jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жарыққа ұмтылған тағдыр

11 қараша, 13:07
322

     Захра Маханова – бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. 16 жасында көз ауруына байланысты «глаукома» деген диагноз қойылған (су қараңғылық). Әдетте бұл ауру жасөспірімдерде кездеспейді екен. Ал біздің кейіпкеріміз жастайынан осы дертке тап болған.  Алайда тағдырдың қиындығына мойымастан, сирек кездесетін дертті жеңіп, өмірден өз орнын тапты. Қалай, қайтіп? Осы сұрақ өзгелерді де толғандыратыны даусыз. Сондықтан Захраның өміріне үңілдік.

Жарыққа ұмтылған тағдыр

Мен  кейіпкерімізбен «скандинавиялық жүріс» (cкандинавская ходьба)  спортының халықаралық  марафонында таныстым. Мінезі  ашық-жарқын,  өмірге құштар келіншекті 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан дегенге алғашқыда   сенбедім. Таныса келе Захра Әнуарқызының «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада» жұмыс істейтінін, республикалық дойбы жарысының жеңімпазы. Сонымен қатар йога, велоспорт секілді  басқа да спорт түріне белсенді қатысушы екенін білдім.

Журналист болған соң ерекше жандардың өмірімен танысқанды, тілдескенді жанымыз сүйеді. Захра Әнуарқызымен  жүздесу де көптен  бері көңілде жүрген еді. Сәті түсіп жақында қоңырау шалдым. Сұхбаттасуға  келіскен соң, өзі айтқан жеріне бардым.  Ол кісі маған үнемі айналасына нұр шашып тұратын сияқты көрінеді. Бұл жолы да күлімдей қарсы алып, бірден әңгімесін бастап кетті. Ол өзі туралы: «1962 жылы  бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Бадам стансасында – қазіргі Ордабасы ауданында өмірге келдім. Мұғалім отбасында тәрбиелендім, әкем математика пәнінің мұғалімі болатын. Отбасында 8 ағайындымыз. Мектепте жақсы оқып, өте белсенді оқушы болғанмын. 16 жасымда көзім аяқ асты ауырып,  сол жылы ауруханаға түстім. Нақты диагноз қойылмай, екі жылдай Шымкент пен Алматының ортасында жүріп қалдым. Бір ай ауруханада болсам, бір апта үйдемін осылай ары-бері жүрген кезімде дәрігерлер «глаукома» деген диагноз қойды. Бұл көбінесе егде жастағыларда анықталады екен. Сол кезде елімізде балалар арасында ең бірінші болып мен ауырдым. Мені емдеген дәрігер «орыстарда подопытный кролик» дейді  ғой, сол сияқты маған тәжірибе жасады. Сөйтіп, менің диагнозым бойынша диссертация қорғады. Сол кездері үш рет ота жасады.

Жарыққа ұмтылған тағдыр

Жоғарыда сегіз ағайындымыз дедім ғой, соның жетеуі мұғалім. Оның ішінде төртеуі – математик. Ал мен көп ауырғаннан кейін медицина мамандығын таңдадым. Кезінде Шымкент фармацевтика  институтын бітірдім. Медицина колледжінде сабақ бердім», – деді.

Бесінші курста оқып жүргенде тұрмысқа шығады.10 жылдай ауырмай жүрген ол тұңғышын дүниеге әкелгеннен кейін ауруы қайта қозады. Кейіпкерім дәрігерлер массажист мамандығын таңда десе де, еш мән бермей жүрегі қалаған іспен айналысқан адам. Алайда жарық дүниені көруі қиындай бастайды. Тіпті бір адамның жетектеуінсіз жүру де қиынға соғады.  Дәрігерлер бала көтеруіне тыйым салғанына қарамастан,  ол екінші нәрестесін өмірге әкеледі. Бұдан соң жанары, тіпті солады. Ол: «Бір жерге барудың өзі маған қиын болатын. Кітапхана, басқа да жерге бару үшін қыздарым жетектеп жүретін. Келе-келе зағиптарға арналған кітапхана барын білдім. Осында компьютерді жетік үйрендім. Зағиптарға арналған арнайы бағдарлама арқылы, қай тетікті қай жерде басу керек соның бәрін меңгердім. Мониторға қарап отырып-ақ, клавиатураны қатесіз баса аламын. Шымкенттегі кітапханада  біраз уақыт қызмет еттім. Кейін үлкен қызым Алматыға оқуға түсіп, отбасымызбен осында қоныс аудардық. Көз аурулары Қазақ ғылыми-зерттеу институтына барып ем қабылдадым. Мен ауырған жылдары медицинада  қазіргідей дами қоймаған еді. Ота жасатуға дәрігерлер   100 пайыз кепілдік бере алмады. «Егер өзіңіз тәуекел десеңіз, ота жасаймыз» деді. Ол кезде көзім өте нашарлап кетті. Тіпті есіме де алғым келмейді. 2017 жылы оң көзіме ота жасатуға келістім. Ота сәтті  болды. Оң көзім көріп кетті. Өзімді айнадан көріп таң қалдым, біраз жылда әжім де пайда болыпты. Он жылдан астам уақыт тұнық дүниені көрмегеннен бе, жолдасымның шашына да ақ түсіпті. Қыздарым да бойжеткен, оларға қайта-қайта қарай бергім келеді.

Жарыққа ұмтылған тағдыр

Мен гүл өсіргенді жақсы көретінмін. Ауруханада бір гүл өсетін. Мен ылғи атын сұрайтынмын. Дәрігерлер лилия дейді. Мен ол емес деп бой бермеймін.  Сөйтсем, менің үйде өсіріп жүрген гүлім дәл осы лилия екен. Оны да көзім ашылған соң таныдым. Ілулі тұрған сағаттың сандарын, айналадағы кез келген затты, ою-өрнектің барлығын көріп, қуанғаннан көзіме жас алдым.  Сосын әпкемнен «мына үйлердің барлығы жаңадан салынған ба?» – деп сұрап қоямын. Сөйтсем, бәрі ескі үй екен, тек мен анық көрмегеннен кейін байқамаппын. Көзім ашылғанда олар маған жап-жаңа болып көрінді. Екі ай өткеннен кейін екінші көзіме ота жасатуға бел будым. Аллаға шүкір, екінші көзіме де ота сәтті жасалды. Адам зағип кезде қабақ та төмен түсіп, көру мүмкіндігі азая береді екен. Осылайша жұмысқа да орналастым. 2011 жылы Павлодарда өткен дойбы жарысында бірінші орын алғанмын. Ол кезде командалық жарыс.  Егер команда аз ұпай жинаса, спорттық дәреже де көтерілмейді. Сондықтан қазірге дейін спорт шеберлігіне кандидат деген атағым бар. Жұмысқа араласқаннан кейін дойбыға көп бет бұра алмай, негізгі уақытымның барлығы жұмысқа бөлінді. Келе келе Алматыдағы дойбы федерациясына барып жүрдім. Қазір  федерация Нұр-Сұлтанда орналасқан. Басқа қалаларда филиалдары бар. Мен Алматы қаласындағы филиал төрайымы болып сайландым. Екі жылдан бері осы қызметтемін», –  деді әңгіме әсерінен арыла алмай.

Жарыққа ұмтылған тағдыр

Қазір кейіпкерім кітапхана директорының  кеңесшісі. Ерен еңбегі оны тек биіктерге қарай жетелеп келеді. Сонымен қатар федерациядағы қосымша жұмысын да жемісті атқаруда. Қазіргі таңда республикалық турнир ұйымдастырып, оны кітапхана жоспарына енгізген. Кейіпкерімнен салауатты өмір салтын ұстануға қалай уақыт табатынын сұрағанымда, ол: «Оқушы  кезімде  белсенді болатынмын. Аурудың кесірінен көп нәрседен шектелдім. Қазір сол белсенділігім оянып жатса керек. Үйде отырып қалған сәтте бос жүрмеу үшін қай жерде не барын іздейтінмін. Зағиптар қатысатын қосымша курстарға қатысамын, хор, жеке дайындайтын вокал тобы бар, оған да баратынмын. Үш жылдай йогамен айналыстым. Жұмыстың күрделілігіне орай йогаға уақыт таппай кеттім. Жақында жалғастырамын. Адам шын жүрегімен қаласа, әр істі бастауға сенім мен ниеті болса, жаны қаласа, уақытты үнемді пайдалануға әбден болады. Йогадан кейін велоспортқа ауысқаным да бар. Кітапханада бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің барлығы спортқа жақын екенімді біледі. Жұмыста Кенже дейтін әріптесім бар еді, зағип жан. Бірде соның келіншегі өтініш айтыпты. Олар велоспортқа команда жинап жатыр екен. 2016 жылы велосипедпен Астанаға барып келді. Енді Ыстықкөлге баратын команда жинамақшы болыпты. Осылайша велоспортпен шұғылданатындардың командасына еніп, олармен көрші елге барып келдім. Барғаныма еш өкінбеймін. Тіпті жаттығу кезінде кішігірім жараланып қалсам да бой бермедім. 2017  жылы 517 шақырымды бағындырдық. Тіпті өзен маңында палаткаға қонған кездер болды.

Жарыққа ұмтылған тағдыр

Мен үйде отыра алмайтын адаммын. Велоспортпен шұғылданатын «Спорт без границ» командасындағылар  өте белсенді адамдар. Олар марафондардың барлығына  қатысуға тырысады. Солардан қалмаймын. Барлық спорттық шараларға қатысамын. Алдағы уақытта Жапонияға баруға дайындалып жатырмыз», – деп әңгімесін аяқтады.

Захра Әнуарқызы әр уақыт үнемдеу арқылы бәріне үлгеріп жүр. Зағип жандарға көмектесуге әрдайым дайын тұрады. Өмірдің қиындығы мен тағдырдың жазуына қарсы тұрып, оны жеңген анадан үлгі алу керек-ақ.

Мақпал Ноғайбаева

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...