jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Күл болмасаң бүл болдың» кері

01 мамыр 2020, 13:37
1385

"Күл болмасаң бүл болдың" кері

Әңгімені карантиннен бастайық. Жаттанды тақырып болса да, бүгінгі күнгі өзекті мәселе. Ел басына күн туып, мемлекет тығырыққа тірелген шақта кім, не істеп жүр? Мәселен, әншілер мен әртістер. Той-томалаққа шығып, қалтасын қалыңдатқан Қазақстан шоу-бизнесіндегі әнші-әртістер мен асабалар дәл қазіргідей жағдайда немен айналысуда?

Әдетте, бір тойдан 5 мың доллар алатын, фонограмманың көмегімен аузын жыбырлатып қайтатындар осындай қиын сәтте халқын қолдаса, қандай жомарттық болар еді?! Тым болмаса, бір тойының ақшасын қиса, кімнің іші жылымасын? Өкінішке қарай, қайыр қылған жандарға қарағанда, бүйрегі бүлк етпеген өнер адамдары көбірек. Қаламақысы қалың әнші-әртістер бізде аз емес. Бір әзілкеш сұхбатында тойды10 мың долларға жүргізетінін айтып, үнемі мақтанып жатушы еді ғой. 5 мың доллардың шетін шығарғанда ғана аяғы мен аузы жыбырлап үйренген қаншама әнші-әртістер бар. Олар да ләм-мим демейді. Құдды қара орман қазақтың қуанышында болмағандай, халықтың ақшасымен ән айтып жан бақпағандай…

Біреудің тиынын, тапқан табасын санаудан аулақпыз. Олар ұрлап, біреуді тонап тапқан жоқ. Адал еңбегінің ақысы, маңдай тері. Алайда ел басына күн туған шақта, халықтың тойынан тапқан табысының тым болмағанда 1 пайызын берсе, содан қалтасы қағылып, қара нанға күні қарап қалмас еді. Қайта осындай кезде жомарттық танытып, жұмысы тоқтап, ақшадан қағылып отырған көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айрылған жалғызбасты аналарға, мүгедектер мен қарттарға 5-10 мың теңгеден таратып берсе, солардан артық қайырлы кісі болсын ба?
«Аштықта жеген құйқаның дәмі тәтті» дегендей, халық та оларды ұмытпас еді. Бұдан кейінгі той-томалақтарына шақырғанда, олардың осы ерлігін еске алмай ма… Мұны неге ерлікке балап отырмыз? Ерлікке балайтындай соғыс емес қой. Алайда еш соғыстан кем түспейтін індет жүріп жатыр. Мұндай сәтте халық жағына шықпау, мемлекетке көмектеспеу – «күл болмасаң бүл болмен» бірдей әңгіме.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Күллі дүниеге қазақ әнін танытып жүрген Димаш Құдайберген індет кезінде табысынан қағылған 102 отбасыға бес тоннаға жуық азық-түлік берген. Димашта бар ақша шоу бизнестегі басқа әншілерде де бар. Тек ұлы жүрек қана жетіспейтіндей. Әңгіме сонда. Әдетте, «ұлтым, қазағым, өнерім» дегенде өзегін өрт шалып, жаны күйіп, кейіп тұрып сұхбат беретін өзге «жұлдыздар» осындайда неге үн қатпайды? Ешқайсысы жерге қарап отырған жоқ: әрқайсысының бес отбасыға жәрдем берерлік қауқары бар.

Ал карантин талабын бұзып, заңға томпақ іс қылып жатқандар қаншама?! Сондай өнер адамдарының кейбірі онлайн ұтыс ойнатып, халықтың ақшасын бей-берекет шашып жатыр. Ақшасын шашқаны емей немене: әнші Ернар Айдар жұртты дүрліктіріп, онлайн ұтыс ойнатты. «Бәйгенің басына Алматыдан пәтер, төрт қымбат көлік» деп жар салды. Ұтыс онлайн ойнатылады деп жарнамасын жер-жиһанға жариялағанымен, әншінің қасында 12 адам болған. Бұл да карантин талабына томпақ. Тәртіп бойынша адамдар бір жерге жиналмауы, бас қоспауы керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ернардың ұтысына 20 мың билет сатылған. Біреуі 9900 теңгеден. Есептеп жіберсеңіз, 199 800 000 теңге шығады. Аз ақша емес.

Алматының экономикалық тергеу департаменті лотерея ұйымдастырғандарға «алаяқтық» бабы бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді. Сөйтсек, әлгілер көліктерді жалға алыпты, ұтысқа тігілген пәтер де жалған. Заңның аты заң, карантин талабын орындамағаны үшін, алаяқтық іске араласқаны үшін әнші жігіт ойын үстінде ұсталды. Жауапқа тартылды. Енді оған айыппұл салынуы мүмкін. Немесе 15 тәулікке дейін қамалады. Ол да өзге өнер адамдары сияқты істерін істеп алып, мүләйімсіп, халықтан кешірім сұрап құтылғысы келетін шығар. Әй, қайдам? Заң әншіге де, қойшыға да ортақ. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» деуші еді бұрынғылар…
Карантин тәртібін бұзған жалғыз Ернар емес екен. Әнші-актриса Камшат Жолдыбаева да соған ұқсас жағдайға тап болып, біреулердің арандатуына түсіп қалғанын айтты. Ұтыс ойынның әуелдегі жарнамасында Жолдыбаева 500 мың теңгені ойынға тіккенін айтып, көк қағаздың шетін көрсетеді. Кейін ойынға қатысқандар сан соғып қалғандарын айтып, шағымданады. КТК телеарнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасында ойынға қатысушылардың бірі Ұлпан Байқожаева есімді акаунт иесінің айтуынша, ойынға жалпы 150 адам қатысып, бәрі алданып қалған. Олардың әрқайсысы 25-30 мың теңгеден, кейбірі 100, тіпті 200 мың теңгеден тіккен көрінеді. Сөйтіп, жалпы 3 млн 700 мың теңге жиналған. Ұлпанның айтуынша, Жолдыбаеваның оқырмандарының саны 2 млн 800 мың адам. Сол үшін оған сеніп, ақша салыпты. Ал әншінің өзі «ұтыс ойыннан бір тиын да таппадым» дейді.«Ұйымдастырушыларды ғана танимын, ал демеушілерді танымаймын. Тіпті оларды өмірде көрген де емеспін. Шотыма ешкімнен ақша түскен жоқ. Мен де сіздер сияқты ақшасыз қалдым» дейді. Ұйымдастырушылар әншіге 1 миллион теңге беру керек екен. Келісім солай жасалыпты. Қазірше мұның соңы сиыр құйымшақтанып тұрған сияқты.

«Көршің аш отырса, сенің тойып тамақтануың мұсылмандыққа тән қасиет емес» деген хадис бар қасиетті Құран кәрімде. Жұрт карантин кезінде үйінде қамалып, кейбірінің жұмысы тоқтап, біреулер ақшадан тарығып жатқанда біздің әншілер әдепке томпақ қылық көрсетуден ұялатын емес. Біреуі қымбат бағалы аяқ киімдерінің суретін өзінің парақшасына іліп, жұрттың ашуына тиген. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дегеннің кері. Басқа теңеу таппай отырмыз. Әдетте аяқ киім түгілі, бас киімін көрсетсін, өз еркі өзінде. Ал дәл қазіргідей жағдайда байлығын, барлығын көрсетіп мақтану кісілікке, адамгершілікке жата ма?..

Жарас Кемелжан

05 наурыз, 14:30
Сенімді серіктестік жалғасады
05 наурыз, 14:19
Бақытымды сағынамын...
04 наурыз, 16:13
Халықтың жадында сақталуы тиіс
02 наурыз, 12:50
Кітапқұмар мен ойынқұмар
19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші