jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Өндірісті ауылда ашу керек

13 наурыз 2020, 12:19
644

Өндірісті ауылда ашу керек

Осы аптада мұнай бағасы күрт түсіп, доллар бір-ақ сәтте шарықтап шыға келді. Экономистер мұны «Қара дүйсенбі» деп атап жатыр. Олай деуге негіз бар. Бүкіл әлем долларға байланып қалғаны анық. Ал мұнай бағасының құлдырауы қазба байлық экспортына тәуелді елдерге тиімсіз. Экономиканың ендігі беталысы қандай болуы тиіс? Осы сұрақты халықаралық журналист, экономикалық сарапшы Қуаныш Еділханға қойып көрдік.

Jas qazaq: Мұнай бағасы мен доллардың қалай құбылғанын көріп отырсыз. Мұндай жағдайда үкімет экономикаға бет бұрып, жұмыс орындарын ашуды, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпке басымдық беруді басты мақсатқа айналдыру қажет сияқты. Бұған не айтасыз?
Қ.Еділхан: Әрине, билік әлі де болса ауылға бет бұрса, біз бұл бағытта ұтылмасымыз анық. Өйткені қалай десек те, біз ауылдан әлі қол үзе қойған жоқпыз. Ол біздің генімізде бар. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, әрбір ауылда сол ауылға тән, ұсақ болса да, өндіріс орындарын ашуға тырысу керек деп ойлаймын. Мысалы, егін шаруашылығы жоқ деп есептелетін біздің Маңғыстау өңірінде де соңғы жылдары жылыжай салу біршама өркендеп келеді. Ал мал басы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда біршама өсе түскені байқалады. Жаз бойы шұбат сату біршама жолға қойылды. Тек мұны әрі қарай дамытса, шұбат бағасы арзандауына септігін тигізер еді.
Jas qazaq: Демек, сіздің ойыңызша, Қазақстан үшін мұнай мен газдан басқа қол жетіп тұрған ең тиімді экономиканың көзі төрт түлік мал мен қара жер болды ғой?
Қ.Еділхан: Қазақстан үшін мұнай мен газдан басқа қол жетіп тұрған ең тиімді экономиканың көзі жоғарыда айтқанымдай, тек қана ауыл шаруашылығы. Соншама кең жері бар біз сияқты ел үшін басқа тиімді экономиканың көзін табу қиын. Каспий жағасындағы Форт-Шевченко қаласындағы балық консервілеу зауыты қайда кетті? Неге оның инфрақұрылымы, станоктары талан-таражға түсті? Неге оны қалпына келтірмеске? Қант өндірісі қайда кетті? Оны шетелден тасығанша неге бұрынғы өндірісті қалпына келтірмейміз?
Jas qazaq: Соңғы жылдары экономикадағы ірі жобалар туралы сөз қозғалмайды. Шағын кәсіпкерлікті де сирек ауызға аламыз. Отыз ине мен жіпке дейін сырттан әкелеміз. Осылай жалғаса берсе, мұнайға өмір бойы тәуелді болып қалмаймыз ба?
Қ.Еділхан: Әрине, мұнайға қазірдің өзінде тәуелдіміз. Осы 30 жылдың ішінде үкімет бірталай бағдарламаны жүзеге асырды. Біз азын-аулақ тамақ өнеркәсібінен басқа халық тұтынатын ешбір өнім шығара алмадық. Соншама уақыт, қаржы мүмкіндігі бола тұра, оны дұрыстап пайдалана алмадық. Барлық жерді жаулап алған жемқорлық пен көзбояушылық өндірісті тұралатып кетті. Жемқорлықтың кесірінен барымыздан айырылып отырмыз.
Jas qazaq: Ол түсінікті. Дегенмен қарап отыруға келмейді. Осындай жағдайда ауылдағы жастарға жұмыс тауып берудің қарапайым жолы бар ма?
Қ.Еділхан: Ауылдағы жастарға жұмыс тауып берудің қарапайым жолын айту өте қиын. Бұрынғы КСРО кезінде де ол оңай емес еді. Жер де, мал да жекеге қарап, бұрынғы шаруашылықтар тарағалы, тіпті қиындап кетті. Жүн, теріні өңдеу, ет комбинаттары, сүт өңдеу, құс шаруашылығы, қант өндірісі, т.б. жерлерде жұмыс орындары ашылса, жастар ауылдан кетпес те еді. Өкінішке қарай, біз бұл жөнінен де мақтана алмаймыз. Ауылға деп бөлінген қаражат көбіне жетер жеріне жетпей, талан-таражға түсіп кетіп жатыр.

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан

01 қазан, 14:49
Қартайғанда көңіл қосқан
01 қазан, 11:55
Қара жолдың бойында...
01 қазан, 11:51
Жұмабек Өмірзақов: Бізді жарға жығатын – жершілдік
01 қазан, 11:41
Дау неге жиі тұтанды?
01 қазан, 11:36
Спорт кешендері қаңырап тұр
01 қазан, 11:33
Семей қашан қала болды?
24 қыркүйек, 13:27
Кибербуллингке тосқауыл
24 қыркүйек, 11:57
Кеселдің кесірі