jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Шехведрамде, Грузия!

07 тамыз, 15:59
299

Шехведрамде, Грузия!

Грузияны көру бұрыннан арманым еді. Шілденің шіліңгір ыстығында Грузияның астанасы Тбилисиге Эйр Астана ұшағымен аттандық. Ұшақта, жолсерік қыздар барлық жағдайымызды жасап, өте дәмді ас мәзірін ұсынды. «Эйр Астананың» Embraer E-190 ұшағы Алматыдан Тбилисиге лезде алып келгендей әсер қалдырды. Екі араға үш сағаттан сәл асатындай ғана уақыт кетеді екен. Грузия халықаралық туризмді дамыту департаментінің аға маманы Мака Макатсариа бастаған топ елімізден барған тілші қауымды «Гаморжоба!» (қош келдіңіз) деп ыстық ілтипатпен қарсы алды.
Әуежайдан орталыққа бара жатқандағы аудан «Варкетили» деп аталады. Қазақшаласақ, «мен мейірімдімін» деген мағынаны білдіреді. Айрықша қонақжайлығымен аты шыққан Грузия еліндегі сапарымыз осындай жақсы нышанмен басталды.

Шехведрамде, Грузия!

Біз Тбилисидің қақ ортасында орын тепкен IOTA (IOTA Hotel Tbilisi) қонақүйіне жайғастық. Йота – көне грузин әліпбиінің 15-ші қарпі. Бейбітшілік алаңы мен Нарикала бекінісіне, Шота Руставели көшесі мен атақты Грузия опера және балет театрына жақын орналасқан. Байқауымызша, грузиндер ескі ғимараттарды бұзбай, сол қалпында сақтауға тырысады екен.

Шехведрамде, Грузия!

Көне шаһармен таныстығымыз Мтацминда Платосынан басталды. Онда қаладағы ең үлкен аттракцион паркі – «Бамбора» мәдениет және демалыс ойын-сауық кешені бар. Тура Алматыдағы Көк-Төбеге ұқсайды. Бірақ біздегі сияқты арқан жолмен емес, тік орналасқан вагонмен жоғары көтерілесің. Фуникулер сонау 1905 жылы ашылған. Кезінде бұл жобаны бельгиялық компания жүзеге асырыпты. Авторы – инженер Альфонс Роби.

Шехведрамде, Грузия!

Фуникулер Тбилиси қаласынан 207 метр биіктікте, 501 метр қашықтықта орналасқан Мтацминда паркіне алып барады. Жоғарыдан қарағанда қала көрінісі тіпті керемет. Біз секілді тамашалауға келгендер көп.

Ескі қаланың көшелері

Шехведрамде, Грузия!

Тбилисидің тарихы Ескі қаладан бастау алады. Оған қатысты мынадай бір аңыз бар. Вахтанг Горгасали (440-502) патша аңға шыққанда бүркіті қырғауылды іліп әкеткен күйде ыстық бұлаққа барып топ етеді. Содан патша осы жерде монша салуды бұйырады. Келе-келе жер асты моншалары маңында қала бой көтереді.

Шехведрамде, Грузия!

Жолбастаушы Торникенің айтуынша, бұл ауданды Абанотубани, яғни күкіртсутегі моншалары деп атайды. Жер асты моншаларының төбесі жерден шыққан күмбездей. Үстімен жүруге болады. Дәл осы арадан Нарикала бекінісі жақсы көрінеді. Нарикала «өзеннен жоғары орналасқан» деген мағынаны білдіреді. Нарикала бекінісінің мұнаралары ескі Тбилисидің қай тұсынан да көрінетін, IV-VI ғғ. жергілікті өзін-өзі басқару органдарына арналған қорғаныс ғимараты болған. Мұнда тек христиан ғана емес, ислам дінін де ұстанған сықылды. Олай дейтініміз, жер асты моншасынан жоғарыға көз салғанда, мешітті де көрдік.

Шехведрамде, Грузия!

Ұлы Жібек Жолы Қара теңіз бен Кавказ арқылы да өткен. Сондықтан бұл аймақтың саяси-стратегиялық, экономикалық және қаржы жағынан да маңызы зор болған. Жер асты моншасында француздың белгілі жазушысы А.Дюма мен атақты А.Пушкинніңде болғанын да айта кетейік. Моншаны жағалай Інжір немесе Цавкисисцкали шатқалы созылып жатыр. Осы шатқалдың бойымен жоғары өрлеп жүре берсе, алдыдан биік сарқырама шығады.
Біз кері қарай жаяу жүріп, Әлем Көпірінен астық.

Шехведрамде, Грузия!

Одан кейін аспалы жолға келдік. Оған отырып, Тбилиси қаласын жоғарыдан тамашаладық. Бұл жол «Грузия анасы» монументіне апарады. Грузияда әйел қауымына деген құрмет ерекше. Қасиетті Нина, Тамара патшайымды қатты қастерлейді. Жер-Ана деген ұғым оларда да бар.

Шехведрамде, Грузия!

«Грузия анасы» монументі өзіндік мән-мағынаға ие. Алып мүсіннің бір қолында шарап құйылған ыдыс келген қонақтың ниеті жақсы, дос болса, әрқашанда шын көңілмен дастархан жайып қарсы аламыз дегенді білдіреді. Екінші қолындағы қылыш ниеті жаман дұшпан болсаң, әрқашанда қылышымыз дайын дегенге меңзейді. Монументтің биіктігі – 22 метр. Аллюминийден құйылған.
Ендігі бағытымыз – атақты Резо Габриадзенің қуыршақ театры. Оған жету үшін тағы да Әлем көпірінен өттік. Жаяу жүргіншілерге арналған көшелерді тамашалап, әдемі картиналар мен түрлі-түсті бояумен әрленген күйсандықты ауласына қойған мейрамханалар мен түрлі бұйымға толы дүкендерді көзіміз шалды.

Шехведрамде, Грузия!

Шавтели жаяу жүргіншілерге арналған көшеге келсек, қарақұрым адам. Бәрі Габриадзенің қуыршақ театрын тамашалауға келген. Бір уақытта сағат тілі 12-ні ұрды да, жоғарыдағы балконнан періште мүсінді кейіпкер қоңырау соға бастады.

Шехведрамде, Грузия!

Әдемі бір әуен ойнатылды. Ортадағы дөңгелек сағаттың астында театр шымылдығы ашылып, ішінен қуыршақтар шықты. Көрініс басталды.

Шехведрамде, Грузия!
Осы бір керемет қойылымнан кейін «Құрғақ көпір» деп аталатын атақты базарына бағыт алдық. Бұл көшеде сонау көне заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі жаныңа ұнаған затты табасың. Құдайым-ау, не жоқ дейсің мұнда.

Шехведрамде, Грузия!

Ескі пластинкадан бастап, патефон, граммофон, радио, теледидар. Құдды, кеңес дәуіріндегі жәрмеңке дерсің. Сәлден кейін бұрынғы заманнан бір-ақ шыққандай күй кешесің. Күмістің түр-түрі, қолдан жасалған әшекейлер. Ыдыс-аяқ, ескі медальдар, жауынгердің белбеуі, қылыштар, ескі шамдар… бәрі-бәрі тұнып тұр!

Көненің көзі –  Джвари

Шехведрамде, Грузия!

1994 жылы ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізілген Джвари монастыры (585-604 жж.) VII ғасырдың бірінші жартысында салынған. Атауы «крест» деген мағынаны білдіреді. Құрылысы жағынан да соған ұқсайды. Бүгінге дейін жеткен аңызда тура осы жерде Нино Каппадокий Киелі кресті орнатып, Грузияның христиан дінін қабылдауы басталатыны айтылады. Джвари таудың ұшар басында орналасқан. Жанында шолу алаңы бар.

Шехведрамде, Грузия!

Ол арадан Арагви мен Кура өзенінің тоғысқан нүктесі айқын көрінеді. Грузия көне астанасының бірі саналатын Мцхета қаласы монастырға қарама-қарсы орналасқан. Джвари Мцхетаныңең көрнекті орны. М.Лермонтов «Мцыри» поэмасын осы мекенге арнаған. Тбилисиден Мцхетаға дейін алыс емес. Небәрі 25 шақырым.

Шато Мухрани шарап зауыты

Шехведрамде, Грузия!

Шато-Мухрани компаниясы 2006 жылдары құрылған. 2007 жылы жүзімнің алғашқы өнімін алып, үй-жайдың (усадьба) жанында шарап зауыты салынады. Бізді жүзім алқабынан бастап, жертөледегі бөшкелерде шараптың сақталуы, шарап жасаудың байырғы және жаңа технологиясымен таныстырды. Көне тәсіл айрықша таңсық көрінді. Балшықтан жасалған үлкен бөшкелер жер астына көміледі.

Шехведрамде, Грузия!

Шарап дайын болған соң, бөшкелерді тазарту керек. Ал жаңа бөшкелерді жасау арзанға түспеген, әрі тауқыметі көп. Ондай жұмыспен тек ер адамдар айналысқан. Бөшкеге түсіп, оны тазартқанда міндетті түрде әндету керек. Екінші адам сыртта бақылап отырады. Себебі бөшкенің ішіндегі қысым мен шараптың иісі оттегіннің азаюына әкеп соғады. Жұмысшы есінен танып, тіпті өліп кетпеуі үшін осындай тәсілдер қолданылыпты.

Үшінші күні әйгілі Қазбек тауларына жол тарттық. 160 шақырымдық Әскери-Грузин серпантині әдемілігіне қоса, қауіпті де. Айналадағы табиғат көркіне көз тояр емес. Сол жағымызда айнадай жалтыраған көл көрінді.

Шехведрамде, Грузия!

Жинвал су қоймасы екен. Грузиядағы ең ірі жасанды көл. Ұзындығы 14 шақырым, тереңдігі 75 метр. Осы көлді жасау үшін Арагви өзенінің жанындағы ауылдарды су астында қалдыруға тура келіпті. Өзен жағасында палаткалар тізіліп тұр. Бұл – рафтингке қызығатындардың аймағы.
Гудаури мекені, шаңғы тебу курорты да осы маңайда. Теңіз деңгейінен 2150 метр биіктікте орналасқан. Гудауриден Тбилисиге дейінгі қашықтық шамамен 120 шақырым. Осы асудан өткенде парапланмен ұшып жүргендерді көзіміз шалды. Кей жерде тіпті қар ерімепті.
Бұрынғы Қазбеги, қазіргі Степанцминда аймағына де келіп жеттік. Таудың таза ауасы бірден сезілді. Осы жерде басқа көлікке ауысып, Қазбек тауларының бөктеріне де жеттік. Бұл араның мақтанышы болып табылатын «Троицкая церковь» немесе «Гергет шіркеуі». Гергети ауылының үстіндегі тауда, 2 170 метр биіктікте орналасқан.

Шехведрамде, Грузия!

Гергети – Степанцминда ауылының бір бөлігі. «Гергет шіркеуіне» жету үшін жоғары тауға қарай кішкене жаяу көтерілу керек. XIV ғасырда салынған. Айнала қоршаған тау-тас, қызыл-сары гүлдер, оларға қонған көбелектер.

Шехведрамде, Грузия!

Степанцминда ауылы сай ішінде қалып кеткендей. Шіркеудің қабырғасы тас. Электр қуаты жоқ, ескі суреттердің фрагменттері сақталған. Осы арадан Дарьяль шатқалына керемет көрініс ашылады. Грузинше Қазбек – «Мкинварцвери» мұз шыңы бар тау деген мағынаны білдіреді.

Аспандағы кешкі ас

Шехведрамде, Грузия!

Грузиндер тамақ жағын қатырады. Сапар кезінде ұлттық тағамдардың небір түрінен дәм таттық. Бәрінен де асып түскен «Dinner in the Sky Georgia» мейрамханасындағы кешкі ас болды. Кешкі асымызды жерден 50 метр биікте ішеміз деп, ешкім ойламаған шығар. Бәрі таңқалып, біреуі қорқып, біреуі қызық көріп жатты. Күн болса, ұясына батқалы қашан. Sky платформасы биіктігі 50 метр кранмен ілінген. Forbes.com әлемдегі ең ерекше 10 мейрамхана тізіміне «Dinner in the Sky» енгізген. Бұл мейрамхана 12 жылдан бері 70 елде ашылған. Енді, міне, Тбилисиде де бар! Тбилисидің Коджори ауданындағы «Биоли» курорттық аймағында орналасқан жаңа мейрамханаға 5 миллион доллар инвестиция салынған көрінеді. Тбилисиден 15 шақырым жерде. Біздің Медеуге көтерілгендей тауға қарай жүріп отырасыз. Іштей«бісмілләмізді» айтып, креслоға жайғасып жатырмыз.

Шехведрамде, Грузия!

Парктегі атракцион дерсің. 22 адамға арналған. Келушілер де, даяшы, музыкант, аспаз, бармендер де қауіпсіздік белбеуін тағады. Алдыңда тамақ дайын тұр, грузиндер тағы да өздерінің шараптарын ұсынып жатыр. Бір кезде қалай жоғары көтеріліп кеткенімді де байқамай қалыппын. Жерге қарасаң қорқынышты, дұрысы қарамау. Бір кезде музыка үні желмен бірге жарыса ойнай бастады. Артқа бұрылып қарасам, Тбилиси көкжиегінде керемет панорамалық көрініс жұлдыздай жарқ етті. Бір сағаттың қалай өткенін білмей де қалдық.

Мцхета, Уплисцихе және Боржоми

Шехведрамде, Грузия!

Сапарымыздың соңғы күні емдік суымен әлемге әйгілі Боржомиге арналды. Жол-жөнекей Мцхета қаласын араладық. Алдында барған Джвариге қарама-қарсы орналасқан. Алыстағы таудан Джвариді анық көресің. Туристер Мцхета қаласына соқпай кетпейді. Қаланың іргетасының қалануы біздің заманымызға дейінгі V ғасырдан басталады. Қаланың тарихы екі жарым мың жылдан асады, көптеген шіркеулері мен ғибадатханалары болғандықтан, христиандар үшін киелі орын. Мцхетаны «Екінші Иерусалим» деп те атайды. Дәл осы жерден Грузияда христиан діні таралған деседі.

Шехведрамде, Грузия!
Кіргеннен көшелерде туристерге арналған базарлық сатудан басталады. Сол көшемен жүріп отырып қаланың орталығына тап боласың. Ол жерден тағы да шіркеулерді көресіз. Ең көзге түсетіні – Светицховели шіркеуі. Ол осы елдегі басты ғибадатханалардың бірі, кафедралық патриарх шіркеуі. Он екі апостолдың құрметіне салынған. Светицховели шіркеуі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізілген.

Шехведрамде, Грузия!

Бұдан кейін ежелгі Уплисцихе қаласына аттандық. Уплисцихе (Құдай бекінісі) – ежелгі үңгір қала. Тбилисиден шамамен 90 шақырым жерде. Грузиядағы алғашқы қалалардың бірі. Кура өзенінің сол жағалауында орналасқан қала б.з.д І мыңжылдықтың басында пайда болған. Грузин мәдениетіндегі маңызды ескерткіштердің бірі. Уплисцихтің гүлдену кезеңінде 700-ден астам үңгір салынған. Бүгінге дейін 150-і сақталған. Шығыс бөлігінде әлі де зерттеу жүріп жатыр. Алыстан қарағанда жартастардағы үлкен ойықтар сияқты, үңгір таудың ішінде бір кездері тіршіліктің қайнағаны көрініп тұр. Қалаға әлемнің төрт жақ бағытынан кіретін есігі болатын дейді. Бұл қаланың үлкен залдары, алаңы, дәріханасы, көшелері, зынданы, шіркеуі және т. б. болған. Үңгірде Тамара патшайымының екіколонналы қүлкен қабылдау бөлмесі де сақталған. Кейбір тұрғын үй-жайлар, шарап қоймалары, шіркеулер мен бекініс қабырғаларының бөліктері, жер асты құпия туннелі сақталып қалған. Ол арқылы қала сумен қамтылған.

Шехведрамде, Грузия!

XIII ғасырда Шыңғысханның Грузияға жойқын шапқыншылығы нәтижесінде Уплисцихта жермен-жексен болады. XIX ғасырда толығымен топырақ пен құмастында көміліп қалады. Грузия мәдениетінің тарихындағы осы көрнекті ескерткішті қазу, тазарту, қалпына келтіру және зерттеу үшін орасан күш-жігер жұмсалды. Қазіргі таңда үңгірдің төбе жағында қолданыстағы монастырь бар. Сондай-ақ кешен аумағында ең ескі ағаш жайқалып тұр. Бұл қала да ЮНЕСКО-ның дүние жүзілік мұрасының тізіміне енгізілген.
Үңгір қаланы аралап болғанша түс болды. Келесі бағытымыз жүзім шаруашылығымен, өздері шарап өндіретін аймаққа бет алдық.
NikaVacheishvili’s қонақүйі Диди-Атени аумағында орналасқан.

Шехведрамде, Грузия!

Тбилиси Халықаралық әуежайынан 112 шақырым қашықтықта. Мұнда кәдімгі ауылға келгендей әсер алдық. Тып-тыныш, айналаның бәрі тау мен тас. 10-15 минуттай көпірді асып, қонақүйге дейін жаяу көтерілдік. Әдеттегідей қонақжайлылығымен, тамаша дастархандарымен күтіп алды. Ауылдың ауласында отырғандай сезімде болдық. Ауасы таза, айналаның бәрі жап-жасыл. Бір жағында жүзім бағы, бір жағында шабдалы өсіп тұр. «Мұндағы жүзім алқабы ерекше» деп сендірген Ника Вачеишвили шарапты да құйып, тарихында айтып жүр.

Шехведрамде, Грузия!

«Бұл жүзімнің сортынан жасалған шарапты бұрын тек патшалар ғана ішкен» дейді. Ең қызығы, бұл кісі Грузияның Мәдени мұраны қорғау жөніндегі министрліктің бұрынғы басшысы Ника Вачеишвили болып шықты. Өте қарапайым адам екен. Ника Атени аумағы туралы сүйіспеншілікпен әңгімеледі. «Шын мәнінде атақты бірегей шарап жасайтын аймақ екені тарихтан белгілі» дейді. Атени бір кездері Грузияның ең үлкен ауылы болған. Ника осында ірімшік жасайтын тағы бір ғимарат салуды бастапты. Біз оған сәттілік тілеп, керемет мекенмен қимай қоштастық.

Шехведрамде, Грузия!
Саяхатымыздың ең соңғы нүктесі – Грузияның оңтүстік-батысындағы Боржоми қаласы. Жасыл желекке оранған әсем қала ел экспортында бірінші орында тұрған әйгілі Боржоми минералды суының отаны. Кешқұрым Боржоми паркін көруге шықтық. Парк аяқталған жерден ары қарай үш шақырым тау жаққа көтерілсе, Боржоми минералды суы бар ашық бассейнге баруға болады екен. Боржоми көшелерінде сауда қызу.

Шехведрамде, Грузия!

Туристерге барлық жағдай жасалған. Грузин жастары ағылшын тілін жақсы меңгерген, ал аға буын орыс тілінде жақсы сөйлейді.
Боржоми емдік жер асты минералды суымен танымал екенін айттық. Ақыры келген соң Боржоми минералды ашық бассейінене шомылып қайтайық деп, таңғы 5-те тұрып парк жаққа аттандық.

Шехведрамде, Грузия!

Өйткені сегіз жарымда әуежайға үлгеру үшін ертерек жолға шығып кетуіміз керек.
Ал әуежайға келген соң, неше күннен бірге жүрген жолбастаушы Турнике және Макамен қимай қоштастық. Олар «қоштаспаймыз, шехведрамде – көріскенше дейміз» деп тағы да ыстық ілтипатын аямауда.
Грузия бізді ерекше қонақжайлығымен, көнеден қалған тарихи орындарымен, дәмді дастарханымен таңқалдырды. Әлбетте, 4-5 күнде бәрін көріп шығу мүмкін емес.
«Эйр Астанамен» арманың орындалады екен. Тек дұрыс бағытта армандау керек!

Шехведрамде, Грузия!

Ғалия Қалиева,
Алматы – Тбилиси – Алматы
(Суреттерді түсірген автор)

 

 

Керек-дерек!

 «Эйр Астана» әуе компаниясы Грузия бағытындағы рейстерін Алматыдан 2011 жылы, Нұр-Сұлтаннан 2015 жылы ашты. 2018 жылға дейін елімізден Грузияға 77 мың жолаушы ұшып барып қайтса, 2019 жылдың жарты жылында олардың саны 7 пайызға өскен. Ал соңғы үш жылмен салыстырғанда, бұл бағыттағы жолаушы тасымалы орта есеппен 19 пайызға артты. Отандастарымыз негізінен Тбилиси, Боржоми, Кахетия аймағы (Алазан алқабы), сондай-ақ Батумиге барады.

Шехведрамде, Грузия!
Сондай-ақ «Эйр Астана» әуе компаниясының қызметін пайдаланатын Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Үндістан азаматтары да Грузияға қызығушылық танытады. Осы бағытта Малайзия мен Таиландтан да жолаушы ағымы артуда. Өйткені әуе компаниясының транзит жолаушыларға ұсынар артықшылығы көп. Бұл – қауіпсіздік пен ең жоғары деңгейде қызмет көрсету, визасыз режим және «Стоповер Холтидейс» бағдарламасы.
Сондай-ақ туристер Грузияны аралаған соң, әрмен қарай Арменияға барып, одан кейін Әзірбайжаннан кері үшып шыға алады. Ол елден де «Эйр Астана» тұрақты рейстерді жүзеге асырады.

13 қыркүйек, 14:24
Айман Омарова, адвокат: Ең бастысы –диалог
13 қыркүйек, 14:10
Қармақ емес, балық сұрайды
13 қыркүйек, 11:19
Мәдениетіміздің өлшемі (видео)
06 қыркүйек, 12:40
Ең бастысы – қоғамда әділдік орнату
06 қыркүйек, 12:14
Абайтанушы ғалым эстафетаны жалғады (видео)
26 тамыз, 15:22
Қайсар қыз, Әнел!
23 тамыз, 11:53
Мұнайшы да болып көрдік
22 тамыз, 20:35
Оқушы киімі қанша тұрады?