jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сақшы бейнесі сайқымазақ емес

29 мамыр, 11:48
753

Өткен жылы полицейдің жағымды бейнесін қалыптастыру туралы мемлекеттік деңгейде айтылып, барлық баспасөз сақшыларды жарыса жазды. Бірақ соның өзі науқандық шаруа болып қалғандай. Өйткені жоғары жақтан тапсырма қалай түсті, барлық БАҚ бір уақытта, бір мезгілде жаппай жазды. Сосын сап тыйылды. Қоғамға сақшының жағымды бейнесін қалыптастыру бірер айдың шаруасымен бітпесе керек-ті.

Сақшы бейнесі сайқымазақ емес

Ал Қытайда ең сүйкімді, ең жағымды, ең қамқор, ең сенімді образ – полицей. Олар сақшылардың жағымды бейнесін жылдар бойы қолдан жасап келеді. Қазірдің өзінде Қытайдың қай телеарнасын қосып қалсаңыз, әлдебір арнайы жасақ туралы немесе қарапайым бір полицейдің өмірі хақында телебағдарлама көрсетіп жатады. Телесериалдарының кемінде отыз пайызы сақшылар туралы. Тіпті экономикасы тұралаған сонау 1960-70 жылдардың өзінде көрші ел сақшылардың жағымды образын жасау үшін қаржыны аямады. Ауыл ауылды аралап, сарала форма киінген сақшылар халыққа көмектесіп, жұрттың ықыласына бөленді. Сақшы қыздар арасында жыл сайын сұлулар байқауы, сақшы жігіттер арасында сұрмергендер мен қарулы-айлалы сайысы тұрақты өтеді. Қысқасы, Аспан асты елінде ұстаз бен полицейден, дәрігерден артық жалақы алатын мамандық жоқ.

Батыс елдерінде де полицияның беделін арттыру үшін бөлінетін қаражат қомақты. Әлгі бір атса оқ өтпейтін, шапса қылыш батпайтын темірден жаралған сақшылар туралы фильмдер полицей бейнесін ұрпақ жадында жаңғырту үшін жасалған дүниелер…

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Күні кеше ғана Алматыдағы блок-бекетте оқыс оқиға болып, екі полицей көз жұмды. Демек бізде де елі мен жерінің қызметі үшін жанын қиятын сақшылар бар. Бірақ солар туралы айту, жазу аз. Оқиғаға оралайық. Кезекшілікте тұрған сақшы көлігін әлдебір темір тұлпар келіп қағады. Соқтыққан көліктің жүргізушісі мас көрінеді. Полиция көлігінде болған аға лейтенант Жалғас Жанғазиев оқиға орнында көз жұмды. Серігі Дастан Әбдіқанов ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, сол жерде есін жимастан демі үзілді.

Күзетте тұрған көлікті соққан BMW тізгініндегі адам бұған дейін 6 жыл ішкі істер органдарында жұмыс істепті. Алматы қалалық полиция департаменті алғашында оның экс-полицей екенін жасырған болатын. Ол осы 6 жыл ішінде бірнеше рет тәртіп бұзған көрінеді. Азат Дастанның жары Динара әлеуметтік желіде әлгі апатқа себепші болған азаматтың полиция департаментінде бұрын емес, қазір жұмыс істейтінін жазды. Марқұмның жұбайы «Көлік апатына күдікті адам менің күйеуіммен бірге бір ауысымда қызмет атқарды. Мен оларға ас әзірлеп берген кездерім болған. Мен оның әріптестерін жақсы танимын. Шындықты айтыңыздар» деген. Алайда марқұм Дастанның әкесі Марат Әбдіқанов Азаттық рухы порталына әлеуметтік желідегі жазбаны келіні Динараның жазбағанын, қара жамылып отырғанда бұлардың атынан басқа адамдардың жазғанын айтты.

Қазір ақпаратты бұрмалау немесе жалған хабар тарату бір тал шырпыны тұтатудан да қауіпті. БАҚ өкілдеріне ақпаратты бұрмалап берген полиция өкілдері жазасыз қалмады. Ішкі істер министрі Басшылық орындағы 9 қызметкерге қатысты тәртіптік жазалау шарасы қабылданды.
Мұның бәрі болған оқиғаның негізінде шыққан шындық пен бұрмалаудың тартысы ғана… Ал біздің әуелде айтпағымыз, полицияның беделі, сақшының жағымды бейнесін қалыптастыру жөнінде еді. Әрине, полицейдің жағымды бейнесін жасау оңай шаруа емес. Оған тек БАҚ жұмысы жеткіліксіз. Полиция өкілдерінің өздері де шындықты жасырмай, ақпаратты бұрмаламай, қызметіне адал, баспасөзге ашық болуы керек!

Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда полицияға деген құрмет төмен. Соның орнын толтыру үшін не істеуіміз керек? Неге біздің жастарымыз өскенде елін, жерін қорғайтын сақшы болғысы келмейді? Неге әртістер мен КВН әзілкештері сақшыларды мазақтап, сахнаға ойсыз-образсыз сайқымазақ қойылым алып шығады? Ойлану керек! Қоғамға сақшы бейнесін жағымды жағынан қалыптастыратын уақыт әлдеқашан келді.

Жарас КЕМЕЛЖАН

Бүгін, 10:17
Тоқаевтың үкімет отырысындағы сөзінің толық мәтіні
10 шiлде, 12:05
Ақпараттың ақмылтығы еді
06 шiлде, 11:22
Тағдыры талқан болғандар...
06 шiлде, 10:46
Ұйымдастыру жағы ақсап тұр
26 маусым, 11:43
Фейкпен күн көретін сайттар бар
26 маусым, 11:39
Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?
26 маусым, 11:35
Сотқардың сазайын берген балуан
26 маусым, 11:29
Ұпайды бейнетсіз табу
Серіктестер жаңалықтары