jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Соңғы «жорық»

05 мамыр 2018, 11:20
1202

Болған оқиға ізімен 

 «Соңғы уақытта теледидар мен әртүрлі газеттерден гөрі халық арасында беделі артқан «ұзынқұлақтың» «банкирді үйінің подьезінде атып өлтіріпті» деген кезекті хабары Алматы жұршылығына жай оғындай жылдам тарады. Қылмыстық топтар арасындағы қантөгістер, жекелеген бизнесмендердің өлтірілуі сияқты қанды оқиғалар Қазақстан астанасы үшін жаңалық емес еді. Бірақ Жұман Ақбергенов – банкирлердің ішіндегі ең алғашқы құрбандық болғандықтан, бұл қастандыққа айрықша мән берілді»  

Ғабиден Құлахмет,  «Үйірі жоқ көкжал» романынан

Біз неге жазушы Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжалынан» бастап отырмыз? Өйткені біздің кейіпкер де бір үйірдің басшысы, білдей бір қылмыстық топтың атаманы. Ол азан шақырып қойған атымен емес, лақап есіммен танылған дүр. Сонымен, «Әділ Қытай» аталған қылмыстық топтың басшысы кім? Ол неге «Әділ Қытай» атанған? Осы сұрақтардың жауабын біздің шағын детективтен табасыздар.

 Түрме азабы

Қара тастан ұрған қан мен сыз қолқаны қабады. Ауа да зілдей ауыр. Күн көзі түспейтін суырдың ініндей сығырайған тесіктен кірген әлсіз жарық қана мұнда тіршілік иесінің барынан хабар беретіндей. Қандала қаптаған қара тақтайдың үстінде біреу ұзынынан көсіліп жатыр. Ауыр күрсінеді. Жамбасы тесіліп ары-бері аунайды. Азу тістерін шақұр-шұқыр еткізіп бір-біріне қайрайды. Содан соң «Тас түрме – деген осы ма?» деп өз-өзіне түсініксіз сұрақ қояды.
– Иә, абақты деген осы, – деп тағы да өз-өзіне жауап қайтарады.
– Анау шойындай қара есік қашан ашылады? – дейді бір ішкі дауыс.
– Ол енді саған жабық, – деді сол иығын басып отырған сүйкімсіз бір жарықшақ үн.
Бұл шошынып, орнынан қарғып тұрды. Қарғып тұрды деген аты ғана, әйтпесе, буын-буыны құрып, әл-дәрмені сарқылып, қан исі сіңген қабырғаға сүйеніп жатып әрең тізе жазған. Бойын тіктеп еді, басы төбеге тиді. Белі қатып қалған екен, емін-еркін керіліп-созылуға тауықтың күркесіндей мына бәле тарлық қылды. Зығырданы қайнап шойын есікті жуан жұдырығымен қойып-қойып қалды. «Әу» деген пенде жоқ.
– Шығарыңдаршы мына бәледен. Ақша десеңдер, қап-қап ақша берейін. Дүние-мүлкімнің бәрін талап алыңдар. Қидым! Шығарыңдаршы, мына тозақтан, – деп торға түскен арыстандай арпалысты. Есік те, тас қабырға да міз бақпады. Қолдан келер қайран кәні?! Тағы да бойын жаза алмай, әлгі суық тақтайға құлай кетті. Құлап жатып, өгіздей өкіріп жылады. Жылап жатып, өзегін өкініш өртеп, безгек болған адамдай қалшылдады.
Сөйтіп жатып, көзі ілініп кетіпті. Өңі ме, түсі ме, білгісіз. Бір кезде шойын құлып шарқ етіп, шойын есік зырқ етіп ашылды. «Әділ Қытай» деген сен бе?» деді сұлбасы, суық белгісіз бейне.
– Иә, Әділ Қытай деген менмін, – деді бұл.
– Қанша адамды тонап, қанша адамның қанын жүктедің? – деді әлгі сұлба орнынан міз бақпай.
– Қазір, қазір санайын, – деді бұл саусағын бүгіп.
– Оған сенің саусағың түгілі, шашың да жетпейді, – деді әлгі есік көзіндегі сүркейлі сурет.
– Шығаршы, мына қапасыңнан, – деді бұл қара терге малшынып.
– Сен енді шықпайсың. Қолыңмен жасаған қылмыстарыңды мойныңмен көтересің, Әділ Қытай!
– Жоқ, жоқ!..
Түсі екен. Бастырылып қалыпты. Үстіндегі қан мен тер сіңген киімі малмандай су. Ашылған есік те, әлгі сұлба да ғайып. Тар қапас, тас еден, тымырсық түрме…

 

Соңғы "жорық"

Бостандықтағы боз дәурен

Бұл атынан Алматы сескенген, «Әділ Қытай» атанып кеткен қылмыстық топтың төресі – Жадилжан Ялкунжанов. Оқшантайы оқ пен көк қағазға толып жүрген кезінде Алатаудың қалпағын шыр айналдырған дүрдің бірі еді. Қазіргі хәлі анау: кеудесін көтеру түгілі, белін жаза алмайды. Қолы байлауда, басы матауда.
«Әділ Қытайдан» қорлық көргендердің санына саусақ жетпейтін болып шықты. Қорқытып-үркіткендері, бопсалағандары мен тонағандары, өлтіріп, артын жуып-шайып кеткендері қаншама?! Алматыдағы зәулім үйі қару-жарақ сақтайтын қойма сияқты. Ал ұл-қыздарының өмірі жұмақтан бір мысқал да кем емес.
Жадилжан Ялкунжанов (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды) Алматыда туып, осы қалада өсті. Ол тоқсаныншы жылдары білек күші мен қалтасындағы қаруына сенген дүрлердің соңын жалғаған ізбасары болғысы келген. Қайсыбір жылы 50 жас мерейтойын тойлаған кезде, оның қуанышын ортақтасуға небір мықтылар мен жайсаңдар жиналыпты. Әлгі «Айшуақ-Жантүгел», «Атаба», «Арнай» сияқты аты шулы қылмыстық топтардың серкелері сол дастарханнан дәм татқан. Бұл «Әділ Қытайдың» тасы өрге домалап тұрған шақ болатын.
Ол кезде Жадилжан үшін біреудің үйін, қымбат көлігін тартып алу аса қиындық тудырмайтын-ды. Қасында «шаш ал десе, бас алатын», «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» оққағарлары болды. Анау жақта мұның жымын білдірмей, жылан жалағандай, із қалдырмай қорғап отырған көкесі болды. Ол – Алматы қаласы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы Ақыт Асабеков еді. Ж.Ялкунжанов Асабековке жасаған қылмысына көз жұма қарау үшін қап-қап ақша, алтын-гауһар беріп отырған…
«Зындан» түбінде жатып, қақпан қапқан қасқырдай ұлыған Жадил осылай өткен күндерін есіне ала бастады…

От кешкен күндер

«Шынымен, жасамаған қылмысым қалмапты ғой» деді тағы да өз-өзіне күбірлеп. Қараңғы қапастан сәуле іздегендей жан-жағына қарап еді, бүкіл әлем түнекке айналғандай. Әлгі қараңғылықтың арасынан пәтерін тартып алған жалғызбасты әйелді көзі шалып қалғандай болды.
– Көптің көз жасы, жетім мен жесірдің қарғысы жіберуші ме еді сені? Әлі-ақ жазаңды аласың, – деп төніп тұр.
Жесір әйелдің жалғыз бөлмелі пәтерінің ақшасын алып, орнына үш бөлмелі үй беремін деп тақырға отырғызып кеткенін ойлап еді, миығына арсыз күлкі үйірілді. «Ол да бір дәурен екен ғой» деді іштей.
Қақаған қаңтар болатын. Мұның оққағарлары Бахаргүл деген жесір әйелді ертіп келді. Жадилжан «Біз банктерде кепілде тұрған үйлерді арзан бағамен алып бере аламыз» деп сендірді. Әйел сенді. Бір бөлмелі үйін сатып, барлық жиған-тергенін «Әділ Қытайдың» уысына салды. Арада бірнеше апта өтті. Банктен де, әлгі Ялкунжановтан да хабар жоқ. Жер-көктен іздеді. Тапты. Қасындағы алмас қылыштай қылпылдап тұрған жандайшаптары «Үй қайда? Мына жерден қара басыңды алып шықсаң, саған сол олжа» деп сес көрсетті.
«Мал ашуы – жан ашуы». Пәтерінен, өмір бойы жиған-тергенінен айырылу оңай ма? «Әділдің өзімен кездесемін» деп, Бахаргүл байбалам салып еді, күзетшілер мұны ішке кіргізді. Өткен жолғы көрген Жадилжан жоқ. Көк түтіннің арасында түсі жауар бұлттай түнерген біреу отыр. «Айналайын інім, үш бөлмелі пәтеріңді бермей-ақ қой. Өз ақшамды қайтаршы. Екі баламен далада қаламын ба? Жандарың ашысыншы» деп әлгі безерген қараның аяғына жығылды. Ол мұны адам құрлы көрген жоқ.
– Мынаны қуып жіберіңдер!.. Әй, қатын, есіңде болсын, кім айтты саған, «Әділ Қытай» алғанын қайтарады деп? Енді менің мазамды алсаң, екі балаң тұл жетім қалады, – деп көзін шұқыды.
– Құдай бар болса, сен де мен құсап аңырап қал! – деді мүсәпір күйге түскен әйел. Сөйтіп асыраушысы жоқ ана қара суықта далада қалды. Ал Жадилжан болса, айылын жияр емес.
– Сол қатынның қарғысы тиді-ау! – деп тас қабырғаны қолының сыртымен гүрс-гүрс ұрды. Қолын ауырсынғандай болған, бірақ жанының дерті жеп бара жатыр. Көзін жұмып еді, өзі оққа байлаған әйгілі кикбоксшы Асқат Қақанов елестеді. Оны да өз қолымен жер жастандырып еді ғой.
Ол күздің сүркейлі, суық күндерінің бірі болатын. Қақановтың спорттағы жетістігі, Әділге көрсеткен мінезі ұнамаған. Жадилжан Ялкунжановтың жігіттері Қақановты жақын тартып, одан тәлім алып жүреді. Спорт залдағы жаттығудан тыс уақытта адал жолмен жүруге үгіттеп, ағалық ақылын айтып тұратын болған. Жанған отқа, ұшқан оққа қарсы тұра алатын, жалындаған жас жігіттері бір-ақ күнде Асқаттың ығына жығылып, айтқанына көніп шыға келеді. Спортшының мұнысы әйгілі Сары Алмастан асып түсуге ниеттеніп жүрген Ялкунжановқа ұнамады. Сөйтіп бір түнде қолына қару алып, қасына бір нөкерін ертіп, Қақановты арғы дүниеге жөнелтуге аттанады.
Нөкерінің қолын қанға батырған соң, мұны айтқанынан шықпайтын қолшоқпарына айналдырып алды. Ондай «шоқпардан» біреу ғана емес, бірнешеуі болды. Бәрі шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін нағыздардың өзі. Бәрінің мойнына ілген қылмысы, аяғын бастырмайтын «ұзын тұсау, кең арқаны» бар.

 

Күні батты, үні өшті

Түрмеде отырған адамға күндіз де, түн де бірдей екен. Таңның атқаны, күннің батқанынан хабары болмайды. Оның үстіне, суырдың ініндей тесікке телмірген қатаң режимдегі адам үшін күн түгілі, ай атынан жаңылатының айдан анық.
«Әділ Қытай» соңғы сот отырысын есіне алды. Күндіз-түні қасынан шықпай, мұның амандығын, бала-шағасының есендігін күзеткен қырағы оққағарлары бір-ақ сәтте мұны сатып шыға келді. «Әй, иттер-ай, сендердің сатып кететіндеріңді білгенде, әлдеқашан көздеріңді құртар едім» деп тісін қайрады.
Амирдин Шахиров сот алдында бұның көзіне тік қарап тұрып: «Жадилжан Ялкунжанов нағыз қандықолдың өзі. Ол ешкімнен қорықпайды. Қарсы келгенді атады, шабады. Сұрақ, жауап деген жоқ оған» деді. Ал сенімді адамының бірі Махмут Иханов «Әділ Қытайдың» жүрегі тастай қатты, мұздай суық. Ол жетім-жесірді де, кембағалды да тонады. Асқат Қақановты да өлтірген осы. Мен мұның қарамағынан кетіп қалайын дегем, бірақ еркімнен тыс қорқытып ұстады. Егер кетсем, бұл бала-шағамды өлтіретін еді» деп түсінік берді. Олардан кейін шыққан Саиджан Жалалжанов та қожасының «құдіретін» айтып азар да безер болды. Ялкунжанов сот кезінде оңаша қамауда тұрған. Сыбайластарын көзімен ішіп-жеп тұр. Жалалжанов «Ол маған түрмеде отырғанымда тыныштық бермей, пара ұсынып, қылмыстың бәрін мойныңа ал. Бала-шағаңа жетерлік ақша беремін. Көмектесемін» – деп саудаласты» деп шындықты жайып салды. Шухрат Ұлпыхаров «Менің пәтерге жинаған 150 мың долларымды тартып алып, қайтарған жоқ. Сұрап едім, 800 мың доллар қарызға кіргізді де тастады. Зират басына апарып, қазылған көрдің жағасына отырғызып, осында көміп кетеміз – деп қорқытты. «Атсаңдар да, шапсаңдар да өз еріктерің өздеріңде. Мен 800 мың доллар қарыз емеспін саған» – деп тұрып алдым. Өлтірген жоқ. Бірақ қорлады» – деп көз жасына ерік берді.
Бір кездері мұның қас-қабағын бағып, айтқанына қарсы шыға алмайтындар көз алдында сатып жатыр. Қылтұзаққа түскен қарсақтай, бір бұрышта өз аяғын өзі шайнап бұл отыр.
Айтпақшы, бұл осы күнге дейін қалай аман келді? Бұл сияқты заңды белінен басатын жуандардың бәрі торға тоғытылып, шетел асып жатқанда, «Әділ Қытай» Алматыда білгенін қылып жүрген жоқ па? Осы сұраққа келгенде, қараңғы түрмеде іші қайнап жатқан «көкжал» тілін тістеп алды. Мұны күні бүгінге дейін періштедей қорғап, қолпаштап келген «крышасы» бұған адал болды. Бақыт Қасабеков кеткен соң, мұның басынан бағы тая бастаған. Өзі де оны сезетін. Бір жолы бала-шағасын жиып алып «Менің артыма із түсті. Күнім батып барады. Бәріне дайын болыңдар!» деп ескерткен. Б.Қасабеков Алматыдағы Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы болған. Жадилжан соған арқа сүйеп, жарты Алматыны жалпағынан басты ғой, шіркін!
«Мен барда сенің басыңнан бір тал шаш түспейді. Ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс. Жалғанды жалпағынан бас та жүре бер» деуші еді. «Әділ Қытай» соған сенді. Бір жолы қала шетіндегі демалыс үйінде Асабековты достарымен бірге қонақ қылды. Құстың сүтінен, жылқының өтінен басқаның бәрін «крышасының» алдына үйіп-төкті. Ақша судай ақты, көлдей көпірді. Бәкең де оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Бір жағы мақтап, бір жағы көзірін есіне салып, Зайнаудиновтың қылмыстарын жіпке тізгендей санап жатыр. «Әділ Қытай», сенің мойныңда кімдердің қаны барын білесің бе? Қасыңда оққағарың болған 7 адамыңды сен үшін түрмеге мен отырғыздым… Қытайлармен бірігіп, есірткі сатумен айналысқаның үшін жазаны басқа біреу арқалап, түрмеде шіріп жатыр… Шухрат Ұлпыхаровты қорқытып-үркітіп, 150 мың долларын алып қана қоймай, оны 800 мың доллар қарызға батырдың да тастадың… Алматыдағы суық қару-жарақ саудасын жасайтын жалғыз дөкей – тағы сенсің!.. Қысқасы, сенің қылмыстарыңды тізсем, жазасын өтеуге бір ғұмырың жетпейді», – деп қайырды.
Шынымен, солай болатын. Асабеков не айтса да, бұл оған құлдық ұратын. Өйткені, мұның жасаған ісінің бәрінің ізін сол «көкесі» жуып-шайып отыр.
Асабековтың емеурінен ерінінен түсініп үйренген бұл сол жерде оның алдына бір қап ақша тастады. Ақыттың достары аузын ашып, көзін жұмды. Жасыл ақша көзді қалай арбайды, ә?! Оның үстіне, үнемі бұдан ауыз бастырғы алып үйренген оның жанары бұл жолы жанып кетті. Бір қап ақша деген оңай ма? Өңі түгілі, түсінде көрмеген көп байлық. Сол күні пара берген жақ та, алғандар да демалыстан хош аттанды.
Арада көп күн өткен жоқ, сенген серкесі бір-ақ күнде қақпан қапты да, қапыда сотталып кетті. Жадилжан болса, бармағын қарш еткізіп отырды да қалды. Сол күннен бастап, бұл өзіне бір тықырдың таяп қалған іштей түсінді. Бірақ үйренген кәсіп: біреуді тонап, біреуді қанап, жеңіл жолмен ақша тауып жүре берді.

 

Үйірінен адасқан көкжал

– Әй, иттер-ай, мен бұларға органның адамдарымен байланыспа деп едім. Бұлардың мұнысы несі? – деп қабырғаны ұрамын деп тақтай-төсегінен құлап түсті. Еденнің сызы жамбасын тесіп бара жатыр. «Сауысқаннан сақ едік қой. Қалай ғана құрыққа түсіп қалдық?» деп өзіне-өзі сұрақ қойды. «Соншама қару-жарақпен: Калашников автоматы, қосауыз мылтықпен, тіпті «Гранатометпен», атыс-шабыссыз қолға түсіп қалғанымыз қалай?» – деп күйінді.
Сары Алмастың қасында жүрген сонау тоқсаныншы жылдардағы тобықшақтан қан кешкен күндерін есіне алды. Сары Алмас көз жұмған соң, оның қол астындағы жігіттердің тоз-тозы шығып, сиырдың бүйрегіндей қырыққа бөлініп кетпеп пе еді. Жадилжан да сол топтан өз еншісін алып бөлек кеткен. Қарамағындағы жігіттердің денін өз ұлтынан таңдады. Бұлардың араласпаған қылмысы жоқ. Қытай мен Қазақстан шекарасында аткезшілікпен айналысты. Есірткі сатты. Заңсыз қару-жарақ өткізді. Тыйым салынған сауданың бәрімен айналысты. Қытайлармен көбірек алыс-беріс жасаған соң, бұның атына «қытай» қосылды. Сөйтіп, «Әділ Қытай» атанып шыға келді.
Жарты Алматыны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, бір үйірдің көкжалы қазір жападан-жалғыз жатыр. Тек екі ұлы – Шахмардан мен Мураджан ғана әкесін ақтап алуға тыраштануда.
Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжалындағы» сияқты бұл да үлкен қылмыстық топтан қара басы ғана қалды. Соңына ерген нөкерлерінің қазір бірі де жоқ. Өз жарасын өзі жалап жазатындай емес, көкірек тұсын өкініш өртеп барады.
Өкініп жатып, кезінде өзі қару мен қара күшімен көмектескен шенділерден үміт үзгісі келмеді. «Мен бәрібір мұнда қалмаймын. Осы жасыма дейін жоғары жақтағы қаншама дөкейлердің жыртысын жырттым. Бизнесіне көмектестім. Басыма іс түсіп, қиналғанда олар қарап жатпас. Мына абыр-сабыр басылсын. Содан кейін олар мені түрме түгілі, зындан болса да құтқарып алады» деп өзін-өзі сендірді іштей. Қиял деген жүйрік қой. Жарты құлақ жарыққа зәру болып жатса да, бостандықты аңсайды екен. Өз қолымен жасаған қылмысын, өлтірген адамын, тонаған ақшаның құнын дәл қазір ойлайтын шамасы жоқ.

Жарас КЕМЕЛЖАН
(Әңгіме КТК телеарнасының
деректері негізінде жазылды)

29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...
15 қараша, 18:07
Автобустың әлегі
15 қараша, 18:01
Ұн қымбат, ет тапшы
12 қараша, 12:27
Мақау кісінің мұңы