jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Соңында аяқсыз қалады

15 наурыз, 16:50
591

Соңында аяқсыз қалады

Қоршаған ортаны қатты қалдықтар мен улы заттардан тазарту, тұмса табиғатты, жан-жануарлар әлемін қорғау, жер асты және жер үсті байлығын болашақ ұрпаққа аманаттау – бүгінгі аға буынның, құзырлы орындардың міндеті болуы тиіс. Өкінішке қарай, айналаға ашкөздікпен қарайтын, орманды отайтын, бейкүнә аңдарды ешбір рұқсатсыз аулайтын, қарапайым тазалық ережесін сақтай бермейтін азаматтар қатары әлі күнге азаймай тұр. Қоғамға жат кез келген құбылыс, оқиға табиғат жанашырларын қатты толғандырады. Осы төңіректе «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының» төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Сайлауұлы Әміртаймен журналист Дәулетхан Қыдырбайұлы сұхбаттасты.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Азаматхан Сайлауұлы, біз осыған дейін түрлі тақырыпты қозғадық. Саясат, экономика, әлеуметтік мәселе көбірек сөз болды. Қарап тұрсақ, экология мәселелері назардан тыс қалып бара жатқан сияқты. Бұл төңіректе алаңдатып отырған мәселе жетерлік. Айталық соңғы жылдары қазақ даласында киіктердің бір бөлігі қырылып қалды. Биыл ондай жағдай тіркелмегеніне шүкіршілік етеміз. Алайда Атырау өңірінде балықтардың қырылуы тағы бір шикіліктің шетін шығарды. Осы түйткілдің бәрі экологиялық жағдайдың күрделене түскенін білдірмей ме?

Азаматхан Әміртай: Бүгінгі күні елімізде экономикалық мәселелерге көп көңіл бөлініп, экологияның әрбір азамат үшін аса қажеттігін ұмытып кеттік. Өйткені біз шикізат өнімдерін әлемдік нарыққа ұсынып отырған мемлекетпіз. Сол шикізатты пайдалану, тезірек табыс табу барысында, қоршаған ортамыз үлкен зардап шекті. Осы үрдісті бақылайтын кез келді.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Нақты сандар бар ма? Мысалы, өндіріс қалдықтарының әсерінен экологияға қаншалықты зардап келді? Атырауда мынанша, Ақтөбеде мынанша, тағы басқа өңірлерде осыншама қатты қалдық жиналып қалды деген деректер бар ма?

Азаматхан Әміртай: Бүгінгі күні еліміз бойынша 100 млрд тонна өндірістік қалдық бар. Тұрмыстық қалдықтар 100 млн тоннаны құрайды. Бұл көңілге күдік ұялататын, үлкен үрей әкелетін жағдай. Сонымен қатар радиациялық қаупі бар кен орындары да көбейіп жатыр. Мысалы, бұған дейін уран өндірісі болған кен ошақтарының үлкен радиациялық зардабы бар. Біз Менделеевтің химиялық кестесіндегі барлық элементтер елімізде бар деп мақтанамыз. Сол қазынаны қара жерден қазып алу үшін экологияға қаншама зардап әкеліп отырмыз. Одан басқа, мысалы – Семей, Балқаш өңірінде де өзекті мәселе бар. Арал мәселесін өздеріңіз білесіздер. Америка Құрама Штаттарының астанасы Нью-Йорк қаласындағы музейде Арал теңізінің суреті тұр. Сол суреттің астында «Адам қолымен жойылған теңіз» деген жазу бар. Оның зардабы тек қана Қазақстанға білініп отырған жоқ. Әуеге көтерілген тұз әлемдегі климаттың өзгеруіне әсерін тигізуде. 2016 жылы Қазақстан Париж келісімін ратификациялады. Ол климаттың өзгеруіне ықпал ететін парникті газды төмендетуге қатысты еді. Амандық болса, 2020 жылы біз осы салада Қазақстанның үлесін көрсетуміз керек. Егер біз осы үлес мөлшерін нақты көрсете алмасақ, Халықаралық ұйым Қазақстанға айыппұл салады. Бұл миллиардтаған қаражатты құрайды. Өкінішке қарай, біз осындай құжатқа қол қоямыз да, сонымен қатар экологияны бұзамыз. Сол үшін миллиардтаған қаражат айыппұл төлеу дұрыс па? Сонда не болды? Айыппұл төлейміз!
Жануарлар әлемін де айтайық. Солтүстік өңірде қасқырдың өзі жоғалып кетті. Баяғыда ақбөкен, сайғақ, басқа да сирек кездесетін аңдар жоғалып бара жатыр деуші едік қой. Енді ешкім тиісе бермейді-ау деген қасқырдың өзі сиреп бара жатыр. Ал қазіргі аңшылық еріккеннің ермегіне айналды. Аңдарды тек мүйізі үшін атып салу жағдайы көп. Осының кесірінен табиғаттың ажарын кіргізген, сирек кездесетін аңдардан ажырап қалдық. Аңшылар аңшылықты жеке кәсіпке айналдырып отыр. Шетелде, Еуропа елдерінде бей-берекет аңшылық жасауға жол берілмейді. Ол жақта заңмен тыйым салынған. Қолына қару ұстап, рұқсатсыз аң атқандарға айыппұл салу түгілі, оларды табиғатқа залал келтіргені үшін қамап тастайды. Сондықтан ол жақтың аңшылары елімізге келеді. Ал бізде аңшыларға әр уақытта жол ашық.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Неге? Бізде арнайы министрлік, аңшылық қорықтар бар. Олар жұмыс істеп отыр ғой…

Азаматхан Әміртай: Аңшылар ермектің арқасында дала кезіп жүруді кәсіпке айналдырды. Кәсіп болғаннан кейін ол жерде мол қаражат айналымы бар. Тіпті олар бүгінде үлкен қаражаты бар ұйымға айналды. Қазіргі уақытта олармен текетіресудің өзі қиын.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сіз сонда заңды аңшылық ұйымдар туралы айтып отырсыз ба?
Азаматхан Әміртай: Иә. Бізде заңды, заңсыз да ұйымдар бар. Бірақ олардың жануарлар әлемін құртуға құқы жоқ. Бүгінде ақша табу үшін арнайы заңдастырып қойған жерлер де бар. Ол да дұрыс емес.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сіз бағанадан бері бірсыпыра мәселенің шетін айтып отырсыз. Біздегі экологияның, аңшылық шаруашылықтың, табиғатқа қатысты мәселелердің біразын айттыңыз. Енді өзіңіз басқаратын «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» өзге де әріптестеріңізбен бірлесіп, осындай проблемаларды жою жолында қандай қадам жасадыңыздар?

Азаматхан Әміртай: Осыдан 2,5 жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасымен «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» деп аталатын республикалық қоғамдық ұйым құрдық. Сол уақыттан бері біз не бітірдік? Біріншіден, жыл сайын әр қазақстандық бір тал отырғызу үшін, сөйтіп, жылына 18 миллион көшет егу туралы бастамасын күзде, көктемде өткізіп жатырмыз. Демалыс орындарындағы қоқыстарды жинау науқанын ұйымдастырып тұрамыз. Бұл шараларға студенттер, мектеп оқушылары белсене араласады. Ірі өндіріс орындарынан шығатын СО2 зиянды қалдығын төмендету үшін десульфиризация дейтін технологияны ұсындық. Ол технологияны Алматы қаласындағы ТЭЦ-ке, одан кейін Атырау қаласындағы қазандықтарға орнатуға да ұсыныс жасадық.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Талаптарыңыз орындалды ма? Құзырлы орындар қабыл алды ма?

Азаматхан Әміртай: Әкімшіліктегілер басында қолдайды. Бірақ әкімшіліктегілер соңында аяқсыз қалдырады.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Не себепті?

Азаматхан Әміртай: Ешқандай себеп жоқ.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Себебін сіздерге түсіндірмей ме?

Азаматхан Әміртай: Ақша, инвесторлар, идея, жоба бар. Әкімшілік осының басын біріктіріп, осы жұмысты алып кетуге жағдай жасауы керек қой. Соны жасамайды. Неліктен қолға алмайтыны түсініксіз. Яғни оларда «экологиялық мәселе соңғы орында тұр» деген сөз.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Осыған дейін елімізде қоршаған ортаны қорғау министрлігі болған. Расында да, қазіргі кезде экология мәселесі кейінге шегеріліп қалған сияқты көрінеді. Қордаланған мәселені қадағалайтын арнайы мемлекеттік мекеме қажет пе?

Азаматхан Әміртай: Әрине, керек. Бұл мәселені көтеріп жатқанымызға 2-3 жыл болды. Экология министрлігі қажет. Бірақ мемлекет тарапынан белгілі бір қолдау көріп отырған жоқпыз. Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрлігі бүгінде комитетке айналған. Саяси мүмкіндігі жоқ мекеме қазақ елінің экологиясын қалай қорғай алады? Мысалы, елімізде шетелдің ірі трансұлттық компаниялары жұмыс істейді. Оларға үнемі сараптама жасауға, оларға қарсы тұру комитеттің қолынан келе ме?

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Нақты алға басудың жалғыз жолы партия құру деп ойлайсыз ба? Сіз жақында «Жасылдар» партиясын құрамыз дегенсіз…

Азаматхан Әміртай: Біз «Байтақ болашақ» экологиялық альянсын» құрған кезде, қоғамдық дәрежеде мемлекетпен бірге жұмыс істейміз деп ойладық. Қоғамдық ұйым ретінде көп мәселені шешеміз деген пікірде болдық. Ал енді қараңыз, біз бүгінде неге көзіміз жетті? Шенеуніктерге ықпал ету үшін қоғамдық ұйымның ешқандай беделі жетпейді екен.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бір жағынан, партияның мақсаты – қалай да билікке қол жеткізу ме? Парламентке қол жеткізу, депутат болып отыру ма сонда?!

Азаматхан Әміртай: Мен сізге айтайын, не үшін біз партия құруға бел будық. Өйткені біз шенеуніктермен өз дәрежесінде сөйлесу керектігін түсіндік. Олар саясаткер болса, біз де саясаткер болуымыз керек. Қазақстан бүгінгі күні экологияға қаражат бөліп жатыр. Оны бәріміз көріп отырмыз. Бірақ сол қаражат қаншалықты тиімді жұмсалуда? Экологияға қанша пайда әкеліп жатыр? Мәселе қайда? Осы мәселені қолдау үшін міндетті түрде Парламентте депутаттардың экологиялық лоббиі болуы керек. Сонымен қатар мәслихатқа да, жергілікті мәслихаттарға да өз адамдарымызды кіргізсек деп ойлаймыз. Бүгінде Парламентте экологияға қатысты комитет бар. Бірақ экологиялық мәселелерді лоббилік нақты іс-әрекеттерді көріп отырған жоқпыз.

13 қыркүйек, 14:10
Қармақ емес, балық сұрайды
13 қыркүйек, 11:19
Мәдениетіміздің өлшемі (видео)
06 қыркүйек, 12:40
Ең бастысы – қоғамда әділдік орнату
06 қыркүйек, 12:14
Абайтанушы ғалым эстафетаны жалғады (видео)
26 тамыз, 15:22
Қайсар қыз, Әнел!
23 тамыз, 11:53
Мұнайшы да болып көрдік
22 тамыз, 20:35
Оқушы киімі қанша тұрады?
16 тамыз, 13:26
"Бой түзейтіндер мен ой түзейтіндер бұққан заман"