jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар

22 қараша 2019, 15:01
456

Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар

Биыл мамыр айында «Жусан» арнайы операциясының үшінші кезеңінде Сириядан 67 әйел, 171 бала, оның ішінде 9 жетім бала елге оралды. Оларға оңалту орталығында теологтар мен психологтар тиісті көмек көрсетуде. Қазіргі таңда олардың жағдайы қалай? Қоғамға қайта бейімделді ме? Әсіресе, соғысты көрген балалар ортаға қалай сіңісті? Бұл сұрақтарға жауапты журналист Жұлдыз Төлеудің идеясымен түсірілген «Жусан иісі» атты деректі фильмнен таптық.
Туындының өмірге қалай келгені туралы идея авторы Жұлдыз Төлеу әңгімелеп берді.

Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар

Jas qazaq: Жұлдыз апай, идея қалай туындады? Деректі фильмді «Жусан иісі» деп атауыңызға не себеп болды?
Ж.Төлеу: Елімізге отандастарымыз «Жусан» операциясы арқылы орала бастады ғой, сол сәттен бастап-ақ менде фильм түсіру идеясы болды. Өйткені, осыдан екі жыл бұрын «Азаттық» радиосымен бірге «Біздің атымыздан емес» атты жобаның идея авторы және продюсері болғанмын. Сол кезде Сирияға кеткен жастар туралы бағдарлама жасаған едік. Онда біз жастардан «Сирияға кетіп, қайтып оралғандардың балаларын қоғам қабылдай ала ма?» деген сұрақ қойғанбыз. Сол кезде жастардың көбі оған дайын болмай шықты. Бірақ осы Сириядан оралған азаматтарымыз туралы фильм түсіру ойымда жүрді. Осылайша, «Медианет» ұйымдастырған жобаға идеямды ұсынып, шағын грант ұтып алдым. Соның аясында «Жусан иісі» түсірілді. Негізгі мақсатым – шынайы кейіпкерлер арқылы олардың жан дүниесін ашу еді. Осылайша кейіпкерлерге алдымен әлеуметтік желі арқылы тікелей шығып, араласа бастадым. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хат жазып едім, олар да қолдау көрсетті.
Jas qazaq: Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл тақырыпқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сіз олардың назарын қалай аудардыңыз?
Ж.Төлеу: «Жусан» операциясы арқылы қаншама отандасымыз елге оралды. Бұл енді мемлекет ұйымдастырған ізгілікті шара. Комитет осыны ашық насихатталғанын қалаған сияқты. Сонымен қатар, мен танысқан кейіпкерлер де ашық сұхбаттасуға келісім берді. Олардың кейбірі мені өздері іздеп тапты.
Jas qazaq: Сіз екі жыл бұрын осы тақырыпты көтердік дедіңіз. Ол кезде дәл бүгінгідей қоғам тарапынан реакция болған жоқ. Ал дәл бүгінгі күнмен қарасақ, Сирия тақырыбына ерекше назар аударыла бастады. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
Ж.Төлеу: Екі жыл бұрын Сириядан келген жастарымыз ашық сұхбатқа дайын болмады. Бір қорқыныш сезім байқалып тұратын. Ал қазір кейіпкерлеріміз ашық әңгімеге дайын. Сонымен қатар оларды ең алдымен туған-туысқандары, жақындары қабылдады. Ең бастысы, қазіргі жастар да оларды жылы қабылдап, мейірімдерін көрсетуде. Мені қуантқаны, осы жағы.
Jas qazaq: Сіз бірталай кейіпкермен сұхбаттастыңыз. Олар сұхбаттасу барысында қандай сұрақтарға жауап бергісі келмеді?
Ж.Төлеу: Олар барлық сұраққа жауап беруге тырысты. Өздеріңіз көрдіңіздер, сұхбат беру барысында күйеуінен айырылғандар бар. Әрі қарай өмір сүру үшін екінші рет тұрмысқа шыққандары кездесті. Осы сөзді айтуға ұялғандар болды. Екінші рет тұрмысқа шыққанымызды көрсетпей-ақ қойсаңыздар деп өтініш те айтты.
Jas qazaq: «Жусан» операциясы аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік арналар тарапынан деректі фильмдер түсірілді. Ал сіздің фильміңіз несімен ерекшеленеді? Фильм өз көңіліңізден шықты ма?
Ж.Төлеу: Мен сол кинолардың бәрін көрдім. Ал менің фильмімдегі ерекшелік – кейіпкерлерім барынша ашылады. Олар тіпті камераға ашық түсті. Басында сұхбаттасуға жүрексінді, кейін мен олармен сөйлесіп жан дүниесін түсінуге тырыстым. Фильм көңілімнен толық шықты деп айта алмаймын. Өйткені, кейіпкерлерді бұдан да аша түсу үшін кемінде бір аптадай жанында жүруім керек еді. Ал оған уақыт та тығыз, қаржы да жеткіліксіздеу болды. Егер мен сол өңірде тұратын журналист болсам, басқаша болар ма еді. Негізі «Жусан» операциясы аясында 595 адам елге оралды. Ең көбі Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Орал және Оңтүстік өңірдің азаматтары.
Jas qazaq: Алпауыт елдер де Сириядағы қақтығысты тоқтата алмады. Сіз осы тақырыпты тереңірек зерттеп көрдіңіз бе? Ол жақтағы қақтығыстың әлі күнге тоқтамауына не себеп?
Ж.Төлеу: Меніңше, бұл халықаралық тақырып. Саяси ойын. Бұған саясаттанушылар жауап береді. Бір кездері Шам елі өркениеті дамыған ел болатын. Қазір талқаны шықты. Өркениет дамып келе жатқан ел бір мезетте жойылды. Кейіпкерлерім күнде атыс-шабыс, күнде бомба түсетінін айтты. Бұл не үшін болып жатыр, кіммен кім соғысып жатыр, оны ешкім түсіндіре алмайды.
Jas qazaq: Сириядан келген азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Алайда кейбір кісілер «біз неге жат ағымға кеткен жандарға көмектесуіміз керек?» деген пікір айтып қалады. Оларды ортаға бейімдеп, қолдау көрсеткеннен бөлек, тағы не істей аламыз? Бізден басқа қандай мемлекеттер өз азаматтарын соғыс алаңынан қайтарды?
Ж.Төлеу: Меніңше, тек Сириядан келген азаматтар ғана емес, жалпы қоғамның өзі мейірімге зәру. Олар да әлеуметтік желідегі неше түрлі пікірді оқиды. Өз тарапынан айтылған жағымсыз пікірді оқу – оларға ауыр. Бізден басқа Өзбекстан, Тәжікстан секілді мемлекеттер де отандастарын қайтарды. Қырғызстан да келіссөз жүргізіп жатыр. Ал Еуропа елдері қарсы. Сондықтан өз отандастарын азаматтығынан айырды.

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева,
Фото Ғалия Қалиева

Бүгін, 12:47
Абайдың арманы немесе қазақ мінезі қашан өзгереді?
Бүгін, 12:21
Әкім Тұрсын, дәрігер: Олар кеткен соң қайтеміз?
Бүгін, 12:15
Механизатор мен комбайн керек!
07 тамыз, 10:30
Жақсылық батырым туралы естелік
07 тамыз, 10:23
Емші мен жапырақ
07 тамыз, 10:14
700 миллионның жолы: шұрық-тесік
07 тамыз, 10:07
Дәрі шөптің қадірін білейік!
07 тамыз, 9:51
Карантиндегі қақпан
Серіктестер жаңалықтары