jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)

30 қазан, 13:00
364

Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)

Jas qazaq-тың өткен санында жәрдемақыға қатысты көпбалалы аналардан пікір алған едік. Ел-жұрттың көкейіндегі түйткілді көтергенімізді оқыған алматылық тұрғын Жадыра Жұмашева редакцияға қоңырау шалып, әлеуметтік мәселелерге баса назар аударғанымызға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, ол тағы бір мәселенің шетін шығарды. Ол жолаушыларға автобусқа мінудің қиындығы. Жұрт тіпті Алматы қаласының әкімдігіне барса да, еш нәтиже шықпаған. Осылайша Саялы тұрғындарын толғандырған мәселені көру үшін, олармен бірге бір автобуста жүріп көрдік.

– Сейсенбі кешкі сағат алтыдан кейін Төле би мен Момышұлы көшесінің қиылысына келіңізші, сол жерде барлығын көресіз деді,- әлгі келіншек.
Діттеген жерге келген кезде-ақ, Жадыраның не айтқысы келетінін бірден түсінген сияқты болдым. Ол мектептегі қызын алып келгенше, мен жағдайды сырттай бақылап тұрмын. Нағыз кешкі аласапыран осы жерде басталады. Көлік күтіп, көшенің ортасына дейін шығып кеткен жолаушылардың жанайқайын осында тұрып түсінесің. Саялы шағынауданында мектеп бар болғанымен, ондағы бала саны өте көп. Сондықтан, аудан тұрғындары балаларын осы маңдағы мектепте оқытады екен. Үлкендер мен балалардың арасында адасып қалатындай әсерде тұрып, Саялыға жүретін №122 нөмірлі шағын автобусты біз де күттік. Сөмкесін әрең көтерген оқушылар, немересін жетектеген ата-әжелер, бірнеше баласын ерткен келіншектер автобусқа қарай лап берді. Үлгергені мінді, үлгермегені қалды. Аласұрған автобус жүріп кетті.
– Анашым, бұл автобусқа сыймаймыз, келесісін күтейікші, – деген оқушының дауысы аянышты естілді. Жүйкесі жұқарған жұрт келесі көлікті күтпекке кері шегінді. Осындай көрініс сол маңнан өтетін жолаушылар автобусының бәрінде қайталанды. Екі баласын мектептен алып, екі кішкентайын ертіп, қоларбадағы және бір баласымен автобус күтіп тұрған анаға көзім түсті. Қыздарының айтуынша, олар сол №67 автобусты күтіп тұр. Біраздан соң қоларбадағы кішкентайы «мама, іш жасаймын», – деп жылады. Анасы қызын көтеріп аялдаманың артына кеткенде, қыздары:
– Мама, мама, №67 келді жүріңіз, – деп айғайға басты. Анасы автобусқа жүгірейін десе, кішкентай қызы шыдар емес. Осылай біресе автобусқа, біресе қызына қарап тұрған сәтте лықа толған №67 автобус та жүріп кетті. Көпбалалы ана амалсыз келесісін күтуге қала берді. Бірақ, мен тұрған 40 минуттың ішінде ол күткен автобус келе қоймады. Сол сәтте осы маңға кездесуге шақырған келіншек қоңырау шалып:
– Сіз бізбен Саялыға дейін барасыз ғой, мен жақындап қалдым, – деді.
Қызын ерткен жас келіншек келген соң: «Міне, көріп тұрсыз ғой! Күнде қайталанатын көрініс осы. Екі жылдан бері бүкіл аудан болып, әкімшілікке өтініш айттық. Сондағы олардың бөлгені қоңыздай автобус. Не оған сыймаймыз», – деп мән-жайды түсіндірді.
– Шынымен оқушыларға қиын екен, – дедім.
– Әрине, қиын. Көлік те көп жүреді мына көшеден. Ұзынағаш, Қаскелең бағытына такси тоқтатқан жолаушылар жолдың ортасына дейін шығып алады. Кептеліс басталады. Дер кезінде қайтайық десек, автобусқа сыймаймыз, – деп сырын ақтарды.

Расымен келіншектің айтқанын бір сағат ішінде өз көзіммен көріп, көп нәрсеге куә болдым. Автобус араға 10 минут салып жүргенімен шағын автобусқа топырлаған жұрт сыймайды. Үш автобусты қатарынан жіберіп, адам аяғы азайды-ау дегенде, төртінші көлікке елмен таласып біз де кірдік. Адам қарасы көп.
– Міне, көрдіңіз ғой, бұл күндегі көрініс. Осыны құзырлы орындарға жеткізетін адам болса, шіркін! – деп әлгі танысым әңгімесін қайта жалғады.
Адамдарды салып алған жүргізуші отын тиегендей жүйткіп келеді. Жүргізуші бірден тежегішті басса, бәріміз ұшып кетердей боламыз.
– Әне, енді бұлар жарысады, – деп қалды қалың қараның арасынан бір дауыс.
– Ой, не болса да әрең сыйдық қой, үйімізге аман-есен жетсек болды, – десті енді бірі.
Осылайша Саялының тұрғындарымен бірге бір рет жүріп көрдім. Иә, бұл жақта автобуспен жүрудің қиын екенін сезіндім. Ал жұрт осы жолмен күнде жүреді. Қазір күз. Қаһарлы қыста әлі талай бала тоңып, талай ана зар қаққалы тұр.
Автобус межелі жерге жеткеннен кейін Саялы тұрғындарының пікірін білдім.
Саялы тұрғындарының өтініші автобусты үлкейтсе, жиі жүріп тұрса. Тым болмаса, шағынауданнан жүретін автобустың санын арттырса. Өйткені мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Халық саны айлап көбейіп келеді. Ауданда мемлекеттік бағдарламамен баспана алғандар қатары еселеп өсуде.
Саялы тұрғындарының мәселесі бойынша Алматы қалалық мобилділік басқармасына қоңырау шалдық. Басқарма басшылығы жақын күндері сауалымызға жауап беретіндерін айтты.

Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)

 Жадыра Жұмашева:
«Қызымды мектептен алып кету қиынға соғады. Сабағы түстен кейін. 18:40-та шығады. Кептелістің дәл қызып жатқан уақыты. Шағынауданда тұрғындар саны күннен-күнге өсіп келеді. Арада 3-4 автобусты жіберіп барып, әрең келеміз».

Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)

Тұрар Жаныбаев:
«Автобус мәселесімен жоғарыдағыларға қаншама рет хат жаздық. Сонда жіберген автобустарын көрдіңіз. Адам сыймайды. Өткенде №57 автобуста адам сыймай, сығылысқан кезде бір жігіт автобустың терезесінен секіріп кетті. Адам толы автобус болғандықтан, қалта ұрылары да көп. Күнде телефон, әмиян ұрланады. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Үйдің маңындағы мектепке берейік десек, оқушы саны көп. 1-сыныптың өзінен 25 адамнан 7-8-сынып бар».

Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)

Әсел Халықова:
«Қала орталығында жұмыс істейтіндіктен, күнде екі автобуспен қатынаймын. Саялыдан тікелей автобус жоқ. Сондықтан Төле би мен Момышұлы көшелерінің қиылысына келіп, №57 немесе №122-ші автобустың біріне отырамын. Екі автобусқа да адам сыймайды. Қыста қалай болар екен. Тым болмаса, сіріңкенің қорабындай автобус емес, үлкенірек автобус берсе, мұндай болмас еді».

Мақпал Ноғайбаева

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...