jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Бір белдеу, бір жол»: Жүрдек пойыз жүйткиді

24 мамыр, 16:01
326

"Бір белдеу, бір жол": Жүрдек пойыз жүйткиді

Қытай және Орталық Азия ынтымақтастығы форумы достық қарым-қатынас және аймақаралық байланысқа негізделген. «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын жүзеге асыруға үлес қосатын халықаралық диалог алаңы. Биыл төртінші рет өткізілген Форум Орталық Азиядағы бес мемлекетпен халықтық дипломатия, сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру және өзге де көптеген салада тығыз байланыс орнатуға ықпал етіп келеді. Цзинянь қаласында өткен осы жиынға еліміздің БАҚ өкілдерімен бірге Jas qazaq газетінің тілшісі де қатысты.

Форумды Цзинянь қаласы мэрінің орынбасары Ли Цзынцзюн сөз сөйлеп ашты. «Шаньдун провинциясының атақты ғұламасы Конфуций 2500 жыл бұрын «Алыстан досыңыз келсе, одан артық қуаныш жоқ» деген. Әсем қала Цзиняньға хош келдіңіздер!», – деп жиналғандарға ыстық ілтипатын білдірді.
IV Қытай және Орталық Азия ынтымақтастығы Форумының Цзиняньда өтуі бекер емес. Бұл қала Шаньдун провинциясының саяси-экономикалық, мәдени, ғылым-білім һәм қаржы орталығы саналады. 10 миллионнан астам тұрғыны бар.
Ли Цзынцзюн мырзаның айтуынша, былтырғы жылы Орталық Азия елдерімен сауда айналымы 720 млн долларды құраған. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыруға атсалысып отырған Цзиняньнан Орталық Азия мен Еуропаға жүк пойыздары үздіксіз жөнелтіледі. Сондай-ақ Еуропаға төрт бағытта – Нұр-Сұлтан, Ташкент, Ашһабад, Бішкек арқылы пойыз қатынайды. Бұл тиімді әрі арзан логистикалық дәліз болып табылады. 10 минут сайын Бейжіңге, 15 минут сайын Шанхайға жүрдек пойыз аттанады. Айта кетейік, бізді осы қалаға Бейжіңнен жүрдек пойызбен алып келді. 430 шақырым қашықтықты еңсеруге екі сағатқа жетер-жетпес уақыт кетті.
Цзинянь – өнеркәсібі дамыған, инновациялық қала. Бизнес жүргізуге де қолайлы. Сондықтан Ли Цзынцзюн мырза Форумнан кейін Қытай, соның ішінде Цзинянь қаласы мен Орталық Азия елдері арасында өнеркәсіп, ғылым, білім және инновация саласындағы ынтымақтастық тереңдей түседі деген үміті барын жасырмады. Ол сөзін «Ынтымақтастыққа тау да, теңіз де кедергі бола алмайды» деп аяқтады.
«Бір белдеу, бір жол» шеңберінде салалық даму және сауда-экономикалық ынтымақтастық» тақырыбына арналған пленарлық отырыста Өзбекстанның бұрынғы вице-премьері Светлана Инамова, Қырғызстандағы Нарын облысының губернаторы Аманбай Қайыпов, еліміздің атынан Meat Kazakhstan ЖШС бас директоры Әйгерім Есмағамбетова сөз сөйледі. Біздің өкілдің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы байланыс әрмен қарай жалғасын табады. Жуық арада Қытайға еділбай және меринос қойының өнімін экспорттау жоспарланған.
Айта кеткен жөн, осы Форумның өтуіне арқау болған «Бір белдеу, бір жол» жобасының біз үшін пайдасы мол. 2016 жылы елімізде қабылданған «Нұрлы жол» бағдарламасы жаңа Жібек жолының Экономикалық белдеуімен астасты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы Еуропа мен Қытайды жалғады. Қытайдың Ляньюньгань портында логистикалық терминал салынды. Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Парсы шығанағы теміржолы іске қосылды. Ақтау және Құрық айлағынан Қытайдан келетін жүк Оңтүстік Кавказ, Түркия, әрмен қарай Еуропаға жөнелтіледі. «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудың нәтижесінде біздің еліміз Еуразия құрлығында ірі транзиттік-логистикалық хабқа айналды.
Биылғы сәуір айындаБейжіңде өткен ІІ «Бір белдеу, бір жол» саммитінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси қарама-қайшылық, санкция мен сауда соғысына қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, 5 трлн долларды құрағанын атап көрсеткен еді.
Мына жиынға қатысушылар Қытай және Орталық Азия ынтымақтастығының болашағына көз тастап, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жұмылып іске асыру жайын талқыға салды. «Жастар және білім» тақырыбындағы отырыста пікір алмасып, пайдалы ұсыныстар айтылды.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы пікірталас қызықты өтті. Қытай және Орталық Азия елдерінің жетекші БАҚ өкілдері «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын жүзеге асыруда қаламгер қауымның қосатын үлесі айрықша екенін жақсы біледі. Бұл жобаның жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетінін жан-жақты түсіндіру – тілші қауымның міндеті. Осы орайда Өзбекстанның ұлтаралық қарым-қатынас және шетелдермен достық байланыс комитетінің баспасөз хатшысы Ғайратулла Шүкіровтың «қандай да бір оқиға туралы біржақты ақпарат беру кейде этникааралық кикілжіңге алып келеді» деген пікірімен келісуге болады.
Біздің еліміздің атынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тілшісі Айгүл Мыңжасар мен «Деловой Казахстан» газетінің бас редакторы Серік Қоржынбаев сөз сөйлеп, БАҚ арасындағы байланысты тереңдетуге қатысты ойларын ортаға салды.
Цзиняньдағы іскерлік топтардың өкілдері «Цзинянь және Орталық Азия экономикасы» тақырыбындағы пікірталаста ықтимал ынтымақтастық жайында сөз қозғап, болашақ ықпалдастықтың негізін қалады.
Форум тақырыбына қызығушылық танытқан провинциялар мен облыс әкімшіліктері, достық ұйымдар, оқу орындары, ақыл-ой орталықтары және БАҚ ынтымақтастығы туралы құжаттарға қол қойылды. «Бір белдеу, бір жол» шеңберінде бірлескен БАҚ қауымдастығын құру жөнінде ұсыныс айтылды.

Гүлнар Ахметова,
Алматы – Цзинянь

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!