jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Құрбандықтың қадірін білген жөн

13 тамыз, 12:13
1792

Құрбандықтың қадірін білген жөн
Ойламаған жерден саудагер болудың бақыты бұйырды. Өткен бейсенбі күні журфакте бірге оқыған, бір бөлмеде тұрған достарым хабарласты.

-Құрбан айтты пайдаланып, байысақ деп жатырмыз. Бірге байығың келе ме?» — деді алғашқысы.
-Екі миллион теңге несие алдым. Коляда миллион бар. Екеуіміз ақшамызды қосып, ауыл жақтан мал алып келсек, жұртқа ұқсап сатсақ деген едік. Құрбан айтта пайда көп қалады деп естідік, – деді екіншісі.
-Мұрын қанап жатқан жұмыс жоқ қой. Мейлі көмектесейін, – дедім.
Әлгілер сол күні түнделетіп ауылға шығып кетті. Ауыл емес, ханжайлауға кетті. Жайлау болғанда да Алматы облысының Кеген ауданындағы Мыңжылқы деген әйгілі жер. Шөбі шүйгін, суы тұнық, малы қоңды, шұрайлы қоныс. Жігіттер алдын ала біреумен келісіп қойыпты. Сөйтіп, түнделетіп барып жүк көлігене 50 ісек пен 50 тұсақты басып келді. Таңға жуық қоңырау шалады.
-Думанның астындағы егістікке жет. Қойды түсіргелі жатырмыз, – деді алғашқысы. Тізгін ұшымен жеттім. «Думанның астындағы егіс» дегені – кәдімгі Думан ықшам ауданының төменгі жағындағы, Талғар жолының бойындағы бос жер. Біреу бие байлап, қымыз сатып отырушы еді. Сол маң екен. Тобықтан асатын борпылдаған қаратопырақ. Шаңы аспанға ұшады.
Содан қойды «Камаздан» түсірдік. Ағаш шарбақтан қора жасап қойыпты. Соған жартысын қамадық. Жартысын Каменканың базарына апаратын болдық. Орынға ақша төлейді екен. Оны да жігіттер күнбұрын тындырып қойған. Жоспар жаман емес. Бұрыннан мал сатып жүрген тәжірибелі саудагер сияқтымыз. Ұзынағаштан келген бір алыпсатар жігіт біздің қойды көліктен түсіріп, арбаң-құрбаң боп жүргенімізге қарап «Сендер малды бірінші рет көріп тұрған жоқсыңдар ма?», – деп күлді. «Не болды?» дедік үшеуіз бірдей.
– Тәжірибелерің жоқ. Бостан босқа далбақтап жүрсіңдер, – деп мазақтап тұр. Тәжірибе жоқтығы да кейде пайдасын тигізеді. Сатып отырған қойымызды мақтағанда ары-бері өткен адамдардың бұрылмағаны кемде кем.
– Менің қойым жем жемеген. Таудың таза шөбін, тұнық суын ішкен… Қошқар көрмеген тұсақ… Саулық көрмеген ісек сатамын… Шөп жемеген, таудың дәрісін теріп жеген… 70 пайыздық скидкамен беремін… – деп соқтық. Қанша дегенмен тіл-жақтан кенде емеспіз, журналистпіз ғой. Клиент тартудың амалы да. Үш күнгі Құрбан айтта сатылып кету керек. Өтпей қалса, үйіңе арқалап қайтатын таяқ тастам жер емес: Кеген деген бірнеше таудың аржағындағы күншілік жол.
Базардың заңы: біреуді біреу алдайды, арбайды. Біз де алдандық: өтірік қостық, шынды бүркедік. Қойдың жайын білмейтін қыз-келіншектер, әйелдер қауымы келсе, арық қойды жетектетіп жібердік. Малдың жайын білетіндердің алдында тілімізді безедік. Мұның бәрі сауданың жайы. Енді, құрбан шалған жұрттың жайына оралайықшы. Қалалықтардың жағдайы белгілі: көпқабатты үйде мал сойып, етін мүшелей алмайды. Сол үшін әкімшіліктің адамдары егістікке трактормен шұңқыр қазыпты. Жұрт жапа-тармағай әлгі шұңқырды айналып, құрбандықтарын шалып жатыр. Малдың бауыздау қаны, ішек-қарын, жыны – бәрі шашылып, қып-қызыл қасапқа айналған. Сырттай қараған адамға қорқынышты! Құрбандық емес, жабайылықтың исі аңқиды. Әлгі үш-төрт құдықтың бір шетіне молда-имамдар жайғасқан. Шалған малыңызға құран оқып береді. Жұрт «құдай жолына» деп 500-1000 теңгесін тастап кетеді. Пышағын жалаңдатқан қасапшы жігіттердің ставкасы – 5000 теңге. Оның 1 мың теңгесін жерге төлейді. Яғни әкімдіктің қызметкері болу керек, папка ұстаған қара жігіт тұрған орынға да, мал сойған орынға да ақша алып жүр.
Осындайда ауадан ақша жасайтындар да көбейеді екен. Біздің көліктен түсірген 100 қойымыз бір сәтте 99 боп қалды. Көрші шарбақтардың бәрін сүзіп тұрып қарап шықтық. Табылмады: ізім-қайым. Күн ыстық. Оның үстіне шаң-топыраққа көміліп, күнге қақталып тұру оңай ма?! Шөлден қаталатып тұрғандарға мұздай көже, су, темекі сатып жүрген базаршы қыздар мен әйелдердің де қалтасы қампайып қайтты-ау деймін. Әдетте дүкенде тұратын газдалмаған 1 литрлік қара суыңыз 400 теңгеден, 300 теңгеден сатылатын темекі 600-ге, бір шыны көже 300-ге «ұшқан». 50 теңгелік сары пакеттерді мектепте оқитын балалар 100 теңгеден сатып жүр. Қойға шашатын бояудың ең арзаны 1000 теңгеден өтіп жатыр. Базардан 350 теңге көргенбіз оны. Қойдың бас-сирағын ұйытатын газ-балонның 3000 теңгеден кемі жоқ. Ал ыстық тамақтың жайын сұрамаңыз. 1000 теңгеге бір тал котлетті езілген картоппен бірге әрең алдық. «Неге қымбат?» деуге шама жоқ. Оған сатушылардың да жауабы дайын. «Күнде құрбан айт болып жатқан жоқ», – дейді бетіңе былш еткізіп.
Ауадан ақша жасайтындар дедік қой. Осындай қалың дүрмектің ішінде тегін мал тауып жүрген пысықтарды да кездестіріп қалдық. Бір жігіт біздің шарбақтан семіз ісек сатып алды. Қасындағы жалаңдаған қасапшы жігіт «Қойды соя берейін. Сіз есептесіп, асықпай келіңіз» деп құрбандықты арқасына салып алып кеткен. Артынан клиені де кетті. Бір кезде әлгі қой сатып алған жігіт бізге жүгіріп келіпті.
– Анау жоқ, – дейді, алқынып.
– Кім? – дейміз біз.
– Анау, жаңағы менің қойымды көтеріп кеткен.
Дауысы дірілдеп тұр.
– Қалай жоқ? – деп біз аң-таңбыз. Сөйтсек, әлгі қасапшы жігіт мынаның қойын көтергеннен көтеріп Алатау асып кеткен бе, әлде жерге кіріп кеткен бе, қысқасы ізім-қайым болған.
– Ақшамды қайтарып бересіңдер ме? Сендердің ым-жымдарың бір, – деп, құрбандығынан айрылған жігіт біраз ашуға булықты. Енді қайтсін, қалтасындағы ақшасынан – бір, қолындағы малынан – екі айрылып, сан соғып қалған жоқ па?!.
Құрбандықтың «қызыл қырман» болып жатқанын айттық қой. Әлгі мал соятын жердегі тау-тау болып үйілген қойдың терісі мен бас-сирағын, ішек-қарнын айтып, сұрамаңыз! Қан сасып, шыбын-шіркей қонып далада шашылып жатыр. Адамның іші ашиды. Құрбандық деген құдай жолына сойылатын, Алла ризалығы үшін шалынатын мал емес пе?! Мұндай ұлық мерекеде жұрттың осыншама ысырапқа жол бергеніне қарап, құрбан шалудың мән-маңызын түсінбей, мал сою керек екен деп қып-қызыл қасап жасағандардың қылығын көргенде, жаның түршігеді. Осыны бір жүйеге келтіруге болмай ма?! Мәселен, арнайы мал соятын орын жасауға, қан-жынды даладан шұңқыр қазып төкпей, тері-терсегіне дейін иттің жемі қылмай – бәрін ретке келтіруге болатын еді. Үш күндік құрбан айт үшін алыпсатардың араны ашылған, қасапшылар бір-бірімен жаға жыртысқан, қысқасы жабайылықпен шалынған малдың құрбандығы қабыл бола ма?!. Біреу Құдай жолына деп құрбан шалып жүр. Ал біреу осындайды пайдаланып қалтасын толтырып, бір күндік пайдаға мәз.

Жарас КЕМЕЛЖАН

11 қазан, 12:50
Нәрестенің наласы
04 қазан, 12:24
Күрделі күрмеу
27 қыркүйек, 12:12
Мәдениетсіз білім қауіпті
27 қыркүйек, 12:06
Мал арзанға кетіп жатыр
20 қыркүйек, 13:06
Өкінбейтініміз өкінішті
20 қыркүйек, 10:35
Көрерменді адастырмаңдар!
13 қыркүйек, 14:24
Айман Омарова, адвокат: Ең бастысы –диалог
13 қыркүйек, 14:10
Қармақ емес, балық сұрайды