jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Шапанды сән үшін кимедім

14 маусым, 11:44
1097

Шапанды сән үшін кимедім

Елімізде Президенттік сайлау мәресіне жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Сарапшылар бұл сайлауды «Қазақстанның екінші жаңа дәуіріне жасалған қадам» деп бағалады. Өйткені бұл шараның жөні бөлек әрі өзгешелеу. Жұрттың, шетелдік және еліміздегі сарапшылардың да ойы осындай. Сонымен, сайлаудың қандай жаңалығы бар? Қарапайым халықтың белсенділігі қалай болды? Біз осы сауалдарды ел президенттігіне үміткер ретінде қатысқан қоғам қайраткері Сәдібек Түгел мен белгілі саясаттанушы Ерлан Саировқа қойдық.

Jas qazaq: Сіз Президенттікке үміткерлердің арасында өткен пікірталаста мінберге шапан киіп, қолыңызға қамшы ұстап шықтыңыз. Осы әрекетіңізді түсінбей қалғандар бар екен. Бұл жарнамаңыз ба әлде шын ниетпен жасалған қадам ба?

С.Түгел: Шапан кигенімді көргендер түрлі ойға қалғаны рас. Бірақ мен қай кезде де ұлттық өнер мен құндылықтарды құрметтейтін, зерлі шапан киюден арланбайтын азаматпын. Үйде шапан көп. Соның әрқайсысын күтіп ұстап, қонақтарыма да сыйға тартамын. Ал теледидар алдына киіп шыққан шапанымды 60 жасқа толғанымда ел-жұрт сыйлаған. Оны киелі қуанышқа киюді ойлап жүрген едім. Отбасымның қалауы да осы шапанға түсті. Қамшыға келер болсам, ол үйдің төрінде ілулі тұратын, көңілге ыстық құнды зат. Әлдекімдерге сес көрсету немесе көрермен «ұлтжанды екен» деп ойлау үшін қолыма алмадым. Қамшының сабын ұстап, қайыстың өріміне қарап отырудың өзі адамды демалдырады. Ресейдің бір блогері мен туралы «типичный казах» депті. Оларға әрбір әрекетім мен қадамым арқылы жауап бердім.
Өздеріңіз білесіздер, елімізге араб, үнді елдерінен лауазымды қонақтар ұлттық киім киіп келеді. Қандай жарасымды! Егер ресми шараларда біздің де қызметтегі азаматтарымыз ортаға ұлттық киіммен шықса, оның еш сөкеттігі жоқ. Менің әрекетім жарнама да, басқа да емес, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге деген шынайы қадам.

Jas qazaq: Сіздің ойыңызша бұл сайлаудың басты артықшылығы неде?

С.Түгел: Бұл сайлау адамдардың жүрегіне үміт отын жақты. Басты артықшылық – демократияландыруға шындап бет алғанымыз. Ашықтық, жариялылықтың көрінісіне куә болдық. Қазір біз өмір сүріп отырған қоғам «капитализм» деп аталады. Суреттеп айтар болсақ, оны жыртқыш аңмен салыстыруға болады. Жыртқыштар әлсіздерді тарпа бас салып жеп қоятыны бесенеден белгілі. Капитализм де сондай аласапыранымен ерекшеленеді. Сондықтан қысылтаяң кезде капитализмнің жөнсіз тұстарына тежегіштер керек. Ол – әділдікті ту ететін демократиялық құндылықтар. Егер сол құндылықтарды, әлгі тежеуіштерді, тәсілдерді дер кезінде қолданбасақ, біз түрлі қиындыққа тап боламыз. Біз соның кейбір көріністерін байқап отырмыз. Мысалы, шектен шығып кеткен жемқорлық, мемлекет қаражатын жымқыру, мүлікті талан-таражға салу. Шетелде жатқан қыруар қаражат. Ол -сіз бен біздің несібеміз. Халық маңдай терінің далаға кеткенін қаламайды. Елдің ақшасы елгі қызмет етуі тиіс. Жұртпен жүздесу барысында осы мәселе жиі сөз болатынын да байқадым. Өз басым «Жемқорлыққа тосқауыл қоямыз!» деген ұранды басты ұстаным еткеніме қуанамын. Жолым болған жағдайда осы түйінді тарқату үшін барымды салар едім.

Jas qazaq: Сайлауалды бағдарламаңыздың артықшылығы неде?

С.Түгел: Иә, бұл бағдарламам жарнама үшін емес, жаным ауыратындықтан жасаған қадам еді. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында барлық жерде қазақша сөйледім. «Ұлы дала қырандары» халықтық қозғалысының ұрандары мен ұстанымдары: «Ұлағатты ұрпақ – ұлттық ұстаным!» «Ауыл – алтын бесігіміз!» «Біз қырандармыз – біз біргеміз!» «Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз!» деген бастамаларды көтердім. Осының аясында ар-намысты оятуға түрткі болғым келді. Демографияға, шет елдерде тұратын қандастарымыздың атамекенге емін-еркін келуіне, мемлекеттік тілдің мәртебесін өз деңгейіне жеткізіп, толық қолданысқа енгізуге, Алашорданың идеяларын жаңғыртуға, «Билер сотын» енгізуге зор көңіл бөлдім.

Jas qazaq: Мұны бәзбіреулер ұпай жинаудың амалы деп те сырттай сөз етті…

С.Түгел: Түсінігі таяз азаматтардың солай ойларын сездім. Бірақ мен рухымызды көтеріп, ұлтымыздың болашағы нұрлы екенін дәлелдеу, құндылықтарды қадірлеуден асқан бақыт жоқтығын сезіндіру үшін осындай қадамды таңдадым. Ең бастысы, мен ешбір партия атынан ұсынылған үміткер емеспін. Біздің қозғалыс онсыз да жұрттың жүрегіндегі мәселені қозғап жүргені белгілі. Мен сол тақырыптың аясын кеңейтіп, жұртты жұдырықтай жұмыла түсуге шақырдым. Саяси додаға қатысуымыздың өзі ерекше оқиға деп есептеймін. Қордаланған дүниені халыққа көзбе-көз айтып, жүрекжарды ойымызды бөлісуге мүмкіндік алдық.

Jas qazaq: Додаға жеті адам түсті… Өз салмағыңыды бағамдай алдыңыз ба?

С.Түгел: Иә, жеті азаматтың да өмір жолы, еңбек жолы, тәжірибесі, адами қасиеті әртүрлі. Өзгелер секілді мен де мүмкіндігімді барынша пайдаландым. Жүрген жерімде халқымызды бірілікке, ынтымаққа шақырдым. Атадан-балаға жеткен барлық құндылықты көздің қарашығындай сақтауды. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерімізді сіңіруді үгіттедім. Ұлттық мемлекет болудың төрт негізін айттым. Ол – тіл, жер, діл және ар-ождан. Егер осы айтқандарымның тұғыры шайқалмаса, мемлекет те мықты болады. Бәрінен қызығы, қазір қала тұрғындарының басым бөлігі орысша сөйлейді. Олардың маған дауыс бермейтінін ескере отырып, осындай қадамға бардым. Ана тілімізді өз тұғырына қондыру жолында қызмет ету – бүгінгі ғана емес, мәңгілік мақсатым. Тіліміздің өгей баланың күйін кешіп отырғанын жасырмауымыз қажет. Тіпті ағылшын тілін жаппай оқыта бастауымыз ана тіліміздің тағдырын ауырлата түсті. Ата-аналардың бір бөлігі балаларын ағылшын тілі курсына беріп, сайрап кетуіне жол ашты. Ал қазақ тіліне дәл солай көңіл бөле бермейді. Ағылшын мен орыс тілі мысымызды басты. Әрине, бұл екеуінің де оқытылғанына, балалардың көп тіл білгеніне қарсы емеспін. Бірақ тәуелсіздік тұғырының бірі – мемлекеттік тілді білу міндетті ғой. Өкінішке қарай, біздің төрт тағанымыздың бірі шайқалып тұр. Осы мәселені ашық айттым. Жерге қатысты да пікірім осындай. Айталық – жер сату. Бұған еш уақытта келіспеймін. Бұл анаңды сатқанмен бірдей. Әрі үлкен қауіптің басы. Қазір қазақ жеріне қарап, анталап тұрғындар жеткілікті. Тіпті шетелдіктерге жалға берудің өзі дау тудыратын жағдай. Осындайда «жау жоқ деме, жар астында» деген мақал ойға оралады. Тіпті АҚШ-тың басты бәсекелесі Ресейдің өзі Аспан асты еліне келгенде әлсіздігін байқатып алды. Қазір Қиыр Шығысқа қоныстанған «қонақтар» бас ауруға айналды. Бұған алаңдайтынымыз, алдағы жылдары Елбасы жариялаған мораторийдің мерзімі аяқталады. Сондықтан болашақта әр қадамымызға сақ болуымыз тиіс.
Айтар ой көп, жоба-жоспар жеткілікті. Ең бастысы, әлем алдында қазақ деген ұлттың қайсар екенін, білімі мен мәдениеті мықты, ұлтжанды ұрпағы сенімді ақтайтынын дәлелдеуіміз керек.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...