jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп

05 шiлде, 12:16
295

Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп

–Алтынбек аға, әр жылдың табалдырығын аттағанда мәдениетімізден мәні зор дүниелер, өнерден жаңа туындылар күтеміз. Тіпті ақындардың да, сазгерлердің де рухы мықтылығын шығармасынан байқауға болатын секілді. Бұл ойымызға сіз қалай қарайсыз?
–Адамның жүрегінен шыққан кез келген туынды өзгенің өмірін өзгертуге себепші болмаса, ол шығарманы өлі туынды деп есептеуге болады. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің де, сазгерлерінің де бар мақсаты алға ұмтылу болуы тиіс. Тәуелсіздіктің 27 жылында тамаша туындылардың дүниеге келгені – рухы мықты азаматтарымыздың адал еңбегі, маңдай тері. Бұған «Шабыт», «Елім менің» секілді байқауларының да ықпалы болды. Осы шараларды ұйымдастыру барысында қазылар алқасының мүшесі, төрағасы болып та талай нәрсеге көз жеткіздім. Дегенмен, өз басым ғажап туындылар өте көп деп айта алмаймын. Мәселен алғаш рет өткізілген «Елім менің» байқауына отыздан астам шығарма түсті. Соның ішінен бірен-сараны ғана таңдаулы әндер қатарын толықтырды. Одан бергі уақытта да жүздеген ән өмірге келді, басым көпшілігі ұмытылды. Демек ән жазуда да сан қуып кеткен секілдіміз. Аллатағаланың берген бір сыйы болмаса, күштеп жазылған ән жүректе қалмайды. Астана, Алматы қалалары туралы қаншама ән жазылды. Қазір қайсысы көбірек айтылып жүргенін жұрт өзі айтсын.
Жақсы ән – жүректегі жараны жазады, өмірді, елді сүюді үйретеді. Сол себепті бізге есте қалатын әндер ғана көбірек керек. Өз басым бір-екі жылда бір ән жазамын. Соның өзі жұртқа қаншалықты ұнайды деген ойда жүремін. Ән әлемінде оңай дүние болмауы керек. Уақытында келген ән ғана тамаша. Мысалы мен «Көк тудың желбірегені» деген әнді уақытпен үндес әдемі ән ретінде жоғары бағаладым.
–Егемендік алғалы бері сіз де тәуелсіздігімізді ту етер әдемі әндер жаздыңыз. Тіпті бұған Елбасының ықпалы да болған деседі жұрт.
–Иә, бұл әңгіменің жаны бар. Бір қызығы, біздің ұлтымыз жақсылыққа құштар. Тіпті Елбасының өзі ұлт рухын көтерген әндерді ерекше тыңдайды. Домбырамен халық әндерін, патриоттық әндерді де нәшіне келтіре орындайды.
Айталық жұрт жылы қабылдаған, жиі айтылатын «Үш қоңыр» әнін жазуыма Нұрсұлтан Әбішұлы себепші болды. Ол жаңа ғасырдың басында туған әннің бірі де бірегейі.
Бір жылдары Президентіміз «Үш қоңыр» жайлауында мерейлі жасын атап өтті. Ол кезде мен Алматы облыстық филармониясын басқаратынмын. Бір топ әнші-күйшілермен сол жерге бардық. Түс әлетіндегі концерт кезінде көмекшісі келіп: «Алтеке, сізді Елбасы шақырып жатыр», – деді. Бардым…
Амандық-саулық сұрасқан соң: «Сен неге ән айтпайсың?», – деді. Мен қарамағымдағы әншілердің сахнаға шығып жатқанын айттым. «Филармония директоры болғаның жақсы, бірақ мен үшін әншісің. Ән айт», – деді. Содан екі ән аттым. Ол кісі: «Көзіңнің айналайын қарасынан» деген әнің бар еді ғой, соны айтшы», – деді. Оны айтпағаныма біраз жыл болған. Үш шумағын айтып, қалған екі шумағын ұмытып қалыппын. Есіме түсіре алмай тұрғанымда, Нұр аға «әкел домбыраңды» деп қалған екі шумағын өзі айтып берді. Бұдан ол кісінің өнерді қаншалықты құрметтейтінін білуге болады. Содан тағы да сөзге тартып:
–Алтынбек, мына жайлау саған ұнай ма? – деді.
–Аға, бала кезімде Аспара мен Сусамыр жайлауынан алажаздай шықпаушы едім. Жайлау дегенде делебем қозып кетеді, – дедім.
–Мен «Үш қоңыр» деген өлең жазайын, соған ән шығар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Расы керек, айтарымды айтып алып, кейіннен қатты толқып, ұзақ жүрдім. Екі мыңыншы жылдың басында елімізге Хуан Карлос келді. Сонда Қаскелең шатқалындағы жиынға барып, концерт қойдық. Шара аяқталған соң Президент кеткелі жатқанда көмекшісі «Үш қоңыр» әнін Алтынбек Қоразбаев сізге тыңдатқысы келеді», – деген екен Нұрсұлтан Әбішұлы көлігінен түсіп, киіз үйге қайта кірді. Әнді тыңдап, қуанышын жасыра алмады. Бір айдан кейін көмекшісі телефон шалып, мемлекет басшысы жазған әннің мәтінін жіберді. 2003 жылы «Музарт» тобымен Көкшетауға барып, Бурабайда Елбасының алдында алғаш рет өңделген күйінде орындадық. Ол кісі бірнеше рет тыңдады. «Мына ән әбден пісіпті. Маған қатты ұнады. Енді мына Сарыарқаның төрінен астана салып жатырмыз. Енді киелі Сарыарқаға арнап бір ән жазайық», – деді.
Бір жыл шамасында ән дайын болып, 2007 жылы осы әнді «Бәйтерек» тобы ән байқауында орындап бірінші орын алды. Содан осы әнге бейнебаян түсірді.
Ал менің айтайын дегенім, Елбасының өзі ұлт рухын көтеретін әндерге барынша назар аударып отырғанда сазгерлердің нашар ән жазуы ұят секілді. Түптеп келгенде әдемі ән ұлт, ұрпақ, ел үшін керек.
–Жылда тәуелсіздік қарсаңында жаңа әндер орындалып жатады. Ширек ғасырдағы осындай әндерді жинар болсақ, мұны рухани байлықтың қайнар көзі деуге болады.
–Шынында да рухани байлықтың бір бөлшегі – патриоттық әндер. Ширек ғасырда аз да болса отаншылдықтың үлгісін көрсететін, тәлім алатын, жігерді жанитын әндердің қатарын толықтыурға үлес қосқаныма шүкіршілік етемін. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ақын Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» деген әнім орындалды. Сексенінші жылдары шаққанымен жаңадан өңделген соң бұл құлпырып шыға келді. Мен үшін бұл да бір бақыт.
Әнді ескі деуге келмейтіндері бар. Бұл – мәңгілік мұра. Тіпті тойларда да патриоттық әндер айтатын үрдіс байқалады. Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекенін» тойларда барлық жастағылар зор ықыласпен тыңдайды екен.
Той дегенге атүсті қарауға болмайды. «Жұрттың басын қосатын, қуанышқа дастархан жайылатын жер» дегеніміз болмаса, ол жерде де ұлттың ұлы құндылықтары барынша насихатталуы керек. Сондықтан ұлттық ойындар ойналып, аталы сөздер айтылып, халық әндері, патриоттық әндер орындалып жатса, бұл елдікті, ерлікті насихаттаудың төте әрі тамаша жолы деп қарау керек.
Бұрындары тойға барған жұрт жарыса арақ-шарап ішетін. Қазір ол әдет қалды. Алыстағы ауылдың өзі халал той жасауды көбейтті. Есесіне той концертке айнала бастады. Бұл жерде отаншылдық рухтағы әндер жиі орындалып жатса, оған тек қуануымыз тиіс. Тек оны мазмұн жағынан байытуды ойластырған жөн.
Бірер жыл бұрын «Тәуелсіздік тұғырым менің» деген ән байқауы болды. 30 шақты әннің арасында бірнеше ән ғана таңдап алып, әншілерге сыйлығын бердік. Бұл бәрімізден ізденістің қажеттігін аңғартты.
Иә, өмір алға жылжыған сайын еліміз дамып, өркендеп келеді. Болашақ ұрпақ тәуелсіздіктің талай жылдарын тойлайтыны даусыз. Ұлы тойларымыздың барлығына да тек әдемі әндер арналса екен деп тілеймін.
–Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!