jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Қармақ емес, балық сұрайды

13 қыркүйек, 14:10
1071

Қармақ емес, балық сұрайды

Қазақ «Батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деп ауруды айтқан. Аурудың түрі көп. Масылдық та ауыр дерт. Билік банктен несие алғандардың қарызының бір бөлігін жабуды үкіметке тапсырды. Несиесі кешірілгендер мәз боп жүр. Ал қарызын бала-шағасының аузынан жырып, уақтылы төлеп жүргендер ше? Олар мұндай алалауға, әрине, наразы. Мәжілістегі «Ақжол» фракциясының депутаты Дәния Еспаева жұртты мазалаған осы мәселені қозғап, депутаттық сауал жолдады. Біз депутаттан мәселенің мәнін сұрадық.

Jas qazaq: Дәния ханым, депутаттық сауалыңызда ел күтпеген дүние айттыңыз. Кейбіреулер қарызын кешірген банктерге алғыс айтып жатса, сіз мұндай бастаманың кемшін тұсын ескерттіңіз.
Д.Еспаева: Бұл жерде борышкер азаматтардың несие берушілердің талаптарын қанағаттандыра алмауы – әлеуметтің негізгі факторы болып, қоғамда үлкен шиеленіс тудырып отыр. Сондықтан осы сауалды көтердім. Мемлекет басшысының үкімет пен ұлттық банкке халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының кепілсіз несиелерін кешіруді тапсыруы, негізі, бекер емес.
Қазіргі уақытта 507 мың азаматтың, яғни жалпы 630 мың несие ісі рақымшылық бойынша кешіріліп, оны өтеуге 106 миллиард теңге бөлінді. Аз ақша емес. Әрине, мемлекет қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсетуге міндетті. Алайда бұл жерде таяқтың екінші ұшы тағы бар. Барлық қиындықтарға қарамастан, алынған қарызды уақытында төлеп, кейде өздеріне қажетті затты сатып ала алмай, бірақ өз міндеттемелерін адал орындаған азаматтар үшін әділдік болмады.
Jas qazaq: Сіздіңше, қоғамда қордаланған осы түйін қалай шешілуі керек еді?
Д.Еспаева: Бұл әрекеттен кейін, болашақта төлем жасамайтындардың саны қайтадан артып кетпеуіне кепілдік жоқ. Өйткені әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін қайтадан бұл әрекетті қайталау қажет болады. Нарықтық экономикасы дамыған әлем елдерінің ешқайсысында мұндай ауқымды қарызды кешіру шарасы ешқашан болмаған. Ал қарызын төлей алмайтындарға қатысты мәселе банк саласында банкроттық туралы арнайы заң аясында шешіледі. Белгілі бір уақытта несиесін төлей алмаған, банкротқа ұшыраған жеке тұлғаларға арнайы шектеу қояды. Бірақ олардың үйсіз адамға айналмауын, шаңырағын сақтап қалуына басқа да әлеуметтік мүмкіндіктерінен айырылмауына кепілдік береді.
Германияда мұндай банкроттық туралы заң 1994 жылдан бастап қолданылып келеді. Оның кейбір ережелері жеке тұлғалардың банкроттығына арналған. Ал Америка Құрама Штаттарында жыл сайын шамамен 1-2 миллион адам банкрот боп танылады. Оның 96% -ы американдықтардың банк алдындағы қарызын өтей алмауымен байланысты. Бұл елде азаматтардың банкротқа ұшырауына арналған арнайы заң бар. Жеке тұлғаларға арналған банкроттық мәселе көрші Ресейдің заңнамасында да реттелген. 2014 жылдан бастап «Ақ жол» партиясының депутаттары жеке тұлғалардың банкротқа ұшырау мәселесін заңнамалық жолмен шешу туралы бірнеше рет ұсыныстар жасады. Ол кезде «Банкроттықты оңалту туралы» заңға түзету енгізу туралы өтінішімізді үкімет кері қайтарған болатын. 2015 жылы депутаттық бастамаға сәйкес «Ақ жол» фракциясының депутаттары «жеке тұлғалардың банкроттық туралы заңының» жобасын әзірлеген. Алайда бұл жобаны да үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия қолдаған жоқ.
Бізге сол кезде осыған ұқсас заң жобасын «Қаржы министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып дайындауда, оны 2017 жылы қабылдау жоспарда» деп сендірген еді. 2019 жыл аяқталуға жақын. Сол заң қайда?
Jas qazaq: Яғни заңның орындалмағаны ғой. Енді қарыз алып үйренгендер «Маған қармақ бер» емес, «Аузыма балық сал» демей ме?
Д.Еспаева: Үкімет 2014-2015 жылдары жалпыға бірдей кіріс туралы декларация қажет деген сылтаумен біздің сауалдарымызға жауап беруден бас тартқан еді. Бірақ бұл шараға көшу 2025 жылға дейін шегерілді. Осы 5 жылдың ішінде біздің азаматтар тағы 5 рет несие алып, оны қайтармады. Енді олар несиемізді кешір деп өтініш айтпайды. Керісінше жүздеген миллиард қаржыны өтеуді талап ететін болады. Бюрократиялық былыққа берілген ең жоғарғы баға осы емес пе?
Сонымен қатар мәселе бизнесмендер немесе жоғары лауазымды шенеуніктерде емес. Көп жағдайда бұл адамдардың тұрақты жұмысы да жоқ, мәлімдейтін декларациялары да жоқ! Егер үкімет біздің фракция 5 жыл бұрын көтерген жеке тұлғаларды банкроттыққа ұшырату туралы ұсынысына құлақ асқанда, бүгінде дәрменсіз азаматтардың қарызын жабу үшін үлкен қаражат жұмсаудың қажеті болмас еді. Мұндай шығын шықпас еді. Оның орнына қаржыны тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау салаларына бағыттағанымыз әлдеқайда тиімді болар еді. Сондықтан, Қ.Тоқаев дер кезінде депутаттардың ұсынысы мен ескертуін елемеген шенеуніктердің кесірінен мыңдаған азаматтарды тығырықтан құтқаруға мәжбүр болуда.

Жарас Кемелжан

Бүгін, 12:27
Мақау кісінің мұңы
11 қараша, 13:07
Жарыққа ұмтылған тағдыр
08 қараша, 12:12
Атакәсіптен ажырадық, масылдық психология биледі
08 қараша, 12:05
Ақынды қорлап, батырға көшті
01 қараша, 14:39
Көктастан көкқағаз тапқандар
30 қазан, 13:00
Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)
25 қазан, 14:49
Ауылдан шыққан ғалым
18 қазан, 15:33
Доктор дөкейлер лекция оқи алмайды