jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

М.Шибұтов: Ешбір қисынға келмейді

04 мамыр 2018, 14:30
481

Соңғы кезде ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылардың түн ұйқысы төрт бөлініп, мазасы кеткендей. Басқасын былай қойып, еліміздің сыртқы саясаттағы әр қадамын жіті бақылайтынды шығарды. Әсіресе, АҚШ-пен арадағы байланысымызды қызу талқылайды. Терістік көршіміздің бұқаралық ақпарат құралдары Каспий теңізіндегі бізге тиесілі айлақтарды АҚШ әскери-теңіз күштері пайдаланып жатыр деп байбалам салуда. Сондай-ақ еліміздің аумағында Американың әскери базасы ашылатыны жайлы негізсіз пайымды арқау еткен түрлі жарияланымдар жарық көрді. Атап айтқанда, pravda.ru сайты «Қазақстан Пентагонмен жақындай түсті» деген тақырыпта мақала жариялады. Ал Newdaynews.ru сайты ресейлік сарапшы Константин Сивковтың пікіріне сүйене отырып, «Қазақстан Ресейге сенімсіздік білдіріп, АҚШ-ты қолдауға кірісті» деген сарында мақала басыпты. Оны жерден жеті қоян тапқандай болып forbes.kz сайты көшіріп басты.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі хабарлағандай, мұндай негізсіз ақпараттың тарауына 2010 жылдың 20 маусымында еліміз бен АҚШ арасындағы екі жақты келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама себеп болған. Ол құжатта Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға бүкіл халықаралық бірлестіктің күш салғаны айтылады. Елшіліктің таратқан мәлімдемесіне сәйкес, келісімінің 3-бабында Ресей де АҚШ-пен осындай келісім жасасып, арнайы жүктерді тасымалдауға қатысқаны көрсетілген. Онда неліктен кейбір ресейлік сарапшылар қисынсыз тұжырымын алға тартады? Осы жайында білу үшін саясаттанушы Марат Шибұтовқа хабарласып, пікірін білдік.

М.Шибұтов: Ешбір қисынға келмейді

– Қазір ресейліктер өзінің «жасанды» әлемінде өмір сүріп жатыр. Билік жергілікті БАҚ-тың көмегімен халықтың санасына өзіне қажетті, саяси маңызды мәселелерді тынбай құюда. Бұл тұста әскери үгіт-насихаттың орны ерекше. Жергілікті халық өзгенің бәрін жау көретіндей жағдайға жетіп қалды. Олар үнемі «қай тұсымыздан жау келіп қалады» деген сияқты қорқыныш сезіммен отырады. Себебі күнделікті еститіні сол. Алыс-жақын елдің бәрін өздеріне қарсы деп қабылдайды. Бұл өте қарабайыр стратегия. Сондай-ақ мұндай насихат елдегі өзге мәселенің өршіп кетпеуіне, назардан тыс қалуына септігін тигізеді. Мәселен, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шетке ысырып қоюға көмектеседі. Егер де Ресейдің қарапайым азаматтары қандай да бір мәселе көтеретін болса, оған жауап дайын тұрады. Мәселен, «Сіз ойылып кеткен жол мәселесін айтып отырғанда, байырғы көршіміз, ынтымағымыз жарасқан Қазақстан АҚШ-тың әскери базасын орналастырып жатыр. Америка кез келген уақытта бір бүйірімізден соққы жасауы мүмкін. Осы тұста қай мәселеге назар аударуымыз керек?» деген сарында халық арасында насихат жүргізеді.
– Ресейлік сарапшылар «Қазақстан Ресейді мүлдем қолдамай, АҚШ-тың сенімді серіктесіне айналды» – деген мазмұнда шындыққа қисынсыз пікірлерін қаптатты. Осыған қатысты не айтасыз?
– Білесіз бе, сол ресейлік сайт, телеарналарда пікір білдіріп жүргендер сарапшы емес, «насихатшылар». Олар сол Ауғанстанға тасымалданатын жүктің Ресейдің Ульяновск облысы арқылы да өтетінін неге айтпайды? Америкалықтардың Ауғанстандағы лаңкестермен бірлесе күресіп жатқанын, тіпті де тілге тиек етпейді. Біз де сол «насихатшылардың» ұстанған саясатын өзіне қарсы қолданайық. Ондай сарапшысымақтардың пікіріне мүлдем назар аудармасақ, оларды ешкім елемейді.

Дайындаған
Елдос Өмірзақ

19 шiлде, 12:02
Ажал шақыратын арал
18 шiлде, 11:40
Қажытайдың атбегілігі қандай еді?
12 шiлде, 12:49
Жолдағы жүгенсіздік
05 шiлде, 12:16
Алтынбек Қоразбаев: Жақсы әнге жанашыр көп
05 шiлде, 12:12
Әйелді жанды қуыршаққа айналдырады (EXCLUSIVE)
28 маусым, 10:21
КРІ: Мүмкіндігі мол мұнайхимиясы
21 маусым, 13:50
Тау иесін құтқару
18 маусым, 15:12
Қуанып барып, қарызданып қайтпаңыз!