jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Жібекпен жұртқа танылған

17 мамыр, 17:23
540

Жібекпен жұртқа танылған

Газетіміздің өткен санында (№18-19.7 мамыр) «Жоқтан бар жасауда» деген атпен Қытайдың Оңтүстік Шыңжаң өлкесіндегі ұйғыр шаруалардың құмға алма, жаңғақ өсіріп, мол өнім алып отырғаны туралы жазғанбыз. Бүгін сол өлкедегі шаруалар өміріне тағы да тоқталмақшымыз. Яғни Қытайдың сан ғасырдан бері мақтанышы болған жібек өндірісінің дәстүрлі технологиясының қыр-сырынан хабардар боласыздар. Ғылымы мен технологиясы озық бола тұрып, бірнеше мың жылдық көне технологиямен жібек өндіріп отырған шаруалардың жұмысы, шынында жапалы.

Жібекпен жұртқа танылған

Қытай – жібектің отаны. Бірақ қазақта «Жібекті жүн қылады түте алмаған» деген өлең жолы бар. Соған қарағанда, жібектің қазақ тұрмысындағы бағасы арзан, құны төмен болмаса керек-ті.
Хотан қаласына қонған күні жолбастаушылардың бірі — осы өңірдің мақтанышы саналатын жібек өндірісіне баратынымызды алдын ала ескертті. Бұрын жібек матаның қымбат, жібек жіптің қара базардан табыла бермейтінін білетінбіз. Сондықтан бұл хабарға іштей қуанып қалдық.
Бір күннен кейін бізді Хотан қаласынан 50-60 шақырым жердегі шағын ауданға алып келді. Жергілікті әкімнің айтуынша, 97 пайыз ұйғырлар тұратын ауданның бренді – жібек шаруашылығы.
Жарты гектарға жуық аумаққа салынған өндіріс орталығын рет-ретімен араладық. Бірінші кіргеніміз жібек құртын өсіретін бөлме. Тұт ағашының бұтағы мен жапырағын күн көзінен таса үлкен бөлмеге жайып тастапты. Жапырақтың арасында тұт көбелегі ұшып-қонады. Жапырақ жеп, балапандаған көбелектердің ғұмыры қанша қысқа болғанымен, оның балапанынан пайда болған жібек талшығы сонша құнды. Соны білетіндей, әлгі жалп-жалп еткен сары-қоңыр көбелектер адамнан үрікпей, біреуі қолыңа, біреуі бетіңе қонып еркелейтіндей. Ал оның жаңадан шыққан балапан құрттары бала күнімізде ағаш діңінен көретін кәдімгі жұлдыз құртқа қатты ұқсайды. Сол жұлдыз құрттар тұт жапырағын жеп, 40 күн дегенде денесіне жібек талшығын орап, бармақтың басындай әппақ жұмыртқаға айналады. Мұны жібек қуыршағы дейді. Қуыршақ десе – қуыршақ: сопақша келген ақ мақта дерсіз.
Жібектің пайда болу үрдісі бірнеше сатыдан тұрады. Яғни жібек көбелектер жұмыртқаны бөліп, одан құрт шығады. Жұмыртқадан шыққаннан кейін, олар 28-36 күнде өсіп-жетіледі. Одан кейін жібек құртының бұйралануы немесе қуыршаққа айналуы басталады. Құрт 1000 метрге дейін жететін жіңішке, нәзік жіппен өзін орайды. Орам 40-45 қабаттан тұрады, белгілі бір тәртіп бойынша оралады.

Жібекпен жұртқа танылған

Мұндағы жұмысшылардың бәрі ұйғырлар. Дені қырық-елуден асқан ерлер мен әйелдер. Құрт өсірумен айналысатын жігіттермен әңгімелестік. Мектеп бітіре салып осында жұмысқа тұрыпты. 20 жылдан бері көбелек бағып жүр. Жібек құрты суыққа, қатты жарыққа, айғай-шуға төзімсіз болғандықтан, ерекше күтімге мұқтаж, әрі тұт ағашының жапырағын тоқтаусыз жейді. Олардың қалдықтарын күнделікті тазалап отырмаса, өліп қалуы мүмкін. «Тазалықты жаны қалайды», – дейді бақташылар.
Алғашқыда құрттарды тойдыру үшін тәулігіне тұттың 2 килограмм жапырағы кететін болса, соңына қарай олар 270 килограмм жапырақ жейді. Бақташының бірі Махмұт Мәмет «Құрттарды тәулік бойы тоқтаусыз қоректендіреміз. Күні-түні ұйықтамай күзетеміз. Бұл жұмыс ауыр. Бірақ шыдауға тура келеді. Жібек құртын өзімізден артық күтіп-бағамыз», – деп күлді.
Екінші бөлмеге өттік. Мұнда көбелек құртынан жібек талшығын айырады. Ошақ басында алпыстан асқан екі әйел отыр. Біреуі қазанда қайнап, буы бұрқыраған жібек құртын судан сүзіп алып, жіптің ұшын іздейді. Содан кейін әлгі жіптің ұшын үзіп алмай, асқан ептілікпен қасындағы серігіне ұстатады. Ол талшықты ағаштан жасалған станокқа іліп, ұршыққа иіреді. Бұл жерде өте мұқият болмасаңыз, талшық үзіліп кетуі мүмкін. Сондықтан жұмысшылар аса ептілікпен жұмыс істейді. Көз де, көңіл де үйренген. Ақ мақтаның арасынан жіптің ұшын тауып, оны түйін қылмай, аршып алу – сарымайдан қылшық суырғаннан кем жұмыс емес.
Айтпақшы, қазанға қайнатудан бұрын, 100 градус ыстық бумен әлгі көбелек құртын өлтіріп алады. Шетелден келген тілшілер шошынып қалады деді ме, бу қазандықтың жұмысын бізге көрсеткен жоқ.

Жібекпен жұртқа танылған

Одан кейін жіпті өңдейтін бөлмеге кірдік. Бұл жерде талшықты тазалап, жұмсарту қолға алынған. Жұмысшы жібек жіптің әрбір талымен жұмыс істейді. Ағаштан жасалған жып-жылтыр, тегіс ысқуырмен ысып, жіптің бойындағы қажетсіз қалдықты аршып тастайды. Содан кейін қалған таза жіпті түйіншек қылып орайды. Негізі табиғи жібек жіп ақ, ақшыл, қызғылт түсті болып келеді. Тоқымашылар өздерінің қажетіне қарай жіпті әртүрлі түске бояйды. Бояудың өзі табиғи өнім, химиялық қоспасыз болуы шарт. Оған көбіне тасқына пайдаланылады. Мысалы, ұйғырдың ұлттық киімінде қызыл, сары, жасыл түс басым. Сондықтан, біз барған тоқыма цехында ашық түсті жіп түйіншектері көп болды.
Жібек өндірісіндегі ең қауырт жұмыс – тоқыма цех. Мұнда бірнеше тоқымашы ағаш құрылғыларға қаз-қатар жайғасып алып, әртүрлі бұйым тоқып жатыр. Біреуі шағын орамалдың, біреуі үлкен кілемнің аспабына жайғасқан. Көңіл үйренген жұмысқа қолда ысылып алатын көрінеді. Тоқымашылар қай жіпті қай жерге қолдануды ешкімнен сұрап жатқан жоқ. Түсінен шатасып, алабажақ бірдеме шыға ма деп ойлайсың. Бірақ олай емес, ұйғырдың кемпірқосақ түстес қызыл-сары жібек матасы керме бойында керіліп, тоқылып жатыр.
Баһаргүл есімді елуді еңсеріп қалған ұйғыр әйелмен тілдестік. Осы цехқа 13 жасында жұмысқа тұрыпты. Алғашында ошаққа от жағып, шамасы келген шаруамен айналысқан. Одан кейін тоқыма жұмысын үйреніпті. Қырық жылдан бері ағаш құрылғының алдында отырған әйел бұл жұмыстың қиындығын, азапты шаруа екенін айтады. Ол: «Жұмысым жапалы. Бірақ 40 жылдан бері бұл шаруаға үйреніп кеттім. Бір күн тоқыма тоқымасам, жібектің иісін иіскемесем, ауырып қаламын. Алатын жалақым – 2 мың юань (100 мың теңге). Көп деп айта алмаймын. Бірақ өмір сүруіме жетеді. Бір ұл, бір қызым бар. Екеуі де жұмыс істейді», – деп, тапқанына шүкір қылады.
Цех басшысының айтуынша, мұндағы жұмысшылардың айлық табысы – 2 мың мен 4 мың юань шамасында. Жібек цехтың сыртында үлкен дүкен орналасыпты. Онда цехта тоқылған барлық қолөнер бұйымы қойылған. Залдың бір қанаты – қызыл-сары, көк-жасыл түсті ұйғырдың ұлттық стиліндегі киім-кешекке тұнып тұр. Екінші қанатында – жібек кілем, кілемше және әртүрлі перделер көздің жауын алады. Бағасы арзан емес. Мәселен, Ираннан келген журналист Әли Поурахмади жұбайына арнап кәстөм (пиджак) сатып алды. Әлгі әйел киімінің бағасы 1100 юань, теңгеге шаққанда 60 мың теңгеге түсті. Ал ұзындығы – 5 метр, ені 3 метрлік кілемнің құны 40 мың юань. Оны теңгеге айналдырсаңыз, 2 млн 200 мың теңгеден кем болмайды. Қымбат!
Цех қожайынының айтуынша, қиырдағы Хотанда тоқылған жібек кілемді Ішкі Қытайдан, шетелден аттай қалап сатып алатындар көп көрінеді. Қырғызстаннан келген журналист Азамат Иманәлиев анасына жібек орамал сатып алды. «Қымбат емес пе?», – дедім. Ол «Сапасы бағасына сай болса, болды. Қазір қалтамдағы ақша осыған ғана жетіп тұр. Егер Қырғызстанда осындай өндіріс орны болса, бағасы қанша қымбат болса да, қажетті заттарымды сол жерден ғана сатып алатын едім. Өйткені жібек жіптен, қолдан тоқылған дүниенің құны арзан болмауы керек!», – деп, әлгі жібек орамалды сөмкесіне салды.
«Жібекті жүн қылады түте алмаған» деген өлең жолын жазбамыздың басында келтірдік. Біздің елде де тұт көбелегін өсіріп, жібектен жіп иіргендер болды. Түркістан облысы мен Жамбыл облысында осы шаруамен айналысқандар жібекті түте алмады ма, кім білсін? Әйтеуір, басы таудай аяғы қылдай болған. Қытайлық шаруалардың еңбекқорлығы мен шыдамдылығынан үлгі алсақ етті.

Жарас Кемелжан,
Алматы-Хотан-Алматы

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!