jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Оқулық оңбаса, дұрыс білім бола ма?

29 мамыр, 11:39
191

Оқулық оңбаса, дұрыс білім бола ма?

Мұнайда жұмыс істейтін ағам бар еді. Вахталық жұмыстың тәртібі сол: үй бетін жылына үш-төрт рет қана көреді. Биылғы карантин ағамды үйіне жіпсіз байлады. Наурыздың ортасында келген. Содан бері әлі жатыр. Өмірі балаларының сабағына қарамайтын жан еді. Үйде жатқан соң не істейді? Бір күні 1-сыныпта оқитын қызының оқулығын ашыпты. Онлайн-сабақ басталғалы бәріміз мектепке қайта барғандай болып жүргенбіз. Маған қоңырау шалып тұр:

– Балаң қалай оқып жүр? 1-сыныптың есебін жеңгең екеуміз әрең шығардық.

– Есеп шығарғаны несі? Қызың өзі ше? – деп күлдім.

– Қызым түгілі, политехтің тау-кен ісі мамандығын оқыған менің басым қатты. Жеті жастағы бала қалай ұқсын?

– Ол қандай есеп?

– Математика пәнінің тест сұрақтары. Бала емес, біздің өзіміз әрең шығардық. Сенесің бе, 100 балдық есептен 67 балл алдық.

– Сонда нені түсінбей жүрсіңдер?

– Қайсыбірін айтайын? Мәтіндік есептің мазмұны түсініксіз. Салмақ, масса, жылдамдық, уақыт, периметр, ауданы, көлемі дегенді әліппемен кеше ғана танысқан оқушы түсіне ме? Өрнектік есептердің өзі жеті жастағы балаға ауыр. Жүзге дейінгі сандарды жаңадан үйренген оқушы өрнектің мәнін қалай табады? Журналиссің ғой. Осыны жазсаңшы, – деп оқулықты мен жазғандай ренжіді.

Мұны неге айтып отырмыз? Оқулықтың сапасыздығын, баланың жасына қарай жазылмайтындығын, мазмұндық, мәтіндік қателіктің көптігін айтып, Jas qazaq газетінде талай жазғанбыз. Бірақ соның қаперге ілген құзырлы мекемені көрмедік. Асхат Аймағамбетов басқаратын білім және ғылым министрлігі қазақ баспасөзінде айтыла-айтыла жауыр болған жартыкеш оқулық жайына бас қатырса қанеки!

Осы аптада оқулықтың сапасыз екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Ол олақ оқулық дайындайтындардың жауапкершілігін заңнамалық түрде бекітуді тапсырды. Президент ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Елімізде оқулықтардың сапа мәселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едәуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек. Бұл – білім және ғылым министрлігінің міндеті. Мен тіпті оны басымдыққа ие тапсырма деп айтар едім», — деді. Одан ары Мемлекет басшысы: «Заңнамалық түрде сол оқулықтарды жазатын адамдардың жауапкершілігін бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындадың ба, жарамай қалды ма – оны жазған адам жауапкершілігін көтеруі керек. Басқаша болмайды», — деп кесіп айтты.

Оқулықтағы олқылық демекші, қайбір жылы оқулыққа жауапты әлдебір баспа қызметкерлері өз іштеріндегі былықтың бетін ашып, оқулықты Қырғызстанда жаздыратынын жайып салған болатын. Себебін сұраған тілшіге: «Қырғызстанда еңбек күші арзан, қаламақы аз төленеді» деп түсіндірді. Сонда біз қазақтың білім жүйесінен хабарсыз авторлар жазған оқулықпен қанша мың баланы оқыттық? Санын айту қорқынышты.

Сапасыз оқулық қайдан шығады? Қарт педагог Ерсайын Ерғожа біздің басылымға берген сұхбатында: «Сапасыз оқулық осы салаға жауапты баспалардың мемлекеттік тендерді әртүрлі жолдармен ұтып алып, білімсіз педагогтарға аз қаламақы төлеп жаздыруынан шығады. Оқулықты бір-екі педагог жаза алмайды. Оны ыңғай білікті ұстаздардан құралған команда жазуы керек. Оның өзін қоғам талқысына салып, елеп-екшеп, баланың психологиясына, оқушының білімді игеру мүмкіндігіне лайықтап, барлық артықшылық пен кемшілікті ескере отырып жазу керек. Сонымен бірге, оқулықты көкпар қылмай, бір ғана баспаға жауапты етіп берген жөн. Олай болмағанда, әр қала, аудан, ауыл әртүрлі баспаның өнімін пайдаланып, білім де ала-құла болып бара жатыр», – деп жанайқайын жеткізген еді.

Бір баспа демекші, қытай мектептері бір баспаның, бірлескен автордың оқулығымен оқитынын сол жақтан келген педагогтар айтып, жазып жүр. Ал біздегі кей оқулықтың Ресейден көшіріп алынғаны ішіндегі мысалдардан-ақ көрініп тұрады.

Оқулық оңбаған соң, білім қайдан сапалы болсын? Қала түгілі, аудан орталығынан университет ашып, білімді бизнеске айналдыратындар көбейіп кетті. Оқу-материалдық базасын айтпағанда, дені дұрыс оқытушысы да жоқ ондай білім ошақтарының біразы жабылды. Бірақ әлі де бар. Қ.Тоқаевтың өзі «Диплом басып бере беретін жоғары оқу орындарын жабу қажет. Білім сапасын арттыру үшін мен жоғары оқу орындарына қойылатын талапты қатаңдатуды тапсырған едім. Жалған диплом беретін кеңселер біздің жүйемізде мүлде болмауы тиіс», – деді.

Шындығы сол – бізде білім беруден гөрі, дипломды ұстата салатын оқу орны көп. Мұның бәрі мектептегі боркемік білімнің салдары. Кім көрінген мұғалім болатын жүйенің кесірі. Оған қате жазылған оқулықты қосыңыз.Күні ертең білімсіз шәкірттен біліксіз маман шығады. Сондықтан «самопал» диплом сапалы білімнің көрсеткіші болмайтынын түсінетін кез келді.

Жарас ШӨКЕ

Бүгін, 10:17
Тоқаевтың үкімет отырысындағы сөзінің толық мәтіні
10 шiлде, 12:05
Ақпараттың ақмылтығы еді
06 шiлде, 11:22
Тағдыры талқан болғандар...
06 шiлде, 10:46
Ұйымдастыру жағы ақсап тұр
26 маусым, 11:43
Фейкпен күн көретін сайттар бар
26 маусым, 11:39
Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?
26 маусым, 11:35
Сотқардың сазайын берген балуан
26 маусым, 11:29
Ұпайды бейнетсіз табу
Серіктестер жаңалықтары