jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Таңғалудан қалдық

01 ақпан, 13:43
972

Таңғалудан қалдық

Ертеректе қырғыз радиосында «Ошондойлар да болод» деген сайқымазақ хабар болатынын кейбір ағаларымыз жыр етіп айтушы еді. Сонда ел арасындағы қулық-сұмдықты айырқалпақты ағайындар сойып тұрып айтатын. Мұны айтып жатқан себебіміз, сол хабар қоғамдағы кемшілікті түзеуге қатты ықпал еткен көрінеді. Сондай сатираны біздің сатириктер де сорғалатып, сиясы кеппей тұрып-ақ әлеуметтік желілерге салып жатыр. Бірақ одан мін түзеліп жатыр ма? Өйткені ақшаға дәніккен бақшаға құныққаннан жаман боп тұр. Бақшаның пайдасы өніммен байланысты. Ал ақшаға құныққандар әмиянын әп-сәтте толтырып алғысы келеді. Біреулер – жеп жатыр, біреулер – делдал, енді біреулер ауадан ақша жасайды. Қысқасы, қазақта сиқыршы көбейіп кеткендей. Сиқырлықтың соңы соқыр тиын қалдырмаса да, түсінде теңгенің буымен тербеліп жатып, жайлы түс көргенді ұнатады. Сол түсін жақсылыққа жорытып, оңай байысам деп ой қорытатындар да жетіп артылады. Қалай айтсақ та, күтпеген жаңалықтармен жан бағатын болдық. Оқимыз, ойланамыз. Бірақ таңғалудан қалдық. Өзге біреу болса, бір жөн. Ал халықтың көз алдында көркем мінезімен, әдемі әндерімен, дара дауысымен жүрген Гауһар Әлімбекованың 6 жылға сотталғаны туралы ақпарат тарағанда, бәріміз әрі-сәрі күй кештік. Адам сенбес оқиға…

Оқырманға түсінікті болу үшін тақырып түйінін тарқата кетейік. Әнші Гауһар Алматыдағы «Ақкент» ықшамауданынан құрбысы Бақыт Назароваға пәтер алып беремін деп 40 мың доллар ақша алыпты. Бұл 2013 жылы болған оқиға екен. Әнші содан бері құрбысының ақшасын қайтармай, іс сотқа жеткен.
Әлеуметтік желіде біреулер әншіге жаны ашып «Гауһарды қорғайық, ақша жинап берейік», «Мұнда бір кілтипан бар» деп болжам жасап әлек. Ал екінші тарап «Әншісің бе, әртіссің бе, заң ешкімге қарамайды», «Әнші де пенде», «Байқамай аяғын шалыс басқан шығар?» деп жатыр.
Жұрт байыбына бара алмай отырған мәселені әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында түсіндіріпті. Оның айтуынша, «Ақкент» тұрғын үй кешенінде түрік компаниясы үй салған. Осы істе сыбайлас болған Феруза Ордабаева есімді әйел «Әкімдікте жұмыс істеймін әрі мемлекеттік бағдарламамен 3 бөлмелі пәтерді 40 мың долларға алып беремін» деп, 35 адамды алдаған көрінеді. Солардың ішінде әнші де болған. Ф.Ордабаева Әлімбекованың концерттеріне барып, жанкүйері болып жүріп, соңы таныстыққа ұласады. Сөйтіп, екеуі құрбы болған. Алаяқ құрбысының ұсынысымен үш туысының атынан үш бөлмелі 3 пәтер алған. Кейін Бақыт Назарованы таныстырады. Оған да пәтер алып беремін деп ақша алған.
Адвокаттың айтуынша, алаяқ әйел Ордабаева бастапқы жарна ретінде 600 мың теңгесін төлеп, бұларды бір жылға үйге кіргізіп қойған. Сөйтіп, қалған ақшаны қалтасына басып табанын жалтыратыпты. Екі жылдан кейін бұларды әлгі үйді салған компания қуып шығады. Сөйтсе, үйдің құны 37 миллион теңге болып шығады. Пәтерді алған кезде алданғандар келісімшартты да оқымаған. Келісімшартта мұның бөліп төлеу арқылы сатып алынатыны жазылған. Сөйтіп, композитор да, оның құрбысы Назарова да, олармен бірге баспаналы болған тағы 35 адам далада қалыпты.
2016 жылы Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қылмыстық істің басты фигуранты Ферузаны соттап, оны 7 жылға бас бостандығынан айырады. Кейін Гауһардың өзі де іске шатылған. Концерт пен кештерден қолы тимеген әнші Ордабаеваның үстінен шағымданбапты. Бақыт Назарованың арызынан кейін, сот әнші мен Ордабаеваны сыбайлас деп қарайды. Сөйтіп, әнші сот залынан қолына кісен салып шықты. Сазгер Бас прокурорға «Араша болыңыз, істің ақ-қарасын айырыңыз» деп хат жазған. Гауһар туралы сөз осымен тәман.
Амалсыз айтуға тура келеді. Соңғы жылдары алаяқтық қылмыстың 80 пайызын әйелдер жасайтын көрінеді. Айтуға оңай, естуге қиын, әрине. Қазақ «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, әдемі суреттейді. Бірақ бесік пен әлемді әлдилеген ананың қолы жамандыққа, алаяқтыққа қалай барады деп қимайтынымыз да, қиналатынымыз тағы бар.
Былтыр халық әні «Ақжайнақты» орындайтын танымалы әнші Амангүл Орынбасарқызы да алаяқтығы үшін айыпталған болатын. Ол «Ақжайнақ» қаржы пирамидасын құрып, оған жұртты тартқан. Алғашқы кіргендер салған ақшасын екі еселеп қайтарып алыпты. Ал соңғылары көк тиынсыз қалады. Іс сотқа жетеді. Сөйтіп, «Ақжайнақпен» танылған әнші «Ақжайнақпен» тынды.
Естеріңізде болса, былтыр Астана қаласында Сандуғаш Жұмабек есімімен әлеуметтік желі арқылы танылған әйел алаяқтықпен айналысқаны үшін сотталған болатын. Ол да әнші еді. Ол бірнеше миллион доллар мен бірнеше пәтерді алдап алып, қайтармағаны үшін айыпталған болатын. Күні кеше тағы бір қарындасымыз Америкада жұртты тақырға отырғызып, жаманаты бүкіл қазаққа тарады. Махаббат Әбдуәлиева риелторлық қызметпен айналысып, 15 адамды алдап соққан көрінеді. Енді ол 10 жылға дейін өмірін темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін.
Айтып ауыз жиғанша болған жоқ. Алматылық 37 жастағы әйел жұрттың 200 миллион теңгесін алып, тақырға отырғызып кетті. Ол «Қытай мен Қырғызстаннан арзан тауар әкелетін каналым бар» деп жұрттың сеніміне кіріпті.

Жарас КЕМЕЛЖАН

12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!