jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Осындай ма еді бет — бейнең?!

03 сәуiр 2020, 20:07
1304

Осындай ма еді бет - бейнең?!

Тәжкеселден тажалға айналған індет кімнің кім екенін көрсете бастады. Қытайдан Италияға жөнелтілген дәрі-дәрмек пен бетпердені Чехиядағылар тәркілеп иемдене қойыпты деседі. «Медициналық хабдық тиеп, Қытайдан Туниске бет алған кеме Италияда талан-таражға ұшырады» дейді шетелдік басылымдар. Тағы да сол Қытайға кеселден қорғайтын дәрі-дәрмек пен бетперде алуға келген француздар ақшасын төлесе де құр қайтыпты. Себебі, жүк тиеліп жатқан сәтте американдықтар келіп, екі есе көп ақша ұсынады. Сол француздың екі дәрігері короновирусқа қарсы екпені алдымен замануи ем-домнан мақұрым, сіңірі шыққан кедей африкалықтарға жасап, сынақтан өткізейік депті…

Мұндай тосын дерек туралы бір жыл бұрын жазу былай тұрсын, айтудың өзі жер астынан жік шығарғанмен бірдей еді. Ешкім сенбейтін де. Өрелі өркениет пен мәртебелі мәдениеттің бесігі, гуманизм салтанаты, ізгілік пен қайырымдылық, достық пен бауырмалдық мекені, дамыған демократияның отаны болып саналатын Батысқа мұндай сын дарымайтын да. Бүгінде байтал түгілі бас қайғымен ортақ кеңістік жайына қалып, әркім өз шекарасын қымтап, қара бастың қамын күйттеп жатқан Еуроодаққа мүше болу, тіпті, визасыз бару талай жұртқа қол жетпес арман-тұғын. 1963 жылдан бері, Ердуанның сөзімен айтқанда, осы одақтың есігінің алдында бақытты сәтін күтіп отырған Түркияға италиялықтар мен испандықтар қиын сәтте қол созғаны үшін алғыс жаудырып әлек. Басқа басқа, күні кеше «адам құқығын аяққа басты» деп өздері жиі сынайтын Қытайдан көмек күтетінін кәрі құрлықтағылар ешқашан ойламаған шығар.

Айта кеткен жөн, кесел басталғалы американ саясаткерлері, адам құқығын қорғайтын ұйымдары, жер-жердегі ақпарат құралдары Бейжіңді сынауын дереу тоқтатты.

Еуропада өлместің күйін кешіп жүрген мұғажырлар (мигрант) немесе Австралияда тірідей өртенген миллиондаған аң-құсқа емес, Қазақстандағы қаңғыбас ит пен мысыққа алаңдайтын Брижит Бардо сияқтылар індетке қарсы кеш қимылдаған өз үкіметі мен жан алысып, жан беріскен сәтте көмектеспеген көршіге келгенде ләм-мим, үнсіз.

Бір қызығы, Америка мен Еуропадағы тіршілікті жұмаққа балап, «надо рвануть туда» дейтін кейбір жерлестеріміз туралы жиі жазатын отандық сайттар да бұл тақырыпқа жоламайтын болды.

Коронавирус Батыс жайында былайғы дүниеде жылдар бойы қалыптасқан таным-түсінік пен көзқарасты түбегейлі өзгертетін секілді. Мәскеулік журналист Александр Мельман «Коронавирус демократияны өлтірді» деген тақырыппен өз пікірін жариялады. Оның пікірінше, демократия бейбіт күнде, тоқшылық заманында жақсы. Тәуелсіз сот, әділ сайлау, жетілген жеке кәсіпкерлік, дамыған медицинасымен өзге дүниеге таптырмас үлгі — өнеге. Бірақ кесел килігіп, қамсыз, жайбарақат тіршіліктің шырқы бұзылуы сол екен, өркениет дамуының ең биік сатысында тұрғандар аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Олар дүкендегі соңғы ірімшік пен дәретхана қағазы үшін төбелесуден, тіпті, өзгенің бетпердесін ұрлаудан да тайынбайтын болып шықты. Автор індет ауыздықталған күні демократияны қайта еске аламыз деген сенімде.

Қалай десе де, басы ашық бір нәрсе бар: келешекте миллиардтар мекендеген әлемді сөз еткенде короновируске дейінгі немесе короновирустан кейінгі дейтін тіркестердің қолданылатыны анық.

Срайыл Смайыл

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады