jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алтын Орда тағылымы

14 ақпан 2020, 11:59
814

Алтын Орда тағылымы

Былтыр тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға барған сапарында Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өту және оның негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау туралы бастама көтерген еді. Президент Жошы ханның тарихи рөлін еске сала отырып, бұл мәселеге келешекте маңыз берілетіндігін де ерекше айтты.

Иә, біз төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін аша алмай келеміз. Сондай шындығы мен тағлымы толық зерделенбей отырған түйткілдердің бірі – Алтын Орда тарихы. Әлде тарихи жазба деректерге сүйеніп, Көк Орда дегеніміз дұрыс па? Толыққанды жауап та, баламалы пікірлер де бір арнаға түспей тұр. Ортақ тұжырымның ауылы алыс. Осы тұста шындығында тарихтағы оқиғалар қалай өрбіген деген сауалдың қойылары сөзсіз. Ендеше, сол сауалға жауап іздеп көрейік.
Тарихшылардың зерттеуі бойынша Президенттің айтып отырғаны – Жошы ұлысы толық тәуелсіздік алған Талас құрылтайының 750 жылдығы. Бұл құрылтай 1269 жылы қазіргі Қазақстан мен Қырғызстан аумақтарының түйісер жерінде, Талас өзенінің бойында өткен. Осы құрылтай туралы соңғы уақыттарда ғана айтуды бастадық.
Тәуелсіз Жошы ұлысының, яғни Алтын Орданың тарих сахнасына келуінің өзіндік алғышарттары бар болатын. Әкесі Шыңғыс хан бөліп берген аумақта дербес мемлекет құруға оның үлкен ұлы Жошы әуел баста бар күш-жігерін жұмсады. Алайда оны жүзеге асыра алмады. 1227 жылғы қыста Жошы ханның дүниеден өтуі, оның ұлы Батуға (орыс деректерінде Батый) жаулап алу соғыстарын жүргізуге жағдай жасады. Батудың жорықтары нәтижесінде Шыңғыс ұрпақтары кең-байтақ аумаққа ие болды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, Солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер енді. Оңтүстік орыс княздіктері де Батуға тәуелді болды. Осындай алпауыт мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Астанасы алғашында Еділ бойындағы Сарай Батуда болса, кейін Сарай Беркеге көшірілді. Ұлы даланың қақ ортасында қала салу дәстүрі алтынордалық хандардың дәстүріне айналған. Көптеген тарихи жазба деректер қазіргі Атырау облысында Сарайшық деген қаланың Алтын Орда астаналарының бір болғандығын дәлелдейді. Қазіргі уақытта осы жерде Сарайшық қаласының орны сақтаулы, тарихи музейі де бар. Ал Атыраудың өзі ежелгі алтынордалық қала болған. Жергілікті тұрғындар кеңестік кезеңде оны «Үйшік» деп атаған.
Алғашында «Алтын Орда» деген ұғым болмаған. Көне түркілер орда деген атауды пайдаланған. Кейінгі деректерде Көк орда деген атаумен белгілі. Мұны да тарихи жазба деректер бойынша дәлелдеген қазақстандық шығыстанушы Вениамин Юдин. Алтын Орда деген атауды орыстар берген. Бұл атау орыс деректерінде тек XVI ғасырдың аяғында пайда болған. Сол деректер бойынша кеңестік кезеңдегі тарихшылар Алтын Орданың құрылуын 1243 жыл деп есептеді. Қадап айтуға тиіс мәселе, 1980-жылдарға дейін Алтын Орда тақырыбы жабық болды. Себебі 1944 жылы КСРО-да ресми түрде Алтын Орданың тарихын зерттеуге қатаң тыйым салынды. Сол кезде «Едіге» тарихи-батырлық жыры реакциялық деп танылып, қолдануға тыйым салынды. Сол «Едігенің» өзіне биыл 600 жыл толады. Сталиндік қуғын-сүргіннің соңғы сатысында қазақ тарихын шынайы, ұлттық тұрғыда зерттегендер қудаланғандығы белгілі. Әлкей Марғұлан астанаға жоламай, дала кезіп кетті. Қаныш Сәтбаевтың ізін аңдыды. Ермұқан Бекмаханов түрмеге тоғытылды. «Неге?» деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Себебі өзіндік мықты саясаты, заңнамасы, тегеурінді ықпалы, дамыған экономикасы, жетілген әлеуметтік құрылымы, өркендеген қала мәдениеті, бай жазу-сызуы, әдебиеті бар кең мағынадағы мемлекетті кеңестер елі мойындағысы келмеді. Өздерін «аға ұлт» санайтындар «кіші інісінің» тарихтағы жетістіктерін көзге де ілмеді. Дешті Қыпшақты, тіпті бүкіл Еуразия даласын мекендеген көшпенділердің, яғни түркілердің орасан зор аумақты бағындырған мемлекетінің тарихы кеңестік идеологияға көлеңке түсірді. Бұл бір жағынан. Екінші жағынан, Алтын Орда барлық түркі тайпаларының басын қосқан, ортақ мәмлеге келтірген алып мемлекет болды. Оның аумағында отырықшы шаруашылықпен айналысқан Еділ бұлғарлары, половецтер (қыпшақтар), cлавяндар (орыстар), армяндар, гректер, ежелгі хазарлар, аландар, хорезмдіктер тұрды.
Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, т.б. тайпалар мекендеді. Дешті Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойына қоныс аударған монғолдар аз болған жоқ. Олар кейін жергілікті түркі тілдес халықтармен (сіңісіп кетті). Сөйтіп, өздері түркіленді. Бұл түркілік кодтың мықтылығы мен тамырының тереңдігін көрсетеді. Сондықтан биліктегілер оны еске түсіріп, дәріптеуден сескенді. Оны дәріптеу деген сөз түркі тарихы мен мәдениетін дәріптеуді білдірді. Осы тұста «Игорь жасағы туралы» (Слово о полке Игорове) жырдың негізінде Еуразия даласын мекендегендердің түбі бір түркілер екендігін дәлелдеген Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»сы ерексіз еске түседі. Тәуелсіздік алғанша, бұл еңбекті пайдалануға тыйым салынғаны көп нәрседен хабар береді.
Алтын Орда туралы жазылып, айтылса да, оның алпауыт, тұрақсыз, кіші алауыздықтарға толы, ақыр соңында ыдырап кеткен мемлекет түрінде көрсетті.
1980-жылдары Алтын Орданың тарихымен арнайы мамандар ғана айналысты. Осы кезде Илияс Есенберлиннің «Алтын Орда» трилогиясы жарық көрді. Соған қарамастан, «қалыңдығы пышақтың қырындай ғана» деп баға берілген мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда кеңестік идеологияның шеңберінде тарих орын алды. Мұның өзі Алтын Орда тарихын бұрмалауға, оны тарихи жадтан өшіріп тастауға жол ашты. Соның кейбір қалдықтары қазір де көрініс береді. Отандық тарих ғылымында Алтын Орданың келеңсіз тұстарын көрсететін баяндаулар әлі бар. Жалпы, Шыңғыс ханның және оның ұрпақтарының жаулап алу жорықтарының зардаптарын ғана паш ету сонау ХІІІ-ХІV ғасырлардағы араб және парсы тарихшыларынан басталған. Сол үдеріс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Орданың саяси, әкімшілік, мәдени жетістіктерін әлсіз деп көрсетуге басымдық берілді. Ғылымда «моңғол шапқыншылығы жергілікті халықтар мен елдердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына орасан зор шығын әкелді. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы, қала мәдениеті мен егіншілігі гүлденген аудандары тапталды. Қалалар мен елді мекендер Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты ірі орталықтар қиратылып, Жетісу бойындағы қалалар құрып кетті» деген тұжырым берік орнықты. Бұған қоса, зерттеушілір моңғол шапқыншылығы қазақ халқының қалыптасуының аяқталуын екі жүз жылға кешеуілдетті деп есептейді. Шындығында, оны кешеуілдеткен жоқ, керісінше тездетті. Алтын Орда Қазақ мемлекетінің құрылуына жол ашты. Орда Қазақ хандығының тарих сахнасына келуін жылдамдатты. Алтын Орда Қазақ хандығының бастауы болып саналады. Алайда ғылымда бұндай пайымдарға ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы жол берілмеді. Орда тарихы ежелгі түркілермен, олардағы мемлекеттілікпен тығыз байланысты болғандықтан, ол туралы жұмған ауыз ашылмады. Қазақ хандығы мен Орданың өзара сабақтастығы туралы зерттеулер енді ғана қолға алынып келеді.
Посткеңестік кезеңде бұл мемлекеттің тарихын отандық тарихшылар Әшірбек Момынов, Меруерт Әбусейітова, Жұлдыз Төлебаева, Александр Кадырбаев, Айболат Көшкімбаев, Радик Темірғалиев, Нәпіл Базылхан зерттеп, зерделеуде. Десек те, оның тарихи жазба деректерге негізделген кешенді, шынайы тарихы әлі де жазылмай келеді. Қазақстандық тарихшылармен салыстырғанда Татарстан зерттеушілері Алтын Орданың өткенін ертерек әрі түбегейлі қарастырды.1990-жылдардың өзінде Қазан ғалымдарды Алтын Орда бойынша ауқымды зерттеулер жүргізді, оның мұрасын танымал етті.
Алтын Орданың тарихта алатын орны мен рөлі ерекше зерттеуді қажет етеді. Ең алдымен, мемлекеттің саяси өмірі және басқару құрылысы назар аудартады. Алтын Орда бір орталықтанған мемлекет болды. Хан билігі құрылтай арқылы жүргізілді. Мұның өзі құрылтайдың қазіргі құқықтық мемлекеттердегі парламенттік басқару түріне жақын тұрғандығына көз жеткізеді. Қоғамды басқару заң, яғни «Яссы» арқылы іске асырылды. Заңның үстемдігі мойындалды, барлығы заңға жүгінді. Бұл дегеніңіз – қазіргі құқықтық мемлекеттің бастауы. Тарих пен әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, заң үстемдік еткен мемлекет дамыған елге айнала алады. Әскери негіздегі мемлекеттің Қарулы Күштері мыңдаған адамдардан тұрды, оң және сол қанаттарға бөлінді. Әскерді түменбасы, мыңбасы, жүзбасы деген сияқты лауазымды адамдар басқарды. Мемлекеттік басқару аппаратында әмірлер, оғландар, даруғабектер және олардың көмекшілері бақауыл, тұтқауыл, жасауыл және т.б. қызмет етті. Бұл Алтын Ордада мемлекеттік қызметтің иерархиясы, яғни сатылары анықталғандығын, олардың әрқайсысының атқаратын қызметтерінің нақты көрсетілгендігін дәйектейді. Сонымен қатар салық жүйесі қалыптасып, жетілді. Өзіндік валютасы аналымға түсті. Демек, Алтын Орда барлық мемлекеттік нышандары қалыптасқан іргелі мемлекет түрінде өмір сүрді.
Алтын Орда халқының шаруашылығы, мәдени даму дәрежесі, діни наным-сенімдері әртүрлі болды. Дегенмен, баса көрсететін бір ерекшелік – Алтын Ордада ислам діні кең таралды. Берке хан тұсында ислам діні ене бастаса, Өзбек хан оны мемлекеттік дін деп жариялады. Өзбек хан қалаларда медреселер салып, тұрғындар исламға бет бұрды. Мұның өзі орда хандарының ғылым мен білімді дамудың түп қазығы ретінде санағандығына көз жеткізеді. Имандылық пен парасаттылыққа негізделген қоғам ғұмырының ұзақ боларына назар аудартады.
Алтын Орда көпэтникалық және көпконфессиялық еуразиялық мемлекет түрінде дамыды. Әртүрлі тілде, түрлі дінді ұстанатын халықтардың еркін өмір сүруіне жағдай жасалды. Дәл қазіргі Қазақстандағыдай. Алтын Орда хандарының Ватикан діндарларына жазған хаттарын, эпиграфикалық, яғни қабір беттерінде жазылған жазбаларды, Ұлытаудағы Жошы кесенесінің өзі тарихи жадта сақталған оқиғалар мен процестерді жаңғыртуға септеседі. Аталғандарға Өтеміс қажының «Шыңғыс намесін», Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарихын» қосыңыз. Соңғысы Алтын Орда мен Қазақ хандығының арасында тікелей байланыс болғандығын айғақтайтын тұңғыш тарихи еңбек.
Ордада қала мәдениеті дамыды. Қалаларды дамыту және абаттандыру дегенге түркілердің ерекше мән бергендігі де белгілі. Дегенмен ғылымда бұл мәселе тек Ұлы Жібек жолымен байланысты айтылады. Ата-бабаларымыздың қала салу және оны дамыту дәстүрін қазір де жалғастырып келеміз.
Ордада сауда, керуен және пошта жолдары дамыды. Елшілік қатынастары берік орнады. Бұл туралы ХІХ ғасырда орыс шығыстанушы ғалымдары, өздерінің еңбектерінде жазды.
Ендеше, орда тарихының заманауи мемлекеттерге, үлгі болар тұстары жеткілікті. Сондықтан да оның тарихын қайта зерделеп, әлемге таныту қажет. Ол үшін мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарға Алтын Орда туралы жаңарған, тарихи деректер арқылы дәйектелген мәліметтер мен баяндауларды енгізу қажет. Жоғары оқу орындарында «Алтын Орда және Қазақ хандығы: тарихы және сабақтастығы» тәрізді арнайы курстарды енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстанның орда мұрагері екендігін ашып айтатын кез келді деп санаймыз. Бір сөзбен айтқанда, тарихи сананы жаңғырту аясында Алтын Орда туралы көзқарасымызды өзгертуіміз қажет.
Алтын Орданың тарихын пәнаралық байланыстар бойынша зерттеу керек. Мәселен, тарих, деректану, археология, тарихи география, қосалқы тарихи пәндерді тоғыстыру арқылы ізденістер іргелі ғылыми нәтижелерге әкелер еді.
Жастарды тарих арқылы тәрбиелеу турасында айтар болсақ, Алтын Орда тарихын насихаттайтын кинофильмдер түсірілуі керек. Мәселен, орда хандарының өмірі мен қызметі, ордадағы керуен және сауда, пошта жолдары, исламды мемлекеттік дін ретінде жариялаған Өзбек хан туралы жастарға ой салатын, қоғамды дамытуға идея беретін көркем фильмдер қажет. Пошта жолдары демекші, ХІХ ғасырда атақты Жәңгір хан ордасында ресми іс қағаздарын шабармандар арқылы тасымалдауда Алтын Орда тұсындағы пошта бекеттерін жаңғыртқан.
Қорыта келе, төл тарихымызды қастерлеуге, одан тағылым алуға, насихаттауға үйренгеніміз жөн демекпін. Кешегісін білмеген елдің болашағының бұлыңғыр болатынын естен шығармайық.

Оразгүл Мұхатова,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

09 шiлде, 12:00
Қиналғанда қасыңда тіреу болған ағайын
02 шiлде, 11:43
Бір мая шөп – көпке үлгі
02 шiлде, 11:31
Екпе алудың пайдасын халыққа сауатты түрде түсіндіру қажет
02 шiлде, 11:27
Журналист мәртебесін көтереміз!
25 маусым, 12:34
Бесігімізді түзеуде неден сүріндік?
25 маусым, 12:32
Руға тартсақ, ескерткіш те, саябақ та болмайды
25 маусым, 12:27
Жер асты суын пайдалан, жұтамайсың
25 маусым, 12:24
Жаздың жұты жанға батады