jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Алып елдің бір бөлшегі

31 мамыр, 15:48
527

Алып елдің бір бөлшегі

Алматыдан барған бір топ журналист Цзинянда өткен үлкен жиынға қатысқан соң (ол туралы газетіміздің өткен санында жаздық), әрмен қарай Нинбо мен Ханжоу күтіп тұрды. Екі шаһар да Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға белсенді үлес қосып отыр.

Тоғыз жолдың торабы

Нинбо қаласы Шығыс Қытай теңізіне құятын Янцзы өзенінің оңтүстігінде қоныс тепкен. Қытайдағы маңызды халықаралық сауда логистикалық торабы саналатын Ниңбо-Жоушаң порты осында. Қазір ол әлемнің жүзге жуық еліндегі 560 айлақпен байланыс орнатқан. Бұл арадан Оңтүстік-Шығыс Азияға, Солтүстік және Оңтүстік Америкаға, сондай-ақ Африкаға тауар жөнелтіледі. Жылдық жүк айналымы 1 млрд тоннадан асады. Жаңа Жібек жолының Экономикалық белдеуіне енген елдер мен аймақтардан жеткізілетін жүк порттағы жалпы контейнер айналымының 40 пайызын құрайды. 2018 жылы Ниңбо-Жушаң арқылы 26 млн TEU (20 фут контейнермен есептелетін өлшем бірлігі) жүк өтіпті.
Міне, біз ежелден бері Жібек жолының бір тармағы саналатын, атағы жер жарған Ниңбо-Жоушаң портына келе жатырмыз. Өзін Таня деп атауды өтінген жолбастаушы қыз «Мына жолмен контейнер тасымалданады. Сондықтан кедір-бұдыры көп» деп кешірім сұрап қояды. Бізге салса, жол тақтайдай тегіс.
Әлбетте, айлақты аяғымызбен аралаған жоқпыз. Порт кеңсесі орналасқан ғимаратты місе тұттық. Бұл ең алдымен қауіпсіздікпен байланысты болса керек. Ниңбо-Жушаң порты үш бөліктен тұрады. Соның бірі – Бейлун. Бейлунге Ханжоу мен Шанхайдан жүкті жеткізетін теміржол тармағы жалғанған. Кеңсенің ең жоғарғы қабатынан сол Бейлундегі контейнер терминалына тамсана көз тастаймыз. Биіктен қарағанда ойыншық қорап секілді қатар-қатар тізілген контейнерде есеп жоқ. Әттең, тіл кедергісі осындайда білінеді. Жолбастаушы Таня кеңсе бастығы Тен Миннің сөзін шама-шарқынша аударып жатыр. Естіген құлаққа көп жәйт айтылғандай. Ал түйіндеген кезде шолақ болып қалды. Дегенмен осы аз-маз деректің өзі Бейлун портындағы жұмыс ауқымының зор екенін аңғартты.
Әр контейнердің салмағы 40 тонна десе, біреуінен түсетін пайда 10 доллар шамасында. Бір контейнерге жұмсалатын еңбекті ақшаға шаққанда 300 юаньнан аспайды. Күніне он мың тонна жүк тиеледі. Үш ауысыммен 1800 адам жұмыс істейді. Осы арадан АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азияға, барлығы 35 бағытта халық тұтынатын тауарлар үздіксіз жөнелтіледі.

«Жібек үйі»

Кезінде Марко Поло «Қытайдағы ең ұлы, ең ірі, ең бай шаһар» деп бағалаған Ханжоу бүгінде маңызды мәдениет ошағының бірі. Атақты Alibaba компаниясының негізін салған миллиардер Джек Ма – осы қаланың тумасы. Ханжоуда экологияға қатты мән береді. Жайқалған орман-бақты жан басына шаққанда 15 шаршы метрден келеді екен. Тұрғын саны 9 миллионнан асады.
Жібектің отаны Қытай екені көпшілікке аян. Ал Ханжоу үшін жібектің орны ерекше. Жергілікті жібектің құндылығы сонша, Тан династиясы кезінде оның қызығын тек императордың әулеті көргенге ұқсайды. Сун династиясы үстемдік еткен кезеңде Қытайдың астанасы болған Ханжоуды «Жібек үйі» деп атаған.

Алып елдің бір бөлшегі

Содан да болар, әлемдегі ең үлкен Жібек мұражайы осы Ханжоуда. Оған бас сұққан адам жібек өндірісінің бес мыңжылдық тарихымен танысады. Ежелгі Қытай билеушілері иығына ілген жібек киімді көзбен көреді. Мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған еңбек құралдары мен түрлі жәдігерлер қойылған. Жұмысын 1992 жылы бастаған ұлттық мұражайда б.д.д. 3 мың жыл бұрынғы көне жібекпен бірге, бүгінгі заманда шығарылған жаңа маталар да қойылған. Тоқыма және бояу залында жібекті өндіру кезеңдерімен танысып, көне құралдарды қолмен ұстап көрдік.
Бізді Жібек мұражайымен таныстырудың өз заңдылығы бар. Қытай басшысы Си Цзинпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы байырғы Жібек жолын жаңғыртуды көздейді. Ал Ұлы Жібек жолының атауы алтынға бергісіз матамен байланысты екені белгілі.
Ханжоудағы Шиху немесе Батыс көлі де туристер үшін тартымды. Дүниежүзілік ЮНЕСКО мұрасының тізіміне енген көлге қатысты бірнеше аңыз айтылады. Дені махаббат туралы. Соның бірі – «Көбелек ғашықтар». Бір-біріне қосыла алмаған екі жас жарық дүниемен қоштасып, көбелекке айналады. Батыстағылар бұл аңызды Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасына» ұқсатса, біздің есімізге «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» жыры түседі. Сонымен бірге Шиху көліне бағзы замандағы қытай аруы Си Шиннің есімі де телінеді. Оның сұлу болғаны сонша, көлдегі балықтар соқыр болып қалған дейтін тәмсіл айтылады.
Ханжоуда атақты Хэфан көшесі бар. Жолбастаушымыз Таня «сіздердегі Арбат секілді» деп қысқа қайырды. Біздің жеті күнге созылған қым-қуыт сапарымызда ең бір асықпай аралаған жеріміз осы Хэфан. Ұзыннан-ұзақ созылған сауда көшесінде бізге таңсық тағам мен бұйым көп. Туристер көп жүретін орын болғандықтан ба, баға тым арзан емес. Дегенмен саудалассаң, әжептәуір түсіреді. Бірақ тіл білмеген соң қиналасың. Қытай жұрты тегіс ағылшынша сөйлейді деген сөз шындыққа жанаспайтын секілді. Содан саудагер өз тілінде, біз өз тілімізде сөйлеуге көштік. Тауарын сатқысы келетін адам да, сатып алушы да жол тапқыш. Арадағы «аудармашы» кәдімгі калькулятор . Бір жағынан, «қытайдың тауары өзімізде де толып тұрған жоқ па» деп алыстан дорба арқалауға ерінгеніміз тағы бар. Ең дұрысы шай алу. Ханжоуда өсірілетін Лунцзин шайының емдік қасиеті бар деседі. Оның жапырағын өңдеу тәсілі ұлттық құндылық саналады. Аңызға сенсек, Лунцзин шайын ішкеннен кейін Цянлун императордың анасы ауыр сырқаттан айығыпты. Оның рас-өтірігін кім білсін, ыстықта шөлді басатын қасиеті бар екені рас.
Айтпақшы, Ханжоуға келгенде көне қалашық Анчанға бас сұққан едік. Бұл солтүстік Сун династиясы кезінде тұрғызылып, талай қырғынды бастан кешірген мекен. Мин және Шин әулеті билеген заманда қайтадан қалпына келтірілген. Ұзындығы 1747 метрлік каналдың оң жаңында тұрғын үйлер, сол жағында сауда көшесі. Көнеден қалған тас тақталы көшені қуалап кете берсең, алдыңнан түрлі тағам, таңсық тауар «менмұндалап» шыға береді, шыға береді…
Каналды бойлап келе жатсаң, су бетінде сырғыған шағын қайықты көресің. Содан ба, бұл жерді Венецияға теңейді екен.

Ақпарат құралдарымен байланыс

Аспан асты елінде мәдени-тарихи орындар ды аралаумен шектелген жоқпыз. Қалам ұстаған қауымға өзге елдегі әріптестерімен кездесіп, лебіздесу де қызық. Сондай кездесудің бірі Zhliang Daily Press Group орталығында өтті. Zhliang Daily газеті 1949 жылы жарық көрген. 9 мамырда 70 жылдығын тойлапты.

Алып елдің бір бөлшегі

Кездесуде редакция алқасының мүшесі Чанг Лианг «2017 жылы біздің журналистер ЭКСПО-ны көріп қайтты. Қазақстан туралы көбірек біліп, көбірек жазғымыз келеді», – деді.
Тыңнан түрен салу біздің топқа бұйырған сияқты. Өйткені бұрын-соңды олар біздегі БАҚ өкілдерімен кездеспепті. Шетелдегі әріптестеріміздің жұмыс тәсілі бізді де қызықтырды. Бастапқыда «сауалдарыңызға жауап берейік» дегенде сәл-пәл тежелсек те, ақыр соңында «бір сом беріп шырқатып, он сом беріп қойғыза алмайтын» ахуал қалыптасты. Өз кезегімде
Jas qazaq газетінің атынан «Қазір бүкіл әлемде қағаз басылымның дәурені өтіп барады. Жұрттың көбі интернеттегі баламасына әуес. Сіздердегі жағдай қалай?» деген сауал қойдым. Оған Чанг Лианг мырза былай деп жауап берді: «Меніңше, әр медианың өзіне тән артықшылығы бар. Біз соны пайдалана білуіміз керек. Дегенмен біз де интернет қосымшаға басымдық береміз. Мәселен, жаңалықтар порталына 12 млн адам кіреді. Өйткені қазір жастар газет оқығанша, сайтқа кіріп ақпаратпен жылдам танысқанды жөн көреді. Ал терең талдау, сараптама іздеген адам дәстүрлі басылымды оқиды». Әлемді шарпыған интернет «кеселі» бұларды да айналып өтпепті.
Бейжің қаласында Халықаралық байланыс орталығы (СІСС) және CCTV Орыс телеарнасының қызметімен таныстық. Барлығы да еліміздегі БАҚ-пен байланыс орнатып, өзара ақпарат алмасуды қалайды.

Big Data қанат жайып келеді

Біздің соңғы кездесуіміз Бейжіңдегі JUSFOUN Big Data компаниясында болды. Big Data, қазақшалап айтсақ, үлкен көрсеткіш туралы естігеніміз болмаса, тереңдеп көрмеген едік. Мемлекеттік компанияның бас атқарушы директоры Джекоб Лайдің өз ісіне берілген жан екені сөзінен байқалып тұрды. Оның әңгімесінен түсінгеніміз мынау: компания жасанды ақыл-ойды пайдаланып, барлық провинциялардағы қандай да бір жобаға талдау жүргізеді, есеп-қисабын жасайды. Орасан мағлұматты пайдаланатын «білім экономикасы» жобасы 500-ге жуық компания мен бірлескен кәсіпорындардың басын қосады. Оның жалпы инвестициялық әлеуеті 1 млрд долларды құрайды.

Алып елдің бір бөлшегі

Компания Бейжің, Шанхай, Гуанжоу сияқты қалалардағы технологиялық дамудың жоғары деңгейін есепке алады. Әйтсе де, басты міндеті – провинциялардағы экономиканы әлемдік деңгейге көтеру. Бұл үшін JUSFOUN Big Data аймақтағы жобаларға 2 млрд юань жұмсамақ.
Бізбен болған әңгімеде Джекоб Лай кейбір провинциядағы басшылардың «үлкен көрсеткішке» онша сенбей тартыншақтайтынына қынжылыс білдірді. Big Data пайдасына қатысты бір мысал келтірді. Чунсин қаласында шошқа өсіретін кешен құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі осы саладағы бүкіл мәліметті жинақтау арқылы жасалыпты. Кешенде мол табысқа кенелу үшін соңғы он жылдағы ішкі және сыртқы нарықтағы шошқа етіне сұранысқа талдау жасалған. Соның нәтижесінде сапасы жоғары, бағасы тиімді өніммен қамтамасыз ететін өндіріс жолға қойылған көрінеді.
Қысқасы, компания еліміздегі бизнеспен бірлесіп, жасанды ақыл-ой мен үлкен көрсеткіш саласында ынтымақтастық орнатуға әзір. Осы салаға қажетті мамандарды даярлап, зерттеу орталығы немесе институты, сондай-ақ жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатқысы келеді.

Бір аптаға созылған сапар кестесі тым тығыз болды. Жазбамызда көрген-білгеннің бәрін қамти алмадық. Конфуцийдің отаны Цюйфу қаласы мен Бейжіңдегі Гугун музейін кейін жазармыз деп шегеріп қойдық. Қытайдың шетелмен достығы халықтық қоғамының қызметіне де арнайы тоқталуға болар еді. Негізі біздің сапарымыз осы қоғамдағы кездесуден басталды. 1954 жылы құрылған ұйым халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Сондықтан алғашқы жүздесудің Достық үйінде өтуінің ерекше мәні бар. Өйткені «Бір белдеу, бір жол» секілді ірі жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен достық қарым-қатынас керек.

Алып елдің бір бөлшегі

Гүлнар Ахметова,
Алматы – Ниңбо – Ханжоу –
Бейжің – Алматы
(Суреттерді түсірген автор)

P.S. Осы сапарды ұйымдастыруға ұйтқы болған Қытай Бас консулдығына алғысымыз зор. Бізбен сапар тауқыметін бірге көтерісіп, аударма жасаған жолбастаушы қыз-жігіттерге де ризашылығымыз шексіз.

06 желтоқсан, 14:15
Ұшпаққа шығармайтын ойын
06 желтоқсан, 12:07
Жағдай жасағаннан ұтылмаймыз
06 желтоқсан, 11:55
Әкімдер шаршап жүр екен
29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...