jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Созылмалы кеселге айналды

22 ақпан, 16:26
488

Созылмалы кеселге айналды

Көктем жақындағанда су тасқыны ел-жұртты алаңдататын күрделі мәселеге айналады. Мамандардың айтуынша, биыл 500-ден астам елді мекенді су басу қаупі бар. Жыл сайын қайталанатын табиғат апатына кім кінәлі? Себебі анықталып, тасқынға тосқауыл қою мақсатында қандай шаралар жасалып жатыр? «ДӨП» пікірсайыс алаңында Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержанмен журналист Дәулетхан Қыдырбайұлы осы тақырып аясында сұхбаттасты.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Жалпы, қаттырақ айтсақ, «құс келді, кұс кетті» дегендей, көктем мен күзде қозатын екі нәрсе бар. Бірі – су тасқыны. Екіншісі – жиын-терін кезінде жанар-жағармайдың қымбаттайтыны. Екі мәселе де созылмалы ауруға айналды. Бұрын «тосын сый» болса, қазір олай емес. «Күтетін сый» болып қалды. Осы мәселені қалай шешсек болады? Ары бармайық, соңғы үш жылда 60 миллиард теңгедей қаражат бөлінген. Ол – тасқын судың алдын алуға, зардаптарын жоюға жұмсалмақшы. Соған қарамастан, жүздеген ауыл қызыл судың астында қалады, мыңдаған халық зардап шегеді. Не істеуге болады? Қиындықтан шығудың қандай жолы бар?
Құдайберген Ержан: Тарихқа жүгінетін болсақ, біздің ата-бабаларымыз табиғаттың осындай құбылысын өзінің керегіне пайдаланған. Ол дария, өзен болсын, басқа болсын көктемде су тасыған жерлерді жазда жайылымға, шабындық шөпке пайдаланған. Қариялар табиғаттың жағдайын жақсы білген. Табиғаттың осы құбылыстарының өзін қорғаныс мәселесіне пайдаланған.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Ешқандай озық технология мен техника жоқ заманда осылай болған. Ал қазір Төтенше жағдайларымыз барлық озық технологиямен, техникамен жабдықталған дейміз…
Құдайберген Ержан: Иә, оның үстіне бәрін ғарыштан қадағалап отырмыз. Алдын ала мәліметтер алып, қардың қалыңдығын, жалпы ылғалдың қаншалықты болатынын жобалап отырғанның өзінде де жылдан-жылға қайталанатын тосын құбылыстарға тап боламыз. Бұл мәселе Үкіметті де ойландыруы тиіс. Осы болып жатқан тірліктен сабақ алуымыз керек. Тәжірибе жинақтап, алдағы жылдары апатты болдырмау жолын ойлауымыз керек. Мысалы, былтыр Бұқтырмадан бастап, Өскемендегі Шүлбі су қоймасын алып қарасақ, су деңгейінің көрсеткіштері максималды деңгейге келіп тұрған. Биыл да сол көрсеткіш қайталанып тұр.

Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бұл тасқын тағы да қайталанады деген сөз бе?
Құдайберген Ержан: Бұл енді… бетін аулақ қылсын…
Дәулетхан Қыдырбайұлы: «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейсіз ғой…
Құдайберген Ержан: Иә, Ақтөбеде су тасығанда сол кісілердің ертеңгі күнін ойлап қорқып отырған жағдайын естіп, мен ұялып отырмын. Бірінші кезекте халықты алдын ала ескерту – жергілікті әкімдікте істейтін азаматтардың міндеті. Халықтың жағдайын жасауды, қауіптің алдын алуды ешкім назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Құдайберген Төлепұлы, қаржы бөлініп жатыр, техника бар. Тіпті өзіңіз айтып отырғандай, ғарыштан қай жерде не болатынын алдын ала біліп отырмыз. Бәлкім, осы салада бәрін саралап, сараптай алатын маман жоқ шығар?
Құдайберген Ержан: Совет үкіметі кезінде «Бәрін маман шешеді» деген сөз бар еді. Сондықтан қай салада болсын білікті маман жұмыс істегені жақсы. Бірақ көп жерде сол мамандар басшыларына өз ойын жеткізе алмайтын сияқты. Өзінің позициясында тұра алмайтын секілді. Бастығы ойына келген бір идеяны, жобаларды жүзеге асырамын деп алдына мақсат қойып жатқан кезде, орынбасары болмаса басқарма басшылары оның дұрыс еместігін айтуға қабілеті жетпейді. Соған дәті шыдамайтын сияқты.
Қызылордада, Сырдарияның ар жағында, Әйтек деген жерде осыдан 150 жыл бұрын теміржолға арналып салынған көпір бар. Ол кезінде 100 жылға есептеліп салынған. Ол осы күнге дейін тұр. Әлі де ұзақ уақыт тұрады. Бізге осындай сапалы, нақты жұмыс, білікті мамандар керек.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Менің айтып отырғаным сол ғой. Қазір сол кездегі мамандар жоқ. Әлде бар ма? Болмаса қазіргі мамандардың міндеті мен қызметі басқа ма?
Құдайберген Ержан: Бұрын көпір салынса, сол көпірді жобалаған инженер тексеру кезінде көпірдің астына тұрады екен. Өйткені ол өзіне сенімді. Көпірдің құламайтынына сенімді. Меніңше, біздің құрылысшылар сондай тәжірибеге бара алмайды-ау.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Су тасқыны ғана емес, өрт, басқа да төтенше жағдайларды алайықшы. Бұл жерде төтенше жағдайлар қызметін жоққа шығармаймын. Апат көбейіп кетті. Алайда мамандар оқиғаның салдарымен ғана күресетін сияқты боп көрінеді. Сізге де солай көрінбей ме?
Құдайберген Ержан: Әрине, істелініп жатқан жұмыс көп. Бұрын өзім басшы болып, белгілі бір кішкентай мекемеде жүргенде ондай ой болуы мүмкін еді. Бірақ облыста мәслихат хатшысы болып жүргенде, жалпы, облыстағы мәселелерге араласып, кіріскен кезіміз болды. Әрине, жұмыс істелінеді. Кей жерлерде істеліп жатқан үлкен жұмысты кішкентай қателік жоққа шығарады. Демек, жауапты азамат болғаннан кейін өздерінің істеп жатқан жұмысына салғырт қарамауы керек.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Бір жағдайда сондай болды дейік. Екінші, үшінші жағдайда да сондай болуы мүмкін ғой.
Құдайберген Ержан: Көп жағдайда сондай болады…
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Оның жыл сайын қайталана беруі мүмкін бе?
Құдайберген Ержан: Әрине, ондай болуы мүмкін емес. Дегенмен, Үкімет басшылары талап қоя білу керек. Ал кемшілік жыл сайын қайталанатын болса, сол саладағы мамандар өз ісін жетік меңгермеген деп санар едім.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Аймақта болып жатқан төтенше жағдайға сол аймақтың басшысы да жауапты ғой…
Құдайберген Ержан: Әрине, бірінші кезекте…
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Одан кейін арнайы орталықтандырылған төтенше жағдайлардың қызметі бар. Министрліктің құрамында комитет бар. Жалпы жергілікті билікпен орталықтандырылған басқару тетігі, айталық министрлік, комитет болсын, осылардың өзара ымыраласуы, жұмыс істеуі, ықпалдасуы ақсап тұрған жоқ па? Неге дейсіз ғой? Өйткені былтыр ғана басқа Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өзі Үкімет басшысынан көмек сұрады. Бұл не деген сөз? Яғни «төмендегілер жұмыс істей алмайды» деген сөз бе?
Құдайберген Ержан: «Сол облыста дер кезінде су соратын насос болмады. Резеңке аяқкиім болмады. Күрек болмады» деген не сөз? Осы облыс әкімінің көтеретін мәселесі ме? Оның өз орындаушысы бар. Сол саланы басқаратын орынбасары бар. Міне, сол азаматтар дер кезінде мәселені көтермегендігінен. Облыс әкімі соған дейін мәселе көтеретін болса, орынбасарларының мәселесін қарау керек деп ойлаймын. Табиғаттың құбылысы бір күнде емес, бір сағаттың ішінде өзгеріп кетуі мүмкін. Оған талай куә болғанбыз.
Дәулетхан Қыдырбайұлы: Сол үшін де төтенше жағдай емес пе?
Құдайберген Ержан: Бірақ сонда да күрегі де, қаражаты да, басқасы да дайын тұрғаны жөн. Ол ешқашанда артық болмайды. Ол көп дүниені де талап етпейді.

12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!