jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Теріскейге көшкен жұрт қазақ мектебіне зәру

13 желтоқсан 2019, 17:57
746

Теріскейге көшкен жұрт қазақ мектебіне зәру

Солтүстікті қазақыландырмасақ, шекара бойы жалаңаш қалады. Оның үстіне, бұл өңірде қазақ мектептерін емге таппайсыз. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында екі қазақ мектебі бар. Қалған қырыққа жуық білім шаңырағы орыс және аралас мектеп. Күнгейден келген ата-аналардың қиналып отырғаны да осы жай. Балаларын беретін қазақ мектебі аз. Аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектеп-интернатында орын тапшы. Ол бар-жоғы жиырма шақты балаға арналған. Бұдан бөлек, теріскейде кейбір ауылдарда 80-90 бала ғана білім алатын мектептер бар, ал оларды оқыту үшін 45-50 мұғалімді мемлекет қаржысымен ұстауға мәжбүр. Кейбір сыныптарда 3-4 оқушыдан ғана сопайып отырады. Жауып тастауға тағы болмайды. Сондықтан, осындай арса-арса болып отырған елді мекендерді күнгейдегі ағайынмен толтырған абзал болар еді.

Елдегі Есенбайдың маңдайында бұршақ таңбасы бар қара тоқтысы ересен семіз болды. Жарықтық өзі де тамақ талғамайтын. Шелектің түбінде қатып қалған кебекті де кеміреді, сар еткізіп төге салған жуындыны да қаужаңдайды. Қоңыр күзде жел үрлеген шар тәрізді болып домаланып қалды. Қара тоқтының бір қызығы, өз қорасында «қонбайтын». Қашан қарасаң да, көршілердің қойларының ішінде жүреді, жас тоқтыларды жағалап.
–Мал да иесіне тартады екен ғой,– деп Есенбайдың әйелі Қатша қара тоқты есіне түскен сайын ернін сылп еткізе түсуші еді. Бұл соққан да белі кетпей безеріп жүргенде отбасына апта аралатып оралатын.
Қара тоқты үш күн жоқ болды. Іздеген жан жоқ. Ауыл шетіндегі Қонысбайдың үйіне зәуі бір себеппен барған Есенбайдың танауы жас еттің иісін сезсін. Бұрқырап тұр кәдімгідей. Сенекке кіре беріп, оң қапталына қарап еді, маңдайында бұршақ таңбасы бар қара тоқтының басы жатыр. Көзі жабылмапты. Жағдай осылай болды қожайын деп тұрған тәрізді. Есенбай сыр білдірген жоқ. Қонысбайдың үй ішімен бірге отырып дәм татты. Мұндай семіз болар ма? Қабырғаның өзі май жеп қылдырықтай болып қалған екен. Ас қайырған соң Есенбай Қонысбайға қарап:
– Қара тоқты қазаныңа түскен екен, «ит төлеуі бір күшік» деген. Есесіне қоңыр, семіз ісегіңді бересің. Мойнына бір жарты байлап.
– Қой шырағым, – деген Қонысбай,– сенікі екенін мен қайдан білейін?
Мына ағаштың ішінде жүрген соң иесіз мал екен деп қалғанмын.
– Иесіз мал бола ма?! – деп шақ еткен Есенбай. – Оны қайдан көріп жүрсің?
– Осы күні иесіз мал да, жер де толып жатқан жоқ па? – дейді ауылдасының семіз тоқтысына мұртын майлап отырған Қонысбай.
Айтса айтқандай, мал иесіз болмағанымен, жердің иесіз жатқаны шындық енді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында соңғы қазығын суырып көшіп кеткен ауыл жетерлік. Сол ауылдардың жанындағы бір кезде ақық дән аялап, ақтылы мал өсірген қаншама құйқалы жер тусырап бос жатыр? 2019-2020 жылдары билік болашағы жоқ 65 ауылды тағы қысқартпақ. Себеп, тұрғындар саны аз. Тіпті елу адамға жетпейді. Бар-жоғы 20-30 адам үшін су тарту, жол салу, электр қуатымен қамтамасыз ету экономикалық жағынан мүлде тиімсіз. Ақыл таразысына салсаңыз, бір есептен жөн тәрізді. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысының шекараның түбінде екендігін естен шығармаған жөн. Қадап айтып көрелік. Қазір Ресеймен іргедегі шекара шерге бөгіп тұр. Ол шер – қаншама ауылдардың жаппай көшіп жатқандығы. Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің қаулысына сәйкес, Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ломоносовское, Беспаловка, Шақпақ ауылдары жабылмақ. Ал дәл шекара иек артып қоныстанған Мамлют ауданындағы Студеное және Прогресс елді мекендері көшірілмек. Жамбыл ауданындағы Талпын, Уткино, Ақбалық, Мотросова, Островка, Неждановка ауыл-селолары облыс картасынан өшіріледі.
Тарихи тағылымы мол, киелі жері көп Айыртау ауданының да ажары солғын. Таяу арада аудандағы Қопа, Алтынбұлақ жоғарыдағы биліктің жарлығымен жар басына жығылса, екпіндеп келіп тақау тұрғандары да аз емес. Мәселен, осы аудандағы ең алдыңғы қатарлы кеңшарлардың бірі болған Светлый елді мекенінде заманында 500-ге жуық отбасы болып еді. Қазір қалғаны 50-60-тың төңірегінде. 4-5 дүкені, машина-трактор шеберханасы, диірмені қаңырап бос тұр. Өзгені айтасыз, бұл ауылда аурухана да, перзентхана да болған. Қазір бірі жоқ. Кеңес заманынан қалған коттедж үйлер қаңырап бос тұр. Ал жері ше? Кәдімгі қазақы ұғыммен айтқанда, жетек шаншысаң, арба өсіп шығатын жер. Дәл іргеде балығы мол Қамысақты өзені ағып жатыр. Иек астында жалғыз Жамантау. Етегі ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орман. Егін егуге де, мал бағуға да аса қолайлы жер. Жолы да тақа жаман емес. Алпыс шақырым жердегі Көкшетау-Қостанай тас жолына әупірімдеп жетіп алсаңыз, әрі қарай көзіңіз ашылады. Оған дейінгі жолда да сегізкөзің сыр бермесе, желдей есесіз. Осы төңіректегі Қарақамыс, Шолақөзек, Егіндіағаш, Сулыкөл ауылдары өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмай тоз-тоз болуға жақын. Көкшетау-Қостанай тас жолынан небары үш шақырым жердегі Ақан сері ауылында қаншама әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, 40-қа жуық екі қабатты коттедж қаңырап бос тұр. Мұның барлығын жіпке тізгендей айтып отырғанымыз көш басын бұратын жерді көрсету.
Солтүстікті қазақыландырмасақ, шекара бойы жалаңаш қалады. Оның үстіне, бұл өңірде қазақ мектептерін емге таппайсыз. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында екі қазақ мектебі бар. Қалған қырыққа жуық білім шаңырағы орыс және аралас мектеп. Күнгейден келген ата-аналардың қиналып отырғаны да осы жай. Балаларын беретін қазақ мектебі аз. Аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектеп-интернатында орын тапшы. Ол бар-жоғы жиырма шақты балаға арналған. Бұдан бөлек, теріскейде кейбір ауылдарда 80-90 бала ғана білім алатын мектептер бар, ал оларды оқыту үшін 45-50 мұғалімді мемлекет қаржысымен ұстауға мәжбүр. Кейбір сыныптарда 3-4 оқушыдан ғана сопайып отырады. Жауып тастауға тағы болмайды. Сондықтан, осындай арса-арса болып отырған елді мекендерді күнгейдегі ағайынмен толтырған абзал болар еді.
Жабылып жатқан ауыл қаншама?! Есіл ауданында Жаңалық, Орталық, Алқа тәрізді қазақ ауылдары жабылып қалды. Бұл елді мекен облыс орталығынан небары жетпіс-ақ шақырым жерде. Дәл іргесінен республикалық маңыздағы тасжол өтеді. Жаңалық ауылына Абдулаевтар отбасы 2014 жылы көшіп келді. Бұрынғы мал базын жөндеп, мал шаруашылығымен айналысуда. Айгүл мен Құланбай көшіп келгенде ауыл қотанында әлі де түтін түтетіп отырған отбасы бар еді. Жақсылық атаулыдан әбден күдер үзген олар жаңа шаруашылықтың басшысы туған жерлеріңді тастап кетпеңдер, ай сайын тұрақты жалақыларыңды төлеп отырамын десе де, арттарына қарайлаған жоқ. Қазір жаңа қонысқа келген шаруа қожалықтары мал өсіріп, құс бағып, бақша егіп, тұрмысын түзеп алған. Әйтсе де, жапандағы қалған жалғыз үйдің жанына қоңсы қонар күн қашан туар екен?!
Қоңсы қонар күн туу үшін шаруа істеу керек. Ең алдымен оңтүстіктен солтүстікке көштің бетін түзеуге бағытталған бағдарламаны әлі де жетілдірген жөн сияқты. Мәселен, оңтүстіктегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында солтүстік өңірлерде іссапарға мамандарды аттандыру үшін қаржы қарастырылмаған.
– Мәселен, осы басқарманың бастығы Н.Нұрашев аудандық, қалалық халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы хат жазған. Хатта «нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті адамдарды 2019 жылдың 20-26 қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысына апару жоспарлануда. Жауапты мамандардың іссапарға баруын қамтамасыз етуін сұраймын», – делінген. Ал хатына аудан басшылары «бұған қаражат қарастырылмаған» деп жібермей қойды», – дейді аты-жөнін көрсетпеуді қайта-қайта сұраған азаматша. – Нұрашев мырза кейінгі сауалыма біз жақында ғана барып қайттық қой деген уәж айтады.
Негізі көш көлікті болуы үшін оңтүстік өңірдің өкілдері солтүстіктің тыныс-тіршілігімен бажайлап танысқан жөн. Қай жерде жергілікті ұлт тіліндегі мектеп бар, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары қалай, көшіп келе қалған күннің өзінде жұмыс бола ма, жоқ па?
Көпшілікпен тілдесе келе, көш жолында көлденең жатқан мәселенің бірі – насихаттың жоқтығы тәрізді. Мәселен, Шымкент қаласында төрт күн бойы бос орындар жәрмеңкесі өткізілген. Оған Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысынан 8 ауданның өкілі барған. Алғашқы күні залда ине шаншар жер болмаған. Мұның барлығы көшуге қамданғандар екен деп көңіл өсіп қалған. Сөйтсе, халықты жәрдемақы туралы мәліметпен таныстырамыз деп шақырған екен. Көші-қон туралы әңгіме жоқ.
Көшіп келгендер негізінен тұрақты жұмыстың жоқтығына өкпелі. Бұл шындығында да ең көкейкесті сауал. Тұрақты жұмыстың болмайтындығы мынада. Терістікте де ең басты сала – ауыл шаруашылығы. Бірақ бұл арада да мықтап ескеретін мәселе бар. Айталық, егін шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарына егін егетін жер телімдерімен қатар, жайылымдық, шабындық жер бөлінеді. Акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер егін еккенімен мал баққысы келмейді. Белгіленген тәртіп бойынша үш жыл қатарынан мал ұстамаса, бөлініп берілген барлық жер кері қайтарылуы керек. Оның да амалын тапқан. Мәселен, талап бойынша жер көлеміне сәйкес жүз бас қара мал ұстау керек болса, амалсыз 30-40-ын бағады. Онда да үшінші жылы ғана. Жер туралы заңда бірінші жылы тексеріп, ескерту жасалады. Екінші жылы тағы солай. Тек үшінші жылы ғана жер танабын сот арқылы қайтарып ала алады.
Ауыл шаруашылығы құрылымына егінмен қоса, мал бағуды міндеттейтін заң жоқ. Егер осындай заң қабылданса, оңтүстік өңірден көшіп келгендердің ғана емес, бар ауылдың бағы қайта жанар еді. Қазір облыстағы жайылымдық жердің 30 пайызы бос жатыр. Ол дегеніңіз – мыңдаған гектар тусыраған жер. Егер арнайы заң қабылданса, бақташы да, сауыншы да керек. Көшіп келушілерге талғажау етер жұмыс та табылады. Көштің көлікті болуына басты себеп болатын да осы жай.
Екінші бір мәселе, теріскей – тыңның эпицентрі. Жоғарыда біз келтірген елді мекендердің атауынан-ақ солтүстікте сыңсып отырғандардың кімдер екендігін айтқызбай-ақ білуге болады. Демек, көш оңтүстік өңірдегі артық жұмыс күшін солтүстікке бағыттау арқылы бұл өңірдегі тыныс-тіршілікті жақсартып, елдің, жердің иесі кім екенін аңғартуға да керек. Ал қазақылығы арылмаған оңтүстік өңірден келген ағайын солтүстіктегі сірескен мұзды жібітіп, рухани әлемге жып-жылы ағыс әкелер еді. Қалғып кеткен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз қайта жаңғырар еді.
Ел іші болған соң кері сөйлейтіндер де болып тұрады. Әлгі қазақтың бір кебіске бір кебісті кигізіп отыратыны тәрізді. Олар оңтүстіктен келетіндерге неге көмек көрсетіледі деп күпінеді. Бұл жік тудыру. Әйтпесе, арыдағы үлкен мәселе санасына жетпей отырған жоқ. Көш бетін түзеу елдің іргесін бекіту үшін керек. Әйтпесе, күндердің бір күнінде Есенбайдың маңдайында бұршақ таңбасы бар қара тоқтысын иесі жоқ мал екен деп қалдым деген тәрізді біреулердің шықпасына кім кепіл?!. Құдай сақтасын!

Байкен Көбеев,
Солтүстік Қазақстан облысы

Бүгін, 10:17
Тоқаевтың үкімет отырысындағы сөзінің толық мәтіні
10 шiлде, 12:05
Ақпараттың ақмылтығы еді
06 шiлде, 11:22
Тағдыры талқан болғандар...
06 шiлде, 10:46
Ұйымдастыру жағы ақсап тұр
26 маусым, 11:43
Фейкпен күн көретін сайттар бар
26 маусым, 11:39
Қазақ басылымдары қайтсе көгереді?
26 маусым, 11:35
Сотқардың сазайын берген балуан
26 маусым, 11:29
Ұпайды бейнетсіз табу
Серіктестер жаңалықтары