jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Таразының тең басы

05 сәуiр, 14:53
266

Таразының тең басы

Қызметіне жаңа кіріскен кез келген президенттің алғашқы ресми сапары аса маңызды. Сол арқылы қай елдің басты стратегиялық серіктес екені айқындалады. Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Ресейге барды. Айта кеткен жөн, президент В. Путиннің шақырумен. Мемлекет басшысы Мәскеу сапары қарсаңында «Российская газета» басылымына берген сұхбатында мұны айрықша атап өтті.

Бұдан мынадай ой түюге болады: бізбен жақын қарым-қатынасқа терістік көршіміз ерекше мүдделі. Себебі де белгілі. Батыспен арадағы тоқтаусыз текетірес, салмағы барған сайын ауырлап жатқан санкциялар, шетелдік инвестиция мен заманауи технологиядан қағылып, тек мұнай мен газға иек артқан экономика. Тегі бір туысқандардың теріс бұрылып, кәрі құрлыққа ұмтылуы… Мұндай жағдайда, сөз жоқ, өзара сыйластықты, тең дәрежелі байланысты құп көретін Қазақ елі секілді сертіне берік, сенімді одақтас қажет-ақ.

Ресеймен тиімді барыс-келіс бізге де керек. Көпвекторлық сыртқы саясат аясында. Елбасы қалыптастырған осы ұстаным өзінің өміршеңдігін дәлелдеп қана қоймай, өзгелерге үлгі болуда. Әсіресе, қазіргі жаһандық аумалы- төкпелі жағдайда. Бір мықтымен ерегесіп, ат құйрығын үзіскен, пана болар деп өзге бір күштінің қолтығына кіріп, ақыры, содан шыға алмай қалғандардың қандай күйге түскені бүгінде әмбеге аян. Ал сындарлы да сауатты сыртқы саясат елдегі ішкі дамуға ең қолайлы ахуал туғызатын қағидат болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, ортақ шекарасы 7 мың шақырымға жуық, экономикалық кеңістігі ортақ, қорғаныс жүйесі септес елмен тек өзара тиімді байланыс қана тұрақтылық кепілі бола алады. Басқаша болуы мүмкін емес. Әділін айтқан абзал, соңғы кездері Кремль қазақтың латын әліпбиіне көшуі мен ана тіліміздің өрісін кеңейтуіне бұрынғыдай суық қабақ танытпайтын болды. Батыстың алпауыт компаниялары кейінгі кездері біздегі кеніштерді барлау жұмыстарына пәлендей қызығушылық танытпай жатқанда, «Лукойлдың» Каспийдегі «Жеңіс» кенішін игеру үшін келісім жасауы әлемдік энергетика саласында басты жаңалыққа айналды. Ресейлік компанияның бұған қоса елімізде жағармай шығаратын өндіріс ошағын салатыны жөнінде газетімізде жазғанбыз.

Қ.Тоқаевтың сапары барысында ресейліктер Қазақстанда АЭС салу жөнінде сөз қозғады. Өздерінің технологиясын ұсынды. Қайбір жылдары бір министріміз осы жобаны қайта-қайта тықпалап, ақыры қолдау таппай, тауы шағылған болатын. Біздің билік бұл жолы да елп ете түспей, осынау кілтипаны көп мәселеге байыппен, жеті өлшеп, бір кесетінін жеткізді. Мәскеуде екі жақты қарым-қатынастың өзге қырлары талқыланды.

Президенттің Ресейге жасаған тұңғыш сапары сәтті аяқталды деуге толық негіз бар. Енді шығыстағы алып көршімен сындарлы қарым-қатынасты бекемдету жайы сөз болады деп күтілуде. Бұл да бекер емес. Өйткені, от жаққан орны орыспен ормандас, қытаймен қыраттас Қазақ еліне көршілерімен тату болу – қашанда асыл міндет.

Срайыл Смайыл

Срайыл Смайыл

12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!