jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әдебиет пен тарихын оқымаған ұрпақ ұшпаққа шықпайды

12 сәуiр, 11:16
256

Әдебиет пен тарихын оқымаған ұрпақ ұшпаққа шықпайды

Қазақ қыздарының қадірі жоғары еді. Мәртебесі биік болатын. Олар осынысымен сұлу, ғажап еді. Алайда нарық экономикасы бойжеткендеріміздің тәрбиесіне сызат түсірді. Аруларымыз аяғынан сүрінді. Келін әдебінің келмеске кете бастағанын да ешкім жоққа шығармаса керек. Бұл – қоғамдағы түйткілді тақырыптың бірі. Сондықтан бүгінгі сұхбатымызды қыз қылығы мен келін тәрбиесіне арнағанды жөн көрдік. Айгүл Ісмақова – әдебиеттанушы, филолог ғана емес, қазақ қыз-келіндерінің әдеп-ибасы туралы өткір ой айтып жүрген ұлт жанашыры.

Jas qazaq: Айгүл апай, елімізде қоғамдық ұйымдар жүргізген зерттеулерге қарағанда, 14 жастағы ұл-қыздың 30 пайызы жыныстық қатынасқа барады екен. Жылына бірнеше мың жас қыз түсік жасатады. Бұл сұмдық қой! Осы жерде ойыма бір нәрсе оралып отыр. Тәжікстан үкіметі кәмелет жасына жетпеген 2,5 мың қыздың тұрмысқа шығуына рұқсат беріпті. Бұл қандай қажеттіліктен туындағаны түсініксіз. Дегенмен, интернеттегі бұл жаңалық бізге де ой салуы керек пе, әлде бізге жат нәрсе ме?

А.Ісмақова: Тәжікстанда кәмелет жасына толмаған 2500 қызды өз ықтиярымен тұрмысқа беру деген бастаманы дұрыс түсінуге болады. Неге? Жаһандану дәуірінде өз ұлтының келешек аналарын осылай сақтап қалу үшін тәжіктердің осыншама қыздың тұрмысқа шығуына рұқсат беруі ұлтты сақтап қалудан туған әрекет болуы да әбден мүмкін . Мұндай бастама тәжіктерде ғана емес, түрікмендерде бар. Бұны кәмелет жасына толмаған қыздардың түсік жасатуына қарсылықтан туған қарекет деп түсіну керек. Ұлттық трагедияның алдын алу үшін осындай қадамға барып отыр. Демек, Тәжікстанда қажеттілік бар. Ал бізде мұндай бастамаға қоғам дайын емес. Бұны ресми енгізудің өзі қауіпті деп санаймын. Ар мен ұяттан безгендер үшін бұл сыныққа сылтау болып кетпесін: жасөспірімдердің балалық шағын қорғауымыз керек. Ана болуға дайын еместердің нәрестелеріне ие болмай жатқандарына қоғам мен сіз бен бізде кінәліміз . Қазақ әйелдерінің абыройы түсіп жатқан осындай қиын да күрделі шақта, бізге де бұл тығырықтан шығатын жол іздеуге, ойлануға тура келеді. Ол үшін ана мен баланың құқығын қорғайтын заң қажет. Болашақ ананы қорғайтын әлеуметтік жағдай жасау қажет. Әлеуметтік желідегі осы тұстағы сұмдықтардың бәрін жаппай жария етуді де қолдамаймын. Бұларды айтқан сайын оны көбейтіп алу қаупі барын есте сақтау керек. Үлгі болмайтын қылықты сонша жар салып көбейту жақсылық емес. Мұсылмандықты ұстанған елдерден басқаларда да, мәселен, Корея, Еуропа «қыз баланы ұлттың анасы» деп тәрбиелейді. Әсіресе, Жапония мен Кореяда бұл тәрбие басымдау. Германия бастаған Еуропа балаға зар болып отырғандар. О жақтағы бұл негізгі көрсеткішті мигранттар көтеріп отыр. Мәселен, Германияда ана мен баланың өсіп, білім алуына дейінгі болашағын қамтамасыз етіп қойған заңмен бекітілген әлеуметтік көмектер жүйесіне қызығуға болады. Бірақ Алман елінде бала туу әлдеқашан саябырлаған. Мәскеуде бірге оқыған венгриялық профессор танысым Алматы мен Астанада біраз уақыт болып жұмыс істеп кетті. Сол кісі кетерінде «Сендер Америка сияқты болып кетіпсіңдер. Қыздарың түнімен далада жүреді. Көшеде ашық-шашық жүру ұят саналмайды екен. Қыз балалардың түнде саябақтарда топтасып, еркін жүретінін көрдім. Бәріне рұқсат етілген. Қыздары мен әйелдері ештеңеден қорықпайтын «еркіндік» Американы еске салады екен дегенінде, намыстан жарылып кете жаздадым. Бірақ ол көзімен көрген шындықты айтып отыр.
Қыздардың бұлай бұзылуы соңғы он жылдан бергі жағдай. Көрші Ресейде әдеп-иба өз орнында тұр. Терістіктегі көршіміздің бұзылған еркектері орыстың қыздарына қиянат жасамайды.

Jas qazaq: Мүмкін ұлттық құндылықтарымызды, тәлімі мол тәрбие тәмсілдерін оқулықтар арқылы насихаттай алмай жүрген болармыз? Аға ұрпақ әдемі өмірді қалыптастырып, сарымайдай сақтай білді ғой…

А.Ісмақова: Қазір 90-жылдары, яғни тәуелсіздіктен кейін мектеп бітіргендер ана мен әже болып жатыр. Көбінде осы кездің ұл-қыздары осындай жаман әдетке үйір келеді. Неге? Өйткені 90-жылдардан бері қазақ тілі, қазақ әдебиеті, ұлттық тарих өз деңгейінде оқытылмады. Ал біз білетін Ресейде «Ұлы Ресей әдебиеті», «Ұлы орыс тарихы» өз деңгейінде оқытылып келеді күні бүгін! Ұлы орыс халқының бейнесі, ұлы орыс халқының ана бейнесі, Наташа Ростова сияқты үлгілі қыз бейнесі 5-сыныптан бастап оқытылады. Оқушы Толстойды жай ғана білмейді, үтір, нүктесіне дейін жаттайды. Кейіпкерлерді санасына сіңіреді. Наташа Ростованы орыстың ары таза, жаны мөлдір анасы ретінде аса жоғары бағалауға дағдыланады, санасына сіңіреді.
Бізде әдебиет пен тариx оқулығы 1997 жылдардан бері жыл сайын басылады. Бәрін тендерге байлап алғанбыз. Оқулықты жазуға нағыз мамандар қатыстырылмайды. Ұлт тариxы, тілі мен әдебиет пен өнерін зерттейтін ғылыми-зерттеу институттары бар. Шоқан Уәлиxанов атындағы Тариx институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Осы саланың оқулықтарына бұл орталықтардан сараптама алынбайды. Кіммен келіседі, соған жаздырады. Сондай оқулықты оқыған ұрпақтың алды біздің елуге тақаған бүгінгі жас әжелеріміз. Мәселен, «Қазақ тарихы» пәнінде Абылай хан бір сағат, Керей хан мен Кенесары xандарға жарты сағат қана уақыт беріледі. Сонда мұғалім жарты сағаттың ішінде хандардың өмірбаянын айта ма, әлде мемлекеттің тариxы – хандық жүйені айта ма? Сапасы төмен шала-жансар оқулықтарды жыл сайын шығарып, Жоңғар қуғандай шауып келе жатырмыз. Міне, осының кесірінен ұлт тарихын білмейтін, қазақтың ұлт дәстүрін дәріптеген әдеби жәдігерлерімізден мақұрым қалған ұрпақ өсіп келеді. Жуырда менің америкалық әріптесім айтқандай, АҚШ-тың өзінен асып бара жатырмыз. Жастар ана, әке, әже, ата-баба болу үлгісін қайдан алу керек? Теледидардағы депутаттар мен шенеуніктерден бе? Ток-шоудан ба? «Қалаулым» мен «Кел, кел келінімнен» бе? Бәрі қазақты ұлттық әдебінен, мәдениетінен айыратын, тамырына балта шабатын үлгі емес, іріткі салатын жат елдің көшірме бағдарламалары. Көрші Ресейде ұлт тарихын, мәдениетін, әдеп-ибасын, салт-дәстүрін сақтайтын телеарна, телебағдарлама жеткілікті.
Әл Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қас жауы, адамзат алдындағы қылмыс» – депті. Ал біздің мұғалімдер: «Мектеп білім береді. Тәрбие беру – ата-ананың міндеті» деумен келеді. Әл Фарабидің жерінде отырып, тәрбие мен білімді бөліп қарағанымыздың салдарын шегіп келеміз.

Jas qazaq: Елудегі әжелердің бейнесінде тағы қандай жат мінез бар?

А.Ісмақова: 90-жылдардағы тоқырау кезінде еркектер жұмыссыз қалып, әйелдер қап арқалап базарға шықты. Еркегін де, балаларын да асыраған сол әйелдер бізге бәрі рұқсат етілген деген ойды миына «заң» деп сіңіріп алды. Қомақты қаражат тауып үйренген қаланың кейбір әйелдері еркіндікті өзгеше түсінеді. Жоғары лауазымды қызметтегі, абырой-атағы бар үлкен әйелдердің арасында да жас жігіттермен араласуды жасырмайтындар жоқ емес . Бұл тек да ақша мен билікке ие болғандықтың салдары . Ұлт дәстүрі мен жар, ана, әже болудың қандай абырой екенінен мақұрым қалғандардың пендешіліктері туралы өздерінің сұxбаттарынан да оқып жүрміз.
Біздің әдебиет пен тарихымыз Қарқабат, Домалақ ананың кім екенін, Зере мен Ұлжанның қандай ана болғанын, Айғанымның қандай тұлға болғанын айтпаса, ұрпақ оларды қайдан білсін? Әлиxан Бөкейxан мен Шәкәрімнің аналары кім болғанын білмейтіндер үшін Анжелина Жоли мен Мадонна ғана үлгі болып келеді. Яғни біздің жан-дүниеміздегі рухани орын бос тұр. Мектепте оқытылмайды, теледидардан насихатталмайды. Сөйтіп, жан-дүниеміздегі рухани бос жерді қайдағы қоқыс толтыруда.
Абылай хан мен Кенесары кезінен қалған патшаға жазған «доностар» бар. Сонда «Қазақты құртудың бір-ақ жолы бар: отбасындағы ер-азаматтың рөлін жойып жіберу керек» делінген. Тұрсын Жұртбай бұл туралы соқырға таяқ ұстатқандай жазды. Қоғамда тек әйелдің мәртебесін көтерген жағдайда, еркек ынжық боп қалады. Ал ынжық еркектен ез бала туады. Осылай ұлтты ез ету іске асып жатыр.

Jas qazaq: Қыз тәрбиесі дегеннен шығады. Сіз әр жолғы сұхбатыңызда қазақ қыздары мен келіндерінің тәрбиесі туралы айтасыз. Қыз тәрбиесінде нақты нені қолдан шығарып алдық? Қыздардың бойында қазақ менталитетіне жат қандай қылық бар?

А.Ісмақова: Қазақ «ұлыңды бөтен үйден тойдырма», «қызға қырық үйден тию» деген нақылды жақсы біледі. Себебі қыз – болашақ ұлттың анасы. Мысалы, мен қызымды тұрмысқа бергенге дейін бір күн бөтен біреудің, бірге туған бауырларымның да үйіне қондырған емеспін. Өйткені өзім де сондай тәрбиемен өстім. 1980-86 жылдардың арасында Мәскеуде оқыдым. Оқуға жүрерде әжем мен анам «Басқа ұлттың жігітінің қолынан ұстама» деді. Содан айныған жоқпыз. Грузин, армян жігіттері өз ұлтының қыздарын сырттай аңдып, қызғыштай қорғап жүретін. Ал қазақтың жігіттері қаракөздерді қорғамақ түгілі, кейде өзара бір-бірімен амандаспайтын. Алматының балалары басқа өңірден барған қазақтың жігіттерін менсінбей, көкіректерін керіп жүрді. Академиктердің сол көкірек балаларын қазіргі қатардан көрмеймін. Не қазақша білмейді, не қазақты менсінбейтіндер еді бұлар. Керісінше, ауылдан барған жігіттер ғалым, бизнесмен, профессор болып шықты.
Көпке топырақ шаша алмаймын. Қазақта әдепті қыздар баршылық. Олардың отбасында не әжесі, не әкесінің тәрбиесі мықты болғаны анық. Әдептілері күні бүгін жігіттердің бетіне тік қарай алмайды. Сондай шәкірттерім де бар. Ал он екіде бір гүлі ашылмай, көшеде бір-бірінің шашынан сүйреп, арақ ішіп, мас болып жүргендері де қаншама? Олардың дені толық емес отбасынан шыққан. Не әкесі жоқ, не жалғызбасты әйел тәрбиелеген, болмаса аға мен бірге туған бауыр қамқорлығын көрмеген қыздар. Ондайларға жаным ашиды. Шешесінің әлсіздігін көрген жас қыз екі жұдырығына ғана сүйенгісі келеді. Кекшіл боп өседі. Бәрін қара күшпен шешуді жөн көреді. Сөйтіп, бір-бірімен шатасып, беттесіп жатқандары.

Jas qazaq: Ал келін тәрбиесі туралы не айтасыз? Мысалы, жаңа түскен келінді «Келінім емес, қызым деймін» деп көлгірситін ата-енелер бар. Сосын «Ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды» деп ұзатылып бара жатқан қызға желік бітіретін әке-шешелерді қайтесіз?

А.Ісмақова: «Келінім емес, қызым» деп тәрбиелеу – таяздықтан туған қылық. Келінім десе, қызынан кем көргендей сезінеді. Алайда олай емес. Келін – сол әулеттің болашақ ұрпағының анасы. Ал қыз басқа елдің адамы. «Оң босағада отырған қыз» деп бекер айтпайды. Сондықтан келінімді қызым деймін деп қылымсынатын ата-аналар ең алдымен, адамдар арасындағы жақындықты түсініп алсын. Бірде ғалым академик кісіге қатты ренжідім. Бір отырыста «Келін деген «келген» деген сөзден шыққан» деп, келінін кемсітіп, шеттетіп отыр. Олай кемсітіп отырған адам оның ұрпағына қалай ана болады? Сол келін отыз алты жасында үшінші баласын туып «келген» деген сөзден құсаланып жүріп қайтыс болды. Құсада кетті. Орыс тілді еді. Марқұм менен сұрайтын «Мен қалай бұл отбасыға «чужаямын?» деп. Мен айттым «Сен ешқандай «чужая» емессің. Сол әулеттің ұрпағының анасысың» дедім. Міне, атағы дардай болса да келінін кемсітетіндер жоқ емес.
Кейбір отбасында ораза ұстайтын келіндер бар. Ал олардың ата-енесі кеңес өкіметі кезінде тәрбиеленген, өздерінше заманауи адамдар. Жас келіннің алдында шорти-майкамен шауып жүреді. Ал келіні байқұс ұялып, бетін басады. Сондай ата-енелерді де көріп жүрміз.

Jas qazaq: Күйеуін құрметтей алмайтын, енесінің бетінен алатын, қайын атасының алдында қайқаң қағатын келіндер де бар ғой, Айгүл ханым? Сондай келіншектер өз баласына қандай тәрбие береді?

А.Ісмақова: «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дегендей, қыз күнінде Қыз Жібектей, әйел болған соң абжыландай өзгеріп шығатын келіндерді де көріп жүрміз. Бұның бірінші себебі, кейбір ата-ененің пейіліне қарай сондай келін бұйыра ма деп ойлаймын. Келін бір әулетке түсетін кезде, алдын ала өзін дайындауы керек. Мысалы, тойдан кейін жас отауға келген ата-енесін қонақ деп қабылдайтын келіндер бар. Келін жаңа босаға аттамай тұрып, туысқандық қарым-қатынасты жақсы білуі шарт. Кімнің ата, кімнің ене екенін, қайын іні, қайын сіңлі дегендердің кім екенін білгені дұрыс. Оны түсінбей тұрып, келіндік міндет атқару кемшілікке толы болады.
Маған бір күйеу балам: «Келіннің міндетін, күйеу баланың міндетін жеке-жеке жазып беріңізші. Сол бойынша жұмыс істейік» дейді. Жазып бергеннен келін мінсіз, күйеу керемет болып кетпейді. Ол ана сүтімен, әке тәрбиесімен, солардың өнегесімен бойға сіңетін асыл қасиет.
Еуропада бала табу неге тоқтады? Себебі әйелдер жалаңаш жүрді. Псиxологтар анықтағандай, жалаңаш тәнді көре берген соң әйелге деген еркектің қызығушылығы азаяды. Жалаңаш тәнге көп қараған адамның бойындағы табиғат берген қасиеттердің азаяды екен. Бұл – бір. Екіншісі себеп, әйел еркектен көп ақша тапты. Еркек әйелге экономикалық жақтан кіріптар, бағынышты қоғам орнады. Осындай себептердің кесірінен еркек белсіз, әйел бедеу бола бастады. Бұл – ғасыр дерті. Бірақ біз қазақтар мұндайға жол бере алмаймыз.

Jas qazaq: Қазір немересіне ертегі айтып беретін қариялар бар ма? Ата-әже жасындағы кейбір кісілер сенбі, жексенбі күндері кафе, мейрамханаларда немересіндей қыз-жігіттермен көңіл көтеретінін жұрт жақсы біледі. Бұл ұлтты бұзатын ұятты жағдай емес пе?

А.Ісмақова: Немересіне ертегі айтып беретін қариялар бар. Мәселен, Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова екі немересін өзі жазған ертегімен өсірді. Зейнеп Аxметованың былтыр шыққан «Күретамыр» кітабында осылар қамтылған. Отанға оралған бауырлардың арасында бір кәсіпкер жігіттер жасаған кішкентай «Киіз үйдің» ертегісімен бала өсіріп отырған жас келіншектер де баршылық . Бірақ қазақтың қариялары немерелерін жаппай ертегімен өсіріп жатыр деп айта алмаймын. Қалада көпқабатты үйлердің арасындағы алаңқайларда немересін қыдыртуға шығатын осы заманғы әжелерге қарасаңыз, бір қолында смартфон, бір қолында арба. WhatsApp-та отырады. Бір жастағы немересінде де ұялы телефон. Оған ютубтан «Машаны» қосып беріп қойған. Бір жасқа толмай смартфонмен алданып тамақ ішіп отырған немерелеріміз, қазіргі ұрпақтан да сорақы бола ма деп қорқамын. Міне, бүгінгі оқымысты әжелердің сиқы осындай.

Jas qazaq: Сіз немерелеріңізді қалай тәрбиелеп жатырсыз?

А.Ісмақова: Аллаға шүкір, қыздан туған жиен немерелерім бар. Оларды өзінің ата-әжесі тәрбиелеп жатыр. Ұлым әлі үйленген жоқ. Қызымды ұзатқаннан кейін кейбір шешелер сияқты сағат сайын қоңырау шалып «Қызым, қызым!» деп өбектеген жоқпын. Жұмысым болса құдаларыма қоңырау шаламын: «Келіндеріңіз қалай?» деп сұраймын. Соған қызым «Мама, неге қызым демейсіз?» деп ренжіді. Мен «Жоқ, енді сен сол әулеттің келінісің» дедім. Қызым барған жерінің абыройлысы болса, ол маған да, өзіне де мәртебе. Балаларымның әкесі орыс тілді болғандықтан, балаларым орыс мектебінде оқыды. Бірақ үйде қазақша сөйлесеміз. Қолымыздан келген тәрбиені бердік. Жақсы мен жаманды, оң мен солды, адал мен арамды, өтірік пен шынды ажыратуды үйреттік. Біреудің ала жібін аттамауды, не істесе бір Алла көреді, бір Алладан басқа қорған жоқ дегенді саналарына сіңіруге тырыстық. Өз ата-анамнан көрген: ұят болады, обал болады, Құдай үшін деген үш сөйлеммен өсірдік.

Jas qazaq: Ұрпақ тәрбиесінің бұзылуын мектептегі мұғалімдерден көретіндер бар. Өзбекстан ұстаздардың жалақысын 1 мың долларға дейін көтеріп, жауапкершілікті күшейткелі жатыр. Жалақының көптігі тәрбие түйткілін шешуге септігін тигізе ме?

А.Ісмақова: Мектептегі оқушы тәрбиесінің бұзылуы тікелей ұстазға қатысты емес. Бұл мемлекеттік бағдарламаға тәуелді. Үкімет оқулықты кемелді қылмай тәрбие оңбайды. Бала тәрбиені әуелі ата-анадан алғанымен, оқулықтың берері мол. Өйткені оқулықта қазақтың кім екені айтылмаса, хандары мен батырлары, билері жазылмаса, ұрпақ өзінің шыққан тегін қайдан біледі? Өзгеге еліктегіштер сондай ұрпақтардан көп шығады. Сондықтан ұстаздың айлығын көтергенмен, мұғалімнің өзі қазақтың әдебиеті мен тарихынан бейхабар болса, ұрпақ тәрбиесі тастай болады дегенге сенбеймін. Біздің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған 100 томдық «Бабалар сөзі» ғалымдардың арасында ғана қолданылып келеді. Ұрпақты осы асыл сөзбен тәрбиелеуге мемлекеттік бағдарлама болмай тұр. Бұл мәселені тәуелсіздіктен бері өткен министрдің бәріне айтып, жазып келеміз. Нәтиже жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың ең басты руxани қару-жарағы – қазақ тілі, сапалы оқулығы, мектептің жаны – мұғалімі» деген. Осы үшеуі реттелмей, қазақты ұшпаққа шығаратын ұл туа қоймас.

Сұхбаттасқан Жарас Кемелжан

19 шiлде, 12:02
Ажал шақыратын арал
18 шiлде, 11:40
Қажытайдың атбегілігі қандай еді?
12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!