jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Ұн қымбат, ет тапшы

15 қараша, 18:01
630

Ұн қымбат, ет тапшы

Еліміздегі астықтың үштен бірін өндіретін Ақмола өңірінде ұн қымбаттады. Негізі ұн көп. «Ұн қымбаттады» деп ұлардай шулаған жұрт та көп. Себебі неде? Таратып айтып көрелік. Қазір алыпсатарлар бидайдың бір тоннасын 70 мың теңге төңірегінде сатып алуда. Онда да қамырлылығы үш процент болатын, тарттырса нанға жарайтын бидай. Астықтың қымбаттауының негізгі себебі – іргедегі Ресейде сапалы бидайға сұраныс биыл өте жоғары. Өйткені, Ресейдің орталық аумағы мен Омбы, Түмен төңірегінде бидай нашар шықты.

Арқаның диқандары бидай бағасының қымбаттағанына қуанып отыр. Бір есептен оларды да түсінуге болады. Бұл туралы өз ойын Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруашылығының жетекшісі Құлан Болатов былайша жеткізді: «Былтыр 500 гектар жерге дән сепкенмін. Гектар айналымы 9,5 центнерден болды. Күзде өнімді сатқан кезде шығынымды ғана жапты. Әрине, халықтың жағдайы демесеңіз, бидайдың қымбаттағаны біз үшін тиімді. Мәселен, биыл мың гектар жерге септім. 18 миллион теңгеге минералды тыңайтқыш алдым. Онда да бар алқапты ойдағыдай қамти алмадым. Тұқым қымбат, техникамыз ескі. Жанар-жағармайымыз бар, жұмысшылардың еңбекақысы. Шығын деген шаш етектен».
Бәрін қосқан кезде күзде бидайдың бағасы төмен болса, жұмсаған қаражаттың түгел қайтуы да күмәнді.
Шаруа қожалықтары басшыларының айтуына қарағанда, биылғы егін орағы өте ауыр жағдайда өткен. Қара күзге дейін егін пісіп жетілмеді.

Себебі облыс диқандарының көпшілігі көктемгі егісті кеш бастады. Арпа алпыс күнде, бидай тоқсан күнде піседі. Егін орағына дейін бидай түгілі арпаның өзі пісіп жетіле қоймады. Көктемде де он екі күн дәл егіс кезінде жауын жауды. Егісті ойдағыдай аяқтауға ірі шаруашылықтар болмаса, шағын шаруа қожалықтарының қауқары жоқ. Техника күші жетімсіз. Қиындық осы арада туындайды. Кеш ексе, күздің жауын-шашынды кезіне ұрынбақ. Енді не істеу керек? Біздің ойымызша, жылда осындай тауқымет шеккенше, шағын шаруашылықтарды біріктіріп, машина-трактор стансасын ашса. Ол машина-трактор стансасы шағын шаруашылықтардың егін алқаптарын белгіленген бағаға сәйкес жинап берсе. Әйтпесе қазір қарызға батып отырған шаруашылықтар бірер жылдан соң мүлде тұралап қалуы мүмкін. Ал, машина-трактор стансасы өзінің техника паркін шаруашылықтардың төлемақысы арқылы жаңартып отырар еді. Көктемгі егіс те, күзгі егін орағы да дәл осылай ұйымдастырылса, алтын астықтың ысырабы да азаяр еді. Бұл мәселені жергілікті жер, әрине, шеше алмайды. Сондықтан, Үкімет деңгейінде қарастырса деген ұсыныс бар.
Облыстың 16 ауданы Елорданы азық-түлікпен қамтитын азық-түлік белдеуіне енгізілген. Белдеудегі шаруашылықтар азық-түліктің кейбір түрін 100 процентке жақын Елордаға тасымалдап, астаналықтардың дастарханына береке бітіріп отыр. Ең олқы тұсы – ет өнімдерімен қамтамасыз ету. Өзіндік құны төмен ет – жылқы еті.
Ауыл шаруашылығы басқармасының деректеріне қарағанда, облыстағы жылқы саны екі жүз мыңнан астам. Оның 43600-і әрқилы ауыл шаруашылығы құрылымдарының еншісінде. 50700-ге жуығы шаруа қожалықтарында. Мал сүмесімен күн көретін малсақ қауым 107 мың бас жылқы бағып отыр. Егер бір жылқыға белгіленген мөлшерге сәйкес 8 гектар жер қажет болса, кәдеге аспай жатқан жерде әлі қанша жылқы өсіруге болар еді.
Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуіндегі облыс астана тұрғындарының қажеттілігін 33 процент қана қамтамасыз етіп отыр. Таратып айтсақ, 28,6 мың тонна ет өнімі сауда сөрелерінде сатылған. Рас, өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 0,6 мың тонна өсім бар. Солай бола тұра, әлі де ішкі мүмкіндік сарқа пайдаланылып отыр деп айта алмас едік. Бір қарағанда, мал басы көбейсе, бағасы да арзандар еді. Арзандамаған күннің өзінде бұрынғы бағаны ұстап тұруға әбден болар еді.
Жылқы етінің өзіндік құны арзан. Олай болатындығы, қыс жайлы жылдары төрт түліктің төресі қара оты тұнып тұрған жайылымдарда тебіндеп-ақ шығады. Қара малды алты ай жемдеп бағу керек болса, жылқының жөні басқа. Енді неге жылқы саны өспей отыр?! Мәселенің мәнісі мынада. Алдымен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мал басын көбейтуге құлықсыз. Олар мехнаты көп мал бағудан, көктемде егіп, күзде орып алатын астықты қолайлы көреді. Әрі қара мал сияқты емес, жылқыға субсидия төленбейді. Ет өндірсе де, қымыз өндірсе де. Мұндай құрылымдар белгіленген тәртіп бойынша егістік жермен бірге жайылым, шабындықтарды да алады. Бірақ, бос жатыр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының иелігіндегі барлық аумақтың 28 пайызы ғана пайдаланылуда. Нақты дерек келтіретін болсақ, 1 миллион 600 мың гектар тиімді пайдаланылмай отыр.
– Алдымен Жер кодексін жетілдіру қажет, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов. – Облыстық прокуратура жер жайын тексеріп, 1 миллион 600 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқанын анықтады. Жаңағы шаруашылықтар өздеріне тиесілі жайылымдарды пайдаланбайтын болса, бір жылда ресми тексеріс жүргізіліп, акт жасалады. Екінші жылы осы жағдай тағы қайталанса, үшінші жылы ғана кәдеге аспай жатқан жерді қайтарып алады. Бірақ, бұл жерде мынадай түйткіл бар. Егер жердің 25 пайызын пайдаланса, онда ешкім де қарсы уәж айта алмайды. Заң солай. Жерден айырылмау үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары 25 процентке сәйкес келетін малды екінші жылы сатып алса, барлығы дұп-дұрыс болып шығады. Бірақ, шынтуайтында, қаншама жер игілікке жарамай жатыр. Сондықтан, бұл арадағы тығырықтан шығар төте жол – жер туралы заңды жетілдіру.
Екінші бір мәселе – мал тұқымының азып кетуі. Қара малды қиырдан алдырып асылдандырып жатырмыз. Ал төрт түліктің төресі саналатын жылқы малы мұндай жақсылық көріп отырған жоқ. Облыстағы екі жүз мыңнан астам жылқының 3709 басы ғана асыл тұқымды. 1951-і жебе, 1153-і мұғалжар, қалғаны көшім жылқылары. Ауылдағы ағайын асыл тұқымды айғырды қандай алу керек екенін де білмейді.
Ертеректе жалпақ жұртқа жақсы аты мәлім болған №47 жылқы зауыты халықтың қолындағы малдың тұқымын асылдандыруға әжептәуір әсер етіп еді. Ол зауыт жабылғалы қашан?.. Әзірге асыл тұқымды жылқы зауытын ұйымдастыру жоспарда жоқ. Спорттық бағыттағы жүйріктерді бағып отырған бірер шаруашылық қана бар. Бірақ бізге қазіргі керегі етті тұқым. Көршілес Ресейдің ауыр салмақты айғырларын әкеліп, бағымдағы жылқының сапасын жақсартуға талпынып жатқандар бар екен. Мәселен, «Сивка-бурка» жылқы шаруашылығы. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, бір ғажабы тұлғасы таудай, ауыр салмақты Ресей жылқысы үйір ұстамайды. Тиімділігі тұқымы азып бара жатқан жергілікті жылқымен будандастырғанда, салмағы артпақ әрі сүті де майлы, қою болып, жақсарады екен.
–Жылқы тұқымын асылдандырудың жайы былай, – дейді басқарма басшысының орынбасары. – Мемлекет тарапынан үйірге салатын айғырға субсидия төленеді. Тек жекеменшікке емес, заңды құрылымға. Бәлкім, ауыл тұрғындары бірігіп, өздеріндегі жауапкершілігі шектеулі серіктестік бола ма, жоқ, әлде шаруа қожалығы бола ма, келісіп отырып, келеңсіздіктен шығуға болар. Асыл тұқымды айғырға мемлекет тарапынан 100 000 теңге субсидия төленеді.
Жылқының тиімді екендігін аңғарғандар да бар. Қазір облыстағы 47 шаруашылық жүздеп, мыңдап жылқы бағып отыр. Оларда да ішінара түйткіл кездеседі. Осы арадағы сәйкессіздікті қараңыз, кей шаруашылық туырылған жерді тусыратып бос ұстаса, мал бағамын деп ұмтылып тұрғандарда жайылым жоқ. Бұл проблема әсіресе, ірі елді мекендердің, Көкшетау қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласы жанындағы аудандарға тиесілі.
Облыста қара мал өсіруді дамыта алсақ, ет молшылығын жасауға әбден болар еді. төрт түліктің ішінде мүйізі көкке жеткізіле дәріптеліп тұрғаны да қара мал. Мал тұқымын асылдандыру ірі шаруашылықтардың ғана маңдайына жазылған несібе. Ал, ел ішінде мал сүмесімен күн көріп отырған жұрт баяғыдай тұқымы азған түлікке тәуелді. Мәселен, жергілікті тұқымды малды екі қыстатып шығару керек. Осы арада сәл ғана есепке жүгінелік. Бір қара малды екі қыстату дегеніңіз, төрт тіркеме шөп, төрт тонна жем. Бір тіркеме шөбіңіз 30-35 мың теңге. Ал, биыл жемнің бір тоннасы 40-50 мың теңге шамасында. Сонда оншалықты өнім бермейтін жергілікті тұқымды қара малды бағып, кімнің көсегесі көгерер дейсіз. Әнебір жылдары жұрттың қолындағы мал тұқымын жақсарту үшін асыл тұқымды бұқаларды табынға қосу тәртібі біршама реттелген тәрізді болып еді. Соңы сұйылып кетті. Буы бұрқырап, әлдене іздеп, өкіріп-бақырған бұқаны кімнің баққысы келсін?!
Біздіңше, астананы арзан етпен қарқ қылу үшін ең алдымен жергілікті жұрттың қолындағы мал тұқымын асылдандыру керек. Екінші бір мәселе, малды сатып алып, ұқсату жайы. Қазір алыс аудандардағы пышақ көтеретін малды тірідей салмағын 500 теңгеден, ет күйінде 1000 теңгеден ғана алады. Демек, жарты бағасы ғана. Еңбек мал өсіргендікі болғанымен, қызығын көлденең саудагер көріп жүр.
Астананың аузынан ақ май ағызу үшін осы мәселелерді қолға алсақ, жағдайымыз көп-көрім жақсарып қалар едік.

Байкен Көбеев,
Ақмола облысы

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...