jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Әлихан Бөкейхановтың ауылы

13 шiлде 2018, 14:43
592

Әлихан Бөкейхановтың ауылы

Әлихан Бөкейханов Тоқырауын өзенінің жағасында, Тоқырауын болысы, Қарқаралы уезі, Семей облысының жетінші старшындығы ауылының бірінде туған. Әлиханның әкесі Нұрмұхамед Мырзатаев ауылдың сыйлы ақсақалы саналды. Нұрмұхамед Мырзатаев пен оның туыс сұлтандары Қарқаралы уезінің оңтүстік-батысын қыстады. Олар қауымдық-ауылдық топқа жататын екі рудан тұратын: Бөкей ханның (4 ауыл: №36-37, 41-42 – нөмірлер Әлихан Бөкейханов қатысқан дала экспедициясы жасаған 1898 жылғы халық санағына сәйкес алынды- мұрағат) үшінші ұлы – Батыр сұлтаннан тараған және қысқы жайылымдықты сұлтан батыр руынан ертерек жайлаған таңғат руы (25 ауыл: №34-35, 38-40, 43-62).

Әлихан Бөкейхановтың ауылы

Сұлтандар басқа жаққа көшіп кетіп, ол жақта жағдайы болмағасын, кері оралды. ХIX ғасырдың 40-шы жылдары қырда «қазақтарды әскерлік қызметке алады екен, Қарқаралы округтік приказдың аға сұлтаны (1824-1843), подполковник (1827), ақсүйек тұқымы Тұрсын Шыңғысов (1844) орыс патшасына қазақ балаларын орыс мектебіне оқуға беруге уәде беріпті» деген өсек қаулады. Бұл әңгіме көшпенділерді қобалжытып тастады. Батырдың екінші ұлы Рүстем сұлтан (өз әкесіне қарағанда аса бай болмаған – автор) және оның туған бауыры, өзінің немере ағасы Тұрсын Шыңғысовпен Қарқаралы округінде билік үшін бақ таластырған Мырзатай бірнеше ру-тайпамен бірге Сырдария облысына қарасты Қаратау тауларына көшіп кетті. Олар мұнда жергілікті сұлтандардың тонауы мен талауына түсті. Қаратауда екі жыл тұрып, Рүстем мен Мырзатай Қарқаралы уезіне кері қайтты. Боқты тауындағы бұрынғы мекеніне оралғанда, онда басқа қауымдық топ өмір сүріп жатыр еді. Сондықтан олар Қу тауындағы Қызылшілік бастауына (№18 ауылдың қауымдастығы – автор) орналасты. Алайда ол жердегі басқа қауымның тобы Қу тауында ұзақ тұрақтай алмады. Оларды жарылғап руы бір жылдан кейін шетке ығыстырды. Осы сәтсіздіктерден кейін сұлтандар Тоқырауын өзені аңғарындағы Желтау мен Аяқ-Сарытерек маңына орналасты. Сұлтандар келгенге дейін осы маңайдағы арғындар оңтүстікке қарай коныс аударған. Рүстем мен Мырзатайдың туған ағалары тартысқа қатыспаған сұлтандар – Әшімтай мен Бексұлтан, өз мал-мүлкі мен бүкіл рудың отарын сақтап, Бөкей ханның негізгі ұрпақтары мекендеген Кент тауына жайғасты. Қысқы қоныс түрлі рулық топқа, шаруашылыққа қарай бөлінді. Әкесі балаларына енші бөлген кезде әрқайсысына шабындық, мал өсіруге қолайлы жерді белгілеп берді. Бөліп берген жерлерді әрбір мұрагер өз еркімен пайдаланды. Қыстаудың шекарасы арнайы белгілермен, тас қамалдармен, қазылған орлармен бөлінді. Әр ауылда 2-3 немесе 4 қорадан болды. Қыс кезінде ауыл бір қорадан екінші қораға қарай жылжып отырады. Көшпенділер қазан айынан бастап кірпіштен, тастан салынған үйлерге көшкен. Ал бұл үйлерді олар 1880 жылдан бастап бірігіп сала бастады. Иеліктегі шабындықтар үнемі алдағы күнге қалдырылатын. Ірі қара мал барлық шабындықтағы шөпті тауысып, қыс аяқталуға жақындағанда ғана жаңасына ауыстырылады.

Әлихан Бөкейхановтың ауылы

Нұрмұхамед Мырзатаевтың қыстауы Қарқаралыдан оңтүстікке қарай 135 шақырым қашықтықта, Қаражал маңында орналасты. Ауыз суды қолдан қазған құдықтан ішті. Ауылдағы тұрғындардың жалпы саны 24 қана. 17 ер адамның жұмысқа жарамдысы – 12. Жеті әйелдің төртеуі жұмысқа қабілетті. 5 шаруашылықта 5 киіз үйден, 4 жер үй, 2 ағаш үй, 6 қойма болды. 3 шаруашылықтың қосымша қыстауы, яғни келте-қыстауы бар еді. Екі ер адам жалдамалы батырақ тізімінде. Бір шаруашылықта 10 сауын қой бар.
Тағы бір отбасы, бұл Әлихан Бөкейхановтың әкесінің шаруашылығы екі адам жалдап, шаруаға пайдаланған. Барлық шаруашылық 1868-1898 жылдары нан пісірумен айналысты. Ауылдың ең шеткі бөлігі қыстаудан 11 шақырым жерде, жайлау мен күзеуде орналасқан. Тұрғындар екі алқапқа 22 пұт бидай егіп, астықпен толық қамтамасыз етіліп отырған. Орақ науқанына барлық қауымдастық ұйымшылдықпен қатысқан. 3 шаруашылық 25 жыл бойы бидай өсірумен айналысты. Ауылдың барлық мал саны – 42 жылқы, 6 құлын, 7 сиыр, 3 бұзау, 12 түйе, 162 қой, 44 ешкі. Барлығы 276 бас мал болған. Ұсақ малға шаққанда, барлығы 64,5 жарым мал ұстаған. Бұл ауыл тұрғындарының дәулетті өмір сүргенін айғақтайтын. Яғни ауылдың бір тұрғынына 26,77 қой-ешкіден тиген. Отардың құрылымдық түрі көшпенді сипат алған. Сиыр санының аз болуы күндіз ұзақ жол жүріп, алысқа көшуге мүмкіндік берген.
Нұрмұхамед Мырзатаевтың туыстарының дәулеті әр түрлі. Іргедегі Қараүңгір қыстауында отырған Әлиханның немере көкесі Абыпай Рүстемов сұлтанның ауылы да өзінің әкесі сияқты бай болды. Ауылдың отарында 10 жылқы, 2 құлын, екі сиыр, екі бұзау, 4 түйе, 36 қой, 49 ешкі бар еді. Мұның да құрылымдық түрі көшпенді сипатта. Барлық малды ұсақ малға айналдырғанда әр адам басына 22,9 қой-ешкіден тиген. Әлиханның немере көкесі Әбдіхан Мырзатаевтың ауылы жайлы бұлай дей алмаймыз. Олар кедей сұлтандар еді. Олардың қыстауы 1898 жылы дала экспедициясының зерттемей қалдырып кеткен Тоқырауын өзенінің жағалауында, Ақтөбе мен Ақ-ауал шатқалында орналасты. Бұл ауылдар қыс пен жазда көшпей, Тоқырауын өзенінің жағасында қалып отырды. Қыста малын Нұрмұхамед Мырзатаев пен Абыпай Рүстемовтың ауылындағы туыстарының қорасына қосты. Көкі Рүстемовтың ауылында төрт батырақ бар еді. Ауыл отарында 8 жылқы, бір құлын, 10 сиыр, 5 бұзау, 1 түйе, 20 қой, 24 қозы, жалпы саны 69 бас мал болды. Бұл ауылдың кедей тұрмыс кешкенін дәлелдейді. Кісі басына шаққанда бір адамға 4,8 қойдан келеді екен. Осы ауылдан төрт батырақ шықты. Бірақ 1873 жылдан бастап ауылдың егіншілікпен аты шықты. 1898 жылы олар 27 пұт бидай, 0,225 пұт тары егіп, дәннің мол қорын жинап отырды. Бір адамға 0,85 пұт дәннен келетін. Кедей сұлтандардың екі ауылы да қотан болып көшпестен, жаз бойы қыстауда отыратын.
№78 қауымдық-көшпенді топтың Қарқарадағы 30859 десятина аумағында 394 адам өмір сүрді. Қауымдық 80 үй шаруашылығының тек он төрті ғана отырықшы мал шаруашылығымен айналысты. 337,5 пұт астық егіп, оны орумен 74 үй шаруашылығы айналысты. Қауымдағы бүкіл бидайды адам басына шаққанда әр кісіге 0,86 пұт астықтан тиетін. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Нұрмұхамед Мырзатаевтың ауылында ауылдағы бүкіл себілген егін 0,92 пұттан тиетін.
Таңғат руына тиесілі Жіңішке өзенінің бойында осы рудың үй шаруашылығы ұйымдастырған қауымның бес тоғаны бар еді. Сұлтан батыр руының иелігіндегі Тоқырауын өзенінің бойында олардың тағы екі тоғаны болды. Бұл тоғанның суы үлкен арықпен екіге жырылып, әрқайсысын екі ру өкілдері пайдаланып отырды. Тоған мен бөгет салып, арық қазған, жер өңдеген әр адам өзінің жұмысын өмір бойы меншіктеп өтті.
Тоқырауын мен Жіңішке өзендерінің қатты ағысы жыл сайын бөгеттерді бұзып кетеді. Тұрғындар оны қайтадан салып шығады. Жыл сайын бөгетті қайта қалыпқа келтіріп, арықты тазалаған үй шаруашылықтары ғана жыл бойы суды пайдалану құқығына ие еді. Жіңішке өзенінің ағысы жазда үзіліп қалатын. Су арнаның терең құмына сіңеді. Егінші-жатақтар құм астындағы суды шығару үшін бөгеттен бірнеше шақырым жоғарыдағы өзеннің арнасын тереңдетіп қазып, тазалап, егістікке шығарады. Мұндай суды Құм ескен шатқалындағы осы егіншілер ғана пайдаланды.
Шөпті 61-қауымның үй шаруашылығы оратын. Барлық қауым бір қысқа 3015 мая шөп жинайды, яғни адам басына 7,65 мая шөптен келеді. Салыстырмалы түрде алсақ, Нұрмұхамед Мырзатаевтың ауылында барлығы 49 мая үйме шөп жинайды. Оны адам басына шаққанда 2,04 маядан ғана келеді. Кәдімгідей үлкен көрсеткіш. Бұл мәселе келте қыстаулардың неліктен дәл осы ауылда көп орналасқанына жауап болса керек.
Әлиханның туған ауылы дәулетті еді. Қауымның отарында 522 жылқы, 97 құлын, 199 сиыр, 97 бұзау, 135 түйе, бір бота, 2080 қой, 640 ешкі бар еді. Ұсақ малға шаққанда кісі басына 21,73 қой-ешкіден келді.
1897-1898 жылы жұт болып, 140 жылқы, 58 сиыр, 15 түйе, 485 қой-ешкі қырылды. Осыны есепке алсақ, 1898 жылы жазда қауымның отарында 759 жылқы, 354 сиыр, 151 түйе, 3205 қой-ешкі қалған. Ал мұны ұсақ малға шағып, адамдарға бөлгенде 28,34 қой-ешкіден тиеді. Осы аумақта өмір сүретін адамдар үшін әр кісіге 30 малдан тисе, дәулетті деп есептелген.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында таңғат пен сұлтан батыр руы әрдайым бірге көшіп, көшпенді бір топты құрады. Қыстаудан көтеріле көшу мамыр айының басында немесе ортасында басталатын. Олар алдымен Ақжайлаудағы көктем мен күзгі жайылымға бір тоқтайды. Мұндайда қауым мүшелері бұлақ көздерін пайдаланды. Жайлауға жеті күн жүріп жететін. Жолда Күйгенбет шатқалына малды жайып алуға тоқтайды. Бүкіл ауылдар осы жолмен жайлауды бетке алады. Сондай-ақ бұл шатқалдарда 20 күннен ары бөгелуге болмайды.
Маусымның басында көш өзен бойындағы Тұяқбейіті шатқалына құлдилайды.
Қауымның жайлауы қыстауларынан әлдеқайда алыста. Берікқара болыстығындағы қазақтардың қыстауына іргелес орналасқан. Ақтас шатқалындағы жайылымдықта ауылдар 15 күнге тұрақтаған. Сөйтіп, ол жерден 4 шілдеде ары қарай қозғалған. Қауымның жазда жайлайтын басты жайлауы – Қақпанқалған шатқалы. Мұнда олар бұлақ суын пайдаланған. 40 күн шілдеде осы жерде тұрақтайды. Одан соң ауылдар біртіндеп, кері бағытқа қозғалады. Алдымен, қысқа уақытқа Ақтасқа келеді. Одан әрі Күйгенбетті бетке алады. Жайлаудан шыққан ең соңғы ауыл бұл жерде 7 тамыздан кешікпей кетуі керек. Шатқалда 20 күннен артық отыруға болмайды.
Қауымның жаздық жайылымдық жеріне Жартас (Байбек) шатқалын жатқызуға болады. Мұнда олар тек кері қайтқанда ғана аялдаған. Сөйтіп тамыздың 7-10-на дейін мал баққан. Бұл жерде қауым өзен суын пайдаланған. Одан кейін жайлауға шығып келе жатқанда тоқтаған шатқалдарға қайтадан біртіндеп аялдап, кері қайтады. Ақжайлау шатқалына жеткен ауылдар 21 тамыздан 8 қазанға дейін отырған. Көктемгі Тұяқбейіті шатқалына да соғып, 19 тамыздан 1 желтоқсанға дейін қоныстанған.
Қауымның көктемгі және күзгі жайылымдық жері қысқы жайылымдықтан 6-11 шақырым жерде болады. Күзеудегі жайылымдық жер екі ру үшін де ортақ болатын.
Алғашқы жауған қар қыстауға қайтудың белгісі еді. Егер қар қазанда түссе, ауылдар қараша немесе желтоқсанды күтпейді. Дереу қыстауға оралып, қос құратын. Сондықтан қыстауды шамамен 110 күнге тастап кетіп отырды. Ауылдардың негізгі тобы көшу барысында 10-12 рет аялдама жасайды. Қауымның арлы-берлі көшіп жүру жолы 200 шақырымның айналасында және ол міндетті түрде меридионалдық бағытта жүзеге асып отырды. Көш жолының ұзақтығы мен аялдаған орындардың саны олардың әрдайым тынбастан қозғалғанын айғақтайды. Бұл екі көрсеткіш те Тоқырауын болысындағы ауылдар мен қауымдарға тән нәрсе. Кейде мұнда 250-300 шақырымға дейін көшетіндер де кездесіп отырған.
Мына нәрсеге көңіл аудармауға болмады: бүкіл ауыл көш жолында суды табиғаттағы не өзен, не бұлақтан алып отырды. Суды құдықтан алатын Әлиханның туған ауылына қарағанда, малды суаруға көп күш пен уақыт жұмсамаған.

Юрий КАНЯШИН,
тарих ғылымдарының кандидаты

12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!
14 маусым, 11:44
Шапанды сән үшін кимедім
14 маусым, 11:30
Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық!