласы сүт өндірісі екендігін сыналай айтып кеткеніміз де артық болмас. Мәселен, Бурабай ауданындағы «Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігі осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысын небәрі он сиырдан бастаса, қазіргі күні сауын сиырдың басын 200-ге жеткізіп отыр. Жеке кәсіпкер негізінен мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Соңғы рет сиырларды Словакиядан әкелген екен.

– Сүт өндірісін дамыту үшін көп қаражат қажет, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов,– оның үстіне, бұл сала тынымсыз көп еңбекті қажет етеді. Тауқыметі де аз емес. Мәселен, өнімділігі жоғары, ұзақ жыл қызмет ететін сүт сауу аппаратуралары, мұздатқыш, мал қорасы. Ең бастысы, мал азығының мықты базасы қажет. Егер өздері мал азығын дайындай алатын болса, салада сонда ғана серпіліс болады. Әйтпесе, жемшөпті сатып алса, онда өнімнің өзіндік құнына да әсер етпей тұрмайды. Жемшөп дайындаушылар жұмсаған шығындарының үстіне өз еңбектерін де үстемелеп қосады ғой. Егер өздері дайындаса, пайда болары сөзсіз.

Алдағы үш жылға жоспар жасалып, бұл салада серпіліс жасауға деген ұмтылыс бар. Бұл орайда Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Астрахан ауданындағы «Камышенко», Бұланды ауданындағы «Никольское», Зеренді ауданындағы «Аққайың Ж» және «Жақсылық-агро» серіктестіктері асыл тұқымды сауын сиырлардың басын көбейтпек. Бір жаңсақтық, әр басына орта есеппен үш жарым мың еуродан қаражат жұмсалып, Еуропа елдерінен әкелінетін асыл тұқымды малдың дені етті бағыттағы мал екендігін айта кетуге тиіспіз. Шеттен әкелінетін малдың дені сүтті тұқым болғанда ғана сүт өнімдерінің молшылығын жасай аламыз. Оған қоса, жергілікті жерде мал сүмесімен күн көріп отырған шаруалардың қолындағы сауын сиырдың сүтін сатып алуды дұрыс ұйымдастыру қажет.

Бұл бағытта облыста 120-ға жуық арнайы орындар жұмыс істейді. Олар өз жұмысын 2016-2017 жылдары бастаған. Бұл істі біршама оң жолға қойып, үйлестіріп отырғандар ауыл шаруашылығы кооперативтері. Әзірге олардың саны 23 қана. Ал облыстың жер көлемін, мал санын еске алсаңыз, әрине, аздық етеді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, кооперативтер сүт салқындататын тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген. Кейбіреулері сүт таситын көлік те сатып алыпты. Біздіңше, осы бағыттағы жұмысты ширата түсу керек. Облыс орталығының іргесіндегі елді мекендер ғана болмаса, шалғайдағы жұрт мал өнімдерінің пайдасын көріп отырған жоқ. Жеке шаруашылықтар 200-300 шақырымнан 40-50 литр сүтін тасымалдай алмайды ғой. Бұдан шығатын жол, кешкі және таңғы сауынды бір жерге жинап, екі сауынның басын қосып, бір-ақ тасу. Сонда тасымалдау шығыны азайып, сүттің өзіндік құны сәл де болса төмендейді.

Екіншіден, ветеринарлық қызметті жақсарту. Сүт өндірудегі басты мәселені оң жолға қою үшін өңірлік кәсіпкерлік палатасының бастамасымен үстіміздегі жылдың сәуір айында Украинаның Dairy Global Experts компаниясының сарапшы мамандарын тарту арқылы Зеренді ауданындағы «Жақсылық-агро» серіктестігінің базасында алғашқы ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Бұл арада басты мақсат инновациялық технологияларды енгізу. Қазір орталыққа бес тауарлы сүт фермасы енгізіліп отыр. Осы заманғы диагностикалық аппарат арқылы мал ауруын анықтауға және емдеуге мүмкіндік мол. Алдымен жұмыстың технологиялық картасы әзірленген. Сауын сиырларды мал азығымен қамтудың толық түзілімі жасалған. Олқы тұстарды анықтайтын аудит жүргізілген. Дегенмен көптеген малсақ қауымның ветеринарлық қызметке қолжетімділігі әлі де мәз емес. Осы себепті Ақкөл ауданындағы «Еңбек» серіктестігінің базасында дәл осындай орталық жұмысы қолға алынып отыр.

Сауда сөрелерінде құрғақ сүттен жасалған өнімдердің сыңсып тұруының бір себебі, бұл өнімдердің ұзақ уақыт сақталатындығында. Тіпті мұздатқыш та қажет емес екен. Айлап тұра береді. Ал табиғи таза өнім тоңазытқышқа салған күннің өзінде 2-3 тәулікке ғана шыдайды. Сондықтан азық-түлік дүкендерінің иелері ұзақ уақыт сақталатын өнімге ұмтылады. Жергілікті өнімнің жолын кесіп тұрған бір жай осы. Екіншіден, ең бастысы, тұтынушының сұранысын толық қанағаттандыра алмау. Ол үшін тығырықтан шығатын жалғыз жол – мал басын өз төлі есебінен асылдандыру.
Шаруасы шалқыған шет елдердің өзінде қолда бар малдың барлығы асыл тұқымды емес. Тіпті біз тұқымынан тәбәрік әкеліп жатқан Еуропа елдеріндегі малдың 35-40 пайызы ғана асыл тұқымды. Қанша жыл қарекет еткенде, біздің осы деңгейге жете алмай отырғанымыз шаруаны ұйымдастырудағы шалағайлығымызды көрсетпей ме?..

Азық-түлік белдеуіндегі облыс Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен 30 пайыз қана қамтып отыр. Облыс шаруашылықтарында 502 052 бас ірі қара болса, ауылдағы ағайынның қолындағысы – 267 037 бас. Сауын сиыр да негізінен ауылдағы шаруаның қолында. Сүт өндіргені үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленетін субсидия оларға бұйырмай келеді.

Нұр-Сұлтан қаласын сүт және сүт өнімдерімен қамтуға Целиноград ауданындағы «Родина», Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Астрахан ауданындағы «Камышенка», Аршалы ауданындағы «Ижевск» тәрізді ірі тауарлы-сүт фермалары қомақты үлес қосып отыр. Оған қоса, облыста ұзын-ырғасы қырыққа жуық тауарлы-сүт фермалары бар. Бұл фермалардың ең шағыны елу-алпыс басқа дейін сиыр сауады. Мамандардың есептеуіне қарағанда, тауарлы-сүт фермасы сауын сиырдың саны 400-ден асқанда ғана өзін-өзі ақтайды екен. Әйтпесе, «сиырдың сүті тілінде» дегендей, мықты азық-түлік базасын қалыптастырып, қора салудан бастап сауын аппараттарын алуға дейінгі қыруар шығыны бар. Демек, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шағын тауарлы-сүт фермаларын ірілендіру қажет. Есеп қарапайым ғана, шағын фермалар ірілендіру арқылы қаражат қуатын арттырса, есесіне сүт өнімі де молая түсер еді. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге толық мүмкіндік бар. Жайылым да жеткілікті. Негізінен, ауыл шаруашылығына бейімделген облыста мал азығы дақылдарын бүгінгі көлемнен әлдеқайда молайта алар еді.

Биыл облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың арнайы тапсырмасымен әр ауданда тауарлы-сүт фермалары ұйымдастырылмақ. Қаржы институттарында бұл саланы қолдауға қажетті қаражат та бар. Тек ынталы адамдардың сол қаражатты алуға кепілдігі жоқ. Бас-аяғы 18 жоба қарастырылғанымен, әзірге біреуі ғана Бурабай ауданындағы «Қоянды-Агро» шаруа қожалығында қолға алынып отыр. Шаруашылық 280 басқа дейін сауын сиыр ұстауды межелеген. Қазіргі күні 100 басы бар, оның 50-і Словакиядан әкелінген асыл тұқымды сауын сиырлар.
Біздің айтпағымыз, облыстың сүт және сүт өнімдерін өндірудегі бар қуаты толық кәдеге аспай жатқандығы. Мәселен, жаңа жылдан бері облыста барлығы 62,7 мың тонна сүт өндірілген. Мұның 20,2 мың тоннасы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарының еншісінде. Ал енді мал сүмесімен күн көріп отырған халық 42 мың тоннаға жуық өнім өндірген. Шамалап айтқанда, барлық сүттің 68 пайызы – халықтың үлесі. Бірақ бұл өндірілген сүт ішкі қажеттілікті толық қанағаттандырғанымен, малсақ қауым айтарлықтай табыс таппайды. Ірі шаруашылықтар болмаса, жекеменшік иелері бағымындағы малдың өнімін сатып, нәтижесін көре алмауда. Себебі, жұмыс дұрыс ұйымдастырылмайды. Мәселен, облыстың елді мекендерінде сүт жинау жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.

Егер ауыл адамдарынан сүт сатып алынса, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалар еді. Мәселен, жұмыс жолға қойылған жерде халықтың қолындағы сүтті егер майлылығы 3,5 пайызды құрайтын болса, литрін 99-95 теңгеден сатып алады. Майлылығы одан жоғары болса, 120 теңгеден жоғары өткізе алар еді. Бұл арадағы бағаның қалыптасуы өнімнің тасымалдау қашықтығына тікелей тәуелді.

Сүт зауыттары үшін шалғайдағы ауылдардан сүт тасымалдау өзін-өзі ақтамайтын іс болып есептеледі. Олай болатындығы, жол шығыны қымбат. Сонда бірер малының сүмесімен күн көріп отырған қарапайым халық мал өнімдерінен табыс таппайтын болып шығады. Енді осы жайды қалай шешуге болады. Біздің мынадай ұсынысымыз бар. Мәселен, шалғайдағы ауылдық округте бес елді мекен бар делік. Халықтың қолындағы сүтті сатып алып, кәдеге жарату үшін округ орталығынан сүт жинайтын арнайы орын ашылса. Әрине, ол орын тоңазытқышпен қамтылуы қажет. Міне, осы тоңазытқышқа таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып жинап, сүт зауытына бір-ақ тасымалдаса. Осы әдіс анағұрлым ұтымды болар еді. Екі сауынның сүтін бір қосқан соң тасымалдау шығыны арзандайды. Әйтпесе, ауыл тұрғындары сиыр сауып, табыс тауып отыр деп айту қиын. Оның үстіне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарына төленетін субсидия жеке шаруашылыққа төленбейді. Таратып айтсақ, егер тауарлы-сүт фермаларындағы сауын сиырдың басы 600-ден асса, онда бір келі сүтке 35 теңгеден, 400-ден асса 20 теңгеден, 50-ден асса 10 теңгеден субсидия төленеді. Айтпақшы, сүт жинайтын кооперативтер де бұл несібеден құр қалып отырған жоқ. Оларға да әр келісі үшін 10 теңгеден субсидия беріледі. Ал облыста сүттің 70 пайызына жуығын өндіріп отырған ауыл тұрғындарына көк тиын төленбейді. Негізгі жүк мал иелерінде емес пе? Біздің солтүстік өңірде қара мал бағу қияпат шаруа. Мәселен, бір сауын сиырды қыстатып шығару үшін екі тіркеме шөп қажет. Былтыр әр тіркеме шөп сапасына байланысты 35-40 мың теңгеден сатылды. Оған күздің өзінде шарықтап кеткен жем бағасын қоссаңыз, малдың құнына жетіп қалады. Демек, мал баққан ауыл адамы қара малдың өзін етке өткізіп те жарытымды пайда таба алмайды. Жоғарыдағы біздің есеп бойынша қысы ұзақ өңірде мал өзінің өзіндік құнын алты ай қыста жеп бітіреді. Табысты көзге айналу үшін сүтін де кәдеге асыру керек. Бұл орайда талпыныс та болды. Кооперативтер құру жөнінде бастама көтерілді. Кооператив демекші, 2016 жылы облыста 21 кооператив құрылған болатын. Қазір тек 12-і ғана жұмыс істеп тұр.

«Бұл орайда адамдардың жұмыс істеуге талпынысы бар кооперативтердің қолын байлаған жай тіркету болды. Түсінікті болуы үшін таратып айтайын, шаруашылық жүргізуші нысан ретінде ол жылжымайтын ғимаратта болуы керек. Сонда ғана тіркеледі. Ал бірқатар кооперативтерде олай болмай шықты. Әйтпесе, бастама жақсы еді. Мәселен, 2019 жылы бес мың тоннаға дейін сүт жинап, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізілді», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Көшенов.

Қорыта айтқанда, сүт молшылығын жасауға ауыл тұрғындарының да ықпалы көп болар еді. Тек жап-жақсы бастама ретінде көтеріліп, алға ұмтылған шаруаның аяқасты қалып жатқандығы өкінішті-ақ.

Бәйкен Көбеев,
Ақмола облысы

Бүгін, 10:17
Тоқаевтың үкімет отырысындағы сөзінің толық мәтіні
10 шiлде, 12:05
Ақпараттың ақмылтығы еді
06 шiлде, 11:22
Тағдыры талқан болғандар...
06 шiлде, 10:46
Ұйымдастыру жағы ақсап тұр
26 маусым, 11:43
Фейкпен күн көретін сайттар бар
26 маусым, 11:39
Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?
26 маусым, 11:35
Сотқардың сазайын берген балуан
26 маусым, 11:29
Ұпайды бейнетсіз табу
Серіктестер жаңалықтары