jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы

28 маусым, 10:21
449

КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы

Көшедегі дүкен мен базарда тұрған кәдімгі қаптың түп-тегі полимерге, одан әрі «көгілдір отынға» барып тірелетінін біреу білсе, біреу білмес. Қазбаласаң, Атыраудағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан зауыттың бұйымы болып шығады. Бірақ оны жасауға қажетті полипропилен түйіршектері (гранула) көрші елдерден жеткізіледі. Ал сол өңірде салынып жатқан аса ірі газхимия кешенінің құрылысы аяқталғанда әлгі түйіршікті өзіміздегі газды өңдеу арқылы алуға болады.

Өткен жетіде «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тәуелсіз мемлекетіміз тарихында тұңғыш газхимия кешенінің құрылысымен танысты. Алып кәсіпорынның алғашқы фазасы 500 мың тонна полипропилен, яғни қазір әлемде жаппай сұранысқа ие полимер өндіруді көздейді. Оның кереметіне мақала барысында тоқтала жатармыз. Әзірге отандық мұнайгаз саласының әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық экономиканы әртараптандыруға айтарлықтай үлес қосатын осы кешен жөнінде айта кетсек.
Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) компаниясы осынау инвестициялық ірі жобаны бұдан біраз жыл бұрын Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында қолға алған болатын. Былтырғы маусым айында жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына (ҚМГ) сенімді басқаруға берілгеннен кейін кең ауқымды құрылыс жұмысы жандана бастады. Бұл дер кезінде қабылданған оңтайлы шешім еді. Өйткені, жаңа менеджмент аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Әлгі жобаны іске асыруда ілгерілеу (прогресс) көрсеткіші бүгінде 6 пайыздан 34 пайызға дейін жетті. ҚМГ аталған нысанның құрылысын 2021 жылдың ортасында аяқтауды көздеп отыр. Сол кезде пропанды дегидратациялау (PDN) және пропиленді полимеризациялауға арналған негізгі технологиялық қондырғылар салынуы тиіс. Соңғысы әлемдегі полимер өндірісінде лидер болып табылатын Lummus Technology компаниясының лицензиясына сай технология бойынша жүзеге асырылмақшы. Бұған қоса, мұнда 32 ірі инфрақұрылым нысаны бой көтереді.
Алып кешендегі құрылыс барысы жөнінде мағлұмат берген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының өңдеу және маркетинг жөніндегі орынбасары Данияр Тиесов кәсіпорынның бас жоспары мен қажетті технологиялық сызбалар, жұмыс құжаттарының бекітілгенін, 1200 адам тартылып, 36 қосалқы мердігерлік компания жұмыс істеп жатқанын атап өтті. ҚМГ топ-менеджері жобаны іске асыру барысында ұлттық компанияның Шымкент, Атырау және Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау барысында қол жеткізілген тәжірибені молынан пайдаланатындарын хабарлады. Д. Тиесов салынып жатқан бірегей кешеннің ерекшелігі мен маңызына тоқталды. Ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан тарихында бірінші рет жекелеген алаңдарда жоғары бөліністі өнім өндіруге мүмкіндік беретін аса ірі кәсіпорынды салуға және оны пайдалану жобасын іске асыруға кірісті. Жоба ұлттық компанияға берілген сәттен бастап, құрылыс қарқын алды. Біз осы мұнайхимия кешенінің ел дамуында айрықша маңызы бар екенін ескере отырып, құрылыс кестесін оңтайландырдық. Еліміздегі үлкен жобаларда бай тәжірибе жинаған кәсіби мамандарды тарттық», – дейді.
Бүгінде кәсіпорынның 3D моделін дайындау көрсеткіші 60 пайызды құрап отыр. Осы арада кешенді жобалауға отандық «Қазақ мұнай және газ» институты қатысып жатқанын айта кеткен жөн. Жалпы, ҚМГ өз қызметінде қазақстандық мазмұнға айтарлықтай көңіл бөледі. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан 36 қосалқы мердігердің 33-і жергілікті компаниялар. Сонымен қатар, жобаға зерттеу институтымен бірге, құрал-жабдық дайындау ісіне «АтырауНефтеМаш», Петропавл ауыр машина жасау зауыты, «Имсталькон», «Sewon Vertex» сияқты жергілікті кәсіпорындар тартылды. Сондай-ақ, отандық логистикалық компания Еуразия экономикалық одағына кіретін елдердің аумағынан жүкті құрылыс алаңына дейін жеткізумен айналысады. Газхимия кешеніндегі қызметкерлердің 90 пайызы – отандық мамандар.
Қазіргі уақытта KPI нысандарында қада қағу, іргетас қалау жұмысы аяқталып, жерасты коммуникацияларды монтаждау басталды. Негізгі құрал-жабдықтарға тапсырыс беру ісі бітуге жақын қалды. Құрылыс алаңына құбыр мен оған қажетті материалдарды жеткізу қолға алынды. Металл конструкциясының алғашқы бөлігі (95 тонна) құрылыс алаңына жеткізілді. Құбыр желісі тораптары мен металл конструкциясын құрастыратын және бояйтын цехтар салынды. Бетон құю жұмысы 46 пайызға орындалды. Сондай-ақ, көлік инфрақұрылымы, соның ішінде теміржол құрылысы жүргізілуде.
Кәсіпорын іске қосылғанда жарты миллион тонна полипропилен өндірілетінін әңгіменің басында айтып өттік. Пропиленді полимерлеу арқылы алынатын осы ақ түсті қатты заттан қазіргі заманғы пластиктің түр-түрін шығарады. Ол азық-түлік, машина жасау, медицина салаларында кеңінен пайдаланылады. Мұны түрлі орауыш, қап, дорба, құбыр, офис керек-жарағы және жиһаз жасауда да қолданып жүр. Мамандар халық тұтынатын тауарлардың 96 пайызы осы саланың тікелей араласуымен жасалатынын алға тартады. Ал пропилен пластик ретінде бүгінде әлемдегі ең басты өнімнің біріне айналып отыр. Атырау өңірінде салынатын газхимия кешені елімізде мұнайхимиясы кластерін дамытуға серпін беріп, көмірсутегі көздерінен сапалы әрі жұрт жаппай пайдаланатын өнім шығаруға септігін тигізеді. Сөйтіп келешекте тек елімізді ғана емес, Орталық Азия өңірін де қамтамасыз етуге болады. Осы арада «Өзбектер де полипропилен шығарады, тауарды өткізу жайы қалай болар екен?» -деген сауал туындауы мүмкін. Айта кеткен жөн, Өзбекстандағы Үстірт газхимия кешенінінде өткен жылы 66 мың тонна полипропилен өндірілді. Биылғы меже 83 мың тонна шамасында. Осы тұрғыдан алғанда, отандық экономиканы диверсификациялаудың негізгі бес бағытының бірі деп белгіленген мұнайхимия саласының мүмкіндігі шынымен де мол.

Талап Тілеген

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!