jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!

22 қараша 2019, 11:27
3965

Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!

Бұрын ұрлықтың бір ақ түрі болушы еді: мал ұрлығы. Қазір мал ұрлығын былай қойып, руханияттың ұрлығы да асқынып кетті. Яғни ән жымқырып, өлең ұрлайтындардың, яғни «жиендік» жасайтындардың дәурені дүркіреп тұр. Ал біз өнердегі ұрлықты айтып жүргенде, саф өнерді қасақана бұрмалайтындар да бой көрсете бастады. Мәселен, Ақан серінің «паспорты» саналған «Балқадиша» әнін бұзып, мәтініне «жамау» қосып айтып жүрген әншілер бар. Атын атап, түсін түстеуден аулақпыз. Оны өздері біледі. Әдірісі айтылмаса да, өздері сезеді. Бұл әңгімені неге қозғадық?

Осы аптада Атырауға жолымыз түсті. Алып аймақта қазақ өнері мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың бірі де бірегейі – Қазақстан және Қырғызстан өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, композитор, өнер зерттеушісі, суретші Ілия Жақанов тұрады. Халықтың сүйікті композиторы «Жайлаукөл кештері», «Толағай», «Еділ-Жайық» секілді әндерімен жұрттың жүрегін баурады, ыстық ықыласына бөленді. Қара сөздің де, әдемі әннің де қадір-қасиетіне жетік ағамызбен болған әңгіме өнердің ойлы-шұңқырын түгел қамтыды. Ал бүгінгі сұхбатымыз, сөз басында айтқан «Балқадиша» хақында.

Jas qazaq: Ілия аға, халқымыздың мақтанышына айналдыңыз. Бұл сөзді сізді мақтау үшін емес, мақтану үшін айтып отырмыз. Әндеріңіз өз алдына, өнерге, әнге, оның ішінде халық әндерінің тағдырына қатысты ойларыңызға тәнтіміз. Әсіресе «Балқадиша» туралы…
І.Жақанов: Ақан серінің Балқадишасына бәріміз қызығамыз ғой. Өзің де қызығып отырған сияқтысың. Менде сол кезде әнге қатты қызықтым. Кеңес заманында өнер де идеологияның қаруы болды ғой. 1930-40 жылдардың ішінде көп әндерімізді насихат құралына айналдырып, өзінің төл сөзінен ажыратты. Ақырында айналып келгенде, сондай үлкен ән вокальдық музыкамыз үшін үлкен зардап болды.
Jas qazaq: «Балқадишаға» қандай қиянат жасалды?
І.Жақанов: «Балқадишаны» өзгерткенде былай: ең алдымен қазақтың халық әндерін насихат құралына айналдыру үшін сол кездегі насихат, идеология керемет жүріп жатқан. Ұлттар достығы, ер мен әйел теңдігі дегендей. Бұл Ілебайдың әні, Мәриям Жагорқызының жан досы. Бірге өсіп, біте қайнасып жүрген. Сол Ілебайдың әні «Дудар-ай» Дүйсен мен орыс қызы Мәриямның махаббатына арналған. Соны желеу қылып, қазақ пен орыстың ұлы достығы деп алдады да кетті. Енді «он екіде бір гүлі ашылмаған» Балқадишаны қалай жамандыққа қиясың? Бұрын қазақтар қыздарды малға сатқан, шалға сатқан деген сияқты желеумен оны «күйеуің 85-тегі шал Қадиша» деп өзгертті. Бұл – әйел теңдігі үшін жасалған қып-қызыл қастандық. «Ақбаян» деген әні бар емес пе? Қайырмасында «Ақбаян, ақ дидарың көпке аян» деген жері бар. «Ой, Ленин, қараңғыда көп елің» деп, жас балаларды оқуға тарту үшін «қараңғыда көп елің» деп «Ақбаянды», классикалық ұлы жыр «Қозы-Көрпештегі» «Ақбаянды» осылай айналдырып жіберді. Осындай қолдан жасалған насихат болды.
Үкілі Ыбырайды 1929 жылы ұстап алып кетті. Оның әндерінің барлығы халық әніне айналды. Көкшетаудың ақылды адамдары оның әндерінің бірін Ақан серінікі, бірі Біржан салдыкі бола тұрсын деп, әнді сақтау үшін осындай қадамға барды. «Мынау әнді – Балуан шолақты бере тұрайық. Артынан түбі анықталады» деген ойлармен әндерді осылай бөлді. Үкілі Ыбырайды осылай қорғап қалған. Ал енді сол кездегі «Толқын» деген әнін, яғни «Елім бар колхоз болып дүрілдеген» деген әнді таптым ғой 1980 жылы. Міне, осы әнде еңбекке шақыру насихатталады. Сосын «Отан тақырыбы» деп талай әнді өзгерткен. Сол үлкен науқанның кезінде «Балқадиша» да сондай халге ұшырады. Ол барлық жерде, соғыстың алдында да, соғыс кезінде, тіпті соғыстан кейінгі кезеңде де «Балқадиша» орындалды ғой. Филармония, «Қазақконцерт» болсын, неше түрлі әншілер орындайды. Мен соны зерттеп жүргенде мынадай жағдай болды. Ақмола облысының Зеренді ауданы –Балқадишаның елі. «Соғыстан кейінгі жылдар» дейді. Ауылға концерт келіп, концерттің ішінде сол жиынға келген 50-60 адамның ішінде Балқадишаның өзі отырады. Балқадиша тірі. Сол кезде бір әнші: «Күйеуің сексен бесте, шал Қадиша», – деп соғады. Елдегі намысты, қайратты жігіттер, қариялар қолындағы таяқпен әншіні сахнадан айдап шығады. «Не деген сұмдықсыңдар, кім айт деді сендерге мұндай әнді», – деп. Міне, Балқадиша отыр. «Ол кезде он екіде бір гүлі ашылмаған Балқадишаны кім айтты сендерге шалға берді?» деп. Өзінің ұзатылып, айттырылған жері Сүлеймен деген кісі. Текті тұқым. Сонымен ғажайып өмір сүрді. Күлия, Нағима, Гүлсім деген қыздары, Жолдыбай атты ұлы бар. Осы балаларды сүйіп, өмірі керемет өтті. Ел өле-өлгенше Балқадишаны сыйлады. Балқадиша өле-өлгенше көркем, әдемі киім киді. Етігінің өзін жездеп, биік өкше етіп, атақты етікшілерге тіктіріп жүрді. Бойында бір міні жоқ. Балқадишаның қыздары да шетінен сұлу болды. Күлиясының өзін айтайын. Ер-азаматтар соғыстан кейін қайтыс болып кеткен. Ауылда қыз көп. Жолдасынан айырылып қалған келіншек көп. Сол кезде Күлияның күйеуі соғыста қайтыс болып, жап-жас қалпында қыздай болып үлбіреп жүр екен. Бұл қайткенде де Балқадишаның қызы ғой. Өзі де көркем, әдемі. «Осылай Күлияға үйлендік, балалы-шағалы болдық» деп әңгімесін айтты. Енді екінші қызы Нағима ше? «Балқаш ауданының Сандықтау ауылында Нағимаға жолыққанымда көзі қарақаттай, құралайдың көзіндей еді. Өте сұлу, ізетті, әдемі» деп еске алды. Оның күйеуі де әскерден келгеннен кейін жаңағыдай жағдайда үйленіпті. Ол екі бажа «Балқадишаның екі сұлу қызынан өсіп-өндік» деді. Ал Гүлсімі қайтыс болып кетіпті.
Jas qazaq: «Балқадишаның» өзгертілген тұсы: «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деген сөйлем ғой. Әуелде бұл сөйлем «Бір емес, екі жеңгең келіп отыр, Рұқсат бізден сізге, бар Қадиша» деп айтылған жоқ па еді?
І.Жақанов: «Балқадишаның» өз мәтінінде:

Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен тал Қадиша.
Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішінде қара басың хан Қадиша.
Дегенде Балқадиша, Балқадиша
Беліңе оралғаның тал Қадиша.
Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге бар Қадиша, – дейді.

Бұл екі жеңгесінің біреуі – Ұмсын, біреуі – Ділдә. Бұл екеуінің аты неге аталады? «Рұқсат бізден сізге» деп айтып отыр. Ақан сері қартайған, жары қайтыс болған. Екі қызын екі жездесі алып, тәрбиелеп алған. Қасында мылқау Ыбан деген баласы ғана қалған, жадап-жүдеп, үстіндегі киімі де олпы-солпы кезі. Баяғы күйі жоқ. Күні еңкейіп бара жатыр. Қайғы мұң торлаған. Сол кездегі «Шырмауық» деген әні қайғы-қасірет шегіп жүріп шығарған сәті екен.

Шырмауық шығарыңда бас тартады,
Біздің ел ерте жайлап, кеш қайтады.
Жайлаудай құлазиды біздің көңіл,
Жанымды ұғар жан жоқ жас қартайды.
Ахау жалған. Дүние бітер ме арман,
Қу тірлік шырмауықтай шырмап алған.
Үйректің атқызбайды қасқалдағы,
Шебердің былқылдайды басбармағы.
Бұл күнде ағаң болдым төр алдыда,
Бір кезде Ақан едім аспандағы.
Дүние-ай қызғалдақтай кімді алдадың,
Сен берген ризықтан құр қалмадым.
Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым.

Міне, осы әнді осылай шығарған. Кезінде сайран салған елдері көп. Бәрін аңсайды. Бәрін сағынады. Баланы жетектеп жүріп бағады. Тайға мінгізіп алып, екеуі құлан түзде келе жатады. Сол кезде Балқадишаның елі Қошқарбай тауының етегінде отырған ауылда үлкен қызойнақ болып жатады. Сол қызойнақтың үстінен түсіп, боз үйге келген кезде жастар Ақан серіні танымай, бір дуана көрген адам сияқты өре түрегеліп, барлығы дүр етіп сыртқа шығып кетеді. Ақан аға ғой десе де ешқайсысы кірмей, сыртта дүрдиіп тұрады. Сол кезде шілдехананы басқарып жүрген Төкен, Ғаббас, Мәлік деген үш өрелі елдің маңдайалды жігіттері жастарды шақырады. Жастар кірмейді. Сол кезде олар «Қой, Балқадишаны алып келейік» дейді. Ыбекең деп отырғаны Балқадишаның әкесі – Ыбырай. Кезінде елге би болған адам. Шешен. Ақылды. Көсемсөзші. Елдің құты, ұстазы болған. Сол кісі «Ақан келсе, елді ду көтеріп әкетеді» дейді. Қайратты, мықты кезінде Ыбекең Ақанды төбесіне көтерген. Ол кезде Балқадиша жас. Балқадишаның шешесі Жықыштың қайтыс болғанына бір жыл болған. Осы қызойнақ өткеннен кейін жылын береді. Жылы өткен соң Балқадишаны Сүлейменге ұзатуы керек. Дәл осы сәтте Ақаң келіп қалады. Жаңағы үш жігіт барып Ыбекеңе «Көке, Ақаң келді» деп айтады. «Ой, жаным, Ақаным, Ақан келді ме? Ал не істейсіңдер, не керек?» дейді. «Жастар үркіп тұр, Балқадиша келіп отырмаса болатын емес» дейді. «Ой, құлыным, Балқадиша бар» дейді. Балқадишаның шын аты – Төкен. Әкесі еркелетіп бал мінезіне Балқадиша деп атап кеткен. Сөйтіп Ділдә, Ұмсын деген екі жеңгесін қосып жібереді. Елге қадірлі бір ауылдың перизаты өзінің атастырылған жеріне сондай көңілі жақсы, енді-енді ұзатыламын деп отырған Балқадиша Ақан ағаға келіп сәлем береді. Сонда Ақан «Уа, Балқадиша келдің бе?» – деп Балқадишаға ұзақ қарайды.

Бұл күнде ағаң болдым төр алдында,
Бір кезде Ақаң едім аспандағы, – деген «Шырмауық» әнін сол кезде шығарады.
Жұрт «Ақан аға, ән, ән айтыңыз» деп қолқа салады ғой. «Шырмауықты» жібереді. Сол кезде Ақан екеніне сенген жастар қайта оралады. Таңға дейін, таң атып келе жатқан сәтке дейін жастар да Ақанның әнін айтып отырған. Сосын таң алдында екі жеңгесі Ақаннан Балқадишаны алып кетеді. Бұл Ақан серінің Балқадишаны соңғы көруі. Екі-үш күннен кейін Жыланды деген тау бар Ақмоланың жеріне қарай кетеді. Сол жақтағы Қарауыл, өзінің барып жүрген елі бар, арғындар бар, сол жерге барып масайрап жатқан кезде Балқадишаның ұзатылғанын естиді.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз жартасты жылағаным, – деп ән салады.
Ал әннің осы жерін өзгерткендер: «Құшақтап құс жастықты» деп соғып жүр. Олай емес. Осының барлығын бір Балқадиша үшін 1960 жылдан бастап зерттеу жасадым. Ақырында радио телеарналар, газет-журналға шыққаннан кейін ғана, яғни ел жүрегі «Балқадишаны» сұлулықтың символы, аққудың көгілдіріндей етіп, оның бойына мін жұққызбай халық өзі ұлықтады ғой. Осыны сезінген, түсінген Зеренді ауданының бір жақсы адамдары мен осыны қайта-қайта насихаттағаннан кейін айтыпты: Айдалада жүрген анау Жақанов жазды ғой депті. «Аты аңызға айналған Балқадишаға арнап ескерткіш орнатуымыз керек» деп, ескерткіш орнатты. Зерендіге кіреберіс жерде керемет ескерткіш тұр.
Jas qazaq: Әнді орындап жүрген «Жігіттер» квартетіне мәтіні туралы ескерту жасадыңыз ба?
І.Жақанов: Иә, олар осы жерде концерт берді. Әкімшіліктің адамдары дастархан жаяды ғой сол кезде оларды шақырып алдым. «Мен Ілия Жақановпын, бүкіл өмірімді «Балқадишаға» арнаған адаммын. Не беттеріңмен мынандай сорақылық жасап жүрсіңдер, сендер? Мен тірі жүрмін ғой. Қаншама публикация болды. Барлық ақпарат көздерінен айтылды. Неге сөйттіңдер? Кім қыстады сендерді? Жап-жас баласыңдар» деп ашуланып айттым. Халыққа тарап кетті. «Тірі Жақановты зерттемейсіздер ме?» дедім. Сол кезде олар «Тоқтатамыз» деді. «Сіздің бір әніңізді айтайық» деді. «Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр», – дедім.
Әннің теріс әсері бүкіл болмысымызды өзгертіп барады. Сондықтан ол болашақ күндерге үлкен сенімсіздікпен қараймын.
Бибігүл Төлегеновамен көп әңгімелесеміз. Ол менің әндерімді айтады. Мысалы, «Еділ-Жайықты». 2016 жылы Астанада үлкен концертім болды. Мерекелік концерттің соңы «Еділ-Жайық» әнімен аяқталды. Сондай кездесулерде «Бибігүл, қазіргі эстрадаға көңілің тола ма?» деп сұраймын. «Атама. Айтпа оны маған» дейді. Қазақтың өзінің жайсаң әндері бар ғой. Эстрада Еуропадағы музыканың жанры. Өткенде бір отырыста Төлеген Мұхамеджановқа Абайдың дәстүрін, Біржан сал, Ақан сері дәстүрін, халық әндерін айта отырып «Үкілім-ай» деген әнді айттым. Осы Үкілім-ай әнінің қайырмасын бір берекесіз әнге қосып жіберген.
«Үкілім-ай, жеңеше-ай» деп тызылдатып тұрады. «Үкілім-ай» қазақтың классикалық ғасырлар бойы келе жатқан әні. Мұзарттың екі жігіті отырды. Соларға айттым «Халық сүйетін 1-2 ән жасадыңдар. Енді әндерің сұйылып бара жатыр сендердің. Неге осындай әндерді айтпайсыңдар?» дедім. «Ағатай, жазып алайықшы» деп, жазып алды. «Эстрада дейсіңдер, современный деген сөзді шығарып алдыңдар» деп өз пікірімді айттым. Эстрадалық ауру 1970 жылдың бас кезінде басталды. Сол кезде консерваториядан басы піспеген бір жастар шықты. Сол кезде шетелдік экспансия ептеп сезіле бастады. Соның әсері тие бастады. Современный музыканы дамытуымыз керек деп қояды. Сол желеумен кетті. Мен Брусиловский «У казахов своя консерватория» деп айтады деймін. Сондағы қазақтың эстрадасы «Маусымжан, Маусымжан,
Танимын қалқам даусыңнан» деген әндер. Мысалы.

«Бипыл, Бипыл, Бипыл-ай,
Тартшы құрбым бір күй-ай».

Міне, қазақтың эстрадасы. Қазақтың жайсаң әндері осылар.
Jas qazaq: «Ән ішіңнен жарып шыққан балаң сияқты» деп жатушы еді композиторлар. Балаңа жасалған қиянатқа төзбейсің ғой, әрине.
І.Жақанов: Айтпақшы, мынадай бір жағдай болды. Менің концертім болатын кезде бір газетке Қасымхан Бегмановтың өлеңдерінің топтамасы шығыпты. Сол газетті оқып отырып, өлеңін қарап отырсам, әне жерінен бір куплет, мына жерінен бір куплет шықты. Үшінші куплетті соңғы жағынан таптым. Бірден үш өлең бір өлең болып шыға келді. Сол кезде менің пианино қасымда тұр, апаң газетті қолына ұстап отырған:

Түн жарығы, ел ұйқыда, мен ояумын,
Егілуге, төгілуге таяумын.
Махаббат жоқ деген сөзді естісем,
Көз алдыма сен келесің аяулым, – деген романсым туды.

Біз қонаққа бардық. Қайтар жолда осылай Асанәлі Әшімовтің өміріне арналғандай арнайы романс шықты. Енді осыны Бақтияр Тайлақбаевқа бердім. Менің басқа бірнеше әнімді қырғыздар айтатын болып, сол жаққа кетіп бара жатқанбыз. Жолда Қордайдың асуына демалып тұрғанымда «Бақтияр хабарласып, әнді қатырып қойдым, эстрадамен жайнатып қойдым» дейді. Сол күні Алматыға кері қайттық. Ертеңіне студиясына келсек, өз әнімді өзім танымай қалдым. Сосын Бақтиярға «Сенде нотасы бар ма?» деп, өзім айтып бердім.
«Мәтінге неге қарамайсың?» дедім. Дыбыс жазып отырған музыкант жігітке «Сен лыпылдатпа» дедім. Рояль сияқты салмақ сал дедім. Бақтияр таң қалды. «Аға, 20 минуттың ішінде мені камерный әнші жасадыңыз» деді. Ол сол жерде түзете қойды. Ал түзетпейтіндер қаншама? Әнді түсінбесе, көкейіңде дұрыс түсінік болмаса, ән сәтті шықпайды.
Міне, осындай жағдай көп болды. Әнді ұрлайтындар ғана емес, қазір әннің тарихын білмейтін, мәтінінен бейхабар талантсыздар мен талғамсыздар саф өнерге осындай қиянат жасап жүр. Ән ұрлайтындар мен бұзатындар-ақ шаршатты.
Jas qazaq: Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жарас КЕМЕЛЖАН,
арнаулы тілші, Атырау қаласы

Бүгін, 12:47
Абайдың арманы немесе қазақ мінезі қашан өзгереді?
Бүгін, 12:21
Әкім Тұрсын, дәрігер: Олар кеткен соң қайтеміз?
Бүгін, 12:15
Механизатор мен комбайн керек!
07 тамыз, 10:30
Жақсылық батырым туралы естелік
07 тамыз, 10:23
Емші мен жапырақ
07 тамыз, 10:14
700 миллионның жолы: шұрық-тесік
07 тамыз, 10:07
Дәрі шөптің қадірін білейік!
07 тамыз, 9:51
Карантиндегі қақпан
Серіктестер жаңалықтары