jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

«Тұлғасын газетінен танимын»

12 сәуiр 2019, 17:26
348

"Тұлғасын газетінен танимын"

«Алматы ақшамы» газеті өзінің қоғамдық қызметін адал атқаруымен үлкен абыройға ие. Алматыны сағынбайтын, жақсы көрмейтін адам жоқ болса, «Алматы ақшамы» газетін де жақсы көрмейтін адам жоқ деуге әбден болады. Оның оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленуінде газетті шығарушы ұжым мүшелерінің және Бас редакторы, Президент сыйлығының иегері Қали Қошқарұлы Сәрсенбайдың еңбегі ерен. 1988 жылдан бері үздіксіз шығып келе жатқан газеттің жеңісті де жемісті дәстүрінің қалыптасуына Қали Сәрсенбайдың қосқан үлесі өлшеусіз екені елге аян. Күннен көлеңке іздемейтін, жалаң сенсация қумайтын, кәдімгі жұрт оқитын зиялы, биязы, қоңыр, әдемі бұл газет бүгінде Қазақстанның барлық облыстарына тарайды. Газеттің мұндайлық табысы тілді білетін, кәсіби білім-білігі жоғары, жан-жақты сауатты, парасатты, талғамы биік, сан түрлі адамның жан-дүниесінің де, тілінің де кілтін таба алатын, іскер, еңбекқор редакция қызметкерлерінің арқасы және оларды дұрыс бағыттап отырған Қали Сәрсенбайдың шеберлігінің жемісі. Әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі Мұзафар Әлімбаевтың:
«Алматы ақшамы» газетіндей,

Үш мезгілдік ауқаттың қажетіндей», – деген теңеуі халық ризалығын білдірсе керек. Сөзі мәнді, өзі сәнді газеттің маңдайындағы «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген жазу кімді болса да бір селт еткізеді. Десе дегендей, газет өзінің сол төл айдарына лайық шығады. Газет, расында да, алматылықтардың шамшырағы: онда қалалық әкімдік пен мәслихаттың жұмысы, Алматының әлеуметтік-экономикалық өмірі, тарихи, мәдени, рухани қазыналарымыз жан-жақты көрініс табады, алдағы бағыт-бағдар көрсетіледі. Қалалық әлеммен шектелмей, газет республикамыздың да, төрткүл дүниенің де жаңалықтарынан хабардар етеді. Әрине, газет әспеттеуге зәру емес, оның бағасы оқырмандарының көптігінде, отбасының рухани қорынан табылуында. Өзім мұғалім болғандықтан, оның жас ұрпаққа берер тәліміне ғана назар аударғым келеді.
«Алматы ақшамының» қай санында да танымдық-тәрбиелік ақпараттар, мақалалар басым тұратыны біздерді – мұғалімдерді қуантады. Бұл орайда тарихи тұлғаларымыз бен бүгінгі қайраткерлеріміздің легі үзілген емес. «Тұлға арқылы, тарих арқылы тәрбиелеу аса маңызды. Тұлғалардың өмірін оқыған адам тарихты өз-өзінен біледі», – дейді Бас редактор Қ.Сәрсенбай. «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Бұрынғының адамдары-ай!», т.б. айдарлармен жарияланған тарихи-танымдық материалдарды, белгілі қайраткерлердің күнделіктерін, сұхбаттары мен мақалаларын, жасыратыны жоқ, мектепте іздеп оқимыз, оқу-тәрбие ісінде ұстаздарымыз кең пайдаланады.
«…Тұлға – ең алдымен, халық мойындаған адам. Ол екі сөйлемейтін, ел көкейіндегі сөзді айтатын, парасат-пайымы, білім-білігі асып-тасқан, жұртты адастырмайтын, алға бастайтын адам», – деп Қали Сәрсенбайдың айтқаны іште жатқан талай ойдың жауабындай сезіледі маған. Мен Қали інімнің өзінен де, газетінен де осы қасиеттерді көремін, жазғандарынан осы зиялылықты танимын.
Қ.Сәрсенбай бағдаршам-шамшырақ биігіне көтеріп, өрлетіп отырған «Алматы ақшамы» халқымыздың имандылық мәдениетін де қалыс қалдырмай, газетке қапталдастыра жүктеп отырады. «Иман – адамгершіліктің рух жақындарының нысаналы нысанасы. Ең қасиетті сенім мен сезімнің жиынтығы.

Иман өзгерсе, дүниетаным өзгереді. Таныммен қоса, сенім де, сенімге орай дәстүр де, дәстүрге сай тәрбие де өзгереді. Солардың ықпалы мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, бауырмалдық сезім, тектік қасиет, сыйласым мен сыйластық та өзгеріске ұшырайды» (Тұрсын Жұртбай). Ұлтымыз мұндай қауіпті қатерге ұшырамас үшін Қали сияқты азаматтардың иманымыздың салтанаты мен сәулетін сақтауды бүкілхалықтық іске айналдыруда қайраткерлік көрсетіп, жанашырлық танытып жататыны – көңілге медеу. «Иман – рухтың тұрағы. Ал рухы күшті елдің жеңілмейтіні» (Ш.Мұртаза) тарихи ақиқат. Имандылыққа бастаған, сондай-ақ патриоттық сенімді күшейтудегі еңбегіңіз жана берсін дейміз.
Тектіні текті таниды, ұлыны ұлы ұлықтайды емес пе! Қали Сәрсенбай жариялаған «Шындық шертпелері» деген мақаладан ұстаздарының, әріптестерінің тұлғалық асылдығына бас иген әрі кішілік, әрі кісілік даналығын көреміз: «…Әбіштер (Кекілбаев), Дулаттар (Исабеков), Ақселеулердің (Сейдімбек) қай-қайсысын (бұл тізімді ұзартуға болады) оқу, тыңдау қандай ғанибет болса, Шерхан Мұртазаның бір өзі – бір мектеп, тіпті университет», дейді. Шерағаның редакторлық тәрбиесін көргенін кәсіби бақытқа балайды. «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» дейтін журналистердің қанатты сөзінің мән-мағынасын ашып айтады: «Бұл тек Шерханмен шектелу емес, соған ұқсап қалу емес… жоғары білім берген университеттен алған дәрісті әрі қарай алып жүру, яғни мақсат-мұратыңды, өз дара жолыңды анықтау», – дейді.
Қали бауырымыздың өз дара жолында екенін мен «Алматы ақшамынан» оқып танимын. Ол осы газет бетінде мемлекет мүддесін, ұлт сөзін, тұлға мұратын, адам арманын сөйлетіп, қоғамды оятып, сананы сілкілеген адал ниеттерді паш етті.
Қали Сәрсенбай Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде де ел игілігі үшін ізгі қызмет атқаруда. Журналистиканы халықтың көсемсөзі деп айтып жүр емес пе?! Олай болса Қ.Сәрсенбайды қоғамдық өмірде де көсемсөз деңгейінде көрінетін ұлт қайраткері дегім келеді. Ол осы биігінің өзінде кішіпейілдігінен айныған емес, қай кезде де елгезек, жанашыр, қамқоршыл. Хакім Абайдың «адамзаттың бәрін сүй» дегеніндей, жарқыраған көзінен көңіліңіз ашылып, Аллаға тәубалығыңыз арта түседі. «…Тұлға – бұл өзі әр айтулы істің, жаңалықтың бастауында тұрған адам», – деп Қалидың өзі айтқандай, ол бүгінде «Алматы ақшамы» газетінің басында ел алдындағы тұлғалық парызын абыроймен, қадір-қасиет биігінде одан әрі атқаруда.
Қали інімнің алпыс жасқа толуына орай Jas qazaq ұлттық апталығы арқылы ұлтқа қызмет етіп, азаматтық қайраткер тұлғасының толыға түсуіне толағай-толағай тілек білдіріп, шығармашылығына табыс тілеймін!

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері,
«Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қызметкері,
Алматы қаласының,
Жамбыл облысы Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Қазақ журналистикасында Шерханның шекпенінен шыққан қаламы қуатты, көңілі шуақты қаламгердің бірі де бірегейі – Президент сыйлығының иегері, көсемсөзші Қали Сәрсенбай.
Қазақты қарасөзбен тербеген Қал-ағаң да 60 жасқа толды. Ұзақ жылдан бері «Алматы ақшамы» газетін басқарып, қазақ баспасөзінде өзіне тән редакторлық қолтаңба қалыптастырды. Ұлттың ұлы тұлғалары туралы сүйекті дүниелер жазды. Өзі де ұлыларды ұлықтап жүріп, бірегей тұлғаға айналды.
Jas qazaq газетінің ұжымы қаламгерді мерейтойымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді.

19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші
19 ақпан, 11:54
Баян-Өлгийдің іргетасын қалаған қазақ
19 ақпан, 11:44
Олжас Әбіл, блогер: Бізге сарапшы журналист керек
19 ақпан, 11:37
Коллектордың қақпанына түскендер
19 ақпан, 11:17
«Бай, қуатты болайық!» деуші еді...