jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жолдағы жүгенсіздік

12 шiлде, 12:49
649

Жолдағы жүгенсіздік

Жолда жүгенсіздік өршіп-ақ тұр. Әңгіме қара жолдағы қызық пен тұздық турасында. Талғар – Алматы арасын күніне ары-бері екі рет басамын. Жол-жөнекей жанар-жағармайдың ақшасын шығару үшін адам ала кететінім тағы бар. Қайсы күні жұмысқа асығып, біреуден озып, біреуден қалып, құстай ұшып келе жатқанмын. Қаланың шетінде, нақты қай тұста екені есімде жоқ, бір көк машинадан озып, алдына түсіп кеттім. Кептелісте келе жатқанда біреудің алдыңа түскені намысыңа тиеді. Бірақ қара жолда сылбыр қимыл да жараспайды. Сағызша созылып жүрсең, барар жеріңнен кешігесің немесе алдыңа біреу түсіп, жолыңды кесіп, мазаңды алады.
Әдетте жолда біреудің алдын кесу, біреуден озып кету деген сияқты «қары жарыс» жиі болып тұрады. Оған бола намыстанып, жаға жыртысатын әдетім жоқ-ты. Бірақ сол үшін намысы найзағайдай жарқылдайтындар бар екен. Жолын орап кеткен көк машинадағы әлгі жігіт менің қыр-соңымнан қалмай, Саяхат автобекетіне дейін қуып келді. Жол бойы оны байқамаппын. Автотұраққа келіп тоқтап жатсам, машинамның алдын орап келіп тізгін тартсын. Жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Келе-сала жағамнан алды. Әй-шәй деген жоқ. Қалш-қалш етеді.
– Не болды, бауырым? – дедім. Жағамнан қолын қағып жібердім.
– Сен неге менің алдымды орап, жолымды кесіп кеттің? – деп, иегі кемсеңдеп, жыларман күйде бір қызарып, бір көгерді.
– Жол бәрімізге жетпей ме?
– Жоқ! Жетпейді. Қаланың сыртымен ГРЭС-ке кетуім керек еді. Артыңнан еріп Саяхатқа дейін келдім.
– Неге келдің? Кете бермедің бе? – дедім, күлкімді тежей алмай.
– Күлме, бауырым! Сенің қателігіңді көзіңе көрсетейін деп келдім – деп, дір-дір етеді. Жұдырығын түйіп алған. Ұрғысы келетін сияқты.
– Бауырым, жол үшін кім көрінгенмен жаға жыртысатын шамам жоқ. Аман бол! – деп бұрылдым да кетіп қалдым. Анау сұқ саусағын көстең-көстең еткізіп арт жақта қала берді. Жол бойы әлгінің қылығын ойлап бір күліп алдым.
Сол оқиғаға ұқсас бір қызық видео кеше әлеуметтік желіде таралды. Алматы көшесінде болған. «Хоба» жүк көлігі атан түйедей Nissan Patrol жеңіл көлігін қаланың қақ ортасында итеріп бара жатыр. Видеоның толық нұсқасы кешігіп шықты. Көрдік. Оқиға былай болған көрінеді. Темір тұлпардың иелері жолға таласып қалған сияқты. Жеңіл көліктің иесі жүк машинасын жібермей, алдын жауып тастайды. Оған ашуланған «Хобаның» жүргізушісі алдында тұрған Nissan-ның төрт аяғын тыпырлатып, асфальттан көк түтін шығарып тұрып итерді. Машинамен машинаны сүйрегенді көруші едік. Бірін-бірі итерген көлікті бірінші рет көрдік.
Осы аптада тағы бір оқиға болды. Ол да сайт пен әлеуметтік желілерде тарады. Қызық болғанда автобус пен самокат жолға таласып қалады. Автобустың жолында самокат айдаған дөңбектей жігіт жолаушылар көлігіне жол бермей, не озып кетпей, не қалып қоймай, аялдамаға дейін жарысады. Аялдамаға тоқтаған сәтте әлгі жігіт жолаушылар көлігіне кіріп, жүргізушіге бір-екі жұдырық жұмсайды. Бірақ қашып кете алмады. Сол жерде жүргізуші мен бұзақы арасында біраз ырың-жырың әңгіме туады. Аузы-мұрны қанаған автобустың жүргізушісі жол полицейлерін шақырады. Сол аралықта өзінің кінәсін сезген әлгі самокаттың иесі қашып құтылғысы келеді. Бірақ жамандықты кім кешірсін?! Тұра қашпақшы болған жігітті ұшып келе жатқан машина мұрттай ұшырды. Жол полицейлері таратқан мәліметтерге қарағанда, жігіттің омыртқасына зақым келіпті.
Жол қателікті кешірмейді. Қара жолда бір-біріне есе бермейтін өзімшілдер мен көлік тізгіндеген көкелердің көргенсіздігі соңғы уақытта белең алып бара жатыр. Қазақ «Жол мұраты – жету» дейді. Бірақ жететін жеріңізге аман-сау, ешкіммен ұрыспай-керіспей, қарғыс алмай, алғыспен жеткенге не жетсін?!

Жарас КЕМЕЛЖАН

13 қыркүйек, 14:24
Айман Омарова, адвокат: Ең бастысы –диалог
13 қыркүйек, 14:10
Қармақ емес, балық сұрайды
13 қыркүйек, 11:19
Мәдениетіміздің өлшемі (видео)
06 қыркүйек, 12:40
Ең бастысы – қоғамда әділдік орнату
06 қыркүйек, 12:14
Абайтанушы ғалым эстафетаны жалғады (видео)
26 тамыз, 15:22
Қайсар қыз, Әнел!
23 тамыз, 11:53
Мұнайшы да болып көрдік
22 тамыз, 20:35
Оқушы киімі қанша тұрады?