jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Өмір мектебінен өтсін

17 қантар, 12:55
274

Фото: ernur.kz

Бұл ақпаратқа ешкім онша мән берген жоқ. Әшейінде бір-бірінен іліп әкетіп, сан-саққа жүгіртіп жататын белгілі-белгісіз порталдарда жарияланбады. Жұртқа болашақ қазылардың Германияда көңіл көтергені, ішіп-жеп, билегені қызық. Әйгілі сатириктің баласына жұдырық жұмсаған жүгермектің кім екенін білгісі келеді. Есесіне, өз ісіне берілген, елін сүйетін жас маман туралы жазба көр-жер әңгіменің тасасында қалып қойды.

Мangystautv.kz порталында Ақтауда ұстаздық етіп жүрген Жігер Тілеуханов туралы сюжет бар. Тұманды Альбионда өткен байқауда «Әлемдегі ең үздік ұстаз» атағын жеңіп алған. Жүзден астам үміткерден жүйрік шыққан. Сол үшін де оған Англиядағы магистратурада тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылыпты. Ол содан бас тартып, мектептегі жұмысына қайта оралған.
25 жастағы Жігер ғылыми-инновация лицейінде химиядан сабақ береді. «Менің өз міндетім бар. Мен үшін өз отанының нағыз патриоттары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Абай Құнанбаев. Олар өз кезінде жас ұрпақтың сауатты болуын қалады. Біз ата-бабаларымыздың ісін жалғастыруымыз керек» дейді ол.
Қалай ойлайсыз, Жігер сияқты ойлайтын жастар бізде көп пе? Меніңше, көп. Әрқайсысы өз орнында, өз ісімен айналысып жүр. Әйтсе де, көзге түсе бермейді. Өз әлеуетін, білімін тиісті деңгейде пайдалана алмай жүргендер қаншама!
Осы орайда Президенттің кадрлық резерві ойға оралады. Өтініш берген 13 мың адамның ішінен іріктеліп алынған 300 жастың құрамына қарасақ, 102-сі – жеке, 98 адам – квазимемлекеттік сектордан, қалған 96-сы – мемлекеттік қызметкерлер. Жартысынан көбі – шетелде оқып келгендер. Оның үстіне, іріктеу жүріп жатқанда өтініш бергендердің басым бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласынан екені мәлім болды. Іріктеудің қатаң болғанын, таңдалған үш жүздің мықты екеніне күмән жоқ.
Дегенмен алдағы уақытта ауылдан шыққан білімді жастарға да мүмкіндік берілсе деген тілек бар. Бізде жоғары мемлекеттік қызметке немесе ұлттық компанияларға негізінен шетелде оқып келгендерге басымдық берілетіні құпия емес. Ауылды жерде оқығандардың бірен-сараны болмаса, көбі өспей қалады.
Президенттің кадрлық резервіне енгендер келешекте министр, әкім, ұлттық компания басшысы болуы мүмкін. Таразылап көрсек, кімнен жақсы әкім шығады? Ауылдың топырағын жұтып өскен (яғни бүкіл проблемасын білетін), әлде асфальтта ойнаған баладан ба?
Сондықтан Президенттің кадрлық резервіне енген жастарды қандай да бір орынтаққа қонжитпас бұрын аймаққа жіберген жөн шығар. Олар үшін бұл тамаша өмір мектебі болар еді. Мемлекеттің қаржысына жатжұртқа барып, «тәжірибеден» өткен магистранттардың кебін олар ешқашан кимес еді.

Гүлнар Ахметова

Фото: ernur.kz

21 ақпан, 13:41
Айзат Қадырәлиева: Тулақтан тұлпар шығарғыcы келеді
21 ақпан, 13:31
Әуелі іс, сөз содан кейін
21 ақпан, 13:24
Өз тілінде сөйлемейтін қазақты көргенде жабырқап қаламын!
21 ақпан, 12:11
Пияздан басқа дәнеңе де жоқ
20 ақпан, 15:28
Ұстаздар 300 000 000 теңге еңбекақыдан қағылды
14 ақпан, 16:11
Кезексіз микрофон, редактурасыз ұран
14 ақпан, 16:10
Әрбір минутын зерттеуіміз керек
14 ақпан, 16:08
Қазақ болайық!
Серіктестер жаңалықтары