jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз

06 желтоқсан 2019, 12:07
278

Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз

«Елге қандастарымыз жаппай оралып жатыр, бүгінде оларға барлық жағдай жасалған» десек, біз қателескен болар едік. Сондықтан бөркімізді аспанға атпай қоя тұралық. Ең алдымен оңтүстіктен солтүстікке көшкен азаматтардың басындағы түйткілді шешіп алу керек. Өкінішке қарай, қазір қай жерге барсаң да, әйтеуір бір қиындық аяқтан шалады. Айталық, Солтүстік өңірдегі тілшіміз Ақжар ауданындағы Ақсары ауылына Түркістан облысының Ордабасы ауданынан көшіп барған Абдуләзиз Әсетолланың отбасы туралы жазды. Ерлі-зайыптылардың көмек сұрап бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. «Ел қозғалған соң біз де бағымыз жанып, бақытымыз үстем болар жер ғой деп солтүстікке қоныс аударған едік. Бірақ алғашқы күннен бері азаптан арылмадық», – деген отағасы алты баласын қалай бағарын білмей отыр. Мектепте мұғалім болып істейтін жары Гүлімнің алпыс мың теңгесімен жан сақтаған. Қазір әйелі баламен үйде отыр. Алатын жердемақыны бір айға қалай жеткізерін білмейді. Тұрақты жұмыс жоқ. Бұл барлық жерде қалыптасқан құбылыс.

Биыл «Еңбек» бағдарламасы аясында Түркістан мен Алматы облысынан солтүстік аймаққа 7 мың отбасы қоныс аударыпты. Барлығы да өз еркімен барған отбасылар. 2050 жылға қарай солтүстіктегі тұрғындар саны 1 миллионға дейін азайып, оңтүстік жұрты 5 миллионға дейін көбейетінін ескерсек, осы үрдіс жалғаса берері анық. Бұл туралы пікір білдірген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: «Тұрғындарды көшіргенде жай ғана бір күннің ішінде көшіру емес, ол үшін алдымен жағдай жасалуы тиіс. Ол дегеніміз – жұмыспен қамту, тұрғын үй, балабақша, мектеп және тағы басқа мәселелер шешілуі керек. Оларға бір реттік 35 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ баспана мәселесін шешу мақсатында 1 жылға дейін пәтер жалдап тұруы үшін ай сайын 75 мың теңге көлемінде төлемақы беріледі», – деген еді.
Амал қанша, бірқатар қоныс аударушылардың арыз-шағымына қарағанда, мемлекеттік бағдарлама толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ сияқты. Біз бұл туралы Jas qazaq-та бұрын да жазғанбыз. Оңтүстіктен солтүстік өңірге көбінесе жастар және еңбек жасындағы азаматтар көшіп жатқанын ойласаңыз, барлығына бірдей жұмыс тауып беру оңай емес.
Айтпақшы, күні кеше Көкшетау қаласы маңындағы Красный Яр ауылдық округінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша үйлердің сапасыз салынғанын сенатор Мұрат Бақтиярұлы үлкен мәселе етіп көтерді. Осыған көз жеткізу үшін Красный Яр ауылына бір топ Сенат депутаттары барып, ел-жұрттың мұңын өз ауыздарынан естіпті. Осылайша ішкі мәселені толық шеше алмай жатқанда, шетелден оралған қандастарымызға қаншалықты жағдай жасай аламыз? Бұлай дейтініміз – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, еліміздегі көші-қон түйткілдері мен келешегіне арналған республикалық жиында биыл 13 мың қандасымыз тарихи Отанына оралғанын хабарлады. Бір қарағанда тәуір көрсеткіш секілді. Бірақ, алыстан келген ағайын аяғынан тұрып кету үшін не істеліп жатыр? Айталық, биылғы 10 айда елімізге әлемнің 200-ге жуық елінен бірнеше миллион адам келіп-кеткен. Олардың арасында мыңдаған жұмыс іздеушілер бар. Дәл қазір 2 200-ден астам кәсіпорында 21 мыңнан астам шетел азаматы ресми рұқсатпен жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 362 мың шетелдік азаматқа еңбек патенті берілген. Осы жерде «бос жұмыс орындарына сырттағы қандастарымызды неге тартпасқа?» деген сұрақ туындайды. Алайда бұл сағызша созатын мәселе емес екендігі түсінікті.
Атамекенге көш түзегендердің көпшілігі Өзбекстан, Қытай, Монғолия және Түркіменстаннан келген қандастарымыз. Алдағы уақытта осы үрдісті жандандыру мақсатында олардан талап етілетін құжат саны 43-тен 20-ға дейін қысқарған. Бұл туралы ақпарат министрі Дәурен Абаев құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет тек бір жерден – ХҚО-да «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетінін атап өтті. Тіпті алғашқы өтінішті елімізге келмей-ақ шетелдегі біздің елшіліктердің консулдығына беруге болады. Осының өзі уақыт пен қаражатты үнемдейді. Оған қоса, құжат рәсімдеу бойынша барлық қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарды.
Айналып келгенде, ішкі көші-қон мен сырттан келетін ағайынға жұмыла жабылып жағдайын жасасақ, демографияны түзеп қана қоймай, ел экономикасын көтеруге да жол ашамыз.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

17 қантар, 13:39
Сапасыз үйдің сауалы көп
17 қантар, 13:35
Ерте келген күз
17 қантар, 13:19
lexus мінген күн
17 қантар, 13:15
Күліп жүріп құртады
17 қантар, 13:10
Жастар ортаңқол мен ортақолды білмейді
17 қантар, 12:55
Өмір мектебінен өтсін
09 қантар, 17:35
Балалар да білуі тиіс
30 желтоқсан 2019, 19:18
Қазақтың алғашқы адвокаты