jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Мұрагер апа

22 қантар 2019, 14:26
873

Мұрагер апа

Талдықорғанда төрт әулеттің мұрасын мәпелеп сақтаған Әуесхан Мажайқызы деген ұқыпты да көргенді, ата дәстір мен салт-санаға, әдет- ғұырпқа аса бір ыждағатпен құрмет ететін ұлағатты апа тұрады. Қытайдан көшіп келгеніне көп болмаса да ол кісінің сақтаған мұралары көптігімен де, көріктілігімен де, бізге беймәлім өткен күндердің тарихын түгендеп берген құндылығымен де бағалы.

Мұрагер апа

Ол мұралардың ішінде осыдан үш жүз жылдың алдындағы аталарымыз тұтынған тұрмыстық бұйымдар мен шеберлер мұрасынан тартып, бүгінгі күннің болашақта жәдігерге айналар асыл қазыналары толып тұр. Айта берсек, қазан-ошақ, самаурын, келі-келсап, қазан, мосы, астау, тегене, қасық, шөміш, пышақ, қысқаш, тоқылған ши, аттың қылынан өрілген арқан, тағы басқа да тұрмыстық бұйымдардың түр-түрі көз сүріндіреді. Бір ғасырдан астам тарихы бар мұйық, түскиіз, ақ киізден сырып жасаған қалпақ, көрпенің тысы, кимешек-шылауыш, қыздар тағатын әсемдік бұйымдар, үкінің қауырсыны, жібек жіп, ағаштан оюлап жасалған түйме, іс тігуге арналған сонау ХІХ ғасырда Ресейде жасалған зеңгір мәшинасы өте бір ұқыптылықпен сақталған. Ал ертоқым, жүген, ноқта, құйысқан, өмілдірік, қамшы, кісен секілді ат әбзелдірінің өзі бір төбе. Төрт, алты, сегіз, он екі өріммен өріліп, күміс жалатылып, түрлі асыл тастардан көз салынып, безендірілген ат әбзелдері мен айыл-тұрманның шебердің қолынан шыққан сирек кездесетін өнер туындысы екендігі бесенеден белгілі. Бүркіт ұстайтын тор, жемсау, қолғап, тұғыр, сияқты аңшылыққа пайдаланатын құрал-саймандар да бүгінгі ұрпаққа таңсық дүниелер. Емшілікке қолданылатын қорғасын, кепіреш, дәрілік шөптерді үгітетін кішкентай келі, денедегі арам қанды тазалауға арналатын лоңқа, сиырдың мүйізінен оюлап жасалған бүлдіргі ата-бабаларымыздың халықтық медицинаны хал-қадірінше өркендеткенін аңдатып тұр.

Мұрагер апа

Қысқасы, Әуесқан Мажайқызы аса бір ұқыптылықпен аялап, сақтап, бүгінге жеткізген 500-ге жуық жәдігердің әрбірі халқымыздың өткен өміріне терең бойлап, тұғыры биік көшпенділер өркениетінен сыр шертіп тұр. Тағы бір айта кетерлігі, ол мұралардың әрбірінің өз тарихы, өткеннен сыр шертер құпиясы бар екен.
Басында бір өмір аялап сақтаған мұраларының тарихы жайлы сұрай бастағанда Әуесхан Мажайқызы біраз тартыншақтады. Өйткені, бала күнінен көргенді елдің тәрбиесін көріп өскендіктен қазақы қанға сіңген қасиет бойынша аталарының атын бадырайтып айту тым өрескел сезіледі екен. «Емші ата», «Зәңні ата», «Толқынның шешесі», «Мырза жігіт» деген сияқты жаңылдырып атаған есімдер біздің мақала жазуымызға кедергі келтіретінін түсіндіруге тырыстық. Сонда да кісі есіміне келгенде бәрі бір жаңыла берді. Бірақ біз оқырманға түсінікті болу үшін аты аталған аталардың есімін мақалада өз қалпында көрсетуге тырыстық.

Мұрагер апа

– Бабамыз Жансарбай Ұлтарақұлы өз дәуірінде ауруға жол бермеген емші, ауыздыға сөз бермеген шешен, елді ынтымақ пен берекеге бастаған, ел тізгінін ұстаған көреген кісі екен. Туғанда тым нәзік болған соң тұмаққа салып, төбеге іліп қояды екен. Соған қарап елдер Жансарбай атап кетіпті. Әулиелігі бір басқа, өз дәуірінің егейлерімен етене жақын болып өтіпті. Оның үстіне ауруға жол бермеген емші болған. Атамыз 1951 жылы туып, 1946 жылы 95 жасында өмірден өткен сүйегі асыл жан еді. Бұл мұралардың ішінде сол кісіден қалған 50-ден астам жәдігер бар. Соның ішіндегі ең бағалысы күмістелген ат әбзелдері мен емшілікте дәрі-дәрмек жасауға қолданылатын кішкентай келі. Атамыз ат-әбзелдерді Торғауыттардың атақты шебері Бадыма дегенді арнайы шақырып әкеліп, төрт, алты, сегіз таспалы қазақша өрім мен он екі таспалы қалмақша өрімді араластырып өргізіп, жасатқан екен. Бұл ой қазақ-қалмақтың бұдан былайғы өмірі береке-берлікте өтсін деген асыл арманынан туындаса керек. Ал Жансекең қазақтың байырғы емшілік дәстүрі мен сол кездегі жаңаша емдеу жолдарын үйлестірген бүгінг тілмен айтқан да білікті дәрігер. Сол кездің өзінде «Жан қалса Жансарбайдан қалады» деген ел арасында аты аңызға айналып, ардақты есімі елге өнеге болғаны тағы бар. Осы мұраның ішіндегі дәрі-дәрмек жасауға арналған кішкентай келі-келсапты кезінде Мәскеуде медицинаны бітірген, 1938 жылы Сәбетте (ол кезде Қазақстанды Сәбет деуші еді) атылған, жаңаша емдеуде алдына жан салмаған татар досы Әлиев (атын ұмытып отырмын) естелікке ұсынған екен. Сол атамыздан қалған тағы бір мұра – егіншілікте қолданылатын соқа мен шөп турауға арналған жады. Соқаны ноғай көпестерінен сатып алыпты да, жады мен самаурынды Андрей деген казак досы беріпті. Осы құралдармен Іле өзенінің алқабындағы шұрайлы жерге егін егіп, елді алғаш отырықшылыққа жетелеген жан.
1910 жылдың ар жақ, бер жағында атақты шешен, жүйрік ақын Жапсарбай Сасанұлы ел аралап жүріп, тау болып үйілген тарыны Кеңсудың баса соққан желіне сапырып жатқан Жансарбайдың қырманынан шығады. Кепсен ала кетпекші болып қараса, ыдысы жоқ екен. Сөйтсе де құры кеткісі келмеген Жапсарбай:
– Ассалаумағалейкум, Жансарбай,
Қара тамырға жүрсің жан салмай.
Қырман толсын әттеген-ай,
Келіппін-ау кепсен алуға қап салмай, – депті.
– Келіңіз, ақ түйенің қарны ақтарылып жатқан алтын күзде қырманға келіпсіз. Кепсен алыңыз деп жүннен тоқылған қара дағарға толтыра тары салып арттырып жіберіпті. Сол қапты күні бүгінге дейін сақтап отырмын, – дейді.

Мұрагер апа

Расында, тарихты Әуесқан Мажайқызы емес, ол кісі сақтап келген мұаралар сөйлеп тұрғандай сезілді маған. «Жібекті сақтай алмаған жүн етеді, қызды аялай алмаған күң етеді» дегендей, апамыз мұралардың арасынан алкүрең түсті ширатылған бір уыс жіпті алып шығып, «Бұл Қытай жібегі» деп таныстырды. Осыған дейін «Қытай жібегі» деген терминді кітаптардан оқып жүрсем де оның қандай болатынын көрмеген екенмін. Өте бір нәзік, қос саусақтың арасына салып, уқаласаң үгітіліп кететіндей биязы жіп қолға сусып тұрмайды екен. Сонда ғана Батыс Қытайдан – Батыс Еуропаға дейін жеткен әйгілі Жібек жолының қалыптасуына мұрындық болған «Қытай жібегінің» құндылығын азырақ түсінгендей болдым. Бір қызығы, жібек жіпті жақсаңыз күлі жерге түспей ауаға тарап, ұшып кетеді екен. Мұралардың ішіндегі тағы бір құнды зат – жүз жасаған бесік. Оның да естіген құлаққа жағымды, өзгеше тарихы бар екен:
– Жансарбай атамыз емші болған соң елдер ол кісіні үйде тұрғызбайды екен. Атағына білген соң ат жіберіп, арнайы шақыртып алатындар да көп. Ол кісі екі әйел алған адам. Бірінші әйелінен алты қыз туып, оның артынан Аяпберген деген ұл ереді. Ал екінші әйелінен Омарақын атамыз туып, оның артынан алты қарындасы еріпті. 1903 жылы Құлжа қаласында казак-орыс, татардың байлары, ноғай саудагерлері, сол кездегі Қытайдың жергілікті мансаптылары, қазақтың би-шонжарлары бас қосқан үлкен съезд өтеді. Сол съезге Жансарбай атамыз да шақырылыпты. Ол кісінің міндеті – съезге келетіндердің денсаулығына жауап беретін болса керек. Сонда жүргенде ұлы Омарақын дүниеге келіп, ауыл азаматтары Жансарбай атамызға шүйіншілеп барады. Бұл қуанышты бөліскен съездегі татар достары мен ноғай көпестері шеберлерге қайыңнан иіп бесік жасатып, сәбиге сыйлайды.

Мұрагер апа

Келесі жылы тағы бір қызық жағдай болады. Қытайдың Кеңсу деген ауылына қарасты Сарысай деген сайдың аузында «Жансарбайдың қарадомалағы» деп аталатын жота бар. Алыстан төбесі үшкілденіп көрінетін жотаның үсті ат бәйгесін өткізіп, көкпар тартатын, қыз қуар жасап, түрлі ұлттық өнерден бәсеке оздыратын жер. Үйдегі кезінде күнде сол төбеге шығып, бір-екі сағат отырып қайтады екен. Бір күні төбеден асығыс түскен атамыз әйелдеріне:
– Құлағыма аттың демі келді. Тезірек қазан асып, дайындық көріңдер деп тапсырады. Көп өтпей аттарына ақ сауыт боп муз қатқан екі жолаушы кіріп келеді:
– Жансеке, біз Іленің арғы бетіндегі сары Керімбек байдың ауылының жігіттеріміз. Анамыз толғатқалы 20 күн болды. Қарамаған бақсы-балгер, емші қалмады. Оның шешуін сіз табады деп бай бізді жіберіп еді, – дейді.

Мұрагер апа

Ас ішіліп болған соң суыт аттанып кетеді. Барса байдың әйелі 12 қанат киіз үйдің мына басынан, ана басына дөңгелеп, жаны шығып шырқырап жатқан екен. Жансарбай емші есіктен кіріп келгенде әйел сәл тыныштала қалады. Емін жасап, дұғасын оқып, ала келген шөп дәрілерін қайнатып, ішкізіп:
– Бесінде қой қораға қайтарда босанады. Ұл болса ұлым Омарақынның жолдасы болсын, қыз болса келін етіп аламын, – деп әудем жердегі төбеге қарай беттейді.
Бесін болып, өрістегі қой қораға беттегенде шырылдаған сәбидің үні шығып, жігіттер: «Шешеміз аман-есен босанды, қыз бала екен», – деп Жансарбайға сүйіншілеп жүгіреді. Сол жолы Керімбек баймен төс соғыстырып дос болып, құда болып қайтады. Ауылға келген соң ұлы жатқан бесікті байдың ауылына жібереді. Кейін апамызды келін ғып түсіргенде сол бесік жасау-жабдықпен бірге қайта келеді. Міне, содан бері осы қайың бесікке 50-ден аса бала жатты. Осы бесікке бөленген балалардың бірде-бірі шетінеп көрген жоқ, – деп бесік жайлы білетінін айтып шықты.
Ешбір кітапта жазылмаған хикятқа бетпе-бет келемін деп ойламағаннан кейін бе таңғалумен болдым. Қолға алған әрбір заттың өзгеше кешірмесі, өткенді түсіндірер ұлағаты, ұрпақ санасына құйып алар тәлімі бар. Қайсы бір ақылманның: «Қай бір қазақтың түбін шұқысаң ұлан тарих өріп шығады» деген кемеңгерлігіне осы жолы іштей келістім. Осы тұста бесіктің қасиеті туралы аңсарым ауа қалды. Расында, бүгінде ел арасында бесік жайлы сан түрлі пікір өріп жүр. Үлкендер: Баланы бесікке салу пайдал десе, жастар жағы қарсы. Бірақ Әуесқан Мажайқызы бесіктің қазақ өмірі мен бала тәрбиесіне деген пайдалы тұстары көп екенін құптайды.

Мұрагер апа

– Халқымызда: «Бесіктегі бала бес түлейді», «Бесік тербелген үйден береке кетпейді», «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген көптеген нақыл сөз бар. Олардың мәні тым тереңде жатыр. Ең алдымен бесік баланы қайсар, қайырымды, батыл, батыр болып өсуіне мүмкіндік береді. Қазақ халқынан жаужүрек батырлардың көп шыққаны да, осыншама ұлан-ғайыр даланы сақтап қалудағы күш-құдіреті де осы бесіктің қасиеті арқылы дарыған. Екіншіден, бесік – баланы түрлі дерт-дербезден, ауру-сырқаудан қорғайды. Он екі мүшесі сау болып өсуге жол ашады. Үшіншіден, баланың денесін таза әрі зиянкеш заттардан қорғауға пайдалы. Мысалы, баланы бесікке бөлегеннен кейін оның екі жанына арша, сексеуіл сияқты өсімдіктер де қойып қояды. Оған құрт-құмырысқа, шыбын, тағы сондай зиянды жәндіктер жолай алмайды. Бұл туралы айта берсек, көптеген тағылымды дүниелерді тізіп беруге болады, – дейді көргенді апа.
Бесіктің де көптеген жасау-жабдығы болады екен. Асты-үсті көрпеше, жаялық, бас, бел, аяқ жастық, аяқ буар, тізе қап, тартпа, шүмек деп келетін бесіктің құрал-жабдықтары болады екен. Баланы бесікке салудың да ырым-жырымы мен сол кезде атқарылатын ұлттық дәстүрдің түрі көп, ол кезде айтылатын өлең-жыр да өз алдына бір төбе. Қазақтың өткен тарихында ажарасу деген болмаған. Қазіргі күні үйлене салып ажырасу сәнге айналды. Бұл берекесіздіктің көбі баланы бесікке бөлеуден басталатын қазақы құндылықтың азайып кеткені – деп есептейді Әуесхан Мажайқызы:
– Қазақтың жол-жосыны бойынша баланы бесікке бөлерде бесікке керекті әрбір затты ұл мен қыздың әулеті тең дайындайды. Мысалы, көрпешені ұлдың әулеті әкелсе, жастықты қыздың туыс-туғандары жасайды. Ал шүмекті дос-жаран, абысын-ажыны беру керек. Енді бір жақтан қазіргі жастар бала туыла сала оны жгіті өз жағына, қыз өз әулетіне тартып жатады. Отбасындағы берекесіздіктің бастауы балаға деген туыстық қызғаныштан туындап жатады. Қарап отырсаңыз, бала бөленген бесікте көптеген адамның ақ тілегі жатыр. Береке-бірлікке шақыратын, бауырмалдыққа баулитын, көпшілдікке жетелейтін үлкен ұлылық жатыр. Біз осы құндылықтарды қазіргі ұрпақтың санасында жаңғыртып, қайта түлете алсақ, болашаққа қалдырған үлкен мұрамыз сол болмақ, – деп түйді сөзін апамыз.
Әуесхан Мажайқызы биыл жетпіс жасқа келіпті. Өзі де сегіз баланы өмірге әкеліп, бәрін ұлттық тәрбиенің нәрімен сусындатып өсіріп, «Алтын алқалы» ана атанып отырған жайы бар. Бірақ апамыз көптен бері сақтап, қорғап, жоғалтпай ұстаған осы мұралардың елдің керегіне жаратар орайдың табылмай отырғанына сәл қиналатын көрінеді.

Қажет Андас, Алматы облысы

05 наурыз, 14:30
Сенімді серіктестік жалғасады
05 наурыз, 14:19
Бақытымды сағынамын...
04 наурыз, 16:13
Халықтың жадында сақталуы тиіс
02 наурыз, 12:50
Кітапқұмар мен ойынқұмар
19 ақпан, 20:55
Бақытжан Сағынтаев: "Біз жағымсыз сценарийдің жүзеге асуына жол бермедік"
19 ақпан, 17:20
Айдос Жұқанұлы: Алаш қайраткерлері туралы жазғанымды небәрі 50 адам оқыды
19 ақпан, 15:03
«Отты отпен сөндіреді. Тіл тартысы бар қазаққа ортақ»
19 ақпан, 12:22
Айылдан шыққан мүсінші