jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген «лагерь»

17 мамыр, 14:26
7747

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Қытайға сапарымыздың негізгі мақсаты – Шыңжаңдағы қазақ пен ұйғыр халқының қазіргі жағдайын, бас еркіндігін, саяси бостандығын көзбен көріп қайту болатын. Осы мақсатпен әлемнің он шақты елінен жиналған қырық шақты журналист Оңтүстік Шыңжаңда бірнеше күн аялдады. Бұл сапарға Қытайдың Алматыдағы консулдығы мұрындық болғанын айта кету керек.

Соңғы екі жылдан бері алдымен Америка мен Еуропа, содан кейін кейбір әлеуметтік желілерде «Қытайда мұсылмандар қысым көріп жатыр» деген тақырыппен мақалалар жарық көрді. Ақиқат пен аңызға айналған оқиғаны осы жолы көзбен көрдік. Он шақты елден келген баспасөз өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, мешіт-медреселерде, «саяси лагерь» атанып кеткен кәсіптік білім беру мекемелерін аралады. Бүгінгі жазбамыз сол «саяси лагерь» хақында болмақ. Үрімжі қаласында ондай мекеменің бірнешеуі барын естігенбіз. Бірақ бағдарламада көрсетілмегендіктен, ол жаққа жол түспеді. Ал Оңтүстік Шыңжаңның Ақсу мен Хотан қалаларында әлгі мекемелердің екеуіне бас сұқтық. Әңгімені Ақсудан бастайық. Біз елден естігенді емес, көзбен көргенді жаздық.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Айдалада «Ақ отау»

Ақсудағы «саяси лагерь» қаладан 50-60 шақырым қашықта орналасқан. Ұшқан құс, жүгірген аң бармаса, адам аяғы жетпейтін бетпақ дала. Бейне айдаладағы ақ отау дерсіз. Сырты биік темірлермен қоршалған, жатақханасы мен оқу ғимараты жапсарлас салынған аумақ алыстан көзге шалынады. Темір қақпаның сыртына тоқтадық. Ресейлік журналист Андрей Яшлавский тілмаштан «Мынау түрме ме? Қаладан неге алысқа салынған?» деп сұрады. Ол осы сауалды бізді қарсы алған әлгі мекеменің директоры Рәбигүл Раматулақызына қойды. Қытайшаға судай ұйғыр келіншек: «Жоқ, бұл түрме де, сіздер ойлағандай саяси лагерь де емес. Бұл – кәсіптік білім беретін техникум. Болашақта бұл жерде үлкен зауыт ашылады. Осында оқып жатқан мамандар сол зауытта жұмыс істейді», – деп түсіндірді.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

– Мұнда адамдарды қинап, жазалай ма? – деді ирандық Немет Ибраһим.
– Жоқ. Бұл жазалайтын түрме емес. Бұл – кәсіптік техникум. Сіздер қаңқу сөзге еріп жүрсіздер. Бүгін шындыққа көздеріңіз жетеді. Жүріңіздер! – деп жол бастады.
Ішке ендік. Үш қабатты ғимараттың кіреберісінен бастап түрлі ұран бірден көзге шалынды. Төте жазудан хабарымыз бар. Ұйғыр әріптерін ежіктеп басын қосып оқып жатырмыз. Еңбек, уақыт, отанды сүю хақында жазылған қанатты сөздер. Одан ары екінші қабаттағы үлкен залға ендік. Бір қабырғасы тұтас айнамен қапталған. Бишілерге арналған залға ұқсайды. Бәрін алдын ала дайындап қойғандай. Біздің бас сұққанымыз сол екен, ұйғырдың он шақты қыз-жігіті мың бұралып билей жөнелді. Қонақтарды да биге шақырды. Одан ары оқу залына өттік. Кәдімгі мектептегі сияқты қаз-қатар тізілген парта мен орындық. Біз кіргенде жасы 25 пен 35-ті аралап кеткен сақа жігіттер мен қыздар ханзу алфавитін ежіктеп оқып жатты. Мұғалім не айтады, тәлімгерлер соны қайталайды. Әр елден келген тілшілер өздеріне бөлінген тілмашты қасына алып, әлгі студенттерге (директор солай таныстырды) сұрақ қойып жатыр. Бір-екі қайырым ұйғыршамызға сеніп, біз де әлгілерге тіл қаттық. Ең алдыңғы партада отырған қызға «Атыңыз кім?» дедім ұйғырша. Түсініп тұр. Бірақ менің жанымда тұрған директорына, бізге еріп жүрген Бейжің мен Үрімжіден барған шенеуніктерге қарап, сәл бөгеліп барып қытайша «Сөзіңізді түсінбедім», – деді. Мен де тықақтап қоймадым: «Ұйғырша сөйлеп тұрмын. Қалай түсінбейсің?», – деймін кенеше жабысып. Ары қарай жұмған аузын ашпай қойды. Тек Үрімжіде бізді күтіп алған, Шыңжаң саяси үкіметінің қызметкері Зұлмұрат есімді ұйғыр келіншек болған, сол менің сөзімді ханзуша аударып жеткізді. Сонда ғана көзі қарақаттай жанған қараторы қыз «Атым – Айнұр. 26 жастамын. Бұл орталыққа 2018 жылы келгенмін», – деп, өзін таныстыра бастады.
Айнұрдың айтуынша, ол Ақсу қаласының маңындағы ұйғыр қыстақтарының бірінде туып-өсіпті. Мектеп бітірген, жоғары оқу орнына түсе алмапты. Үй шаруасында жүрген қыз. Орталыққа келгенге дейін ханзу тілінен мүлде хабары болмаған көрінеді.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

– Мұнда қалай келдің? – дедім ұйғырша. Зұлмұрат ханзуша тәржімалап жатыр.
– Интернеттен ислам діні туралы радикалды бағыттағы видео көріп, намаз оқыдым. Сөйтсем, бәрін қате істеп жүріппін. Сол үшін жергілікті полиция мені тұтқындап, осында әкелді, – деді.
– Өзіңнің қате істегеніңді қайдан білдің? – деді, бізбен бірге барған «Комсомолская правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі Қарлығаш. Ол сұрақты дұрыс түсінбеді ме, әлде жауап бергісі келмеді. Сәл бөгеліп:
– 3 айдан кейін оқуым аяқталады. Емтихан тапсырамын. Егер одан өтсем, үйіме қайтамын. Ал сынақтан сүрінсем, тағы бірнеше айға қалып оқимын. Бұдан кейін намаз оқымаймын. Діни бағыттағы видеофильм көрмеймін. Қытай коммунистік партиясына адал қызмет етемін! – деп сөзінің соңын екпіндетіп аяқтады.
Нұрбия деген қызды да сөзге тарттық. 25 жаста екен. Бұл мекемеге 2017 жылы түсіпті. Ол да намазды интернеттен үйреніп, ауыл мешітіне барып намаз оқыған. Ғаламтордан радикалды бағыттағы фильм көргенін айтты. Ақсудың жанындағы Құлақ деген қыстақтан екен. Оқуын бітірсе, тігінші болып жұмыс істейтінін айтты. Бірақ Нұрбия ұйғырша қойған сұрақтарымызды түсініп, ана тілінде жауап берді.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Қателессең, қайта бейімдейді

Ақсудың «Комсомол базары» деп аталатын шағын қыстағынан келген, нағашысы қырғыз, 27 жастағы Құрметпен де сол оқу залында таныстық. Үрімжіде оқып жүргенде қазақ көрген, Қызылсу облысындағы нағашыларына барып, қырғызша тіл сындырған жігітпен тілдесу қиын болмады. Қырғыз әріптесім Азаматпен әп-сәтте сұхбаттасып кетті. Менің қазақша қойған сұрағымды да түсініп, тілі жеткенше қазақша сөйлеуге тырысты. Бір қазақ, бір қырғыз, бір ұйғыр болып шүйіркелестік. Біздің тілмашсыз сұхбатымызға таң-тамаша болған Біріккен Араб Әмірліктерінен, Үндістан мен Пәкістан, Иран мен Ирақтан келген журналистер үшеуімізді тамашалап тұрды. Одан соң бірі ағылшынша, бірі арабша сұрақ қойып жатты. «Сендер қай тілде сөйлесіп жатырсыңдар? Бір-бірлеріңді түсіне аласыңдар ма?», – дейді.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Қысқасы, ханзулар «Қайта тәрбиелеу орталығы» деп бейресми атау берген Ақсудағы әлгі бір ғана мекеменің өзінде жүзден аса адам өмірге қайта бейімделіп жатыр. «Қайта бейімделіп» деп отырғанымыз – діни ұстанымын, түсінігін қайта қалыптастырып, бүгінгі қытай саясатын оқып, ханзуша тіл сындырып, кәсіптік білім алып шығады. Орталықтың директоры Рәбигүл ханым бізге солай түсіндірді.

Хотан сапары

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Хотандағы «Саяси лагерь» де қаладан қашық салыныпты. Бірақ шағын ауданның орталығында екен. Мекеменің іргетасы 2017 жылы қаланған. Мұндағы оқыту жүйесі Ақсудағыдан басқаша көрінді. Алдымен бізді маңдайшасына «Көркемөнер оқу ғимараты» деп жазылған төрт қабатты үйге алып келді. Есіктен бас сұққанымыз сол – ұйғырдың дан, награ, думбак, дутар, тамбирі ойнай жөнелді. Алуан түрлі әдемі көйлек киген қыздар мың бұралып биге басты. Ұйғырдың ән-күйге бейім, биге әуес халық екенін шетелден барған журналистер де түсініп алғандай, алғашқыдай таңдану, тамсану байқалмайды. Видеоға түсіріп, бірге суретке түсу де азайған. Мысырдан келген журналист Маһди «Бұлардың бәрі ислам дінін дұрыс түсінбегендер, яғни адасушылар ма?», – деп сұрады жергілікті басшылардан. Өзін сол ауданның әкімімін деп таныстырған Тоқтаһұн Махмұт: «Иә, бәрі ислам дінін интернеттен үйреніп, лаңкестік туралы бейнероликтер көрген. Сол үшін осында түсіп, кәсіптік білім алып жатыр. Ханзу тілін үйреніп, нағыз мұсылман қандай болу керек екенін үйренуде», – деп түсіндірді.
Суретшілерді дайындап жатқан залға ендік. 15-20 студент төбесі көк сүзген Хан тәңірі шыңының күнгей бетін кенеп бетіне кестелеп жатыр.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

 

 

 

Екінші ғимаратта кәсіптік білім алып жатқандар жайғасыпты. Мекеме басшысы Бұайшан есімді толық сары әйел. Ханзушаға ағып тұр. Бізді бірден екінші қабатқа апарды. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда салдыр-гүлдір дауысты құлағымыз шалған. Сөйтсек, аспаздың әппақ халатын киген сайдың тасындай жігіттер қаз-қатар тізіліп алып, отсыз ошаққа сусыз қара қазанды аударып-төңкеріп, қол үйретіп жатыр.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Қуырдақтың орнына көмір ұнтағын салыпты. Бұлар аспаздыққа жаңадан келгендер көрінеді. Ал олардың қарсы алдарындағы жігіттер әбден ысылып алғандар. Тамақ істеп жатыр. Жалын қазанды ғана емес, ішіндегі қуырдақты шарпиды.
Тағы бір топ тәлімгер қамыр илеп, кеспе созуда. Директор ханым «Ұйғыр лағманын осылай созып дайындайды», – деп, Канададан келген Анна Викторияға ыммен түсіндірген болды. Орталықта шаштараз мамандарымен бірге бет әрлеуші, ауыл шаруашылық мамандары: мал дәрігері, бағбан, сондай-ақ механик, электрик, даяшы, қонақүй қызметкері, бала күтуші, үй қызметкері, массаж жасаушы сияқты бірнеше мамандық қамтылыпты.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Гүлжанат есімді ұйғыр келіншекті сөзге тарттық. Балалы-шағалы әйел де ғаламтор құрбаны. Ол «Биыл 33 жастамын. Бір ұл, бір қызым бар. Екі жылдан бері осы орталықта білім алып жатырмын. Балаларымды күйеуім қарайды. Өзім мұнда бала күтімін және ханзу тілін оқып жүрмін», – деді. Белоруссиядан келген Алина Гришкевич сөзге араласып: «Екі балалы әйел екенсіз. Бала күтімін не үшін оқып жатқаныңызды түсінбедім?», – деп күлді. Гүлжанат сәл тосылып «Хотанда, Үрімжі қаласында бала күтушіге жұмыс көп. Бұл техникумнан диплом алсам, жұмыс табу оңай болар еді», – деп түсіндірген болды.
– Мұнда қай жылы келдің? – дедім.
– 2017 жылы. 2 жыл болды.
– Екі жылдан бері бала күтімін оқып жатырсыз ба?
– ?..

Ұлы өзен бойында

Бір байқағаным, мұнда да кілең ұйғыр ұлтының өкілі. Бәрі ханзу тілінде сөйлеседі. Тіпті өзара тілі келсін, келмесін бір-бірімен қытайша тілдесіп жатқандары. Азамат екеуміздің қазақша-қырғызша әңгімемізді құлағы шалып қалғандар, бізді ымдап күбір-сыбыр бола қалады. Не деп жатқандарын анық ести алмасақ та, тілі бір туысқан екен деп жатқанын іштей сездік.
Айтпақшы, Хотан қаласының аты көне ұйғыр тілінде «Һас тасы» дегенді білдіреді. Шаһардың шетінде ұлы өзеннің табаны қаңсып жатыр. Көпірдің екі қапталы – темірден түйілген қып-қызыл раушан гүлдері. Бұл қала тұрғындарының асыл тасқа бай ұлы дарияға деген құрметі деп түсіндірді. Шілде-тамыз айларында Тянь-Шань тауының қары еріп, өзен арнасы суға толады. Күзде қайтадан тартылып қалады. Жұрт сол уақытта жаппай асыл тас іздеуге шығады. Біз барған кезде де өзен жағалап жүрген бірен-саран адам болды.

 

Мұнарасыз мешіт

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Енді мешіттерге тоқталайық. Үрімжі қаласындағы ислам институтына барғанбыз. Сол жерде алғашқы мешітке кірдік. Ислам институтында ұйғыр, қазақ, қырғыз жастары білім алады. Іле-қазақ автономиялы облысының Тоғызтарау ауданынан барып оқып жатқан қандас бауырымыз Қастер деген жігітпен таныстық. Ол бөлек әңгіме…
Үрімжідегі сол мешіттен кейін, біз «Алла үйін» Ақсу мен Хотанға барғанда көрдік. Ақсу қаласындағы мешіт жатаған, аласа ғимарат екен. Бұрын бұл жерде көне мешіт болыпты. Қазіргі жаңа мешіт 1200 адамға арнап салынған. Бір қызығы, жас имам Мәмәт Ахмәт қытайша білмейтін болып шықты. Онысы бізге тәуір болды.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Сұрақты шала-шарпы ұйғыршамызбен төтесінен қойдық. Менің көзіме түскен дүние мешіт Америкадағы сияқты не мұнара, не айы жоқ. Соны сұрадым. Жас имам «Мешітті ұйғыр ұлтының құрылыс үлгісі бойынша салдық. Сондықтан мұнара мен айды қоспадық», – деп қарап тұр. Имамның сөзін тілмаштардан түсінген Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Исмайыл Мұхамед: «Күмбез бен ай күллі мұсылманға ортақ белгі. Мешіт – Алланың үйі. Мешіт үлгісі барлық мұсылманға ортақ. Күмбез бен айы болмаса, мұның әдеттегі үйден қандай айырмашылығы бар?», – деп әрі түсіндірген болды. Ал Мәмәт имам журналистің сөзін тілмаштан толық түсінсе де, мардымды жауап бермеді.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Имам Ақсуда 182 мешіт бар деген еді. Бірақ біз қалада үш күн жүргенде мұнарасы жоқ айсыз осы мешіттен басқа бірде-бір ғимарат көзімізге түспеді. Әлгі жас имам журналистердің сұрағының көбін айналып өтіп жатты. Мысалы, «Мешітте бес уақ намаз оқыла ма? Жұма намазға жамағаттың келуіне рұқсат бар ма? Азан шақыруға ешқандай қарсылық жоқ па? Әйелдер мешітке келе ме? Үйде Құран кәрім сақтауға бола ма? Өлген адамға жаназа оқыла ма?», – деген сауал болған. Ханзуша білмейтін имам қысқа-нұсқа жауаппен құтылды. Оның тақ-тұқ сөзінен түсінгеніміз, жұмаға тек ер адамдар ғана жиналады. Бес уақ намазды мешітте оқу міндетті емес көрінеді. Азан шақырмайды. Ал әйелдер өз үйлерінде ғана намаз оқиды. Құран кәрімді сақтауға тыйым жоқ. Жаназа мешітте ғана шығарылады. Мектеп жасындағы балалар мешітке келмейді.
Осы сауалдардан соң Мәмәт имам айлығы мен шайлығын айтып, тақырыпты басқа жаққа бұрып кетті. Оның үстіне, мешітпен танысуға бөлінген уақыт жарты-ақ сағат. Әңгіме сол арадан үзілді.

Жамағатсыз мешіт

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Хотандағы «Жамағат мешіті» қаладағы ең көне, ең сәулетті ғимарат. 1848 жылы салынған мешітке 1997 жылы қайта жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Имам отыратын михрабта Құран Кәріммен бірге қытайша тәпсір тұр.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

«Жамағат мешітінің» имамы Тұрсын Нияз: «Бізге үкімет су жүргізіп, тоқ, газ кіргізіп берді. Қазір намазхана әрі жарық, әрі жылы», – деп бастады әңгімесін. Намазхана деп отырғаны ұзын зал 3 мың адамға, даладағы ашық намазхана 4 мың адамға арналған. Қос мұнаралы мешіттің айы да аман екен. Бұл жерде де имамға әртүрлі сұрақ қойылды.

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

– Рамазан айы келе жатыр. Ораза ұстайсыздар ма? – деді Малайзиядан келген Ридуан Нұрул.
– Ауыз бекіту әркімнің өзі еркіндегі іс. Бірақ Жұңхуа мемлекетінің (ҚХР-авт) саясаты ораза ұстаған жамағатқа тыйым салмайды. Үкімет ақша беріп, күнде кешке мешітте ауызашар беріледі. Ал сәресіні әркім өз үйінде ішеді, – деді.

– Сіздер, имамдар, жамағатқа ауыз бекітіңдер деп айтасыздар ма? – деді.
– Ауыз бекіту денсаулыққа пайдалы. Біз жастарға соны ғана айтамыз. Бірақ ешкімді міндеттемейміз. Ұлы Жұңхуа саясатын ұстанамыз!.. – деген Тұрсын имам әр сұрақтың соңын саясатпен сабақтастырып отыратын кісі екен. Айтпақшы, сол күні күн жұма болатын. Бірақ жұма намазға 7 мың адам жиналады деген Жамағат мешітінде бізден басқа адамдар болмады.
Біз көрген «лагерьлердің» жайы осылай. Қайтарда қазақ, қырғыз, араб, қытай бір-бірімізді қимай қоштастық. Ыстық ықылас, қонақжайлықтарына қош көңілмен аттандық!

ШЫҢЖАҢ: Біз көрген "лагерь"

Жарас КЕМЕЛЖАН,
Алматы-Ақсу-Хотан-Алматы

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!