jasqazaq.kz
Ақпарат агенттігі

Д.Жолжақсынов: Тарихты бұрмалаған топырақта кино көгермейді

04 мамыр 2018, 12:03
804

«Қазір кино бар, бірақ сауатты сын жоқ». Бұл туралы белгілі актер, Қазақстан халық әртісі, атақты кинорежиссер Досхан Жолжақсыновпен Jas qazaq редакциясындағы әңгімеміз осындай пікірмен басталды. Ол қазақ киносының тынысы ашыла бастағанын да тілге тиек етті. Оған соңғы төрт-бес жылдың көлемінде түсірілген кинокартиналарды айтуға болады. Мәселен, «Алмас қылыш», «Құнанбай» фильмдері қазақ тарихының арғы-бергі кезеңінен сыр шертеді.

Д.Жолжақсынов: Тарихты бұрмалаған топырақта кино көгермейді

 

«Абайды ардақтай алмадық»

Jas qazaq: Досхан Қалиұлы, жуырда ғана Елбасының қабылдауында болдыңыз.Жүздесуде әңгіме қай тақырыпта өрбіді?
Д.Жолжақсынов: Елбасының қабылдауы әлмисақтан келе жатқан дәстүр. Алдымен ағалық, одан кейін Елбасылық қамқорлығымен, елінде болып жатқан игі істің жанашыры ретінде шақырғанына алғысымды білдіремін! Шыны керек, Президенттің тікелей араласуымен тарихи кинолар түсірілді. Соның ішінде менің екі бірдей туындым – «Құнанбай» мен «Біржан сал» бар. Негізгі жоспар бойынша 15 минуттық кездесу еді. Бір сағатқа созылды. Әрине, кездесуде театр мен кино тілге тиек болды.
Jas qazaq: «Қазақфильмнің жері сатылады» деген әңгіме шыққалы біраз жыл болды. Оған кімдер қызығып отыр? Ақордадағы кездесуде бұл туралы әңгіме болды ма?
Д.Жолжақсынов: Соңғы он күннің төңірегінде біраз депутат бастап, «Қазақфильм» киностудиясына барыпты. «Жер сатылмайды» деп айтыпты. Басқасы бекер әңгіме. Алаңдаудың қажеті жоқ. Сондықтан мен де бұл туралы сөз қозғамадым. Абай мен Шәкәрім кесенесінің күтімі жайында айттым. Екеуінің де басына дұрыс күтім болмай тұр. «Құнанбай» киносын түсірген кезде, барлығын өз көзімізбен көрдік.
Әлде басшылар мән бермей ме, осы екі жағын ажырата алмадым. Бұл топыраққа қазақтың табаны тиіп тұру керек. Киелі жерді суытпауымыз керек. Міне, осындай ойларым жазылған хатты Елбасыға қалдырдым. Президент ұйып тыңдады. Абайдың қадір-қасиетін білу үшін, менің ойымша, дипломның да қажеті жоқ. Кең байтақ қазақ жерінде дүниеге келсең болды.
Jas qazaq: Енді өнер тақырыбына оралсақ. Соңғы жылдары тарихи фильмдер көбірек түсіріліп жатыр. «Көшпенділерден» басталды. Сіздің фильмдерден бөлек, «Алмас қылыш», «Баян сұлу» сияқты тарихи мұраларымыз экранға жол тартты. Осы фильмдердің көркемдік деңгейіне көңіліңіз толды ма?
Д.Жолжақсынов: «Баян сұлуды» көрген жоқпын… Көкірегінде ұлттық намысы бар, құнарлы топырақты басқан, қолқасында қиымен сексеуілдің түтіні сіңген жас жігіттер қазақ киносын қолға алып жатыр. Солардың ішінде Ақан Сатай пен Рүстем Әбдірашты айрықша атар едім. Осы азаматтардан үлкен үміт күтемін! Ақан түсірген «Жау жүрек, мың бала», Рүстем түсірген «Алмас қылыш» көркемдік жағынан да, кәсіби жағынан да заманына сай деп білемін. Ал енді «Қазақстан» ұлттық телеарнасында түсіріліп жатқан дүниелердің біріне де тоқтай алмаймын. Жалпы, сын айтатын болсам, оның зауалы кімде дегім келеді? «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалы туралы бірнеше сын мақала оқыдым. Біріншіден, ол киноны түсірілуге рұқсат берудің өзі қылмыс. Өйткені бұл – қазақтың жауһар жыры. Мұндай асыл мұрамызды кез келген жолаушының қолына қолжаулық қылу – қылмыс. Мұндай жәдігерді түсіруге қандай құқың бар? Ақталып жатқан адамдарды да естідім. Ақшаны, анау-мынауды сылтау қылыпты. Ақшаның, білім мен біліктің жетпейтінін фильмді қолға алмас бұрын ойлануы керек еді.

 

Д.Жолжақсынов: Тарихты бұрмалаған топырақта кино көгермейді

«Алдыңызда Қалдан  Серен тұрады»

Jas qazaq: «Көшпенділерге» түстіңіз. Сонда шетелдіктермен жұмыс істеп көрдіңіз. Шетелдіктердің кино түсіру тәжірибесі қандай екен? Біздің кино мамандары үйренуге тиісті артықшылықтарын айтып берсеңіз. Жалпы Батыс киноиндустриясынан үйренеріміз бар ма?
Д.Жолжақсынов: Ғажап! Біріншіден, таң қалып, тақымыңды қысасың. Олар бұл кәсіпті алпыс екі тамырынан өткізгендей сезінеді екен. Менің күнкөрісім ғана емес, бұл менің кәсібім деп түсінеді. Асқан жауапгершілікпен қарайды. Үн-түнсіз, айқай-шусыз, сыбырмен, сабырмен тындырады. Шынымды айтсам, шетелдің кино түсіру тәсілдерін, өнерге деген тақуалығын, кәсібіне деген жауапкершілігін, актерге деген шынайы сүйіспеншілігін көріп рухтанып қалдым. Түсірілім ғажап түс көргендей өтті. Түнгі сағат үште тұрсақ та машина күтіп тұрады. «Мистер Досхан» деп қарсы алады. Арнайы вагон бар, киетін киімің дайын. Гримге апарады. Гример «Сіз ыңғайланып ұйықтай беріңіз. Мен грим сала беремін» дейді. Бір кезде оятады. Оянсаңыз, өз-өзіңізді танымай қаласыз. Алдыңызда — Қалдан Серен тұрады. Көлікпен кино алаңына апарады. Сізбен тек режиссер мен бас оператордың ғана амандасуға құқы бар. Отыратын креслоның артына дейін «Мистер Жолжақсынов» деп жазып қойған. Актерге деген құрмет қандай, қараңызшы!.. Нақты айтқанда, олардан ұйымдастыру жағын үйренуге болады.
Jas qazaq: «Алмас қылышқа» түстіңіз. Актер емес, режиссер ретінде фильмнің сценарийіне, диалог, оқиға желісіне көңіліңіз толды ма?
Д.Жолжақсынов: Түсінігі бар әр пенде мұны өзінше қорытады. Мен сол фильмнің ішінде жүргеннен кейін, бұл сұраққа билік айту оңай шаруа емес. Бірақ кинокартинаның тіліне келгенде датым бар. Мен енді Таласбек Әсемқұловпен салыстырамын ғой. Таласбектің тілін алып қарсаңыз, оның әр орамы мақал-мәтел еді ғой, шіркін! Ал «Алмас қылышқа» қосымша редактор керек пе деген ойым бар. Осы жағын байқағандай болдым. Алайда кино оңай шаруа емес. Қадыр ағам Абай ескерткішін көріп, мүсіншіге сын таққандай сөйлеп келеді дейді: «Мұңы қайда Абайдың? Күңіренген күйі қайда? Оны көрсететін көз қайда?» депті. Бұл жерде мүсіншіні кінәлауға болмайды. Оның бар кінәсі – Абайдың ұлылығында. Ол ұлылықты көрсету мүмкін емес. Қызыл тілде сүйек жоқ, біз айта береміз. Десе де, мінеуге болмайды.
Jas qazaq: «Қыз Жібек» фильміндегі актерлердің диалогы қазір тұрақты сөзге айналып кетті. Мысалы, біреу сөзді бұза берсе, «Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» дейміз. Ол кезде мықты команда болды деседі. Бүгінгі қазақ киноиндустриясына да команда қажет пе?
Д.Жолжақсынов: Әрине, команда болу керек. Бірақ оны қайдан табасың? Қолыңа барыңды киесің ғой. «Қыз Жібекті» түсірген алыптардың арасында кімдердің болғанынан хабарыңыз бар шығар? Сценарийін Ғабит Мүсірепов жазды. Музыкасын саз сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақышпен өрсе, ән мәтінін Қадыр Мырза Әлі жазған. Режиссері – әйгілі Сұлтан Қожықов.
Jas qazaq: Қазақ сөзінің майын тамызып сөйлейтін, жазатын мықты қаламгер-жазушы ақсақалдарымыз бар ғой. Сол кісілер көп қаламақы сұрайды деп ойламаймын. Тіпті Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романын оқысаңыз, соның ішіндегі құнарлы тілді диалогқа, фильмнің арасына қосып отыруға жарап-ақ тұр!
Д.Жолжақсынов: Мәселе ақшада емес. Оның үстіне жазатын ақсақалды табу, олармен жұмыс істеу де оңай емес. Жазушы-қаламгерлерде де намыс бар, көкірек, менмендік бар. Қай ақсақалдың алдына барып «Мынаны түзетіп беріңізші» деп жалынып отырады. Редактор «Мен де сол деңгейдемін» деуі мүмкін. «Алмас қылыштың» тіл орамына келгенде нақтылы датым осы.
Jas qazaq: Асанәлі Әшімов «Қазір кино жоқ» депті бір сұхбатында. Ол кісі сіз түсірген фильмдерді көрмеген бе? Әлде көңілі толмады ма екен?
Д.Жолжақсынов: Білмедім. Көрген болар. Әсіресе, кино жағына келгенде, Асекем жанашыр ағаларымның бірі. Көру керек деп ойлаймын. «Кино жоқ» деп қай уақытта, қандай фильмге қарата айтылғанын білмеймін. Бүгінгі күнге байланысты айтылған болса, онысы бекер. Аузымызды қу шөппен сүрте беруімізге болмайды. Барымызды бар деп, жоғымызды жоқ деп айтатын уақыт келді. Олай істемесек, біз оңалмаймыз. Сондықтан, қазір кино бар. Біріншіден, көрерменнің ризашылығы бар. Бірақ дұрыс сын жоқ. Кино мен әдебиетімізге, ұлттық құндылықтарымызға келгенде де ұлттық ұстаным, ұлттық таным болмай, қазақы көзқарас болмай, сыншылар оңалмайды.

Д.Жолжақсынов: Тарихты бұрмалаған топырақта кино көгермейді

«Ішім удай ашиды»

Jas qazaq: Қазір телеарналар жеңіл-желпі, дүбәра, сюжетінің желісін адам түсініп болмайтын сериалдарды көп түсіріп жатыр. Соған кино қайраткері ретінде ішіңіз ашымай ма?
Д.Жолжақсынов: Амал қанша?! Кинотеатрың жоқ. Қазақ киносының бәрі табалдырықтан сығалап қалды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұсақ-түйек сериал түсірумен айналысатын болса, ол қарашаңырақтығынан айырылып қалуы мүмкін! Біріншіден, теледидар жан-жақты шынығуы керек. Теледидардың киноға деген пайымы қарашаңыраққа қарағанда бөлектеу. Тез түсіру жағы болсын, т.б. Бұларда үлкен декорация болмайды. Көбісі интерьер, кабинет, пәтер ішінде ғана түсіріледі. Қысқа- қысқа оқиғалардан құралады. Үлкен экраннан айырмашылығы осында.
Jas qazaq: Кейде телеарналардың жеңіл, арзан кино түсіріп, қазақ әдебиетіне арзан «үлес» қосып жүргендерге қарап қарныңыз ашпай ма?
Д.Жолжақсынов: Көрпеміздің қысқалығында ғой бәрі. Сол сериалдарға бірнеше миллион теңге беріледі екен. Қаншалықты шын-өтірік екеніне жауап бере алмаймын. Сол ақша таныс-тамырға, дос-жаранға кетіп қалып, содан ақсап жатыр ма?! Оны да бір Алла біледі. Мәселен, мен қайсыбір арнаны қарай алмаймын. Себебі жаныма жақын, құлағыма таныс, көзіме үйір ештеңе таппаймын. Кезінде «Көркемдік кеңес» деген болушы еді. Қайта құрылыпты. Баяғыда Ақселеу мен Жәнібек ағаларымыз жүргізген әннің тарихы туралы хабар болды. Мен жуырда Абайдан бастап, тіпті оған дейінгі әншілерге дейін тоқтап, жүргізушісін де белгілеп, сол Ақаңдардан қалған хабардың жалғасы болсын деп, бір жобаны «Көркемдік кеңеске» жібергем. Он шақты күннен кейін хабар алдым. «Көркемдік кеңестен» өтпей қалыпты. Таң-тамаша болдым да қалдым. Егер «Мына жері дұрыс емес. Сөз саптауың дұрыс емес» деп жатса, онда мақұл! Ондай пікірді қабылдауға бармын. Жалпы тақырып ұнамай тұр ғой. «Бұл бізге неге керек?» депті. «Ішің ашымай ма?» дейсің. Ашығанда қандай, удай ашиды…
Jas qazaq: Жаңағы бір сұрағымыздың тігісін жатқызып алайықшы. Естуімізше, телеарналардан берілетін сериалдардың диалогын «КВН-да» ойнайтын жігіттер жазады екен. Сценаристер оларға фильмнің қаңқасын әкеліп береді. Диалогын солар жазады. Өнерді оқымағандар. Арзан диалог, жеңіл күлкі, өте қарабайыр кадр, қазіргі көше «жаргонын» қосады. Сіз киноға келген кезде қандай еді?
Д.Жолжақсынов: Мәселе сонда. Сондықтан ғой, біздің құрып жатқанымыз. Телеарнадағы сериалдарды кәсіби адамдар түсіреді десем, өтірік болар. «Көш жүре түзеледі» деп көңіл жұбатып алға қарай тарта береміз. Тіліме тағы сол келіп тұр. «Әйел десем, әжеме тиеді» деген сөз бар. Теледидарда бұрын-соңды болмаған нәрсе ғой. Осының жақсы жағын тәжірибе етіп қабылдап, көркемдік жағында, экранда болып жатқан режиссерлік шешімінің бәрін жақсы жағына өзгерте алатын болсақ, құба құп! Бірақ кейде ойлаймын, етіктің қисық басқан өкшесіндей, осылай кетіп қаламыз ба деп қорқамын.
Jas qazaq: Кезінде алыптардың көзін көрдіңіздер ғой. Олардың өнерге, киноға деген көзқарасы, талғамы мен талабы қандай еді?
Д.Жолжақсынов: Олар бетін тіліп тұрып бірден айтып салушы еді. Кейде сол кісілердің болмағанына шүкіршілік етемін! Кейде сол ұлылардың болмағанына ішім қыж-қыж қайнайды. Себебі, бұл кісілер айтып, тіліп салатын. Біз көңілге қарап сөйлейміз. Ақсақалдарымыз айтуын айтып, жазып жатыр. Өзімізге өзіміз сын көзбен қарай алмаймыз. Ең құрығанда жатарда өзімізге ақпар бере алмаймыз. Бүгін не істедім: «аяғымды дұрыс бастым ба, әлде шалыс кеттім бе?» деген сұрақтарға іштей жауап іздемейміз.

 

Кейде «Ешкіні шеше, текені әке» дейміз

Jas qazaq: Бұрын кино саясатқа тәуелді болушы еді. Қазіргі киноиндустрия қаржыға байланып қалған жоқ па?
Д.Жолжақсынов: Байланғанда қандай, кіндігімен маталып қалды. Бірақ іргедегі қоңсы қонған елдерге қарағанда, шүкіршілік! Қазақ кино өнері дамып келеді. Черчилль айтқан екен: «Мәдениет экономиканың тамшысымен сусындайды» деп. Ол рас. Егер біздің экономикамыз көтерілетін болса, мәдениетіміз де көтеріледі. Бүгінгі күнгі киноларымыздың сұранысы бұрынғы кинолардан көп деп айта аламын. Өйткені бәрі қымбаттап кетті. Қазір кейде осы кино үшін «ешкіні шеше, текені әке» деп өтетін тар соқпақтарымыз болады. Беделімізді салып, әкім-қаралардың алдына баруымызға тура келеді. «Құнанбайды» түсірген жылдары шығыс өңірді Бердібек Сапарбаев басқарып тұрды. Телефонда сөзімді айтып болмай жатып, «қам жемеңіз» деді. Азаматтық қылды. Бердібектің арқасында болар, «Құнанбайдай» сүйекті туындыны 1 ай 18 күнде бітірдік…
Jas qazaq: «Құнанбайды» түсіргеніңізге де бірнеше жыл болып қалды. Енді не жоспарлап жүрсіз?
Д.Жолжақсынов: Моңғолиядағы жігіттердің бірінен жақсы сценарий қолыма түсті. Азаматтық соғыс жылдары болса керек. Моңғол даласынан қиырдағы Кореяға, әскер мінетін ат айдапты. Сол сапардан бір ат қайтып оралған екен. Тобан аяқ болып, арқасын жауыр жеп, жал-құйрығы тұлдай сүзіліп қайтыпты. Маған мұның идеясы қатты ұнады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген дүние ғой. Оның үстіне қазақ пен жылқы бағзы заманнан егіз ұғымға айналған. Елбасының қабылдауында осыны айттым. Енді қаржының бөлінуін ғана күтіп отырмын.
Jas qazaq: Ресейліктер «Алтын орда» туралы фильм түсіріпті. Сол жерде қазақтың біраз актері жүр. Фильмде татарларды қисық қырынан көрсеткен секілді боп көрінеді. Бұдан саясаттың исі аңқымай ма?
Д.Жолжақсынов: Саясаттың исі аңқығанда қандай, танауыңызды жарады. Мысалы, американдықтар экранда өзінен басқаның бәрін кем көрсетеді. Өзіне келгенде өзегін жұлып береді. Қай киносын қарасаңыз да, фильмнің соңында Американың жалауы желбіреп тұрады. Бұл үлкен саясат. Орыстарда да солай. Әсіресе, тарихи фильмдерге келгенде. Өйткені тарихтың алғаш бұрмаланғаны сол топырақ қой. Тарихты бұрмалаған топырақта ондай кино көгермейді. Тарихи фильмді түсіретін режиссер, тарихпен сусындауы керек. Зерттеп, білуі қажет. Сіз айтқан фильмді шолып қарап шықтым. Татарларды қисық қырынан көрсету дегеніңіз қызыл-жасыл болып қатты көрінбейді, сипай қамшылағандай өте шыққан. Бірақ арғы жағында саясат аңқып тұр. Ол саясат – Ресейдің мүддесі. Егер күндердің күнінде біз Хан Кенені түсіретін болсақ, тарихи шындықтан да, саясаттан аттап өте алмаймыз. 28 панфиловшылар туралы кинода да бір қазақ жоқ. Якут па, қалмақ па, біреу жүр.

 

«Әнші Әмірені таба алмадым»

Jas qazaq: Досхан аға, өнерде аға буын мен жастар арасында алтын көпірге айналған сабақтастық дәстүр болушы еді. Сіз соны көріп өстіңіз. Қазір осы сабақтастық бар деп айтуға бола ма?
Д.Жолжақсынов: Жас кезімде, театрда жүрген жылдары өнер адамдары арасындағы сабақтастық дегенді байқаушы едім. Бұл – кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге ізет-құрметі. Үлкеннің сынын кіші дұрыс қабылдап жататын. Ал кинода басқаша. Мысалы, менің киноларыма ағаларым алғашында сенімсіздікпен қарады. «Мынау кино емес, театр» депті…
Бізде барды мойындау деген қасиет болмай тұр. Ол көре алмаушылық па, қызғаныш па, аражігін ажырата алмадым. Мейлі жазушы, мейлі актер, режиссер болсын, ол менмендігін жоғалтпауы керек. Бұл менмендік өркөкіректік емес. Ішкі жігер, күш, білім. Менмендік кәсіпке айналса, жанбай жатып өшесің. Екінші жағы тағы бар. Мен-менің жоғалса, онда шаппай жатып шатқаяқтайсың. Сынды дұрыс қабылдаймын, бірақ одан сабақ ала алмаймын. Өйткені біздегі сын адамды жанитын, шынайы сын емес. Аяқтан шалатын шала бірдеңе. Сынға сынып кетсең, киноң жайында қалады.
Jas qazaq: «Әмірені» көрдіңіз бе?
Д.Жолжақсынов: Көрдім. Отбасымды ертіп барып, сәуірдің 5-күні көрдік. Бірақ әнші Әмірені таба алмадым. Біріншіден, бұл Әміре емес. Әміре болмағаннан кейін, оған сын тағып та қажеті жоқ. Екіншіден, бұл жарнама. Жарнама болғанда да жалаң жарнама. Әміре болғаннан кейін, бұл ұлттық дүние болуы керек еді. Бұл ондай емес.
Сол фильмді мен түсіргенде, әнін мен жаздырғанда, мүлде басқаша жаздыратын едім. Қазақтың дауысын көрсеткің келді ме, несін аяйсың?! Даладай дархан, асқардай асқақ дауыс бізде көп қой!
Jas qazaq: Әңгімеңізге рақмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

29 қараша, 11:56
Білімде сұрақ көп, жауап жоқ
22 қараша, 15:01
Сирия соқпақтары немесе бір фильм-қилы тағдырлар
22 қараша, 11:27
Ілия Жақанов: Менің әнім сендерсіз де айтылып жүр!
19 қараша, 15:12
Айтматов әлемі
18 қараша, 11:52
Әпкемді алдап кетіпті...
15 қараша, 18:07
Автобустың әлегі
15 қараша, 18:01
Ұн қымбат, ет тапшы
12 қараша, 12:27
Мақау кісінің мұңы