jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Делдалдан арылу

29 мамыр, 11:24
263

Делдалдан арылу

«Қараңызшы, қаншама институт бар?! Солардың бәрі ауыл шаруашылығына деп бөлінген қаржының есебінен күн көріп отыр. Ақша (қолдан-қолға өтіп) шаруаға жеткенше қай заман? Ешқашан да жетпейді!». Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев фермердің жанайқайын осылай жеткізген.

Ол қаптаған қаржы институттарын кәдімгі делдалмен салыстырып еді. Оның әріптесі Роман Ким «ҚазАгро» туралы сөз қозғалғанда «Олар мемлекеттен бөлінген ақшаны екінші деңгейдегі банкке салып, қып-қызыл пайда тауып отыр» деді. Одан бұрынырақ экономист-депутат Гүлжан Қарағұсова мұндай мекемелердің делдалдық қызметін қазына қаржыландыратынын айтып, «Бұл мемлекетке қаншалықты тиімді?» деген сауалды көлденең тартып еді.

Бұл жетіде депутат Аманжан Жамаловтың сын садағына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ілікті. Мәжілісмен «Банк жобаны өзі таңдап, өзі несие береді. Ал Даму қоры ақшаны бюджеттен алып, субсидияны банкке аударады. Ашығын айтқанда, «Даму» қоры – бюджет пен банк арасындағы жай ғана делдал» деп айтып салды.

Депутаттар тарапынан айтылған сын-пікірлердің арасын азғантай ғана уақыт бөліп тұр. Әуелгісі – коронавируске дейін. Бюджеттің бүйірін солдырмаған мұнай бағасы имантаразы боп тұрған кез. Содан шығар, пәлендей талқыға түспеді.

Ақша тоқтаусыз ағылған ақжарылқап заманда қызметі ақша аударудан арыға бармайтын мұндай мекемелердің көбейіп кеткені әмбеге аян. Мұның себебін түсіндірген экономика сарапшысы Қайырбек Арыстанбеков былай дейді: «Біз еліктегіш халықпыз. Еңбекпен келмеген қаражатты (оңай) жұмсау әдетке айналып барады. Сондықтан оны тоқтату керек».

Ал қазір қалтаның түбі тез көрінетін, қазекең айтпақшы, көрпеге қарап көсілетін кезең. Бұрынғыдай ырғын ақша жоқ. Тек мемлекеттік емес, квазимемлекеттік сектордағы шығынды да оңтайландыру керек. А.Жамалов мәселені осылай төтесінен қойды. Ол 371 қызметкері бар әлгі қордың екі жыл бұрын түрлі кеңес берушілерге 49 млн теңге жұмсағанын жария етті. Бұдан «осының не қажеті бар еді?» деген сауалдың құлағы қылтиып тұрғанын байқау қиын емес. Миллиардтаған қаржы жұмсалғанын тілге тиек еткен депутат «Осы жобалар экономикалық және әлеуметтік пайда әкелді ме? Бұл сұраққа бірнеше жылдан бері жауап жоқ» дейді. Қор өкілі бұл сынға «Депутаттың дерегі ескі» деп жауап берді.

Мәжілістен атқарушы билікке жолданған сауалда осы қор қаржыландырған жобаларды тәуелсіз сараптаудан өткізу ұсынылды. Әсіресе, сын-ескертпенің квазимемлекеттік сектордағы өзге құрылымдарды қамту қажеттігі айрықша атап өтілді. Осы аптада Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия қаржыны тиімді пайдалануға мән беруі тиіс. Мемлекет басшысының өзі де қазынадан бөлінген ақшаның тиісті жерге шашаусыз жетуі керектігін талап етті.

Аузы дуалы мамандар айтады: тәжкеселден кейінгі кезеңдегі әлемдік экономика мен қаржы жүйесі прагматик көзқарас пен ұтымды ұстанымға арқа сүйегенде ғана тығырықтан шығар жол табады. Біздің үкіметтегілер де осы жолмен жүреді деп үміттенейік.

Срайыл Смайыл

Бүгін, 10:17
Тоқаевтың үкімет отырысындағы сөзінің толық мәтіні
10 шiлде, 12:05
Ақпараттың ақмылтығы еді
06 шiлде, 11:22
Тағдыры талқан болғандар...
06 шiлде, 10:46
Ұйымдастыру жағы ақсап тұр
26 маусым, 11:43
Фейкпен күн көретін сайттар бар
26 маусым, 11:39
Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?
26 маусым, 11:35
Сотқардың сазайын берген балуан
26 маусым, 11:29
Ұпайды бейнетсіз табу
Серіктестер жаңалықтары