jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әркімнің өз мүддесі

09 тамыз, 17:12
376

Әркімнің өз мүддесі
The National Interest (Ұлттық мүдде) – Америкадағы сараптамалық журнал. Айына екі рет жарық көреді. NationalInterest.org атты танымал сайты да бар. Сарапшылар кеңесін әйгілі дипломат Генри Киссинжер басқаратын көрінеді.

Таяуда, міне, осы журналда Қазақстанға қатысты көлемді мақала жарияланды. Авторы – Эллисон қорына қарасты сыртқы саясат орталығының директоры Лук Коффи (Luke Coffey). Американ сарапшысы алдымен біздегі президент сайлауының заң шеңберінде өткенін айтып, Қазақстанға қатысты сындарлы саясат ұстануға шақырады. Ол екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынас қауіпсіздік, энергетика, басқару және экономика сияқты негізгі бағыттарда өрбиді деген пікірде. Соңғысына келсек, былтыр өзара сауда-саттық 2,2 млрд доллардан асып, ал инвестиция көлемі 5 млрд долларға жеткен.
Коффи мырза Сириядағы соғысты тоқтатуға ұмтылған Астана процесі үшін Қазақстанға ризашылық білдіру керек дейді. Сарапшы, сондай-ақ, американ саясаткерлерінің еліміздегі реформаларға қатысты пікірі салмақты да салиқалы, байыпты да бәтуалы болуы тиіс екендігін ескертеді. Оның айтуынша, Орталық Азияда мына екі фактор маңызға ие: мемлекеттік басқару жүйесіндегі тұрақтылық пен осы саладағы оң өзгерістер. Мақалада жұрттың назарын аудармай қоймайтын маңызды мәселе бар. Ол – көшедегі наразылық әрекеттерге қатысты. Лук Коффидің пікірінше, АҚШ саясаткерлері «араб көктемі» кезінде жіберген өрескел қателікті енді Кіндік Азияда қайталамауы тиіс. Мұны тарқатып айтсақ, сол кезде американдықтар көшедегі наразылықтың табиғатын терең түсінбей, радикалдық сипаттағы реформаларды қолдады. Бұл Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы көптеген мемлекеттерде тұрақтылық емес, керісінше, бітпейтін қақтығыс пен қантөгіске әкеп соқты. Осы арада «көше демократиясының» Венесуэлада да жеміс бере қоймағанын айтқан жөн. Алысқа бармай-ақ, біздегі биылғы митингтерге сыртқы күштердің дем бергені туралы көп айтылды. Американ, жалпы Батыстың кейбір ақпарат құралдары, адам құқығын қорғағыш ұйымдары мен грант таратқыш қорлары шындықты бұрмалап, отқа май құйғаны да есімізде. Олар әлі күнге дейін жауыр болған жаттанды «уағызын» қайталаудан жалықпай жүр.
Беделді басылымда мұндай мақаланың жариялануы бекер болмаса керек. Әлгі аты аталған өңірлерді былай қойғанда, кәрі құрлық пен өзге өңірлерде АҚШ-тың сенімді одақтастары азайып барады. Басқасын айтпағанда, мұсылман әлеміндегі жақын достары – Түркия мен Пәкістан да қазір Вашингтонға ізгі ниетін білдіре бермейді. Содан болар, атақты Time журналының былтырғы ақпандағы мұқабасы America Alone (Америка жалғыз (қалды) деген тақырыппен жарияланды. Ал аса ірі мемлекеттердің мүддесі қайшыласатын Кіндік Азия сияқты геостратегиялық мәні зор әрі қазба байлығы мол аймақта әбден ескірген «демократия дәрісін» беру арқылы бедел жинау қиын-ақ.
«Құрама Штаттар реформаларды қолдауы тиіс. Алайда АҚШ мұны ақыл-парасатпен, жауапкершілікпен, шынайы түрде жасауы қажет. Президент Қ. Тоқаевтың реформаларға адалдығы мен лауазымды қызметтегі небәрі бірнеше аптада осы бағытта жасалған қадамдар мұндай қарым-қатынасқа есік ашады. Президент Трамп Қазақстанға сапарын жоспарлауы тиіс. Құрама Штаттардың бұл аймаққа ерекше мән беретінін көрсететін кез келді». Лук Коффи өз ойын осылай түйіндепті. Несі бар, әр ел өз мүддесін көздейді. Тек мұхиттың арғы жағынан есетін жел бәріне жайлы болсын деп тілейік.

Әркімнің өз мүддесі

 

 

Срайыл СМАЙЫЛ

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...