jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Мал арзанға кетіп жатыр

27 қыркүйек, 12:06
2304

Мал арзанға кетіп жатыр

Қандай жағдайда да мемлекет өндірушілер мен тұтынушыларды қолдауы керек. Бірқатар көрші елдер осы бағытта өте сауатты шаралар қабылдаған. Көршінің бірі мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алып, жем-шөп өндірушілер мен фермерлерді арзан несиеге қарық қылуда. Есесіне, ешқандай субсидия де берілмеген. Мал басын көбейткісі келген шаруалар «жоқ іздеп» Аргентина мен Уругвайға да ат шалдырмаған. Олар үшін Қазақстан – арзан мал алатын үлкен базар.

Біздегі ветеринарлық жағдай мен ет өндіру саласындағы құрылымдардың қауқарсыздығын байқаған енді бір көршіміз шекара маңынан ірі ет өңдеу кәсіпорындарын ашып алыпты. Қазақстаннан арзан мал алып, ет өндірісін жедел дамытуда. Осындай құбылыс еліміздегі ішкі нарықта тірі малға деген сұранысты арттырды. Есесіне, етті еркін жеуден қалдық. Қымбатшылық қысып барады. Сенбесеңіз, ет базарына барып көріңіз! Сондықтан «Агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қайта қарау қажеттігі туындады.
Елімізде ондаған мың мал – сиыр, қой, түйе көрші елдерге сатылды. Ішкі нарық ескерілмеді. Мұны біз дүкендер мен базардағы ет бағасынан байқай аламыз. Баға баяу болса да анық өсіп барады. Бұл қарапайым азаматтардың қалтасын қағып жатыр. Екіншіден, ауыл шаруашылығы министрлігі «Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың ұлттық бағдарламасын» жақсылап ойластырмау салдарынан кедергілерге тап болдық. Сол бағдарлама бойынша шексіз субсидия берілді. Менің есебімше, мал өсірушілер 10 түрлі тікелей және жанама субсидия алып келді. Бұл үшін бюджет қаражатынан сиыр етінің әр келісіне 1 500 теңгеден төленді. Ал халықаралық нарық бағасы бойынша бұл шамамен 2 доллардың айналасында болуы тиіс еді. Негізі 1 келі етке 750-800 теңгеден келуі керек. Әрине, субсидия артықшылықтарын жекелеген фермерлер ғана пайдаланды.
Негізінен, субсидияны ауыл шаруашылығында тер төгіп жүрген барлық азаматтар ала алады. Ол шығынның белгілі бір бөлігін жабуға арналған.

Өнім бағасы да соған сай арзандауы тиіс еді. Алайда министрліктің кезінде жіберген қателігі халықты қарық қыла алмады. Айталық, бізде сырттан жеткізілген ірі қара субсидияланады. Одан соң фермерлер сол малды көрші елдерге сатады. Демек, субсидияның рахатын шетелдіктер көріп жатыр. Осындай келеңсіз жағдай еліміздегі ауыл шаруашылығында аналық мал басының азаюына әкеп соқтырды. Амалсыз ет пен сүтті сырттан тасымалдадық.
Елімізде шетелге таза еттен гөрі, тірі мал көп сатылады. Биылдың өзінде экспорт көлемі екі есе өскен. Сондықтан экспорт саясатын фермадан бастаған жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін ішкі және сыртқы нарықта сатуда дұрыс жүйе қалыптастыру, құрылымды өзгерту қажет. Бұл туралы көптен бері дабыл қағып жүр. Өкінішке қарай, тыңдар құлақ болмай тұр. Мысалы, ауыл шаруашылығы үш құрылымнан тұрады десек, экономиканы дамытудағы қызмет көрсету саласы 30-35% болуы керек. Ал еліміздегі осы көрсеткіш – 0,25%. Мұны нарық деуге келмейді, базар саудасы дегенге саяды.
Біз өнім дайындауды, өңдеуді және сақтауды әлі үйренбегенбіз. Тіпті ішкі нарықта да осындай жағдай қалыптасқан. Мұндай жағдайда ет экспорты туралы не айтуға болады? Осыдан 20 жыл бұрын мемлекет ауыл шаруашылығын қолдаудың қажеттігін сезініп, субсидия, арзан несие бере бастады. Бірақ қаражат тек мал шаруашылығы мен өсімдік саласына бағытталды. Өткен ғасырда «Сельхозтехника», «Сельхозхимия», «Сельхозмелиорация», Заготконтор» деген болды. Бұлар өте тиімді жұмыс істеді. Олардың барлығы мемлекет қарауында еді. Әлемде мұндай құрылымның барлығы кооператив негізінде құрылғанымен мемлекеттің қолдауына ие. Астық пен ұн туралы да осыны айтуға болады. Осы салада тек элеваторлар ғана сақталып қалды.
Ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымның болмауынан өзімізді толық қамтамасыз етуге болатын өнімдер шетелде көп мөлшерде жеткізіліп, дүкендер мен базарларда сөрені толтырып тастады. Екіншіден, мемлекет экспорттаушыларды қолдау бойынша жүйелі саясат қалыптастыруы керек. Бұл мақсатта барлық мемлекеттік орындар – ауыл, аудан әкімінен бастап министрлікке дейін жұмыс істеуі тиіс.
Қазір Өзбекстан, Тәжікстан секілді көршілерден де көп нәрсе үйренуге болады. Олар ұзақ жылдан бері бізден өнім алмауға тырысты. Ақырында тәжіктер ұнмен өзін 100 пайыз қамтамасыз ететін жағдайға жетті. Таяу жылдарда өзбектер де осы деңгейден көрінбекші.
Енді не істеу керек? Агроөнеркәсіп кешені қызметін реттейтін барлық 15 заң мен 3 кодекске өзгерістер енгізілуі тиіс. Осы заң жобасы жыл соңына дейін қабылданады. Алайда кейбір баптарға қатысты әлі де айқындайтын тұстар бар. Айталық, «Агроөнеркәсіп кешені және ауылдық аумақтарды мемлекеттік реттеу туралы» заңда «ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер» және «АӨК субъектісі» деген түсінікті айқындағым келеді. Оған жеке шаруашылықтар қызметінің бір бөлігі енген. Мұндағы қызық жағдай, жеке шаруашылықтар ауыл шаруашылығындағы өнімнің жалпы жартысын өндіреді. Алайда мемлекеттік қолдауды талап ете алмайды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатарында жоқ. Мен заңға «Несие серіктестері» және «Несие кооперативтері» деген түсінікті енгізгім келеді. Бұл селолық кооперативтер үшін өте керек. Олай болмаған жағдайда «Селолық кооперативтер туралы» заң бойынша кооператив өз мүшелерін несиелендіре алмайды. Жоғарыда айтқанымдай, басты ұстаным – баға нарыққа байланысты қалыптасуы тиіс. Баға сұраныс пен ұсыныс негізінде пайда болады. Ал бізде белгіленеді. Мысалы, ет базарында жағдай қалай? Ауылдағылар қолындағы малын сойғанда, етке бағаны базар бағасымен қояды. Онда да сұраныс болса, егер сұраныс болмаса малын соймайды. Сұраныс үлкен рөл атқарады деуіміз осыдан.
Бүгінде барлық мәселе алыпсатарларға тіреліп тұр. Ал олар қайдан шығып жатыр? Өйткені бізде кооператив негізінде инфрақұрылым жоқ. Мұны сөз басында айттық. Енді ірі қараны шекарадан тірідей шығарып сату туралы айтсақ, тағы да алдымыздан алаяқтар шығады. Бүкіл мал, оның еті де сыртқа көбірек кеткен сайын ел ішінде баға тоқтаусыз өсе береді.
Ет базарындағы бүгінгі жағдай ауыл шаруашылығындағы қордаланған күйзелісті аңғартады. Оны реттеуде аса сақтықты қажет. Шаруаны қолға алатын адамның сала маманы және нарық экономикасының заңдылықтарын жақсы білгені жөн. Ауыл шаруашылығына арифметикалық есеп сәйкес келе бермейді. Демек, ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері, табыс түсіретін сала болсын десек, біз осы бағытта сауатты қадамдар жасауымыз тиіс.
Астанадағы алқалы жиында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров нақты қандай бағытқа басымдық берілгенін былайша жеткізді: «Біз асыл тұқымды малды экспорттауға тыйым салдық. Елімізде қазіргі таңда негізінен Өзбекстанға малды экспорттайтын 78 мал бордақылау алаңы бар. Алдағы уақытта оның 50-ге жуығына мал экспорттауға тыйым салуды көздеудеміз. Өйткені біз ағымдағы ахуалды қадағалай алмай отырмыз. Кейін жағдайды бақылауда ұстауға болады. Қазір ет өңдейтін зауыттармен келіссөздер жүргізілуде. Зауыттарға малды жеткізу мақсатында субсидия енгізбекпіз. Аталған мәселелерді шешуге бағытталатын әдістер осы. Бүгінгі таңда елімізде 175 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың қуаты 38-40 пайыз деңгейінде ғана».
Мұндай артта қалушылық астық пен ұн өндірісінде де байқалады. Бізді қатты қызықтыратын Ауған нарығын қазір тәжіктер иелене бастаған. Бұрын бізге ерекше көңіл бөлген бұл ел енді көршісіне қарай жол салары анық. Айта берсек, түйткіл көп.

Мал арзанға кетіп жатыр

 

 

Төлеутай Рақымбеков,

экономика ғылымдарының докторы,
ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы

Бүгін, 12:27
Мақау кісінің мұңы
11 қараша, 13:07
Жарыққа ұмтылған тағдыр
08 қараша, 12:12
Атакәсіптен ажырадық, масылдық психология биледі
08 қараша, 12:05
Ақынды қорлап, батырға көшті
01 қараша, 14:39
Көктастан көкқағаз тапқандар
30 қазан, 13:00
Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)
25 қазан, 14:49
Ауылдан шыққан ғалым
18 қазан, 15:33
Доктор дөкейлер лекция оқи алмайды