jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл

13 шiлде 2018, 12:40
561

Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл

Сарыарқаның сары даласын шаңдатып келіп қонған алып әуе кемесі ентігін баса алмай тұр. Есігін ашып еді, алыс жолдан шаршап жеткен жолаушыларды Арқаның аңызғақ желі сергітіп жіберді. Әсіресе, қоңыр жүзді, сымбатты жас жігіт көкірегін толтыра тыныстап, көзін жұмып, үн-түнсіз отырып қалды. Танауына таныс иіс келгендей…

Ол осыдан 15 жыл бұрын құрлық асып кеткен қазақтың қара домалақ баласы. Аты – Дәурен. Америкалық отбасы асырап алыпты. Небәрі бес жасында мұхит асқан. Бес жас деген бал-бұл шақ емес, көз тоқтатып қалған уақыт. Дәурен дүние есігін ашқаннан бастап Қарағандыдағы «Ботагөз» бөбектер үйінде тәрбиеленген. Қос жанары мөлдіреген қараторы бүлдіршін балалар үйінен кейін мейірім мен махаббатты шетелдіктерден көріпті.
Қазақ жерінен 15 жыл бұрын кетсе де, Дәурен топырақ иісі мен жетімдер үйінің иісін әлі ұмытпапты. Бәрін еске түсірді. Көз алдынан көп естелік зырғып өтті.
– Өткен шағымдағы көп естеліктерді ұмыта бастадым. Бірақ жетімдер үйінің иісі мұрнымда қалып қойыпты, – деп бастады ол әңгімесін ағылшын тілінде. – Қандай құдірет десеңізші! Кеше өзім тәрбиеленген балалар үйіне кіріп келгенде, балалық шағымдағы кейбір сәттер көз алдымнан жүгіріп өтті. Алеша деген досым мен Людмила деген апайды есіме түсірдім. Кейде қарашығымда Қарағанды деген қала тұрып алатын. Түс пе, елес пе, белгісіз бейне… Ал Америкаға барған сәттерді ұмытып қалдым. Тек ұзақ уақыт ұшақпен ұшқанымызды, қатты шаршағанымды ғана білемін, – дейді.
Туған жердегі балалық шақтан қалған бар естелігі осы. Егер америкалық отбасы асырап алмағанда, Қарағандының қара баласының қазіргі өмірі қалай болар еді? Белгісіз…
Тоғыз ай көтеріп, ауыр азап, жеңіл тозағын көрмесе де, 15 жылдан бері аналық мейірімін беріп келе жатқан Холли Паркер көпбалалы болуды армандаған екен. Бірақ екі баладан кейін, құрсақ көтере алмапты. Сөйтіп жүргенде Америкадағы балалар үйінен бір қыз баланы асырап алады. Кейін арнайы бағдарлама бойынша Қазақстаннан денсаулығында ақау бар балалардың Америкаға келгенін естіген. Жанары жәудіреген бүлдіршіндерді көрген сәтте, Холли ханымның көзі осы Дәуренге ауыпты. «Сүйкімді бала екен. Ақыл-есі дұрыс. Тек дене бітімінде аздап кемістігі болды. 4-сыныпқа дейін емдеттік. Қазір денсаулығы жақсы. Екі иығына екі кісі мінгендей алпамса денелі жігіт болып өсіп келеді», – дейді ол.

Топырақ иісі немесе қарашығында Қарағандысы қалған ұл

Дәуренді бауырына басқан ерлі-зайыпты Стейвен мен Холли алғашқы күннен бастап баладан ештеңені жасырмаған. Асырап алғандарын, ұлты қазақ, туған жері Қазақстан екенін, қысқасы, барлығын ашық айтып, кез келген мәселені баламен бірге талқылайды екен. Тіпті Дәуреннің шыққан тегін білу үшін генетикалық зерттеу жасатып, туған анасы туралы деректері іздеуіне көмектескен.
Дәурен Паркер бізбен әңгімелескенде, өзінің шыққан тегін қалай іздеп, қалай тапқанына тоқталды.
– Мен өзіме ДНК жасаттым. Қанымда қазақтың, түріктің де қаны бар екен. Туған анамның фамилиясын анықтадым. Бірақ ол кісіні танымаймын, – деді.
Анасына деген бір жұмбақ сағыныш болу керек, жанары жасқа толып, бір сәт үнсіз қалды. Содан кейін «Қазіргі отбасым маған өте қымбат. Мен шынымен бақытты жанмын. Медицина мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Білікті дәрігер болсам деймін» деп ойын түйді.
Паркерлер отбасы бауырына басқан баланың барлық құжаттарын өздерінің атына рәсімдегенімен, есі кіріп қалған Дәуреннің атын ауыстырмапты. Тіпті қазір жарамсыз болса да, Дәуреннің 5 жастағы төлқұжатына дейін сақтап қойған.
Ақ жүректі ана Холли Паркер «Дәуренді алғаш рет алып келгенде көп үндемейтін еді, – деп өткен шақты есіне алды. – Әрине, ол жағдай түсінікті. Алыс жолдан келген, жаңа ортаға түскен бүлдіршінге бірден ашылып кету қиын болды. Дәуреннен үш ай үлкен Элли есімді қызымыз бар. Екеуіне бір бөлме бердік. Дәурен тіл білмесе де, соның істегенін істеп, айтқанын қайталап жүретін. Біз оның ағылшын тілін үйренуіне бар күшімізді жұмсадық. Оның да тілге деген бейімділігі күшті болды. «Уақыт – емші» деген рас екен, Дәурен жылдар өте келе бәріне үйренді. Біздің үйдің бір мүшесіне айналып шыға келді, – деп күлімсіреді.
Дәурен 18 жастан асқанша Паркерлер отбасы жылына екі рет асырап алған баланың жағдайы туралы құзырлы органға есеп беріп келген. Кәмелет жасқа толған соң, бұл талаптың күші жойылады. Дәуренге туған елін көрсетуді бірнеше жылдан бері жоспарлаған. «Оның жар таңдауына да араласпаймыз, өзі шешеді», – деп қазақ баласын асырап алған ана ұлының басынан сипады. Ана мен баланың әдемі жарасымына қарап, біз де сүйсіндік…
Сұңғақ бойлы, көркем жігіт бізбен ағылшын тілінде сөйлесті. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қамқор қазақтың бір баласы осылайша басқаның бауырынан мейірім тауып, жатжұрттық болып өсіп жатыр. Қараторы америкалық жігіттің танауында туған топырақ пен өзі өскен балалар үйінің иісі ғана қалған. Өзгесі елес…
Дәурен мұхит асқан жүздеген, мыңдаған қаракөз бүлдіршіндердің біреуі ғана. Ал қалған қара домалақтардың жұдырықтай жүректерінде не сақталды екен?..

Бейсен НАРЫНБЕК,
Астана

Бүгін, 20:35
Оқушы киімі қанша тұрады?
16 тамыз, 13:26
"Бой түзейтіндер мен ой түзейтіндер бұққан заман"
13 тамыз, 12:13
Құрбандықтың қадірін білген жөн
12 тамыз, 12:11
«Вы такая красивая, совсем на казашку не похожи»
09 тамыз, 17:19
Мекемтас Мырзахметов: Бүгінгінің байында қанағат жоқ
09 тамыз, 17:12
Әркімнің өз мүддесі
09 тамыз, 12:11
Даналық пен даралық
09 тамыз, 11:58
Тілсіз қалған халық бар