jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Тәртіпке кел, коллектор!

18 қантар, 14:23
800

Тәртіпке кел, коллектор!

– Сәлеметсіз бе? Айдын Пәленшеев бар ма?
– Ондай кісі жоқ.
– Қалай жоқ?
– Мұнда тұрмайды.
– Осы нөмірді қалдырыпты ғой.
– Кім сұрап тұр?
– Қарызы бар еді.
– Ондай кісіні танымаймын.
– Қалайша танымайсыз? Ол осы нөмірді қалдырды ғой?!
– Енді қайтем?
– Табыңыз!
– Таба алмаймын.
– Неге?
– Өйткені ондай адамды білмеймін!
Білгім де келмейді. Бірақ үйдің телефонына қоңырау шалатындар айтқан сөзді түсінбейді. Әлгі Айдын дегенді жасырып отырғандай көреді. Кейде жалынады, кейде доқ көрсетеді. Өткен күзде «Интерполмен ит қосып іздесеңдер де табатын уақыт болды ғой!» деген соң ғана тынышталды. Әйтсе де, күндердің бір күнінде байланысқа қайта шығатынына сенімдімін. Өйткені бес жылдан бері қоңырау шалып жүрген коллекторлар екенін білемін. Олардың кәсіби деңгейінен хабарым жоқ. Бірақ осыған қарап-ақ коллекторлық қызмет нарығындағы ахуалдың қандай күйде екенін шамалауға болады.
Елімізде «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданғанға дейін қарыз қайтарумен айналысатындардың іс-қимылы Азаматтық кодекс нормаларымен реттелді. Ол нормаларды бұзғаны үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту жағы қарастырылған жоқ. Борышкерге күш көрсетпегенімен, психологиялық қысым жасалғаны жөнінде аңыз-әңгіме көп. Қорқытып-үркіту, дауыс көтеру, борышкердің өзі тұрмақ, туған-туыс, дос-жарандарына түн ішінде телефон шалу үйреншікті жағдай еді.
2017 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» заң қабылданған соң бұл салада біршама тәртіп орнады. Ең әуелі бұл заң банктер мен коллектордың қарым-қатынасын айқындап берді. Бұрын банк қарызын қайта құрылымдауды өтінген борышкерді коллекторға жөнелтетін. Олар өз кезегінде қарызды дереу төлеуді талап ететін. Қазір банктің қандай қарызды коллекторға өткізуге болатыны, қандай құжаттардың берілетіні және жүктелетін міндеттемесі заңмен реттеледі. Сондай-ақ заң кредиторлардың үшінші тұлғаларға – кепілдеме берушіге, борышкердің туыстарына қатысты міндеттемесін де белгілеп берді. Онда коллектордың кіммен байланыс жасауына рұқсат етілгені көрсетіледі. Мұның бәрі, әрине, заң шеңберінде әрекет етуге жағдай жасайды.
Бүгінгі күні елімізде 138 коллекторлық агенттік тіркелген. Олардың іс-қимылы «Коллекторлық қызмет туралы» заңмен реттеледі. Жұмысын Ұлттық банк қадағалайды. Соған қарамастан, заңға қайшы әрекет ететіндер әлі де бар. Осы аптада Ұлттық банк сондай агенттіктердің тізімін жариялады. Коллекторлардың заңнан алыстамай жұмыс істеуі қажет екенін тағы да ескертті.
Шағымның көбі заңның 5-бабымен, атап айтқанда, борышкермен өзара іс-қимыл тәртібін бұзумен байланысты. Заңға сәйкес, борышкермен агенттік аумағында болған әңгіме аудио немесе бейнетаспаға жазылуы тиіс. Ол материалдар жарты жыл сақталады. Сондай-ақ борышкердің талап етуімен коллекторлық агенттіктің өкілеттігін растайтын құжатты көрсетуге, толық ақпарат беруге міндетті.
Біздегі коллекторлық агенттіктер негізінен осы екі талапты бұзады.
Сондықтан Ұлттық банк коллекторлардың қандай іс-әрекетіне тыйым салынғанын тағы да еске салды.
Біріншіден, борышкердің ар-ождан, іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға, сондай-ақ оған мүлік залалын келтіретін мағлұматтарды жариялауға рұқсат етілмейді.
Екіншіден, азаматтың құқығы мен еркіндігіне нұқсан келтіретін, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылыққа жол берілмейді.
Үшіншіден, борышкерге қысым көрсетуге, оның немесе өкілінің мүлкін жоюға, құртуға, тіл тигізуге, алаяқтық жасауға, жалған құжат жасауға, бопсалауға болмайды.
Төртіншіден, қарыз мөлшері мен сипатына қатысты борышкерге жалған ақпарат бермеуі тиіс.
Бесіншіден, коллекторлық агенттікке қарыз өтемі есебінде қолма-қол немесе аударым арқылы ақша немесе қандай да бір мүлікті алуға тыйым салынады.
Коллекторлық мекеме қарызды мүлікпен өтеуді де талап ете алмайды. Сондай-ақ еліміздің заңымен қорғалатын коммерциялық немесе өзге де құпияны жария етуге құқығы жоқ.
Осылайша, заң да, қатаң қадағалау да қарызды қайтарумен айналысатындардың арынын басуға сеп болады. Бұл керек. Себебі банктер несие беруді, жұрт несие алуды тоқтатқанша, коллектор жұмыссыз қалмайды. Екінші жағынан, коллекторлық мекемеге түйткілді қарыздан «тазартушы» деп қараған дұрыс. Алған несиесін қайтарудан жалтарып, көп жыл өткеннен кейін банк қарызды жояды деп үміттенетін жандар да бар.
Жоғарыда айтып кеткен коллекторлармен арадағы «диалогқа» арқау болған Айдын Пәленшеев солардың қатарынан болар.

Гүлнар Ахметова

13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар
08 тамыз, 14:29
Қазақ әйелі: "Байтұрсынов деген атын айтқым келмейді"
07 тамыз, 15:59
Шехведрамде, Грузия!