jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ерте келген күз

17 қантар, 13:35
290

Ерте келген күз

Билдің әлі ақүрпік балаң кезінде олар махаббат қызығына ортақ мастанған болатын. Әр кеш сайын бірге жүріп, бірлікте әңгіме-дүкен құратын. Кейін әлдебір болмашы істен араларына салқындық түсті де, содан қайтып бір-біріне сөйлемес болып қалды. Кешікпей, бір жолғы сезім сапырылысында қыз өзім ұнатам деп ойлаған бір жігітке тұрмысқа шықты да, ал әйел затынан әбден көңілі қалған Бил жайына кетті.
Содан, осыншама уақыт ішінде, кеше ғана тұңғыш рет Вашингтон алаңынан өтіп бара жатқан келіншек оны кездейсоқ ұшыратып қалды.
– Бил Вокыр! – деді ол дауыстап.
Кілт тоқтаған жігіт алғашында бұны танымай қалды. Тым егде болып көрініп еді көзіне.
– Сен мұнда қайдан жүрсің, Мәрүй?
Әйел әлдеқалай жүзінен өптірмекке дәмелі болып, алдыға қарай ұмсына беріп еді, жігіт қолын ұсынды да, амалсыз іркіліп, соны ғана қанағат тұтуына тура келді.
– Мен Нью-Йоркте тұрамын, – деді сонан соң.
– А… – жігіт әдеп үшін жымиғанда, екі көзінің арасынан ұсақ әжімдер жыбырлады.
– Қанша ынтызар болсам да сенен еш хабар ала алмадым, Бил.
– Мен әзір адвокатпын. Жұмыс орным жаман емес. Қаланың орталығына орналасқан.
– Үйленген боларсың?
– Иә, екі балам бар.
– А… – деді әйел.
Саябақпен жүрген адамдар олардың маңын жанап ары-бері өтіп жатты. Барлығы бейтаныс кісілер. Мезгіл әлдеқашан түс ауған екінті мезгілі болатын. Күн батуға таяп, суық үдей түскен-ді.
– Ал, өзіңнің күйеуіңші? – деп сұрады Бил одан.
– Біздің үш баламыз бар. Мен Коломбиядағы бір мекемеде есепші болып істеймін.
– Сен былай қарағанда… (егде көрінеді екенсің демекші, болатын) тәуір көріндің, – деді Бил.
Әйел түсінді. Вашингтон алаңындағы ағаштар астында тұрып, ол өзінің өткен шақтар өтіне қайта оралуға соншама ынтызар екенін анық сезді. Ол Ухаюдағы кезінің өзінде жігіттен үлкен болатын. Ал, әзір тіпті де жас емес еді. Бил болса әлі уылжып тұр.
– Біз орталық саябақтың батысында тұрамыз, – деді әйел, – келіңдер, үйді көріңдер.
– Иә, – деді жігіт іле жауап қатып, – қайсыбір күні кешке күйеуің екеуің келіп, біздің үйде қонақ болыңдар. Кез-келген күні. Лусил екеуміз сендерді қызу қарсы аламыз.
Алаңдағы ағаш жапырақтары баяу қалқып түсіп жатыр. Үп еткен леп болмаса да, күзгі іңірді жамылып үнсіз тұрған әйел өзін сәл жайсыз сезінді.
– Біз де пейілдіміз, – деді жауап орнына.
– Сен менің балаларымды көруің керек, – деді жігіт тістерін ақситып.
Кенет ұзын созылған бесінші саяжолдағы шырақтар жарқ етті де, көгілдір ауаға күңгірт жақұт моншақтар тізбегі тартыла қалды.
– Менің көлігім келді, – деді әйел.
– Сау бол! – деді жігіт қолын ұсынып.
– Қашан… – әйел тағы бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, болмады, қоғамдық көлік қозғалуға ыңғайланды. Саяжолдағы шырақтар күңгірттеніп барып, жыпық-жыпық етті де, қайта өлеусірей қалды. Әйел көлікке кіргеннен кейін жақ кірісін ашудан қорықты. Аузынан ешбір үн шықпайтындай сезіліп, үрейі ұшқан еді.
Кенет ол дауысын көтеріп:
– Қош! – деп айғайлап жіберді. Бірақ, бұл кезде автобустың есігі әлдеқашан жабылып қалған еді.
Көлік жылжи жөнелді. Сыртта екеуінің арасына көшеден өткен жүргіншілер келіп түсіп, қайшалысып жатты. Барлығы бейтаныс кісілер. Орта – аңыраған бостық пен адамдар легі. Билдің қарасы әлдеқашан өшіпті. Дәл осы кезде барып әйел оған өз мекен-жайын бермегенін, ал онікін сұрап алмағанын, соған қоса, оған өзінің ең кіші ұлының есімі Бил екенін айтуды ұмытқанын есіне алды.

Ерте келген күз

Ағылшын тілінен аударған Серік Нұғыман,
жазушы-аудармашы

Бүгін, 12:48
«Жастар жұмыс жоқ деп өтірік айтпасын!»
Бүгін, 12:26
Көлік жүргізушіге ат арбаның қажеті қанша?
Бүгін, 12:17
Алдағы бағыт: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық
Бүгін, 12:03
Күйі кеткен кино үйі
20 қараша, 14:51
Сағы сынбаған, намысы қайралған
20 қараша, 14:22
Арқада жайылым тозған, шаруа шарасыз
20 қараша, 14:11
Балаларымның атын қазақша қойдым
20 қараша, 14:06
Қылмыстың құйрығы - біртұтам
Серіктестер жаңалықтары