jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Айман Омарова, адвокат: Ең бастысы –диалог

13 қыркүйек, 14:24
482

Айман Омарова, адвокат: Ең бастысы –диалог

Өткен аптада Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Қоғамда күйіп тұрған мәселелер қозғалады деп күткенбіз. Шынын керек, кейбір азаматтардың пікіріне қарнымыз ашып қалды. Неге? Бұл сұрақты кеңес мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омароваға қойдық.

Jas qazaq: Кеңес отырысында көпбалалы аналар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топ туралы тұщымды пікір, бәтуалы уәж ести қоймадық.
А.Омарова: Ұлттық сенім кеңесі үш топқа бөлінді. Мен саяси тақырыптар тобында болдым. Одан бөлек, экономикалық және әлеуметтік тақырыптар тобы болды. Әрбір топтан екі адамның ғана сөйлеуіне рұқсат берілді. Бізден Айдос Сарым мен Асылбек Қожахметов сөйледі. Егер мен әлеуметтік топта болғанда, көпбалалы аналар мен аз қамтылған топтардың мәселесін көтеретін едім. Біздің топ партиялар туралы, митинг, адвокаттар, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынды.
Сіз айтқан көпбалалы аналардың мәселесін әлеуметтік топ мүшелері айтты. Олардың сөзіне мен жауап бере алмаймын. Бұл жолы қоғамда күйіп тұрған өзекті тақырыптар айтылмаса, келесі жолы оны мен айтамын. Өз тақырыбым болмаса да, аузымды ешкім жауып отырған жоқ. Сондықтан кейбір әлеуметтік тақырыптарды көтеремін. Рахым Ошақбаев экономикалық проблемаларды атап атйқанда, зейнетақы, банк жүйесіндегі түйткілдерді жеткізді. Мен Конституциядағы 130, 174-баптарға өзгеріс енгізу керектігін айттым. Өйткені, осы екі баппен түрмеде отырған азаматтар қаншама?! Бұл баптарды өзгертпесек, бір ауыз сөзі үшін журналистер жауапқа тартылуы мүмкін.
Jas qazaq: Сол күнгі жиында митинг туралы да айтылды. Бірақ митинг болған жерде біз қоғамдық пікірдің лидерлерін көрмейміз. Олар жиналғандардың арасында болып, солардың пікірі мен уәжін тыңдауы тиіс қой?
А.Омарова: Мен өз басым ешқандай митингіде болған емеспін. Бірақ жер митингісіне шыққан тоқсан адамды босатып алғанмын. Ал басқалар туралы ешнәрсе айта алмаймын. Себебі, кеңес құрамындағылар бір ананың баласы емес. Әркім өзінше тұлға. Арамызда бір-бірімізді мойындамайтындар да бар. Пікірлестер де жүр. Бірақ оған қарап кеңес түк бітірмейді деген қорытынды шығармау керек.
Ұлттық сенім кеңесі бұған дейін құрылып, жұмыс істеген көп кеңестердің бірі болып қалуы да мүмкін. Бірақ мәселе онда емес. Әңгіменің түйіні осы кеңесте, көтерілген мәселе қоғамға пайда әкелсе болды. Бір жағынан, менің қуанып отырғаным – билік пен халық арасында диалог пайда болды. Бұрын мені мұндай кеңес түгілі, жиындарға да шақырмайтын. Қазір шақыра бастады. Демек, билік басындағы азаматтар халықпен ашық жұмыс істеу керек екенін түсіне бастады.

Жарас ШӨКЕ

Бүгін, 12:27
Мақау кісінің мұңы
11 қараша, 13:07
Жарыққа ұмтылған тағдыр
08 қараша, 12:12
Атакәсіптен ажырадық, масылдық психология биледі
08 қараша, 12:05
Ақынды қорлап, батырға көшті
01 қараша, 14:39
Көктастан көкқағаз тапқандар
30 қазан, 13:00
Автобусқа мінудің азабын-ай! (видео)
25 қазан, 14:49
Ауылдан шыққан ғалым
18 қазан, 15:33
Доктор дөкейлер лекция оқи алмайды