jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Күрделі күрмеу

04 қазан, 12:24
207

Күрделі күрмеу

Біреулерге әлеуметтік желі таптырмас ұртоқпаққа айналды. Әсіресе, шен-шекпенділерге жұдырығын түйетіндерге таптырмас құрал. Қалың бұқара мәселенің мәнісіне бармай, ақ-қарасын ажыратпай жатып, қосыла шулайды. Нұрсұлтан Күдебаевтың өлімінен кейін дәрігерлер төңірегіндегі дау-дамай осыны көрсетті.

Тіпті әлеуметтік желіде отырған жазғыштардың көбі полицейлердің өз құқығын асыра пайдаланатын «мүмкіндіктерін» тілге көбірек тиек еткені анық. Әдетте дәрігерлерді айыптап жататындардың бәрі «абзал жандар» жағына жығыла қалды. Өйткені, бұл істе жәбірленуші тарап – ұлынан айырылып, қара жамылған отбасы емес, дәрігерлер сияқты болып көрінді.
Осы аптада ақ халаттылардың әрекетінен зардап шеккендердің құқығын қорғаған белгілі адвокат Айман Омарова баспасөз жиын өткізді. Баспасөз өкілдеріне айтқан сөзінде ол: «Күдебаевтың ұлы қайтыс болған кезде, қоғам екіге бөлінді. Бірі полицияны кінәласа, келесі топ дәрігерлерді жақтады. Менің де полиция туралы көзқарасымның қандай екенін білесіздер. Олар істі дұрыс жүргізбейді, созады, тағы басқа да кемшіліктер бар дегендей. Бірақ, бұл дәрігерлерді ақтамайды. Және олар тиісті жауаптан жалтарып кете алады деген сөз емес. Дәрігер анестезия жасаған кезде немесе қажет емес мүшені алып тастаймын деп басқа мүшені зақымдағанда, ол туралы сараптаманы да, құжаттарды да оның әріптестері толтырады. Бірақ олардың кінәсін дәлелдеу қиын. Күйеуіне көмектескісі келіп, оның әйелі Президентке жүгінеді. Ер адам босатылып, ол ісжүзінде батырға айналды. Тоқаев оны босатыңыз деп айтпады. Қылмыстық істі тоқтату туралы да айтқан жоқ», – деді. Демек, дәрігерлер Мемлекет басшысын алдап отыр деген сөз.
Шындығында, марқұм Нұрсұлтан Күдебаев бұғанасын сындырып алғаннан кейін ауруханаға өз аяғымен барыпты. Жәбірленуші тарап оған дәлел ретінде марқұмның қолы таңулы күйде ауруханаға кіргенін және №7 қалалық клиникалық ауруханадан №4 ауруханаға ауыстырылған кездегі есіктен шығып бара жатқан видеосын да көрсетті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, операция жасау кезінде Күдебаевтың миы өліп қалған көрінеді.
Марқұмның ағасы Бақтияр Әбдірайымов баспасөз жиынында «Оны Германияға мен алып бардым. Міне, видеоға қарасаңыздар, бізді әуежайдан Тезекбаевтың өзі шығарып салып тұр. Яғни, оның «Науқасты алып жүруге қарсы болдық» дегені де өтірік. Мына құжаттарда бас дәрігердің «Басқа жаққа ауыстыруға қарсы болмаймын» деген қолы мен мөрі тұр», – деді.
Айман Омарованың айтуынша, науқас шынтуайтында Германияда емес, елде көз жұмған. Ал дәрігерлер жауапкершіліктен құтылудың әртүрлі жолын қарастырған көрінеді. Сонымен бірге, ол Күдебаевтың не себепті қайтыс болғаны туралы сараптама да жасалатынын айтты.
Ескерте кетейік, биылдың өзінде Алматыда дәрігерлер қателігінен болған 136 қылмыстық іс тіркелген. Ал ауруханаға өз аяғымен келіп, отадан тұрмай қалған Нұрсұлтан Күдебаевтың ісі күрмеліп, күрделіленіп барады.

Жарас ШӨКЕ

Бүгін, 12:27
Мақау кісінің мұңы
11 қараша, 13:07
Жарыққа ұмтылған тағдыр
08 қараша, 12:12
Атакәсіптен ажырадық, масылдық психология биледі
08 қараша, 12:05
Ақынды қорлап, батырға көшті
01 қараша, 14:39
Көктастан көкқағаз тапқандар
30 қазан, 13:00
Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)
25 қазан, 14:49
Ауылдан шыққан ғалым
18 қазан, 15:33
Доктор дөкейлер лекция оқи алмайды