jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Діни экстремизммен күрес тоқтамайды

07 ақпан 2020, 13:43
252

Діни экстремизммен күрес тоқтамайды

Елімізде діни экстремизм мен терроризмге күрес ұдайы бақылауда тұр. Өйткені, асыл дінімізді басқа мақсатта пайдаланғысы келетіндердің бары шындық. Осы орайда біз Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университетінің магистранты, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселесін зерттеуші теолог — Жандәулет Сүлейменовпен жат ұйымдардың насихаты, жастардың діни жат ағымдарға қарсы иммунитетін қалыптастыру төңірегінде сұхбаттастық.

Jas qazaq: Жандәулет мырза, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізу бойынша ақпараттық түсіндіру тобының мүшесісіз. Жат ағымның жетегіне еруге қай жастағы адамдар бейім? Тұрмысы төмен адамдар тез ереді деген пікір бар. Маман ретінде сараптама жүргізіп көрдіңіз бе? Жат ағымға кімдер тез арбалады?
Ж.Сүлейменов: Басқа жаспен салыстырғанда көбіне 17-28 жас арасындағылар көп кездеседі. Кері ағымға кететіндердің себебі өте көп. Діни радикалды ағымдар әлеуметтік жағдайының жоғары немесе төмен, зайырлы жоғары білімге ие болғандарды және тағы да басқа қандай да болмасын әр-түрлі қоғамның өкілдерін тартуға тырысып бағады. Әр қоғамның өкілдерін тетіктері бойынша қолдануға, ұйымның жұмысын жандандыруға мүмкіндіктер қарастырады. Бір мысал ретінде ойыма келіп отыр, «мектепті қызыл аттестатқа, тіпті жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген адам жат ағымға арбалды. Бұл жерде бай немесе кедей, білімді білімсіз адам тез арбалады деген нақты факты жоқ.
Jas qazaq: Кері ағымға еріп кетпеу үшін неден сақтануымыз керек?
Ж.Сүлейменов: Айтып өткенімдей, жат ағымға үгіттеушілер белгілі бір мамандықты таңдамайды. Ең бастысы, адам діни сауатты болуы керек. Қазір ақпарат көп. Жан-жақтан түрлі ақпараттар ағыны бізді басып тұр. Бұл жерде біз әрбір ақпаратты сүзгіден өткізіп барып қабылдауымыз керек. Керек жағын өзімізге аламыз, керек емес ақпаратты шығарып тастағанымыз дұрыс. Өкінішке қарай, арбалып жүрген жастарымыз дін ғылымының негізгі методологияларын меңгерместен, өзіндік тар көзқараспен түсінуге тырысып бағады. Ал бұл өз кезегінде діндарлар арасында келіспеушілік тудырады. Яғни қоғамда қалыптасқан дұрыс дәстүрлі діни көзқарасқа ұстанушы тарапқа қарсы келуші екінші бір жаңсақ пікір білдірушілер пайда болуда.
Jas qazaq: Елімізде экстремизм мен терроризмге қарсы қандай шаралар қолға алынды? Осы бағытта атқарылған қандай жұмыстарға қатыстыңыз?
Ж.Сүлейменов: 2018 наурыз айында діни экстремизмге қарсы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бұл кезінде 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаның жалғасы. Яғни 2013-2017 жылы жүзеге асқан бағдарламаны саралай келе қорытынды жасалды. Қай жерде кемшіл кетті, қай тұсты әлі де болса, реттеуіміз керек деген секілді мәселелер сараланды. Көрсеткіштерді талдау арқылы мемлекет бағдарламаның қажет екенін түйсініп, оны жалғастыруды жөн көрді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизмнің және терроризмнің алдын алу, жою. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, құзырлы органдармен бірлесіп жүзеге асырылатын тапсырма көп. Бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жұмыстың ұйымдастырушысы, жүзеге асуына атсалысушысы ретінде жұмыстар жасадым. Алматы қаласы еліміздің басқа да өңірлері бойынша маман ретінде ақпараттық түсіндіру бойынша тұрғындармен кездестік. Қазіргі таңда да, осы бағытта ғылыми-зерттеулер бойынша да, тәжірибе бойынша да жұмыстар атқарылуда. Өзім де осы оқу орнында осы тақырыптарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап келемін. Бағдарламаның басты мақсатының бірі – елімізде тыйым салынған деструктивті ағымдардың алдын алу. Одан бөлек «Жусан» операциясын ең ауқымды жұмыстың бірі деп атар едім. Өйткені, еліміз осындай күрделі операцияны ең алғашқы болып бастаған мемлекеттің бірі.
Jas qazaq: «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматтармен кездестіңіз бе? Отанына оралған азаматтардың пікірі қандай?
Ж.Сүлейменов: Жұмыс барысында олармен сұхбаттасып, түсіндіру жұмысын жүргіздік. Санасындағы проблемаға бола радикалданып, адасып, Сирия асқан адамдар бар. Оқиға болды, өтті. Ал біздің Конституциямыздың алғашқы бабында: «Мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі деп көрсетілген». Біз – зайырлы елміз. Дінге еркіндік берген елміз. Азаматтарымыздың өмірі – мемлекет үшін маңызды. «Жусан» операциясының бірінші кезеңі Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асты. Кейінгі операциялар қазіргі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жалғастыруымен жүргізілді. Әрине, Сириядан келген азаматтарымыз мемлекеттің жіті бақылауына алынады. Олармен теолог, психолог секілді мамандар жұмыс істейді. Менің жеке басымда Сириядан оралған келіншектермен кездесіп, теологиялық түсіндіру жұмыстары барысында белгілі бір радикалды агрессия байқалмады. Керісінше, мемлекетке айтатын алғысы шексіз. Бейбіт елге келіп, өздерінің қателігін түсініп, егіліп-жылап, мемлекетіне алғысын жаудырған келіншектің сөздері есімде қалыпты.
Jas qazaq: Діни экстремизм – қауіпті құбылыс. Маман ретінде олармен күресу жолы қандай екенін айтып бере аласыз ба?
Ж.Сүлейменов: Діни экстремизм мен терроризм – өте күрделі мәселе. Жаһанды дүр сілкіндірген «құс тұмауы», «тәж вирусы» дейміз. Бұл – бактериялық және материалды құбылыс. Көзге көрінеді, зерттеледі. Ал діни радикализм материалдық тұрғыда көзге көрінбейді. Бұл идеологиялық қауіпті вирус деп айтуға болады. Неге десеңіз? Фактілер өте көп. Енді бұл мәселемен қалай күресу керек деген сұрақ туындайды? Менің маман ретінде айтарым, әрбір вируспен күресетін иммунолог қажет болғаны сияқты, экстремизммен күресетін мамандарды да даярлауымыз керек. Қазір маман дайындау мақсатында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам университеті өз үлесін қосуда. Ғылыми жағын зерттеу, мәселені талдау сынды жағынан да орталықта діни экстремизмге қарсы институт жұмыс жасап тұр.
Jas qazaq: Діни экстремизммен күресуде шетелдік тәжірибені зерттеп көрдіңіз бе? Қай тұстарын пайдалансақ, қай тұсымен келісуге болмайды маман ретінде сараптама жүргізіп көрдіңіз бе?
Ж.Сүлейменов: Магистратураның алғашқы курсында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетелге тәжірибе алмасуға бардық. Түркияның Ыстамбұл қаласындағы «Мәрмара» университетінде білімімізді шыңдадық. Ол Орталық Азиядағы алпауыт университет. Өз алдына үлкен «Теология» факультеті бар. Университетімізден 9 магистрант барып, жарты жылдай білім-тәжірибе жинадық. Зерттеп жүрген тақырыбым діни экстремизм мен терроризм мәселесі болғаннан кейін Түркияда бұл мәселе қалай қолға алынды екен деп материал жинақтадым. Мысалы, Түркияда менің бір байқағаным, діни ағымдар туралы, оның жасап жатқан жұмысы туралы ақпарат жабық. Біздің елде әр облыста дін мәселесін зерттейтін мекеме бар. Ал Түркияда бұл мәселе қалай жүзеге асырылып жатқаны жабық, ақпарат жоқ. Біздің елде кез келген адам қауіптенсе, белгілі бір мамандарға, оңалту және кеңес беру орталықтарына бара алады. Екінші байқағаным, терроризм мен экстремизм мәселесі тек ислам дінінде емес, өзге діндерде де бар. Ислам атын жамылып, өзінің теріс әрекетін жүзеге асыратын ұйым. Қазір осы мәселені зерттеп жатырмын. Былтыр Ақтөбеде дін саласындағы оңалту мәселесімен айналысып жүрген мамандардың халықаралық басқосуы өтті. ТМД елдерінің мамандары қатысып пікір алмастық. Біздің елде ең алдымен идеологиялық бағытқа басымдық беріледі. Ең алдымен, адаммен жұмыс жасаймыз, оны оңалтумен түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысамыз. Ал басқа елдерде тура біздің елдегідей идеологиялық жұмыстардың бар екенін ести алмадық. Әрине, құқықтық тұрғыда олардың бұл мәселені бағалайтынын аңғардық.
Jas qazaq: Жат ағымды насихаттайтын видео, уағыз болсын әлеуметтік желіде ақпарат ашық. Ғаламторды шектеу арқылы экстремизмнің алдын алуға бола ма?
Ж.Сүлейменов: Әрине, алдын алуға болады. Ғаламторға шектеу мүлдем қойылмай жатыр деуге болмайды. Өйткені, құзырлы орындар тыйым салынған ұйымдардың желісін шектейді. Белгілі бір бұғаттау да жүргізіледі. Тек алдағы уақытта мұндай желілермен күресті бұдан әрі жандандырумен, сонымен қатар альтернативті түрде белсенді жүргізген жөн.

Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...