jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Терминология неге теңселеді

17 маусым, 11:38
48

Терминология неге теңселеді

Елімізде терминология мәселелеріне білікті мамандармен қатар Парламент Мәжілісі тарапынан да арнайы көңіл бөлініп, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы да Парламент төрінде сөз болған терминология тақырыбы – осы саланың маңызы мен кеңесіп шешетін өзекті мәселелерінің аз еместігін көрсетті.  «Қазіргі қазақ терминологиясының өзекті мәселелері» деген тақырыппен өткен басқосу қордағаланған мәселенің әлі де жеткілікті екендігін байқатты. Біз осыған қатысты филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлын әңгімеге тартқан едік.

Бұл саладағы бірінші кезекте атқарылуға тиісті жұмыстар мен шешімін таппаған мәселелер жөнінде сөз болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде екі мәселеге ерекше мән беру қажет деп ойлаймыз. Ең алдымен, терминология дамуының бағыт-бағдарын белгілеп отыратын ғылыми кадрлардың, әсіресе термин жасауға машықтанған, терминологиялық жұмыстарды кәсіби тұрғыдан жүргізуге құзыретті практик терминші мамандардың жеткіліксіздігі мен барының осы істің басы-қасында болмауы, өздері маманданған іспен тікелей айналыспауы. Екіншісі, терминологиялық жұмыстардың республикалық деңгейде жүйелі түрде, үйлестіре отырып, жоғары кәсіби деңгейде жүргізілмеуі. Қазақ терминологиясының шешімін таппай жатқан өзге мәселелерінің бәрі осы ең басты екі мәселені дұрыс шешіп, жолға қоймаудан туындап отыр деуге болады.
Терминология саласында түк істелмеді, мүлде жұмыс жүргізілмей жатыр деуге болмайды. Бізде осы екі бағыт бойынша да азды-көпті атқарылып жатқан жұмыстар, қол жеткен нәтижелер бар. Бұл атқарылған істер негізінен Үкімет жанындағы республикалық терминология комиссиясы мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, кейінгі жылдардағы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, жоғары оқу орындары мен әртүрлі мекемелерде еңбек етіп жүрген жекелеген ғалымдар мен мамандар ізденісінің нәтижесі.
Тәуелсіздік жылдарында бұрынғы кезеңмен салыстырғанда терминтану саласы бойынша ғылыми кадрлар мен практик мамандар біршама көбірек даярланды. Түрлі ғылым саласының терминологиялық сөздіктерін жасап, оқу құралдарын жаза жүріп өз ізденістері арқылы сөздікші-терминші ретінде қалыптасқан сала мамандары да бар. Алайда ондай мамандардың көбі қазір әр салада, түрлі мекемелерде қызмет етеді. Олар күш біріктіріп, ортақ іске жұмыла кірісіп, өздері маманданған терминология мәселелерін шешу ісіне әрі баршаға ортақ шаруаға атсалысып, білетін ісімен айналысып отырмағандықтан, ұлттық терминдер қорын қалыптастыру сияқты өте ауқымды жұмыс тиісті деңгейде атқарылып, бұл мәселе толық шешімін таба алмай келеді. Іс нәтижесіне, осы мерзімге дейін атқарылған жұмыстардың ауқымы мен сапасына сыни тұрғыдан қарасақ, әзірге тіл тұтынушыларының сұраныстарын өтеп, ғылым тілінің қажеттілігін мінсіз қамтамасыз ете алатындай жетілдірілген терминжүйе қалыптастырдық деуге әлі де ертелеу. Бұл негізінен қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы қолданысына, қоғам тарапынан оған деген қажеттіліктің толық туындамай отыруымен де тікелей байланысты. Соған қарамастан, қолда бар мүмкіндіктер барынша пайдаланылып, ғылыми әлеует пен істі ұйымдастырушылар осы саланың өзекті мәселелерін шешуге жұмылдырылып, жоспарланып, өткізіліп жатқан іс-шаралардың ауыз толтырып айтатын нақты жетістіктері мыналар деуге келгенде де тосылып қаламыз.
Ендеше, терминологиялық жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді тетіктерін тауып, жетілдірілген терминжүйе қалыптастыру мақсатымызға апаратын ең ұтымды жолымен келе жатырмыз деген қорытынды жасауға негізіміз де көп емес. Олай болса, терминжасам мен терминдерді реттеу, біріздендіру, бекіту кезіндегі формалдылықтан арылып, терминологиялық жұмыстарды ұтымды ұйымдастырудың, іс сапасын көтерудің тиімді жолдарын әлі де бірлесе іздеуімізге тура келеді. Ол үшін алдымен бұл бағытта туындап отырған мәселелерді анықтап, істі жүргізу барысында кеткен кемшіліктерімізді айқындап алған жөн шығар. Содан кейін барып оларды түзетудің, алдағы уақытта атқаратын тірліктерімізді тиімді ұйымдастырудың жолдарын қарастыруға мүмкіндік аламыз.
Енді терминологияны ретке келтіруде қандай кемшіліктер жиі байқалады дегенге келсек, мына мәселелерді атауға болады:
Терминологиялық жұмыстарды жүргізудің негізгі бағыт-бағдары, терминқор қалыптастырудың ғылыми қағидаттары айқын емес. Терминологиялық жұмыстарды жүзеге асыру кезінде белгілі бір баршаға ортақ ұстанымдар мен қағидаттар басшылыққа алына бермейді немесе оларды жауапты құрылымдар мен осы жұмысқа жетекшілік етушілер қалауына қарай өздері белгілейді, жиі өзгертіп алады. Терминге, терминологияға бұлай қарау – бұл саладағы жұмыстың жолға қойылмағандығын, істің ғылыми, кәсіби тұрғыдан тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын көрсетеді. Соның салдарынан тұрақты қолданылатын ұлттық ғылыми терминологиялық қор қалыптасып, толық орнықпай отыр.
Ұлт тілінде жасалған терминдердің сапасын анықтап, олардың арасынан ғылыми ұғымды дәл беретін, тілдік нормаға сай сәтті жасалғандарын уақтылы сұрыптап, іріктеп алу жолға қойылмаған. Соның салдарынан түрлі факторлар (автордың беделге басуымен, жеке тұлғалардың қалауымен, лауазымды адамдардың ықпал етуімен т.б.) әсерінен терминге қойылатын талаптарға сай жасалған нұсқа таңдалмай, сәтсіз жасалған атаулар қолданысқа еніп, ресми бекітіліп кетіп жатады.
Терминдерді ресми бекітуге ұсыну мен бекіту, сондай-ақ олардың қолданысын орнықтыру жұмысында жүйелілік, сабақтастық жетіспейді. 90-жылдардан бастап терминқорымыздың ұлттық сипатын арттыру мақсатында кезінде орыс тілінен аударылмай өзгеріссіз қабылданған көптеген терминдердің қазақша баламалары жасалып, қолданысқа енгізілді. Олар жұртшылық санасына сіңіп, тілдегі қолданысы енді тұрақтай бастағанда сондай орынға бастаған атаулардың бірқатары қайта қаралып, бастапқы қалпына келтірілді. Мысалы: аукцион (90-жылдарға дейін) – бәссауда (2009) – аукцион (2014), гимн (90-жылдарға дейін) – әнұран (1992) – гимн (2014), музей (90-жылдарға дейін) – мұражай (1998) – музей (2014), процент (90-жылдарға дейін) – пайыз (2000) – процент (2018), принцип (90-жылдарға дейін) – қағидат (2000) – принцип (2014) және т.б.
Иә, терминдерді жүйелеп, жетілдіріп, талаптарға жауап бермейтіндерін алмастырып отыру үздіксіз атқарылатын, ешқашан тоқталмауға тиіс жұмыс. Қатып қалған ешнәрсе жоқ. Термин шығармашылығы да жанды процесс. Бір бекіткен терминді өмірбақи солай қолдану қажет деп отырған жоқпыз. Бірақ, айналдырған 15-20 жылдың ішінде бір терминді екі-үш рет қайта бекіту деген мүлде ақылға сыйымсыз тірлік. Кеткен кемшіліктерді түзету, сәтсіз жасалған терминдердің орнын жаңа баламалармен алмастырылуы орынды. Алайда осылай әр он-он бес жыл сайын терминдерді қайта-қайта бекітіп, жиі-жиі өзгерте берсек, біз ғылым тілінің, салалық терминдер жүйесінің орнығуын, терминдердің тұрақты қолданылуын қамтамасыз ете алмаймыз. Тәуелсіздіктің 25-30 жылында бес рет қайта бекітілген атаулар бар. Мұны қалай түсінуге болады? Терминдерді бекітуді дәл осындай жиілікпен жүзеге асыру терминдерді қалыптастыруға, олардың тұрақты қолданылуына қол жеткізуге емес, керісінше, олардың тұрақтамауына апарып соқтырады. Жұмысты бұлай атқару жұрттың басын қатырып, мамандарды шатастырады. Сол себептен де белгілі бір терминді бекітуге ұсынушылар да, оны бекіту жауапкершілігіне ие комиссия мүшелері де өздеріне жүктелетін зор жауапкершілікті терең сезінгені абзал.
Бекітілген терминдерді тұрақтандырып, оларды тіл тұтынушыларына, сала мамандары мен жұртшылыққа уақтылы таныстыру, қажет кезінде электрондық жүйелерден іздеп табу, тілдік қолданысқа енгізу тетігі жасалмаған. Осы жұмыстың жолға қойылмау салдарынан бүгінге дейін бекітілген 24 мың терминнің елеулі бөлігі ғылым тілінде кеңінен қолданылмайды. Мысалы, мына сияқты ресми бекітілген ішкіндік (гипоцентр), түтінтартқы (дымосос), қарымжы (задаток), майтұрақтылық (маслостойкость), айданды (дистиллянт) тәрізді терминдерді кім қолданып жүр? Бұндай терминдер ондап, жүздеп саналады. Осы жағдайдың өзі біздің «Мемлекеттік бағдарлама бойынша индикатор белгілеп, сан қуалап жыл сайын мыңдаған терминдерді ресми бекітуіміздің тиімділігі қандай?» деген заңды сұрақ туындатады. Жалпы терминдерді осылай санмен жоспарлап бекітудің өзі қисынсыз тірлік. Келесі бағдарламада мұны ескеру керек деп санаймыз.
Атқарылған жұмыстар бір-бірімен байланыссыз, шашыраңқы түрде немесе тар ауқымда жүзеге асырылады. Сондықтан бұл істе үйлесімсіздік, мамандардың бірінің істегенін екіншілері қайталау, реті мен маңыздылығы тұрғысынан кейін жасалуға тиісті жұмыстарды алдымен қолға алу сияқты кемшіліктер жиі байқалып жатады. Мәселен, бір ғана ғылым саласы бойынша бір-біріне қайшы тұстары көп терминологиялық сөздіктердің жарық көруі, бір мекемеде, оқу орындарында атқарылған жұмыстар, жазылған еңбектер жөнінде өзгелердің хабарсыз болуы және т.б.
Бұл істі басқару мен ұйымдастыруға кәсіби тұрғыдан келмеуден туындап отырған жағдай. Сол себептен де терминологияның шешімін таппаған, қордаланып қалған мәселелері әлі де азаймай отыр. Бұл саладағы жұмыстар жемісін беруі үшін мына төмендегі мәселелер рет-ретімен, жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз:
1. Жоғары білікті терминтанушы ғылыми кадрлар мен практик терминші мамандар даярлау (ҒЗИ, ЖОО-да терминтанушы ғылыми кадрлар даярлау, сала мамандарына терминология бойынша арнайы курстар жүргізу);
2. Бүкіл терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде басқару мен ұйымдастыру тетігін жетілдіру; (Терминкомның құқықтық мәртебесін күшейту, құзыретін нақтылау, жұмыс істеу тәртібіне өзгертулер енгізу).
3. Терминологияның бағыт-бағдарын белгілеп, терминологиялық жұмыстарды республикалық деңгейде ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ете алатын кадрлардан, терминологиялық жұмыстарды жүргізуге маманданған салалық мамандардан, терминшілерден тұратын білікті мамандар шоғырланған, терминкомға ұсынылған терминдерді сараптамадан өткізетін арнайы құрылым құру (Онда терминологиялық жұмыстарды жүргізудің теориясы мен практикасын, әдістемесін білетін терминтанушылар мен, тәжірибелі практик мамандар, лингвистер, жаратылыстану, нақты ғылымдар мен қоғамдық ғылымдар өкілдері, түрлі саланың терминдерін жасап, терминологиялық сөздіктер түзіп жүрген белгілі сала мамандары болуға тиіс).

Әңгімені жазып алған Жолдасбек ДУАНАБАЙ

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!