jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Оқушы киімі қанша тұрады?

22 тамыз, 20:35
404

     Бір  аптадан  соң жаңа оқу  жылы басталады. Ал ата-аналар баласын мектепке дайындау қамына  жаз басталысымен кірісіп кеткен. Өйткені   бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай шаруа емес. Біз биылғы бағаның бағдарын білу үшін Алматыдағы ірі сауда базарына ат басын бұрдық. Байқағаным, саудагерлер де тегіс мектеп формасы мен оқу-құралдарын саудалауға көшкен. Өйткені қыркүйекке дейін осы бұйымдарға сұраныс көп болады.

Оқушы киімі қанша тұрады?

Базар іші ығы-жығы, сапырылысқан адам. Баласын ерткен ата-ана көп. Мен де баласына киім іздеген ата-анаға ұқсап, киім- кешектің бағасын сұрастырып біраз жүрдім. Осы кезде ақ кофтаны ұстап қызықтап, анасына: «Мама, осы кофтаны алайыншы, былтырғымды кигім келмейді» деп қиғылық салып тұрған 12-13 жас шамасындағы қыз баланың дауысына елең еттім. Анасының қасында өзінен үлкендеу екі әпкесі бар екен. Үш қызына киім-кешек іздеген әйелдің шаршағаны байқалып тұр.

— Қойшы қызым, сенің былтырғың жақсы ғой, болмаса Әселдікін киесің.

— Мама, жаңасын алғым келеді.

— Саған кейінірек алайық, бұл жолы Әселге әперейік.

Анасы кіші қызын көндіре алмай әлек. Осы кезде анасын әңгімеге тарттым.

— Кешіріңіз журналист едім, биылғы оқу жылына дайындық туралы жазып жүрмін. Құпия болмаса үш балаңызды киіндіруге қанша ақша жұмсадыңыз? – деп жанына жақындадым. Ол бірер секунд ойланып тұрды да:

— Шамамен 150-200 мың теңге. Үшеуіне жеткіземін деп ойлап едім. Жетпейтін түрі бар.

— Қай жақтан келдіңіздер?

— Ұзынағаштан…

— Қайда жұмыс істейсіз?

— Орталық ауруханада мейірбикемін. Айлығым – 80-90 мың теңге. Жолдасым көлігімен Алматы мен Ұзынағаш арасында адам тасиды. Қайта сол әкесінің жинаған ақшасымен келдік.

— Былтырғымен салыстырғанда, киім-кешек бағасында айырмашылық бар ма? – дедім әңгімені жалғастырып.

— Иә, меніңше, базардағы баға да қымбат сияқты. Былтыр ақ кофтаны 1500-2000 теңгеден алғаным есімде. Биыл сапасына қарай 2500-3500 теңгеден жоғары болып тұр. Кіші қызым Әнел де әпкесінің кофтасын кигісі келмей тұр. Бұларға жыл сайын жаңасы керек. Амал жоқ, ренжітпей алып беруге тура келеді, – деп саудагерге қарай бұрылды.

Базардың ішін аралай жүріп, бала-шағасына киім-кешек алып жүрген бірнеше ата-ананы сөзге тартып. Бәріне ортақ «Бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге кетеді?» деген сұрақ қойдым.

Меруерт Маратқызы, Іле ауданының тұрғыны:

«Екі ұлымды киіндіруге базарға келдім. Біреуі 7-сыныпқа, екіншісі 5-сыныпқа барады. Үлкен ұлымның өзі мен алып берген киімді жақтырмайды, өзі таңдап алғысы келеді. Екеуінің киім кешегіне  100 мың теңгедей алып шығып едім, жетпейтін сияқты. Өйткені әлі оқу құралдары, кітабы, ұсақ-түйегіне де біраз ақша жұмсалайын деп тұр. Оның үстіне ұл бала тез өседі. Былтырғы кәстөмдері кәдімгідей тар. Жыл сайын жаңасын алып беріп жүрміз. Кәстөмдердің бағасын салыстырып келе жатырмын. Сапасы дұрыстау дегендері 20 мың теңгеден  жоғары. Қазір тек екеуіне 4000 теңгеден ақ жейдесін  ғана алып бердім. Біраз аралап көремін».

Гүлзира Айтбаева, Алматы облысының тұрғыны:

«Екі қыз, бір ұлымды киіндіруге 150 мың теңге жұмсадым. Шыны керек, бұл қаржы тек киім-кешегіне кетті. Ал қалам, дәптерін шақтап қана алып бердім. Спорт киімдерін алып беруді кейінге қалдырдым».

Әлібек Себепов, Алматы қаласының тұрғыны:

«Қызым алғаш рет мектепке барғалы отыр. Қазір нақты қанша қаржы жұмсағанымызды білмейміз. Жолдасым екеуміз алғашқы қуанышымыз болғандықтан, барлығын алып беруге тырысып жатырмыз. Нақты киімдерінің өзіне 70 мың теңгеге жуық ақша жұмсадық. Әлі сөмкесі мен оқу құралдары бар. Меніңше, бір қызымның өзіне 100 мың теңге жұмсалайын деп тұр».

Қаладағы сауда орындарына қарағанда базарға баратындар көп болатыны анық. Өйткені қалта көтеретін жер – базар. Осы базарда сегіз  жылдан бері кеңсе заттарын сататын Алмагүл Әуезова кейбір ата-аналардың баласын мектепке дайындау науқанын маусым айынан бастап кететінін айтады. Ол:  «Бес баласы мектепке баратын «клиентім» бар. Айтуынша, үлкені 10-сыныпта, кенжесі 2-сыныпқа барады. Балаларын мектепке дайындап жүргеніне 4-5 апта болды. Тіпті  керек-жарақтарының барлығын ерте алып қойды. Осылайша  кейбір  ата-аналар ерте қамданады. Қазір бағаның көтеріле қоймаған кезі. Қыркүйек жақындаған сайын баға қымбаттай түседі», – деді.

Базардан байқағаным, кейбір ата-аналар балаларына керек-жарағын ертерек алып қойған. Оқу жылы жақындағанда тек қажет-ау деген заттарын алып жүр. Ал кейбірі барлық баласын ертіп алып бастан аяқ киіндіруде. Десек те көпшілігінің қалтасы қалың емес, нарық заманында бірнеше баланы киіндіру ата-анаға оңай соқпасы анық. Базардағы баға болса, жылда осы мезгілде аспанға  ұшады. Төменде мектеп оқушыларына арналған киім-кешектің базардағы орташа бағасын назарларыңызға ұсынып отырмын. Осыған қарап бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат қажеттігін бағамдай аласыз.

Оқушы киімі қанша тұрады?

Мақпал Ноғайбаева

13 қыркүйек, 14:24
Айман Омарова, адвокат: Ең бастысы –диалог
13 қыркүйек, 14:10
Қармақ емес, балық сұрайды
13 қыркүйек, 11:19
Мәдениетіміздің өлшемі (видео)
06 қыркүйек, 12:40
Ең бастысы – қоғамда әділдік орнату
06 қыркүйек, 12:14
Абайтанушы ғалым эстафетаны жалғады (видео)
26 тамыз, 15:22
Қайсар қыз, Әнел!
23 тамыз, 11:53
Мұнайшы да болып көрдік
22 тамыз, 20:35
Оқушы киімі қанша тұрады?