jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Мәдениетсіз білім қауіпті

27 қыркүйек, 12:12
422

Мәдениетсіз білім қауіпті

Өткенде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан сөздерім біршама қызығушылық тудырды. Jas qazaq пен өзге БАҚ-та толық мәтіні жарияланған соң пікірталас қызды. Демек, бұл тақырып көпті толғандырады. Біраз жылдан бері өзім айтып жүрген ойлар көптің көкейінен шыққандай. Ең әуелі бұл билікке жаңа адамның келуімен байланысты болса керек. Меніңше, оған негіз де бар. Бұған Президенттің алғашқы қадамдары мен бастамалары дәлел. Соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуын айтар едім.

Шыны керек, бастапқыда оған күмәнмен қарадым. Диалог алаңы бізде аз ба еді? Алайда жағдайды өзгертуге арналған нақты ұсыныстарды естігенде, елімізде шешім қабылдайтындар тарапынан қызығушылық барын сездім. Құдай сәтін салсын. Бәлкім, біраз нәрсені өзгерте алармыз.

Еске салайын, мәдениет жайында сөз қозғағам. Білім беру мен мәдениет саласының күйрегенін, осы екі министрліктің Тәуелсіздік жылдарындағы жиынтық әсері өз жемісін бермегенін айттым. Жаманшылықтың түп-тамырын мен дәл содан көремін. Оған кінәлі жандарды іздеп жатқым келмейді. Оның үстіне, алдыңғы жазбамда оған егжей-тегжейлі тоқталғам. Әрмен қарай жылжып, тағы да сауал қойсақ. Қарапайым нәрседен бастайық.
Адам өміріндегі ең маңызды адам кім деп ойлайсыз? (бір сөзді қайталағаным үшін кешірім өтінем). Ең алдымен, әрине, ата-ана. Ал олардан кейін ше? Мұғалім. Әу бастан солай. Бұл дұрыс. Біз мұғалімге не істедік? Біз оның дәрежесін әбден төмендетіп, азғантай жалақы төлеп, алым жинауға мәжбүрледік. Ақырында мұғалім мүсәпір күйге түсті. Бүгін мұғалім оқушысынан қорқады. Өйткені оқушысының көңіл-күйін түсірсе, мектепке оның әкесі мен анасы келіп, айқай-шу шығарады. Таныс сурет пе?
Адам өмірінде тағы бір маңызды адам кім? Дәрігер. Мұғалім жан-дүниеңді емдесе, дәрігер тәніңді емдейді. Алғашқысы ми мен жүрек үшін жауап береді. Екіншісі сыртқы қалыбы үшін.
Ал дәрігер қандай күйде? Жауап айқын. Бұл туралы да ұзақ толғануға болады. Бүгінде дәрігер – сұраншақ. Дәрігер аурухана ішінде соққыға жығылады. Мұндай сұмдық қашан болып еді?
Одан кейін кім? Полиция қызметкері. Ол ұры мен қарақшыдан қорғауы тиіс. Сосын кім? Судья. Ол – әділдіктің қорғаны. Тағысын тағы…
Бірақ…
Полиция мен судья бүгін қандай?
Олардан қазір қарақшыдан бетер қорқады. Бір сөзбен айтқанда, бәрі керісінше. Неге бұлай?
Бала кімге ұқсағысы келсе, соның рөлін ойнайды. Сіз бала кезде кім болғыңыз келді? Мәселен, біздің бала кезімізде мұғалім, дәрігер болғысы келетін. Көбі «жауынгер болам» дейтін. Біреу милиционер дейтін. Степа ағай есіңізде ме?
Ал неліктен солай еді? Себебі Айболит емдейтін, жауынгер құтқаратын, ал Степа ағай қорғайтын. Барлығы жақсылық жасайды. Сонысымен де үлгі еді. Тек мұның бәрі өткен күнде қалды.

Бүгінде ең әйгілі модельдер – желіде. Атап айтсақ, Инстаграмда. Көбіне тағдыры қиын, өмірбаяны бұлдыр әлгі әйел (ешкімді атамай-ақ қояйын) бастаған той-бизнестің жұлдыздары. Жетістікке жеткен осылар саналады. Қоғамда қазір «жетістікке жету» деп нені айтады? Бұл атақты, сұлу болып, қымбат киім кию деген сөз.
Осы бір «бақыт формуласы» бір түрлі, төңкерілген логика сияқты. Мұнда да бәрі астаң-кестең. Бүгінде әлем «жаныңда жүретін жақсы адамға» зәру. Осы орайда Далай Ламаның айтқаны ұнайды. Ол: «Планетаға жетістікке жеткендердің тым көп болғаны керек емес. Планетаға ізгілік пен адамгершілік үшін күресетін адамдар қажет. Бұл қасиеттердің біздің қоғамдағы «жетістікке» ешқандай қатысы жоқ», – дейді.
Жақсы. Әлемді жайына қалдырайық. Одан гөрі өз үйімізде не болып жатқанын талдайықшы. «Үй» деп елімізді айтамын. Иә, дәл солай. Мен ең алдымен «үйде жүргендей» сезімді аңсаймын. Біз соны жоғалттық. Біз өз елімізге шақырылмаған қонақ сияқты қараймыз. Одан да жаман – нағыз шапқыншы сияқтымыз. Сырттан келген. Уақытша жүрген. Өйткені өзімізден кейін не қалатыны қызықтырмайды. Осы бір нәзік сезімнің оралуы үшін не істеуіміз керек? Тағы да мәдениет. Саясат немесе экономика емес, мәдениет.
Бәрі бір-бірімен байланысты ғой. Қожа Ахмет Йассауи мен Луврдың арасындағы көзге көрінбейтін жіп секілді. Моцарт пен Құрманғазы. Толстой мен Абай. Шиллер мен Мағжан…
Көпшілік маған «не айтып тұрсың?» дер. Қайдағы мәдениет? Жұрт күнкөріс қамымен әлек. Ал мен неліктен екенін айтайын.

«Қыршаңқы» сауалдарға жауап

Соғыс кезінде Ленинградтағы музей қызметкерлері «Петергоф» экспонаттарын сақтауға тырысты. Шүйкедей өнертанушы апалар түні бойы ор қазып, мүсіндерді жасырды. Бомба жарылса құриды деп қорықты. Не жояды, не Германияға әкетеді деп қауіптенді. Ал осы кезде Ленинградта адамдар аштан өлмес үшін егеуқұйрық пен мысық жеді…
Сол соғыс кезінде Черчилльге ел бюджетін қарауға алып келеді. Құжатты парақтаған соң ол «Мәдениетке жұмсалатын шығын қайда?» деп сұрайды.
– Соғыс жүріп жатқан жоқ па! Қайдағы мәдениет?
– Егер мәдениет жоқ болса, онда біз не үшін соғысамыз? – деп таңырқайды Черчилль.
Менің досым Самир Дерех, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы соңғы соғыста қарсыластардың артиллериялық оқты қалай жаудырғанын айтып берді. Екі жақ та Дамаск қаласының қақ ортасындағы ежелгі Баб Сағыр қорымы үстінен снарядтар зуылдап өтетіндей атқан. Ұлы бабаларының сүйегі жатқан көне бейіттерге құламасын дегені ғой. Реті келгенде айта кетейін, онда әл Фараби мен Хафса ана жерленген. Мен олардың моласын көргем, сондықтан да білемін…
Абай атындағы опера театры – ұлттық құндылығымыз. Ол да 1941 жылғы 7 қыркүйекте ашылды. Қызыл алаңдағы шеруден кейін сіз бен біздің ата-әкелеріміз алдыңғы шепке ұмтылған күні…
Міне, мұндай мысал қисапсыз. Бүкіл адамзат тарихында. Қандай да бір билеуші мәдениет керек екенін, не үшін күресіп, нені қорғайтынын білген халықты ешкім жеңе алмайтынын түсінгенде мәдениетке бет бұратын.
Құдайға шүкір, бізде соғыс жоқ қой! Онда неге біз мәдениет мәселесіне үстірт қараймыз?!
Арсыздық пен агрессиядан қашып құтылатын жер жоқ. Айнала кір мен қоқыс. Теледидар тұрпайы дүниеге толы, желіде түкке тұрғысыз айқай-шу. Дүкен, автобус, мейрамханадағы әуенсымақ мезі етті. Сонда біздің мақсатымыз — бүкіл елдің көңілін көтеру ғана ма? Ән салдырып, би билету? Ал Қазақстан суицид бойынша Орталық Азияда бірінші орында тұр! (Бұл туралы Душанбедегі жиында америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің ұстазы Шахназ Савани өз баяндамасында айтты). Айнала жұмыссыздық, бас көтеру көбейді. Әсіресе, аймақтарда.
Неліктен бұлай?
Мысал арқылы түсіндіріп көрейін.
Екі жыл бұрын Жаркент маңайында фильм түсірдім. Табиғаты әдемі. Шалғайдағы бір ауылда (ешкімді ренжітпес үшін атауын айтпай-ақ қояйын). 50-жылдардағы декорация қажет болды. Ондай «декорация» толып жатыр. Жалпы бүкіл елде солай ғой. Қисайған ескі үйлер, өндіріс, «өркениет игілігі» атымен жоқ. Бүкіл ауылға бір шағын дүкен мен мектеп. Жұрт мал асырап жан бағады. Мектепте мұғалім 50-60 мың теңге жалақы алады. Еден жуушының орнына талас. Оның айлығы – 27 мың теңге. Сол орынды алу үшін директорға қой мен соғым береді. Орта буын жоқ дерлік. Күнкөріс қамымен қалаға кеткен. Бала-шаға мен шал-шауқан қалған. Мектеп бітірген соң баланы қайда жібереміз деп бас қатырады. Соңғы қоңыраудан кейін баласына Жаркенттің «барахолкасындағы» ең әдемі киімді әперіп, қалаға апарады. Онда туыстары болса жақсы. Негізінен жалдамалы пәтерде, үшеу-төртеуден бірігіп күнелтеді. Қалада бәрі қымбат. Қызықтыратын нәрсе көп. «Күшті» телефон керек. «Бутиктен» киініп, киноға, мейрамханаға барғысы келеді. Ескі болса да мәшине мінсем дейді. Ақшаны қайдан алады? Ата-ана несие қамытын сүйретіп жүр. Той жасау керек, ауылдағы қарттар күнін әрең көріп отыр. Сол кезде жастардың қандай ой ойлайтынын бір құдайдың өзі біледі. Оның үстіне «жетістік үлгісіне» толы «инста» бар.Тығырық. Одан бәрі де шыққысы келеді. Осыдан келіп ашу-ыза, күйзеліс туындайды.
Жуырда біреу биік мінберден Елорда тұрғындарын үш есеге көбейтуді ұсынды. Қала тұрғындарының санын үш миллионға жеткізу көзделіпті. Түсінбеймін, не үшін? Жасанды түрде көбейтудің қажеті қанша? Біз мемлекет-қала Сингапур емеспіз ғой. Бүкіл халықты екі қалаға шоғырландырып, даланы иесіз қалдырайық онда!
«Ұмытылған бір ақиқат бар: астанада негізінен тұрғындар өмір сүреді. Халық – шағын қалалар мен ауылдарда. Мәдениетті жаңғырту – шағын қаладағы мәдени өмірді жандандыру». Мұны академик Лихачев айтқан.
Өз ауылымды мысалға келтірейін. Алматыдан онша қашық емес. Кезінде гүл-гүл жайнаған бақуатты өмір бар еді мұнда. Кейін бұл араға сырттан ағайындар келе бастады. Оған жергілікті әкімдер ерекше қуанды. Жерді оңды-солды сатып байыды. Бау-бақша түгелдей отынға кетті. Қазір онда айнала қоқыстан көрінбейді. Ауылым адам танымастай. Үлкен бір қоқыс алаңы дерсің. Мұндай суретті еліміздің қай жерінен де табуға болады.

Не істеу керек?

Ең дұрысы – қаладағы халықты азайту. Қайтіп? Тағы да сол мәдениеттің көмегімен.
Ауылда бұрын клуб бар еді. Мәдениет үйі. Онда кітапхана, түрлі үйірме.Үлкен-кішінің қолы босамайтын. Біреу кітап оқыса, біреу домбырада ойнап, біреу билейтін. Клубтарда мамандар – музыка мұғалімі, қолөнерге баулитын мамандар, кітапханашы, киномеханиктер жұмыс істеді. Осыны неге жаңғыртпасқа? Бұл мәдениет пен білім министрлігінің құзыретінде емес пе?
Провинцияны өмірге жарамсыз деу – қате. Мен түрлі елде өмір сүрдім, жұмыс істедім. Сондықтан да салыстыра аламын. Батыста «провинция» сөзі мазақ сипатында емес. Әлемдегі әйгілі оқу орындары, Гарвард пен Оксфордтар – сонда. Әрбір еуропалық, америкалық немесе жапонның ең шалғай мекенінде өз символы бар. Ғибадатхана, саябақ, музей немесе театр. Нью-Орлеан – джаз астанасы, Киото – кабукидің отаны деген сияқты.
Провинцияны «екінші сорт» деу – ақымақтық. Біз ауылды өзіміз құртып, ондағы өмірді адам төзгісіз еттік. Біз өз балаларымыздың жаны мен жүрегі үшін шайқаста жеңілдік. Олар бөтен мәдениеттің тұтқынында. Тым құрығанда немерелерімізді ойлайықшы. Жан-жағын жайпаған жалғандық һәм арамдықпен уланбаған, енді ғана тәй-тәй басқан, әлі тіпті дүниеге келмеген ұрпағымыздың қамын ойлайықшы!

Үйдегі ахуал туралы

Жұрт көңілін кітапқа, театр мен филармонияға аудару – ұстаздар мен студенттерді жаппай кітапханаға қуу емес. Бұл адамның мәдени, рухани өнімге мұқтаждығы артатындай жағдай жасау керек дегенді білдіреді. Нағыз өнерден ләззат алуға итермелеу. Скриптонит, нюша, бузоваларға елтуден арылту. Түкке тұрғысыз жандардың лас «іш киіміне» үңілмеу. Шыңғыс Айтматов: «Асқазан мидан ақылды. Бірдеңе жақпаса, құстырады. Ми не болса соны жұта береді», – деп еді. Сэмюэл Жексон «Егер біз рэперге азырақ төлеп, мұғалімдерге көбірек төлесек, болашақта ақылды адамдар көбейіп, сандырақ әуен азаяр еді» деген.
Мәдениет – жаһандық ұғым. Уақыттан тыс. Нағыз мәдениетте шекара жоқ. Ол сауықтырады. Ол емдейді. Біздің қоғам қазір хал үстінде. Емші жоқтың қасы. Сахнаны сайқымазақтар жайлаған. Олар теле және киноэкранды жаулады. Әлеуметтік желіден шықпайды. Өз жүріс-тұрысын, әдебін таңуда. Өндіретіні – у. Жастардың миы мен жан-дүниесін улап жатыр. Өйткені «жетістіктің» үлгісі солар.

Менің ұсынысым

Жаңа ұлтты қалыптастыру қажет. Ең болмаса, іргетасын қаласақ. Ол үшін мәдениетті спорт және туризмнен ажырату керек. Білім мәдениетке жақын болғанымен, бөлек тұр. Мәдениет білімсіз өмір сүре алмайды. Ал мәдениетсіз білім одан да қауіпті.
Мәдениет министрлігінде кадр жаңғыртып, шенеунікті мәдениеттен аластатқан жөн. Мәдени қайраткерлер қаржыгер бола алмайды. Сондықтан басқарушы керек. Қысқасы, іске жаны ашитын адамдар тізгінді қолға алсын.
Бағдарлама қажет. Мәдениет министрлігі білім, экономика және қаржы министрлігімен бірігіп, елді мәдени жаңғыртуға арналған қысқа және ұзақ мерзімді бағдарлама дайындаса құба-құп.
Мәдениет министрлігін қалдық қағидасымен қаржыландыру дұрыс емес. Мәдениетке ақшаны аямау керек. Бірақ саналы және ретімен жұмсалсын.
Бұл тек алғашқы қадамдар. Жоғарғы жақ осындай өзгерістерге дайын болса, әрмен қарай нақтылауға болады. Мемлекеттің тек тыңдап қоймай, көре білгенін қалар едік. Көрегендік танытса, тіпті жақсы. Ал саяси даналығы кемшін түссе, онда жағдай қиындай бермек.

Ермек Тұрсынов,

кинорежиссер

Бүгін, 12:27
Мақау кісінің мұңы
11 қараша, 13:07
Жарыққа ұмтылған тағдыр
08 қараша, 12:12
Атакәсіптен ажырадық, масылдық психология биледі
08 қараша, 12:05
Ақынды қорлап, батырға көшті
01 қараша, 14:39
Көктастан көкқағаз тапқандар
30 қазан, 13:00
Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)
25 қазан, 14:49
Ауылдан шыққан ғалым
18 қазан, 15:33
Доктор дөкейлер лекция оқи алмайды