jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Түрмені де шарпыды

18 қантар, 14:17
1282

Түрмені де шарпыды

Журналист болған соң өмірде cан түрлі адамдармен кездесесің. Қилы-қилы тағдырлармен бетпе-бет келесің. Ал ең бастысы, осы бір-біріне ұқсамайтын тағдырлар арқылы оқырманға ой тастайсың. Жас болсын, мейлі кәрі болсын, сенің жазған мақалаңнан титтей де болса сабақ алса, мақсатыңа жеттің деген сөз. Қазір қоғамда орын алып жатқан жантүршіктірер оқиғалар көпшілікті ойлантпай қоймайды. Соңғы кездері жап-жас қаракөздеріміздің жат ағымға арбалып, тіпті Сирия асып кетуі сынды жағдайды жиі естиміз. Күні кеше ғана «Жусан» операциясымен жат ағымға арбалып, отты өлкеге кеткен жас аналар мен періште балапандардың алды елге оралды.

Ал алып шаһар Алматының өзінде хиджап киіп тұмшаланып жүрген жас аруларды күнде кездестіреміз. Олар қаншалықты дұрыс ағым ұстанып жүр? Елімізде жат ағымдармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеп Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармаға қарасты «Имани гүл» діни кеңес беру және оңалту орталығының жетекшісі, теолог Жұмагүл Әбдірахмановадан адасқан қыздармен жұмыстың қалай жүріп жатқанын сұрағанбыз.
Қазіргі таңда еліміз бойынша жат ағымдармен күрес операциясы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Сұхбат барысында Жұмагүл Халиуллақызынан оңалту орталығына келіп, білімін жетілдіріп дұрыс жолға түскен қыздар өз әңгімелерімен бөліссе деген өтініш айтып, газетімізге сұхбат беретін кейіпкермен таныстыруын өтіндім. Жұмагүл апай бірден «Айдананың (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) айтары бар. Жат ағымның жетегіне еріп кетпесе де, түрмеде тура жолдан адастырған шала діндарлардың ортасында болған. Оның тағдыры ерекше» деп телефон нөмірін берді.
Орталық жетекшісі жас арудың жалынды жастығы абақтыда өткенін, бостандыққа шыққаннан кейін Айдана діни сауатын жетілдіріп, тіпті қаламыздағы діни білім беретін оқу орнында оқып жүргенін айтты. Шыны керек, Айдананың телефон нөмірін алғаннан кейін бірден хабарласа алмадым. Қыз болғандықтан, оның жанын жаралап, өткен өмірін қайта есіне түсіріп, көңіліне қаяу салғым келмеді. Бірақ жас арудың айтары бар шығар, мүмкін оның тағдыры оқырман қауымға, тіпті болашақ аналарға ой салар деген мақсатпен оған хабарласуды жөн көрдім.
Ең алдымен Айданаға газеттен хабарласып отырғанымды айтып, сұхбат беруге рұқсатын сұрап хабарлама қалдырдым. Хабарламаны бірден оқыған ол сұхбат беруге дайын екенін, тіпті өз үйіне келуімді өтініп жауап жазды. Бірден Айдананың үйіне жолға шықтым. Ол мені көпқабатты үйдің жанынан күтіп алды. Кездескенге дейін оны басқаша елестеткем. Бір қарағанда талдырмаш, нәзік, сүйкімді қыз өмірдің бұралаң жолына өз еркімен түсті дегенге сенбейсіз. Мінезі ашық, сыпайы.
– Сыртта тұрмайық, ата-анам жұмыста. Үйге жүріңіз – деді. Екеуміз жол бойы танысып, Айданаға Жұмагүл апайдың нұсқауымен келгенімді айттым. Ол бірден Жұмагүл апай маған ескертті, менің өткен өмірім бір адамға сабақ әкелсе, соған да ризамын. Сондықтан сұхбат беруге келістім деді. Екеуміздің әңгімеміз дастархан басында жалғасты.
– Айдана, сенің басыңнан өткен оқиғаның мән-жайын толық білмеймін. Әйтсе де, оқырмандарға түсінікті болу үшін «Имани гүл» оңалту орталығына дейінгі өміріңді әңгімелеп берсең?
– Мен «Имани гүл» орталығына келмес бұрын 9 жыл абақтыда отырдым. Шынымды айтсам, ол туралы есіме түсіргім келмейді. Сонда да қысқаша айтып өтейін. Ол кезде 21 жаста едім. Жалындап тұрған кезім. Көп нәрсені терең ұғына бермеген шақ. Киімнің сәндісін, ұялы телефонның соңғы үлгісін ұстап, әр нәрсеге еліктеп жүрген уақыт. Әсіресе, қыз бала болғасын тәкаппарлық мінез басым еді. Осылай жастықтың буымен жаза бастым. Қалай айтсам болады, адал достықтың құрбаны болдым дегенім дұрыс шығар? Жақын құрбымның үйіне барамын деп, қылмыстың үстінен түстім. Нақты айтқанда, кісі өліміне себепкер болып қалдым. Қылмыскер атандым. Осылайша 14 жыл жазаға кесілдім. Оқиғаның мән-жайын ашып айтқым келмейді. Себебі менің тағдырым, маңдайыма солай жазылды. Маған сынақ берілді. Мен сол сынақтан өттім. Аллаға шүкір, рақымшылыққа ілініп жазамның 9 жыл 41 күнін өтеп, бостандыққа шықтым. Кейбіреулер «Мына қыз неге түрмеге түскеніне риза болып отыр?» деп сөгуі мүмкін. Дегенмен, түсіне білген адамға бұл бір үлкен сабақ болды.
– Иә, түрме деген соң, кез келген адамның ойында көлеңкелі түсініктер тууы әбден мүмкін ғой – дедім, сөзін бөліп.
– Абақты деген әрбір адамға ой салатын, өмір академиясы, мектеп десем қателеспеймін. Шыны керек, ол жаққа барған күні-ақ бостандықтың қадірін түсіндім. Өйткені бостандықта жүргенде не ішесің, не киесің демейсің. Тіпті жүріп-тұруыңның өзі де еркіндік. Сол еркіндіктің қадірін білмей жүре беріппіз. Бостандықта жүрген кезде «Мен не істедім? Қай жерден қателестім?» демейсің. Ешкімге есеп бермейсің. Ойланбайсың. Себебі оның бәріне уақыт жоқ. Өмірдің аласапыранында қайнап жүре бересің. Күйбелең тіршілік қой бәрі.
Ал мен абақтыға қамалғаннан кейін ғана жаратушым 24 сағат уақытымның бәрін ойлануға беріп қойды. Қай жерден кемшілік кетті, қай жерден қателестім, нені дұрыстау керек? Соның бәрін абақтыда жатып ойландым. Жан-жағыңдағы адамдарға қарайсың. Түрмедегілердің бәрі жаман адам деп айтуға болмайды. Өйткені барлығы өзіңе байланысты. Кімді жаман көргің келеді, кімді жақсы көргің келеді – ол өзіңнің таңдауың. Себебі ол жақта да жақсы адамдар бар. Жақсы адамның жақсы қасиетін бойыңа сіңіріп, жаман адамның қасиетін өз бойыңнан аулақ ұстай аласың. Себебі бұл сырт көзге көрінетін дүние. Әр адамның басына ондай сынақ салмасын. Дегенмен де мен сол жағдайды басымнан өткергеннен кейін ғана тағдырға көндім.
Аллам маған осы сынақ арқылы еш жерден сатып ала алмайтын иман берді. Адам тануға, кітап оқуға, көп нәрсені салыстырмалы түрде көре білуге мүмкіндік берді. Оған да шүкір дегім келеді. Бұл да болса мен үшін бір сынақ. Ең бастысы, бізге берілген сынақтан сүрінбей өту керек екен ғой. Біз көбінесе қиналған кезде ғана Алланы еске аламыз. Жағдайымыз жақсы болса Алланы ұмытып кетеміз. Ал ол жақта менің жүрегіме деген иман орнады. Себебі жоққа сабырлық, барға қанағат етуді үйрендім. Абақтыда бостандықта жүргенде қадірлемей жүрген нәрселердің мәнін түсінеді екенсің. Өмірге басқа көзқараспен қарайсың. Сондықтан менің абақтыдағы өмірімді көпшілігі түсіне қоймас. Өйткені ауру адамның халін, сау адам түсіне бермейді ғой.
Абақтыда барлық адам тең. Бірі бомж, бірі нашақор, бірі маскүнем. Бірақ абақтыда бәріміз бірдейміз. Мен сендер сияқты емеспін деп ерекшелене алмайсың. Өйткені заң бәріне ортақ. Олармен бірге тамақтанасың, бірге жүресің – барлығымыздың құқығымыз да бірдей шектелген. Заң мені дұрыс жазаламады, олай болды, былай болды деп айта алмайсың. Себебі осылай болу керек болды. Мен абақтыда отырғанда рухани тазардым. Олай дейтінім, ойым тазарды, жан-дүнием тазарды.
– Абақтының аты абақты емес пе?
– Абақты деген нәрсе қара түнек деп санайтындар бар. Жоқ, мүлдем олай емес. Өйткені бостандықта жүріп, қара түнекті көріп жүрген адамдар бар. Бостандықта жүре тұра, аспаны ашық бола тұра, өз өмірін қара түнекке айналдырып жүрген пенделер көп. Жаратушы әр жануарды өз қасиетіне қарай жаратты. Мысалы, қоян-қорқақ. Түлкі – қу. Арыстан, қасқыр жыртқыш деген сияқты. Ал мен осы қасиеттерді түрмеге барғаннан кейін ғана адамдардың бойынан байқадым. Ең бастысы, ата-анам, туыстарым, достарым қасымда. Өйткені менің басыма іс түскенде ешқайсысы менен сырт айналып кеткен жоқ. Керісінше, барынша қолдау көрсетті. Мені елеп-ескеріп, қажет заттарымды әкеліп беріп тұрды. Олар менен мейірімі мен қамқорлықтарын аяған жоқ. Басына іс түскенде өз баласынан сырт айналғанды да көргем. Ал менің ата-анам үнемі қолдап келді. Ең алғаш абақтыға қамалған күні берілген мерзім ешқашан бітпестей болып көрінген еді. Бірақ әр нәрсенің өз қайыры болады екен. Ең бастысы, абақтыда отырғанда отанымыздың тыныш болғанына шүкірлік еттік! Бәрібір абақтыдағы жан мен бостандықта жүрген адамды салыстырмалы түрде қарасақ, екеуі екі түрлі. Дегенмен де абақтыда отырған адам терең ойланады.
– Айдана, сіз абақтыда отырған кездері түрмеде жат ағымға үгіттейтін, басқа дінге арбайтын сәттер болды ма? Өйткені жат ағымды насихаттау абақтыда да белсенді жүргізіледі деп естиміз. Сіз рухани тазардым, иманымды арттырдым дедіңіз. Қалай арттырдыңыз?
– Абақтыда дінге қарсы шектеу қойылмаған. Ол жерде заңды түрде тексеруден өткен, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы рұқсат берген кітаптарды ғана оқуға болады. Бізге ай сайын теологтар, имамдар келіп тұратын. Ол жерде мен басқа ағымға кіріп кеттім, арбалып қалдым деп айта алмаймын. Дегенмен де басқа ағымның шырмауына арбалып, басымен кіріп кеткендер болды. Әйтсе де имамдар мен теологтар жиі келіп, әңгімелесіп, бізді тексеріп отыратын. Дін жағына келгенде, ең алдымен, абақтыда отырғандарды бірінші тексереді. Олай тексеріп отырғандары дұрыс. Өйткені жат ағымдарды, тіпті христиан, католик бағытына үгіттейтіндері де кездесті. Олар бірден «Жүр, осы ағымға кір» деп айтпайды. Алдымен жақсылап жарнамасын жасайды, содан кейін түрлі сыйлық ұсынады. Сыйлық арқылы адамның көңілін, назарын өзіне аудартады. Арамызда қызыл-жасыл дүние үшін басы кетіп арбалған қазақ қыздары да болды. Дінін сатқандар, кейбірі діннің не екенін түсіне алмай жүргендері де бар. Мен ойлаймын, ондай арбаушылардың демеушісі мықты деп. Өйткені олардың ауызбіршілігі мықты. Қолдаушылары да мықты. Оларға ерік беріп қойған, тіпті апта сайын кіруге рұқсат берілген. Ал біздің теолог, имамдар апталап, айлап келе алмайтын. Өмірі оларда бір жағдай болады да тұрады. Айына екі рет әрең келеді. Себебі олардың жұмысы көп немесе көлігі жоқ. Қаржыландыру жағы кемшін. Осы сынды себептермен қажетті мамандарымыз тиісті жұмыстарын атқара алмай жататын. Бір екі жылдай тұрақты келіп жүрген имамдар болды. Кейіннен басқа жұмысқа ауысуына байланысты жиі ат басын бұра алмай қалды.
– Түрменің ондай тәртібінен хабарсыз екенбіз. Айдана, сонда сіз Алматыдағы «Имани гүл» кеңес беру және оңалту орталығына бостандыққа шыққаннан кейін келдіңіз бе?
– Иә, бостандыққа шыққаннан кейін діни сауаттылығымызды тексеріп әрі қарай жетілдіруіміз үшін осы орталыққа келдім. Орталық жетекшісі Жұмагүл апаймен осы жерде таныстым. Ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Әлі күнге дейін араласып тұрамын. «Имани гүл» сынды орталықтың барына шүкірлік етемін. Себебі олар қазіргі қоғамда үлкен еңбек атқарып жатыр. Өйткені қазір қыз-келіншектердің арасында дінге келіп, дұрыс бағыт ұстану үшін білім іздеп жүргендері көп.
– Айдана, қиын күндерің артта қалды. Енді алға қойған жоспарың, болашаққа құрған мақсатың бар шығар?
– Болашаққа құрған нақты жоспарым жоқ. Ол бір Аллаға ғана аян. Ең басты арманым – тұрмыс құрып, ана атану. Әрі қарай білім алып, сол білімді дұрыс бағытта пайдалану. Кішкене болса да, дін жолында қызмет ету. Осы алған білімім арқылы болашақ ұрпағымды тәрбиелесем деймін. Өткен күнге өкпе жоқ, оның бәрі менің маңдайыма жазылған тағдыр.

Әңгімелескен
Мақпал Ноғайбаева

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!